Біздің балуан

Бір тойда сегіз бірдей балуанның жауырынын жер иіскетіпті

  Бір тойда сегіз бірдей балуанның жауырынын жер иіскетіпті

Байтақ даламызды мекен еткен қазақ халқынан атақ-даңқы әлемге әйгілі қол бастаған батырлар, жырлары ұрпақтан-ұрпаққа тараған дүлдүл ақын-жыраулар, жауырыны жерге тимеген небір балуандар шыққан. Олардың батырлығы, ақындығы, балуандығы кейінгі ұрпаққа аңыз-әңгіме күйінде жетсе де, қайсыбіреулерінің ерен ерлігі мен батырлығы ұмыт болып барады.

«Абай жолында» суреттелген Дондағұл кім?

Сондай аты аңызға айналған балуанның бірі – Боранқұл Сәдірұлы. Олай дейтініміз, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының екінші кітабында Боранқұлдың есімі өзгертіліп, Дондағұл деп берілгенін атақты абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов қаламгердің өз аузынан естігенін әңгіме етеді. Солай болуы да ықтимал. Өйткені, Боранқұлдың арғы тегі Найман-Сыбан елінің Ергөбек табынан. Ол рудан қолбасы әрі атақты жырау Ақтамберді Сарыұлы шыққан. Боранқұл Сәдірұлы осы батыр-жыраумен аталас. Жазушыға Боранқұлды өз есімімен беруге кеңестік солақай саясат мүмкіндік бермесе керек.
Балуан романда: «Паром үсті айқай мен сатыр-сұтыр төбелеске айналып қалды. Осында үлкен сары арбада күдірейіп отырған Дондағұл дейтін бүлік бар-ды. Ол қаланың (Семей) екі жағына аты мәлім, аса ірі балуан… болатын. «Пәленше байдың тас құймасынан бір месте шайды лақтырып, ырғытқан. Кесек ұрлайтын алып ұры» – деп, Дондағұлды барлық қала аңыз ететін» – деп суреттеліпті.
Ал енді «Балуанның нақты өмірдерегі қандай?» дегенге келсек, Боранқұл Сәдірұлы 1865 жылы бүгінгі Жарма ауданының Абай ауданымен шектесетін жеріндегі Қарасай қыстағында дүниеге келген. Бұрынғыша айтсақ, Семей уезінің Еңірекей болысы. Әкесі Сәдір ақын сіңірі шыққан кедей екен. Алайда, Сәдір ақын болып, бірде-бір байға немесе ел билеуші атқамінерлерге жағымпазданып, мадақ өлең айтпапты. Қайта олардың келеңсіз қылықтарын әшкерелеп, әжуа етіп, бет-жүзің демей көзіне айтатын болған.
Оның осындай жағымды қасиетін замандасы, белгілі демократ-ақын Әріп Тәңірбергенов те жақсы білген және ақынмен өте сыйлас болған.
Сәдір ақынға кектенген ел жуандары оның жалғыз ұлы Боранқұлға өтірік жала жауып, Семейдің түрмесіне жаптырған. Жазқсыз жапа шеккен ұлына жаны күйген Сәкең оған:
– Ақырып, арыстандай топқа түссе,
Қара жер солқылдаған салмағынан.
Баласы бес Байыстың бас қосқанда,
Құлыным күш саулаған бармағынан, – деп келетін ұзақ жыр арнапты. Әкесі ұлының қайраты мығым күш иесі боларын ерте аңғарса керек.

Боранқұлға атақты Молдабайдың бата бергені рас па?

