Дін

Дәстүрлі дінді «Адасқандар» арқылы насихаттап жүр

Дәстүрлі дінді «Адасқандар» арқылы насихаттап жүр


Теріс діни ағымды насихаттаушылардың айтқандарына имандай сеніп, рахат өмірді, маңдай терсіз оңай жолмен келетін ақшаны аңсаған жас жігіт Баянғали отбасымен Отанын тастап, сонау Сирияға кетпекші. Оның сөзіне ерген әйелі Нұргүл мен ержетіп қалған ұлы Азат та алыс, беймәлім шетелдегі «бақытты заманға» жеткенше асық.

Тек үйдегі ақсақал, Баянғалидың әкесі ғана болашағы бұлыңғыр, айдалада жатқан «батпан құйрыққа» күдікпен қарап, баласын әлі де болса райынан қайтуға үгіттейді. Бірақ қарт әкенің сөзін тыңдап жатқан жастар жоқ. Себебі, баяғыда-ақ деструктивті діни ағым өкілдерінің арбауына түскен. Олардың санасын Мәлік секілді теріс діни ағымды насихаттаушылардың бақытты өмір жайлы «тәтті» әңгімесі мен сендіру үшін басында берген ақшасы әбден улап алған.

Тарбағатай аудандық Ақсуат халық театрының труппасы қойған, белгілі жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кеңес Жұмабековтің туындысы – «Адасқандар» драмасы осылай шиеленіспен басталады. Ақыры әке сөзін құлаққа ілмеген жас отбасы алыстағы беймәлім Сирияға «Ислам халифатын» құруға кетіп, онда кісі өлтіретін содырлардың қолына тап болып, барлық құжаттарынан айрылып, қиялдағы армандарының күлі көкке ұшады. Амалын тауып елге жеткенше асық болады, алайда ол енді ешқашан мүмкін емес. Кешегі дінді уағыздаушы бейбіт адамнан бір күнде баскесерге айналған Мәліктің қарамағындағы содырлар оларды кісі өлтіруге дейін мәжбүрлейді, олай етпесе, сенімнен айырылып, өздері де ажал құшуы әбден мүмкін. Тіпті, шетелден келген журналистерге де, қазақстандық дипломаттарға да бұл туралы тіс жара алмайды. Олай етсе, тағы да оққа байланады. Сондай ауыр күндердің бірінде Қазақстаннан барған елшіліктің адамдарына ұлдары Азат бәрін жайып салып, өздерін алып кетуді қатты өтініп, жылайды. Дипломаттар Азатты өздерімен бірге алып кетеді. Өлтіреді деп қорыққан ата-анасы «жағдайымыз жақсы, ешкім зорлық көрсетпейді» деп сол жақта қалып қояды. Ақырында жағдайдың насырға шапқанын түсінген содырлардың басшылығы Қазақстаннан жыраққа «бақыт» іздеп келген екі бейбақтың көзін жояды. Азат болса аман-есен елшілермен бірге Қазақстанға оралып, атасымен қауышады.

Осының бәрін Ақсуат халық театрының әртістері кәсіби тұрғыда ойнап, шынайылықпен көрсете алды. Ал қойылымды үлкен сахнаға драманың авторы Кеңес Жұмабековтің өзі Ақсуатқа шақыртумен келіп, екі ай бойы дайындаған. Бұл шығарма Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында, Алматы облысында кеңінен көрсетілуде. Шығыста алғаш рет қойылып отыр.

Атап өтерлігі, облыстық дін істері басқармасының, дін мәселелерін зерттеу орталығының, облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қолдау көрсетуімен «Қазақстан Республикасындағы діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны» жүзеге асырудағы әріптестік аясында қолға алынған «Адасқандар» драмасы маусым айының алғашқы онкүндігінде облыстың Жарма ауданында орналасқан «Шуақ» кентіндегі, Шемонайха, Семей, Өскемен қалаларындағы күшейтілген режимдегі жеті түзету мекемелерінде сахналанды. Барлық жерде де көрермендердің жылы ықыласына ие болды.

Мәселен, Өскемендегі Жаңа Согра кентінде орналасқан ОВ-156/20 қатаң режимдегі түзету мекемесінде қойылымды 600-ге тарта жазасын өтеуші бір сағат бойы тапжылмастан тамашалады. Актерлердің кәсіби ойынына риза болып, бірнеше дүркін қол соқты. Мұндағылардың бәрі де екі-үш мәрте ұзақ мерзімге сотталған, ауыр жаза арқалаған жандар екенін ескерсек, олардың көңілінен шығу әртістер үшін де оңайға соқпағаны анық.

– Қойылым ерекше әсер етті, кинодан көрген, кітаптан оқыған бөлек те, актерлердің шынайы ойнағанын көру басқаша әсер етеді екен. Діни экстремизмнің құрбаны болған жастар тағдыры үлкен ойға қалдырды. Құранда «Жұмақ ананың табанының астында» делінген. Сондықтан, ата-ананы құрметтеу, ақылын тыңдау бәрімізге парыз, – дейді жазасын өтеуші Ермек Нүсіпбаев деген азамат.

– Алғашында қатаң режимдегі түрмеге кіргенде, жазасын өтеушілердің суық жүзіне көзіміз түскенде қорқыныш болғаны рас. Алайда артынан үйреніп кеттік. Басты мақсатымыз – теріс дінге кіріп, экстремизм мен радикализмнің жолына түсудің алдын алу, діни адасушылықтан жастарды сақтандыру, адамдарға қойылым арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Өзіміздің ауданда, көршілес Зайсан, Көкпекті аудандарында бірнеше мәрте қойдық. «Адасқандар» драмасы облыстық театрлар байқауында бірінші орын алды. Сапарымызға аудан әкімі, облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығы үлкен қолдау көрсетті, – дейді Ақсуат мәдениет үйінің директоры, драмалық қойылымның танымдық кеңесшісі Шәкен Көпшікбаева.

Драма аяқталған соң Ақсуат халық театрының өнерпаздары шағын концерт қойды. Ал облыстық ҚАЖД ОВ-156/20 түзету мекемесі бастығының орынбасары Бақытжан Ниязбеков театр әртістеріне мекеме басшылығы атынан алғыс білдіріп, шығармашылық ұжымның еңбегіне табыс тілеп, естелікке домбыра тарту етті.

Дәурен Аллабергенұлы
Материал облыстық дін істері
басқармасынаң тапсырмасы бойынша әзірленді

Осы айдарда

Back to top button