Дін

Ермек қажы Мұқатай, ҚМДБ-ның Өскемен аймағы бойынша өкіл имамы: – Халыққа қызмет – хаққа қызмет

Ермек қажы Мұқатай, ҚМДБ-ның Өскемен аймағы бойынша өкіл имамы: -	Халыққа қызмет – хаққа қызмет

Ширек ғасыр ішінде еліміздің рухани өміріндегі, оның ішінде, дін саласындағы оң өзгерістер, бүгінгі имамдардың келбеті мен қызметі, зайырлылық, жас мамандарды ауылға тарту және басқа да мәселелер хақында ҚМДБ-ның Өскемен аймағы бойынша өкіл имамы, облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай айтып берді.
– Биыл – Тәуелсіздікке 25 жыл. Осы уақыт аралығында еліміздің, облысымыздың дін саласында қандай жұмыстар атқарылды? Қысқаша тоқтала кетсеңіз.
– 25 жылда елімізде дінаралық және этносаралық келісімді нығайтуда, жалпы халықтың рухани өмірінде оң өзгерістер болды. Көп жұмыстар атқарылды. Азаттықпен бірге атеистік идеологияның күлі көкке ұшып, ата дәстүріміз, дініміз бен діліміз қайта оралды. Жаңғырды. Зайырлы мемлекетімізде тек дәстүрлі ислам ғана емес, сонымен бірге, өзге дін өкілдерінің де тең жағдайда өмір сүруіне мүмкіндік туды. Біздегі конфессияаралық татулық пен келісімге дүниежүзінің елдері қызыға да қызғана қарайтын болды. Ал Астанамыз әлемдік діндер көшбасшыларының басын қосып, ортақ мәселелерді талқылайтын, бейбітшілік пен тұрақтылыққа үндейтін орталыққа айналды.
Осы жылдар ширегінде өңірлерде медреселер ашылды, мешіттер салынды. Жастарымызға Түркия, Египет, Сауд Арабиясы сияқты шет мемлекеттерге барып, жоғары діни білім алуға жол ашылды.
Ең елеулі оқиғалардың бірі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы орталығы Ташкентте орналасқан Орта Азия мұсылмандары діни басқармасынан жеке бөлініп шықты. Соның нәтижесінде Алматыда алғашқы Ислам институты құрылды. Аталған институттың түлектері Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызмет ете бастады. Кейін бұл оқу орны «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетіне айналды. Оны бітірген түлектерге имамдық қызмет атқаруға, ғылыммен айналысуға даңғыл жол ашылды. Ешқандай шектеу болған жоқ. 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң қабылданып, елдегі дін саласы заман талаптарына сай қайта жүйеленді.
Ал енді өзіміздің облысқа келсек, мұнда да ауқымды шаруалар істелді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қандай едік, қазір қандай? Аллаға шүкір, қазір әрбір ауылда азанның үнін естиміз. Халықтың діни, дінтанушылық сауаты артты. Жастар исламға бет бұрып, рухани жағынан кемелдене түсті. Айта берсек, 25 жылда тындырылған іс көп.
– Иә, атқарылған шаруа аз емес екен. Алайда, әлі күнге ауылдық жерлерде имамдардың жетіспеушілігі байқалады. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?
– «Дипломмен – ауылға» жобасын бастадық. Ағымдағы жылы «Нұр Мүбәрак» университетін бітіретін 15-ке жуық жас маман өңірімізге келіп, қызмет етуге келісім берді. Олардың барлығы жоғары білімді, ішінде қызыл дипломмен бітіретін түлектер бар. Жас имамдарды баспанамен, тұрақты жалақымен қамтамасыз ету жағы шешіліп жатыр. Бұл ретте бізге қалталы кәсіпкерлер, ауылдағы ағайындар қол ұшын созуға дайын. Өйткені, өздеріңіз білесіздер, мешіттердің шекесі шылқып тұрған жоқ. Облыс басшылығына көмек сұрап хат жаздық. Тікелей көмек көрсетпесе де, мәселені шешуге ықпал етіп, қолдау білдірілетін болды.
