Екі қабырғасы сынса да, бас жүлдені жеңіп алған кездері болыпты
Қазақтың ұшы-қиыры жоқ кең даласында қай заманда болса да, қол бастаған батырлар, топ жарған балуандар болғаны тарихтан мәлім. Кеңестік дәуірге дейін-ақ атақ-даңқы әлемге аян Қажымұқан атамыз, Балуан Шолақ бабамыздың аттары аңыз әңгімелерге айналып, ақын-жыраулардың жыр-дастандарына арқау болған.
Одақ бойынша он жылдан астам облыс намысын қорғаған
«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, олардың өздері де ән мен жырға әуес болып, өз өмірлерін жырға қосқан. Оған олардың аз да болса, мәз қылатын өлең-жырлары куә. Ал кеңестік дәуірдің 1920 жылдары атақты сері, ақын ағамыз Сәкен Сейфуллин «Көкшетау» поэмасында аты аталған екі балуанды да келістіре жырға қосыпты. Мысалы Балуан Шолақ туралы:
– Тағы да бір ғажап ер Балуан Шолақ,
Бір қолы отқа күйіп, болған олақ.
Цирктің Корен деген балуанының,
Қиратқан қабырғасын жалғыз қолы-ақ.
Кеспелтек, алшаң төстек, емес пе пір,
Денесі – болат құрыш, жігер – шиыр.
Жалаңаш денесіне тіс батпайды,
Көк темір – бұлшық еті түйір-түйір.
Жайдары, жарқылдаған ер көңілді,
Ел кезіп, ән сап, жұртпен болған үйір.
Шолақтың өлеңі мен балуандығын,
Сөз қылған: «пәлі!» десіп, талай қиыр, – десе, Қажымұқанның алып тұлғасын:
– Бурадай шонжар, жампоз, жараған дом,
Өрдеш төс, білеу дене, шойындай сом.
Алпамса, алқа-салқа, бұлшық етті,
Қобы жон, алды-артына біткендей қом.
Құлжадай топтан оғаш көз тартады,
Мысалы, даладағы бейне бір дөң,
Алыбы бұл заманның – Қажымұқан,
Адамның осы күнгі шонжары шоң, – деп сипаттайды.
Ақиық ақынның балуандар жайындағы осы бір жыр шумақтарын біз сөз еткелі отырған Шығыс өңірінің әйгілі балуандарының бірі Амангелді Мұсылманқұловтың бала кезінде құмарта оқып, өзіне өнеге еткені белгілі болып отыр. Өйткені, Амангелдінің әкесі Айтмұхамет ақсақал: «Амангелдіге жасында сен спортпен айналыс деп, айтпасам да, ол бала кезінен спортқа, әсіресе, күреске әуес болды» – дейді бір әңгімесінде. Әкесі демекші, Амангелдінің ата-қонысы – қоғамға танымал көптеген кісілікті азаматтар шыққан Жарма ауданының Қандығатай-Құсмұрын өңіріне қарасты Қапанбұлақ елді мекені. Оның әкесі Айтмұхамет Мұсылманқұлұлы 1937 жылы Жарма стансасындағы жеті жылдық мектепті бітірген соң әскерге алынып, 1939 жылы үйге оралысымен Сара Жиенбайқызына үйленеді. Ал 1941 жылы наурыз айында тұңғыштары Амангелді дүниеге келген екен.
Айткеннің әкесі оның кішірек жасында қайтыс болған. Ол соғысқа аттанғанда артында шешесі, зайыбы Сара, жасқа толмаған ұлы қалады. Ол 1943 жылы Воронеж қаласын азат ету кезінде ауыр жараланып, сол жазда елге оралады. Содан «Қызыл Жұлдыз» орталау мектебіне мұғалімдік қызметке орналасқан көрінеді. Ал ұлы Амангелді 1959 жылы Жарма стансасындағы 10 жылдық мектепті аяқтап, Семейдегі ауылшаруашылық техникумына оқуға түседі.
Техникумда бірге оқуға түскен ауылдас досы Орал Нұғыманов ол туралы былай деп еске алады: «Ертіс өзенінің жағасындағы Ақтас деген жерде техникумның қосалқы шаруашылығы болды. Біз сол жерден тәжірибеден өтетінбіз. Өзеннің ені – 100 метрдей. Біз суға түсуге қорқатынбыз. Ал Амангелді сол екі ортаны малтып өтіп, бізді таңғалдыратын. Ол техникумда күреспен беріле айналысты. КСРО спорт шебері, грек-рим күресі бойынша жаттықтырушы Рафат Илматов одан үлкен үміт күтіп, қалада өткен жарыстарға қатыстырып, шеберлігін шыңдап жүретін-ді. Обалы нешік, Амангелді де сол жылдары үнемі жеңіс биігінен көрініп жүрді».
