Дін

Деструктивті және радикалды идеологияның жақтастары

Деструктивті және радикалды идеологияның жақтастары


Бүгінгі қоғамның өзекті мәселесінің бірі болып тұрған бұл тақырып облыс орталығында өткен облыстық семинарда талқыланды.

Аудандар мен қалалар әкімі орынбасарларының, ішкі саясат бөлімдері басшыларының, бас имамдардың, астаналық, өңірлік теологтар мен дінтанушылардың, облыстық дін істері басқармасы мен дін мәселелерін зерттеу орталығы өкілдерінің алдында осыған қатысты ойын ортаға салған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова бұл ретте атқарушы билік пен дін өкілдері арасындағы өзара байланысты нығайтып, бірлесе жұмыс істеу қажеттігін, сондай-ақ, қарапайым халықтың діни сауатын арттыра түсуге жете көңіл бөлу керектігін атап өтті.

– Ең бастысы, бірлесіп атқарылатын шаруалар жасандылыққа, науқаншылыққа бой алдырмай, жемісті болғаны керек бізге. Теріс пиғылдағы діни ағымдар, діни экстремизмнің біздің қоғамға дендей енуіне жол бермеу қажет. Өкінішке қарай, аудандарда бұл бағыттағы жұмыстар әлі де әлсіз. Аудан басшылары тек фактіге құрылған есеп берумен, теологтар жетіспейді деумен ғана шектеледі. Ал негізінде теолог емес, нақты ұйымдастырушылық жұмыстар жетіспейді. Аудандарда құрылған комиссиялардың да мақсаты, не істеп жүргені белгісіз. Облыстық басқарма, ондағы осы мақсатта құрылған дін мәселелерін зерттеу орталығы бұл бағытта негізгі жұмыстарды атқарушы болып келеді. Енді бұл ортақ мақсаттан облыстағы діни бірлестіктер де шет қалмасын. Кәсібилік, білімділік, ағартушылық, сауаттылық, құзіреттілік зайырлы мемлекеттің негізгі құндылықтарына айналуы тиіс, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Әсем Нүсіпованың айтуынша, облыста былтыр дәстүрлі исламның құндылықтарын, зайырлы мемлекеттің ұстанған бағытын насихаттау мақсатында имамдарға арналған іс-шаралар ұйымдастырылған, ол өз кезегінде жоғарыда айтылған олқылықтарды анықтауға айтарлықтай септігін тигізген. Биыл да облыстық «Халифа Алтай» мешітінің базасында қазақстандық жетекші теологтардың, ғалым-дінтанушылардың қатысуымен іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.

– Бұл жұмыстар биыл да жалғасатын болады. Алдағы уақытта теріс ағымның жетегінде адасып жүргендердің саны басым аудандарда барынша нәтижелі жұмыс істеп, олардың санын азайту жолында нақты іс-шаралар атқаруымыз керек. Облыстық білім басқармасы арқылы мемлекеттік тапсырыспен Өскемен мен Семейдегі екі колледжде дінтану және ислам негіздері бойынша жаңа мамандықтар енгізілмек. Биыл тапсырыс 40 бала, келешекте 100-ге дейін көбеймек. Бұл жастарға отандық оқу орындарында діни білім алуға барынша жағдай жасалып жатқанын көрсетеді, – деді Әсем Нүсіпова.
Облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Ернат Қыдырмоллаев деструктивті және радикалды идеологияның жақтастарын оңалту фактілеріне бағалау жүргізу жөніндегі қалалық және аудандық комиссиялармен бірлескен жұмыстарды ұйымдастыру жайында сөз қозғап, бұл ортақ іске барлық салаларды бірге жұмылуға шақырды.

Семинардың күн тәртібіндегі өткір тұрған мәселені шешу жолындағы ортақ ойымен бөліскен Астана қалалық әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығы директорының орынбасары, дінтану ғылымдарының магистрі, теолог Айбек Аташев Мемлекет басшысы бұл мәселені тиісті органдар алдына үнемі қойып келе жатқандығын, экстремизм мен терроризмді таза дінмен шатастырмау керектігін, теріс ағымның жетегінде ең алдымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың мүшелері, жастар, жұмыссыз жүрген адамдар кететінін айта келе, сонымен бірге адасып жүргендердің ішінде тұрақты жұмысы, үйі, жағдайы бар жандардың да, тіпті шетелде діни білім алып келіп, өзін салафи санап жүргендер де аз еместігін жеткізді.

Радикалды діни идеологияны жақтаушылармен теологиялық адрестік жұмыс технологиясының тиімді әдістері мен түрлерін енгізу жайында айтқан РhD докторы, теолог Серік Тәжібаев жат ағымның жетегінде жүрген жандарды жылдар бойы ұстанып келген сенімінен қайтару тәжірибесімен бөлісіп, бұл ретте бірінші кезекте теологтарға кәсіби сауаттылық қажеттігін, осы мақсатта арнайы әдістемелік құрал жасалып жатқанын алға тартты. Оның айтуынша, әдістемелік құралды пайдаланудың нәтижесінде біраз адамдар деструктивті діни ағымнан дәстүрлі дінге қайтып оралған.

Семинарда сөз алған ҚМДБ-ның Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы Ермек Мұқатай теріс ағымда жүргендермен күресті облыстағы имамдар үнемі жүргізіп келе жатқандығын, осы мақсатта жиі бас қосатындықтарын мәлім етті.

– Біз қоғамда осындай дерттің барын білеміз, өз арамызда айтып жүреміз. Алайда, ашық айтпаймыз, теологтарға жүгінбейміз, ол дұрыс емес. Қазақ ауруын жасырған өледі деген. Мәселенің байыбына терең бойлау керек. Аудандарға шықсақ көп жерлерде теолог жетіспейді деп жатады. Дегенмен, Өскемен өңірі бойынша бүгінде 22 теолог бар. Тек біз соларды дұрыс пайдаланып, бірлесе жұмыс істеуіміз қажет. Бұл мәселеге келгенде Мақсат қажы бастаған семейлік имамдар да көмек беруге әзір. «Халифа Алтай» мешітіне айына ең аз дегенде он мың адам келеді. Ал облыста қанша мешіт бар. Солардың бәрінде осы айтылғандарды түсіндіріп, саналарына сіңіріп отырамыз. Сондықтан, алда бәріміз бірлесіп, өзара байланыста жұмыс істегеніміз дұрыс болады, – деді Ермек Мұқатай.

Сондай-ақ, тақырыпқа қатысты ойларын ҚМДБ Семей өңірі бойынша өкіл имамы Мақсат Алтыбай, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың аға оқытушысы, тарих ғылымының кандидаты Бейбітгүл Шүршітбай, дін мәселелерін зерттеу орталығының бөлім басшысы Алуа Сабалақова бөлісті.

Семинардың жұмысын қорытындылаған облыстық дін істері басқармасының басшысы Бейбіт Әшімов жат ағымдардың жетегінде кеткен әрбір жанмен жеке-жеке жұмыс істеудің тиімді формасы мен әдістемесін енгізудің өзектілігіне баса тоқталып, зайырлы мемлекеттегі толеранттылық түсінікті нығайту жолындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын айтып берді.

Дәурен Аллабергенұлы
Мақала облыстық дін істері
басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді.

Осы айдарда

Back to top button