Дін

Бірлік – байлығымыз, тұрақтылық – тұғырымыз

Бірлік – байлығымыз, тұрақтылық – тұғырымыз


«Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!» Қасиетті кітабымыз Құранда бірлік туралы бірнеше жерде баяндалған. Соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де барша адамзаттың ауызбіршілігін уағыздаған. Жаратушы иеміз «Әли Имран» сүресінде: «…Бөлінбеңдер», – деп әмір етсе, Оның елшісі: «…Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар», – деп жамағатты, барша адам баласын мейірімділікке, ортақ мақсатқа үндеген.

Елбасының игі бастамасымен елімізде қалыптасқан дінаралық татулық, ұлтаралық келісім – ширек ғасырға татитын тәуелсіз еліміздің жеткен басты жетістіктерінің бірі. Төле бидің: «Бірлік болмай, тірлік болмас», – деген сөзі осыған дейін өзінің өміршеңдігін жоймай келеді. ХХІ ғасыр рухани құндылықтарсыз өркениетке қол жеткізу мүмкін емес екендігін айғақтады.

Рухани келісім, ұлттар мен дәстүрлі діндер арасындағы бірлік – баға жетпес байлығымыз, ал тұрақтылық – тұғырымыз. Бүгінгі берекелі күнге бірліктің арқасында жеттік. Елдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші халықтың өзара татулығы негізінде дами түсетіні түсінікті. Ел басқарған парасатты басшылар қашан да бірлік пен татулыққа аса мән берген.

Күнтізбемізге 18 қазан – Рухани келісім күні ретінде енуі – қазақ топырағына бейбітшілік орнатып, тұрақты қоғам құру идеясынан туған үлкен бастама.
VIIІ ғасырда Орталық Азияға, оның ішінде қазақ топырағына жеткен ислам сол дәуірден бері халқымыздың жүрер жолы, мемлекетіміздің рухани тірегі болып келеді.

Əлемдік жəне дəстүрлі дін көшбасшыларының VI съезінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз \”Татулықты сақтаудың сара жолы\” тақырыбында \”Өткенге көз салсақ, адамзат баласы қаншама келеңсіз кезеңдер мен сындарлы сəттерден өтті. Бұған басты себеп – адам бойындағы астамшыл пиғыл, дандайсу мен тəкаппарлық. Осылайша, адам баласының ізгіліктен алшақтауы қасіретке əкеп соқты. Демек, сіз бен біз өткен өмірдің қателіктерінен сабақ алуымыз тиіс. Ал адамзат баласын татулық пен бірлікке үндеу – маңызды іс. Біз осынау игі шараға белсенді түрде атсалысуымыз тиіс\”, – деп атап өтуінің өзінде үлкен мән бар.

Ислам діні мемлекетте, қоғамда тыныштық, әділдік болуын көздейді. Адамды соған тәрбиелейді. Олай болса, біз таза діни істерден өзге осындай ұлы мұраттарды да нысана етуіміз керек.

Алла тағала халқымыздың бірлігі мен берекесін арттырып, тәуелсіздігімізді баянды еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай!

Мақсат Алтыбай,
Қазақстан мұсылмандары
діни басқармасының
Семей аймағы бойынша өкіл имамы

Осы айдарда

Back to top button