1960 жылдың аяғында Кеңес Одағы бойынша ауыл шаруашылығы оқу орындары арасында Махачкала қаласында өткен біріншілікте Қазақ республикасының намысын қорғаған ол жүлделі екінші орынды жеңіп алады. Бұл одақ бойынша үлкен жетістік еді. Осылайша Амангелді қысқа мерзім ішінде еркін күрестен «КСРО спорт шебері» атағына ие болады. Сол жылдары оның жерлесі Жақсылық Уәлиев те осындай атаққа ие болған еді. Зор атақ-дәрежеге ие болған Амангелді 1961 жылдан грек-рим күресі бойынша құрама команданың мүшелігіне қабылданады. Содан қатарынан 10 жылдай облыс намысын қорғаған оның талай рет елге жеңісті сәттермен оралғаны бар.
Басшылық қызметтерді де абыроймен атқара білді
Амангелді дәл сондай жеңістің бірі туралы журналист Әлмұхамет Сәтпековке әңгімелеп берген көрінеді. Жарыс 1966 жылы болса керек. Ол республикалық біріншілік Павлодар қаласында өтеді. Облыс намысын қорғауға барған Амангелді екі қабырғасының сынғанына қарамай күреске шығып, бас жүлдені иеленген. Әңгіме үстінде балуанның «қабырғамның сынғанына қарамай, белдесуге шықтым» – дегенін естіп, таңданған журналист:
– Әбеке, сонда жүлделі бірінші орын үшін күрестің бе? – демей ме.
– Күресуге тура келді, – дейді Амангелді. – Қарсыласымнан мұның алдында бір-екі ұпай санымен ұтылғаным бар еді. Осы жолы қайтсем де жеңісті оған бергім келмеді. Намысым жібермеді оған. Бірден өз әдісім бойынша шабуылға шығып, санаулы секундта жауырынын жерге тигіздім. Жеңіске риза болған бапкерім Р.Илматов қуанғаннан қатты қыса құттықтағанда ғана қабырғамның сынғаны есіме түсті, – деп жымиған екен.
Амангелді 1964-1967 жылдары облыс құрамасында жүргенде республикалық көлемде өткен Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы жарысқа қатысып, талай жүлдеге ие болса, Мәскеуде өткен бүкілодақтық спартакиадаға республикалық «Қайрат» ерікті спорт қоғамының атынан қатысып, жүлделі үшінші орынды жеңіп алады. Ол кезде одақ бойынша мұндай дәрежеге қол жеткізу екінің бірінің қолынан келе бермейтін.
Айта берсе, Амангелді балуанның күрес жолындағы жеңістері мен жүлделері ұшан-теңіз. Енді балуанның жанұясы мен қызметі жайында біраз сөз қозғайық. Әбекең 1962 жылы ақжалдық Тоқтасын деген мұғалім қызға үйленіп, екеуі төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп, өсіреді. Жалпы, Амангелді Айтмұхаметұлы өмірінде тек спортпен ғана айналысқан жан емес. Ол аудан көлемінде ірі-ірі шаруашылықтарды басқарған іскер азамат та болатын. Мәселен, ол «Бірінші май», «Михайловка», «Криуши» совхоздарында мал маманы болса, 1977-1995 жылдары «Жарма» қой совхозын басқарды. Осы 18 жыл ішінде берекесі кетіп, артта қалған шаруашылықты аудан бойынша экономикасы дамыған, еңбекші қауымының мәдени-тұрмысы мен әлеуметтік жағдайы жақсарған шаруашылық қатарына қоса білді.
Оның еңбегі мен іскерлігін бағалаған облыс, аудан басшылығы 1995 жылы аудан әкімінің бірінші орынбасары, 2003 жылы аудандық мәслихаттың хатшысы етіп тағайындады. Амангелді ешқашан балуан, күрескермін деп кеуде кермей, ауданда болатын салиқалы жиындар мен қызық-думандарда өзін сабырлы ұстай білетін, нағыз серілердей ел ағасы атанған еді.
Оның атқарған абыройлы қызметімен қатар, спорт саласындағы сан қилы жеңістері өшпестей сайрап жатыр. Әсіресе, оның өнегелі, жаймашуақ һәм жайдары мінезін аудан жұртшылығы сірә да ұмытпасы хақ. Олай дейтініміз, журналист Ә.Сәтпековтың құрастыруымен «Медиа-Альянс» баспасынан «Шар болат еді өмірдің өзі шыңдаған» атты кітабы шықты. Кітапқа күрес жолында Амангелдімен сапарлас, қызметтес болған жерлестерінің қызықты жазбалары енген. Бұл балуанға деген ел құрметі деуге әбден негіз бар.
Мәуітқазы Зүкенов