– Кәсіпкерлер жәрдем беруге дайын дедіңіз. Мысалы…
– Аллаға тәубе, жомарт жандар бар. «Еңбекақысын төлейік, астына мәшинесін алып берейік. Баспана жағынан көмектесейік» деп ұсыныс білдірген кәсіпкерлер аз да болса табылады. Олардың көбісі – өздері салғызған мешіттеріне имам іздеген азаматтар. Осы күнге дейін екі жас имамды біреуін Зайсан ауданына, екіншісін Күршім ауданына кәсіпкерлердің қолдауымен қызметке аттандырдық.
– Қарапайым жұрт молдаларды бес уақыт намазын оқып, өлім-жітімде жаназа шығарып, құран-хатым оқудан басқа шаруасы жоқ деп жатады. Шынымен солай ма? Жалпы, дін қызметкерлерінің жұмысы туралы айтып беріңізші.
– Намаз оқып, жаназа шығарудан басқа шаруасы жоқ деген пікірмен келіспес едім. Негізі, имамдардың бос уақыты жоқ. Біз ҚМДБ бекітіп берген төрт бағыт бойынша жұмыс істейміз. Олар: уағыз-насихат, ақпараттық-түсіндіру және сауат ашу, қайырымдылық жасау, теріс ағымдардың әрекетіне тосқауыл қою, алдын алу. Осы төрт бағыт бойынша атқарылған жұмыстар туралы есептерін имамдар апта сайын бізге жолдап отырады. Түзеу мекемелеріндегі сотталғандармен де жұмыс істейміз.
Кейбір адамдар мешітке түсетін садақа қайда кетеді деп ойлауы мүмкін. Атайын, оның бір бөлігі мешіттің жарық пен суынан бастап өзге керек-жарағына жұмсалса, қызметкерлердің жалақысы, іссапар шығындары, өткізілетін әртүрлі іс-шаралар, қайырымдылық көрсету – бәрі де ақшасыз іске аспайды. Айналып келгенде, кейде жарыққа, суға қарыз болып қалатын кездеріміз де болады. Сол себепті қайырымдылықты көп жағдайда сырттан тартамыз. Қалталы кәсіпкерлерге шығамыз. Тіпті, имамдарымыз өз қалтасынан бөле-жарып шын мұқтаж адамдарға көмектесіп тұрады.
Облыстық мешітте жастармен жұмыс істейтін арнайы бөлім бар. Бөлімнің мамандары студенттермен, жоғары сыныптың оқушыларымен қоян-қолтық байланыс орнатқан. Кездесулер, ашық сұхбаттар, дөңгелек үстел отырыстары секілді шаралар өтізеді.
– Имамдар жастардың ортасына барғанда, өздерін қалай ұстайды, қалай киінеді? Үстіне ақ шапанын жамылып, басына сәлдесін орап алып жүре ме? Мұны сұрап отырғаным, жастардың сеніміне кіріп, ашық әңгіме өрбіту үшін солардың деңгейінде болу маңызды ғой.
– Өте дұрыс айтасыз. Мұны біз де аңғардық. Сол себепті бөлімде істейтін қызметкерлерді де жастардан қойдық. Шапан мен сәлдені шешіп, қарапайым киім киеді. Ешқандай өзгешілік жоқ. Мұндағы басты мақсат – жастармен тығыз байланыс орнату, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру, теріс ағымдардан сақтандыру. Сол үшін біз жоғары оқу орындарына немесе мектептерге қалай киініп кел десе, солай киініп баруға дайынбыз. Себебі, біздің міндетіміз уағыз-насихат айтумен ғана шектелмейді, жауапкершіліктің жүгі одан да зор.
Осы орайда «Сырлы сұхбат» деген атпен жоба жасалуда. Оған қоғам қайраткерлері мен зиялы адамдарды, танымал тұлғаларды, құрметті азаматтарды шақырып, жастармен зайырлы сипатта сұхбат өткізеді.
– Зайырлылық демекші, кейбір ғалымдар қазір исламды зайырлы дін деп айтып жүр. Бұған алып-қосарыңыз бар ма?