Ал жас жігіттің күреспен шұғылдануына Шығыс өңіріне балуандығымен аты шыққан Найман Тоқабай атасынан Төкеұлы Молдабай балуанның берген ақ батасы әсер етті деседі көзкөргендер. Боранқұл жас мөлшері он бесте аталас Сыбан еліндегі Биқазыұлы Қамбар байдың жылқысын бағып жүреді. Қандығатай өңіріндегі Қарақия жайлауындағы Қамбар байдың үйінде қонақшылап отырған Молдакеңнің құлағына сол төңірекке жас болса да күрестен аты шығып жүрген Боранқұл баланың есімі шалынады. Боранқұл да Молдекеңнің келгенін естісе керек, бай үйіне сәлем бере босаға аттайды. Сол сәтте қонақ балуанның бір қолында қымыз толы тостаған, екінші қолымен Боранқұлды нұсқап:
– Ә, ә, бала кірдің бе? Білем, бір кезде түсіңе қансыз қара-сұр бұқа болып, шабыңды жарып ішіңе кірген екен. Сол күш бұл күнде сыртқа шығып, атағыңды жаяйын депті. Бірақ менің екі «көк бөрім» (балуанның күш иесін солай атайды екен) есе бере қоймас. Күреспей-ақ, батамды алсаң қайтеді, – дейді. Жас балуан не дерін білмей аңырап қалғанда қымызға бөккендер: -Қорықпа, Бораш Қара Керейдің бір шалынан, – деп, қыздырмалатып жібереді. Сол бетінде қауқылдасқан жұрт далаға шығысады. Беті қайтпаған жас жігіттің екі рет тізесін бүктірген сақа балуан – Жетті енді! Тізеңді үшінші рет бүктірмейін. Бағың қайтар. Батамды ал! – деп, батасын беріп, аттанарда: – Сен бұдан былай бай жылқысының соңында жүре бермей, құдай берген қайратты қор қылмай, күреске шық. Ел арала. Бақытыңды содан табасың. Атағыңды шығар – депті. Тәлімгер балуанның айтқанын істеп, күрескерлік жолға түсіпті деседі көнекөз қарттар.

1912 жылы «Жалпақ қоян» жұтына ұшырап, шаруасы күйзелген біраз үймен бірге Сәдір ақын да Семей қаласына қоныс аударады. Жиырма жастағы балуан Затонда биржавойлыққа (ат айдаушы) жүкші болып орналасады. Романдағы «Пәленше байдың тас құймасы, яғни, 6 метр биік қорғаннан бір месте шайды асыра лақтыру» оқиғасы осы жылдары болса керек.
Биік қорғаны бар шай қоймасы қаладағы «Ресей империясының құрметті азаматы» атағын алған, бірінші гильдиялы Шерияздан Мусин атты ноғай көпесінікі екен. Месте шайдың салмағы тура 100 келі болса керек. Қорған ішіне кіру үшін балуан мынадай әдіс қолданыпты. Салмағы екі пұттық кәдімгі кірдің тасын ұзын арқанның ұшына байлап, қорғанның ішіне лақтырады. Кір тасы арғы жаққа барып түскенде, керіле тартылған арқаннан ұстап, мысықша өрмелеп, қорған ішіне кіреді. Қойманың құлпын бұрап тастап, бір месте шайдың үстіне шығып, екінші 100 келі шайды сыртқа серпи лақтырып, атып жібереді. Балуанның бойы – 1 метр 80 сантиметр. Сонда төрт жарым метр биіктіктен асыра лақтыру не деген күш десеңізші!
Бірақ, шай жорығы сәтсіздікке ұшырап, Борекең қолға түседі. Түрмеге қамалған оны тергеушілер «Кіммен ұрладың? Жолдасыңды айт!» – деп қыспаққа алады. Сонда балуан: «Халықты жиыңдар. Қалай алғанымды көрсетейін» – депті. Екі жақ келісіп, балуан жоғарыдағы айтқан қимыл-әрекетін көпшілікке көрсетеді.
Мұны өз көзімен көрген шай иесі Мусин көпес Боранқұлдың күшіне сүйсініп, ұлықтарға беделін салып жүріп, түрмеге қаматпай, босатып алыпты.

