Ауылдың айтқыштары

Екі маймылды қонаққа шақырдым…

   Екі маймылды қонаққа шақырдым…
Теке сақал мен жал бас

Бірде Сәрсен мен Сәуленің үйлеріне сыныптас достары келе қалды. Олардың бірі шоқша сақал қойыпты да, екіншісі шашын жал сияқты етіп алдырған екен. Сол кейіптеріне қарай ел оларды «текесақал мен жал бас» деп атап кетсе керек.
Бір күні Сәрсен мен Сәуленің төрт жасар баласы үйге жүгіріп кіріп:
– Папа, мама! Біздікіне теке сақал мен жал бас ағалар келе жатыр, – дейді айғайлай.
Мұны естіп қалған сәнқой жігіттер үйге кіруге ұялып, дереу шаштаразға жүгірген екен.

Есесіне қара ала шошқа көрдік

Бір кездері Күршім ауданының Ақмола деген (қазір Ақсуат) ауылында Ғазез атты мұғалім тұрған көрінеді.
Содан бір күні аяқ астынан аудандық оқу бөлімінен тексеруші келіп, ол барлық шаруасын түске дейін бітіреді. Түс ауа Ғазез оны ауылдан 10 шақырымдай жердегі бақшаға апарса керек. Ондағы мақсаты – қонағын сонда тұратын Антон деген досының күшті сырасы мен қауын-қарбызына тойдыру.
Екеуі бақшаға келсе, қыбыр еткен пенде жоқ, тек анадайдағы қорада бір шошқа байлаулы тұр екен. Мұны көріп, қонағының алдында қысылып қалған Ғазекең сонда:
– Серуендеп, сіз бен біз қосқа келдік,
Демеймін осы қосқа босқа келдік.
Антоным қатынымен жоқ боп шықты,
Есесіне қара ала шошқа көрдік, – деген екен «Ұялған тек тұрмас» дегендей.

Советхан Қалиғожин
Өскемен.

Екі маймылды қонаққа шақырдым…

Қала мектептерінің бірінде бірінші санаттан жоғарғы санатқа көшіруді сұрап, өтініш берген бастауыш сынып мұғалімінің шығармашылық біліктілігін бағалау үшін оқу бөлімінің екі қызметкері оның сабағына кіріп, соңғы қатардағы парталарға жайғасады.
Мұғалім сабақты мазмұнды да тартымды өткізбек ниетпен түрлі көрнекіліктер мен плюштен жасалған екі қуыршақ маймыл дайындаса керек. Ойында ештеңе жоқ ол:
– Балалар, бүгінгі сабағымыз қызықты болып өтсін деп, екі маймылды қонаққа шақырдым, – деп екі қуыршақ маймылды үстел тартпасынан ала бергенде оқушылар қопарыла бұрылып, соңғы партада отырған екі тексеруші әйелге қараған екен.

Қабыл Сүлейменов

Ұлан ауданы.

Ыс десең, ысып берейін…

Бозанбайда Мият Арынханұлына ұқсас Зарқұм деген тракторшы болды. Екеуінің де бет әлпеттері шұбар, қысық көздері күлгенде одан әрмен сығырайып кететін-ді. Осы ұқсастыққа байланысты бірінші хатшының өзі де, өзгелер де ыңғайсыз жағдайларға жиі ұшырай беретін.
Бірде Мәкең аупарткомның алдында машинасын тосып тұрса, жұмысқа жаңадан орналасқан аула сыпырушы әйел:
– Шікірейіп неғып тұрсың, галстук тағып алып? – десе керек. Бұл болса:
– Мен галстукты күнде тағамын, – депті де, машинасына отырып жүріп кетіпті.
Тағы бірде Мәкең көпшілік моншаға бара қалмай ма. Сонда жуынып жатқандардың бірі:
– Әй, арқамды ысып жіберші! – деп қолындағы жөкесін ұстата беріпті. Мәкең: «Ыс десең, ысып берейін» деп, әлгінің жон арқасын ысқылай жөнелген екен.

Мұрат Әміренов

Осы айдарда

Back to top button