– Әлбетте, ислам – зайырлы дін. Оның зайырлылығы сол, ешкімді дінге кіруге мәжбүрлемейді, күштемейді. Ерік береді адамға. Құран Кәрімде Алла тағала «Дінде зорлық жоқ» деп айтқан. Мәселен, дұрыс бағыт беретін Құран бар және күнәға итермелейтін бұрыс жол бар. Ислам діні осы екеуінің біреуін таңдауды адамның өз еркіне берген. Ал адасқан ағымдардың «Зайырлылық дінді жоққа шығару» дегені – барып тұрған білімсіздік. Сондай-ақ, ислам жариялықты, ашықтықты жақтайды. Ешкімді алаламайды. Өзге діндерге құрметпен қарайды. Осыдан артық қандай зайырлылық керек?
Бір мысал айтайын. 622 жылы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинеге көшіп барғанда, қалалық мемлекет құрады. Сол жерде көптеген өзге діндердің, ұлттардың өкілдері тұрды. Қырық діннің өкілінен құралған мемлекетте ешқайсысын кемітпей, құқығын аяққа таптатпай, толеранттылық таныту арқылы басқара білуі – зайырлылықтың шынайы үлгісі. Қазіргі біздің елдегі толеранттылықтың түп төркіні сонау Пайғамбарымыз заманынан бастау алады десек қателеспейміз.
– Бүгінгі имамдардың келбеті қандай болуы керек?
– Имам – халыққа қызмет атқарушы рухани ұстаз. Олар өзінің терең білімімен, көркем мінезімен, жоғары мәдениеттілігімен, рухани тазалығымен халықтың сый-құрметіне бөленетіндей деңгейде болуы керек. Имамдық – құр қағазбен расталмайды. Жүректің, ішкі жан-дүниенің тазалығымен, рухани байлықпен келеді. Имамдар діни білімді меңгерумен қатар, қоғамда болып жатқан жағдайлардан да хабардар болып, елдің тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін жақсы білуі керек. Өңірімізге қызмет етуге келе жатқан жас мамандардан ең бірінші осыны талап етеміз. Ең бастысы, олардың сөзі де, ісі де өнегеге тұнып тұруы керек. Имамдарымыз халықтың жүрегіне жол тауып, рухани тәжіне айналуы тиіс. Қазақ мұны «Халыққа қызмет – хаққа қызмет» дейді.
– Сөз соңында болашақ іс-жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз. Жамағатты қуантарлық қандай жаңалықтарыңыз бар?
– Тәуелсіздік мерекесіне орай «25 жылдыққа – 25 қадам» деген жобаны қолға алдық. Осы жобаның аясында қала мешітінің жамағаты арасында шаңғы жарысы өтті. «Мұсылманның тұлғалық келбеті» атты жиын, «Зайырлылық және ислам құндылықтарының сабақтастығы» аймақтық конференциясы, «Аналарға құрмет» марапаттау шарасы, сауат ашу курстары арасында өңірлік олимпиада және басқа да шаралар ұйымдастырылды. Аймақтық конференцияға Астанадан ҚМДБ-ның уағыз-насихат бөлімінің басшысы Ершат Оңғаров, дінтанушы Мұхан Исахан сынды білікті мамандар келіп, баяндама жасады. Семинар өткізді.
Сол секілді алдағы уақытта «Діни журналистиканың өзекті мәселелері» атты өңірлік журналистердің семинарын, «Ақсақалдар форумын» өткізу жоспарда бар. Ақсақалдар форумында діни рәсімдерді, салт-жоралғыларды атқаруға байланысты арнайы құжаттар қабылданады. Мәселен, жаназа шығару, жерлеу сияқты рәсімдерді реттейтін нормативтік құжаттар болады. Бұл қазіргі қоғам үшін аса қажет деп ойлаймын.
Одан бөлек, дәстүрлі дінімізді насихаттап, ата-бабамыздың тарихын, дәстүрін дәріптеу мақсатында еліміздің тарихи жерлеріне жамағатпен саяхат жасап, берісі Берел, Шілікті қорғандарын, Абай, Шәкерім кесенелерін, арысы Түркістан, Тараз, Маңғыстау өңірлеріндегі қасиетті орындарға сапар шегуді көздеп отырмыз. Мұның бәрі – алдағы уақытта іске асырылатын істер.
– Әңгімеңізге рахмет. Істеріңіз ілгері бассын!

Сұхбаттасқан – Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button