Фабриканың тас ұнтақтайтын техникасының алып доңғалағын иығымен тіреп тоқтатыпты

Ол кейін, 1910-1913 жылдары Жарма ауданындағы Ақжал кен орнына жұмысқа кіреді.
Осы тұста тарихтан белгілі, Ресей патшалығын билеген Романовтардың таққа отырғанына 300 жыл толуы жер-жерде тойланады. Оның бір ұшығы қиырда жатқан Ақжал кен орнына да жеткен ғой.
Міне, Боранқұлдың көзге түсіп, аты тағы бір мәрте аңызға айналғаны осы тойдағы күресі болған. Тойға сол төңіректі мекендейтін атақты бай алпауыттар, ел билеген болыс-билер түгел жиналып қызықтапты. Ол кезде Ақжалда әр ұлттан, қырық рудан құралған арзан қолды мыңдаған жұмысшы бар еді. Олардың ішінде патша өкіметіне сенімсіз, саяси қуғындалғандар да аз емес-тін. Сондай саяси сенімсіз, жер ауған сегіз татар жігіті де осы тойда болыпты. Бұлар да осал жігіттер емес, шетінен батыр тұлғалы, балуан жігіттер. Күрестің қыр-сырын білетін нағыз атпал азаматтар.
Бір сәтте той жүргізуші той-төбеге шығып, қазақша күрестен балуандар белдесуі басталғанын хабарлайды. Сол-ақ екен, тойға келген бүкіл қауым күрес алаңына лап қояды. Бәйгеден дәмелілері шешініп, күресуге жазылып жатыр.
– Мені де тірке! – дейді басқарушыға Борекең. – Мен – Боранқұл Сәдіровпын.
Оны қоршағандар, әсіресе, қазақтар:
– Жаз, жаз, ей! – деп даурығысып қояды.
Күресте жығылғандар саптан шығып, жеңгендер қалып жатыр. Кезек Боранқұлға да жетті.
Жаршы:
– Боранқұл Сәдіров, ортаға! – деп айғай салды.
Іле алаңға жауырыны қақпақтай, бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнаған бура сан, еңгезердей жігіт ағасы: «Мен Сәдіров!» – деп, еркін басып шыға келді.
Қарсыласы өзінен бір де бір кем емес, қырымдық татар жігіті екен. Ұстаса кетті. Боранқұл оны жұлқа тартып, әп сәтте-ақ жамбасқа салып, алып ұрды. Көпшілік: «Аруақ! Аруақ! Ұр, тағы да ұр! – десіп, даланы жаңғыртып жіберді.
Сол жолы ол бірінен соң бірі келіп күрескен татардың сегіз бірдей жігітін кезегімен жығып, жер қаптырды. Сөйтіп, бас бәйге Боранқұлдың қанжығасына байланды.
Тағы сол Ақжалдағы кен байыту фабрикасында істеп жүрген кезінде ол бәстесіп, фабриканың тас ұнтақтайтын техникасының алып доңғалағын иығымен тіреп тоқтатып, бәске тігілген үш жылқының құны – 75 сомды иемденіпті.
Бұдан кейін тағы да бір айтулы тойда Ақжалдың 800 жұмыскері атынан Боранқұл денесі өзінен екі есе зор, сол төңіректегі жуандардың жалдамалы балуаны болып жүрген Баянды Сәтімбайұлымен белдесіп, оны шайды лақтырған әдісімен иығынан асыра лақтырып, жеңіске жеткен көрінеді. Ал оның қарсыласы болса, оңбай мертігіп, бір ай дегенде зорға оңалған екен.
Айта берсе, балуанның ерекше ерлік көрсеткен күрестері көп-ақ. Тек, оның өмірі мен күреске толы жолын тереңірек зерттеп, кейінгі ұрпаққа кеңінен жеткізе білсе, аса бір иігілікті іс болар еді. Бір әттеген-айы, балуанның ұрпағының жайы мен өзінің қай жылдары қайтыс болғаны әлі күнге беймәлім болып келеді.

Мәуітқазы Зүкенов

Осы айдарда

Back to top button