Журналистік зерттеу

Бір кездегі жұмбақ қаладан жұмақ іздеп келген қандастарымыздың қазіргі халі қалай?

Бір кездегі жұмбақ қаладан жұмақ іздеп келген қандастарымыздың қазіргі халі қалай?

Бұл – Курчатов қаласы. Қылышынан қан тамған кеңестік заманда барша жұрттан жасырып-жауып, «Москва-400», «Семипалатинск-21», «Берег», «Конечный» деп айрықша құпия ұстаған қалаңыз, міне, осы. Кезінде қарапайым адамның есігінен еңбек түгілі, тесігінен сығалауы мұң болған құпия қаланың бүгінгі тірлігі мүлдем басқа. 2009-2011 жылдары жүзеге асырылған «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында осында қоныстанған 150-дей оралман отбасының арқасында Курчатов бүгін нағыз қазақы ортаға айналғандай-ақ. Иә, осыдан төрт жыл бұрын бір кездегі жұмбақ қаладан жұмақ іздеп келген қандастарымыздың тыныс-тіршілігі қандай? Қандай кәсіппен айналысып жүр? Қандай мұқтажы бар? Таяуда Курчатов қаласына барған сапарымызда біз осы мәселеге тереңірек үңілген болатынбыз.

Жол сілтеп, бағыт көрсетсең болды

Жан-жағына ажал шашқан атом дейтін аждаһаның үнінің өшкеніне де жиырма жылдан астам уақыт өтіпті. 1991 жылдың 29-тамызында Елбасының жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылған болатын. Әскерилер бұл қаланы тастап кетіп жатқанда кейбіреулердің Курчатов құрдымға кетті деп байбалам салғаны да рас. Елу мыңнан астам халқы бар қала тұрғындарының 5-6 мыңға дейін азайып кеткені де шындық. Қаңырап қалған тұрғын үйлер мен ғимараттардың өзі мұнда алғаш келген адам көңіліне үрей ұялататын-ды. Бірақ Курчатов қайтадан есін жиды. Қатып-семіп қалған бойына қан жүгіріп, тамыры бүлкілдей соға бастады.

Бүгінде Курчатов қаласының 12 мыңдай тұрғыны бар. Олардың 600-ден астамы (156 отбасы) 2009 жылы сол кездегі еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен қолға алынған «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша осы қалаға қоныс тепкен оралман ағайындар.
Курчатов қалалық әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының басшысы Сләмбек Әзімхановтың айтуынша, бүгінде Курчатов қаласына қоныс тепкен ағайындардың 90 пайызы жұмыспен қамтылған көрінеді.
-Оралман ағайындардың қолынан мал бағу да, көкөніс өсіру де, жиһаз жасау да, бәрі келеді. Тек жолын көрсетіп, мемлекеттен қандай көмек барын айтып-түсіндіріп, бағыт сілтесің болды, – дейді Сләмбек Шәріпұлы.

Қазіргі күні Курчатов қаласының көпқабатты тұрғын үйлеріне түрлі қызмет көрсетіп, үлкен қалалардағы КСК ның міндетін атқарып отырғандар да оралман ағайындар екен. Серік, Серікхан, Қасиет атты оралман үш жігіт қазір жекеменшік кәсіпорынның иелері. Әрқайсысының қарамағанда 30-40-қа жуық сантехник, аула сыпырушы, электрші сынды жұмысшылар бар.

Оралман ағайындардың арқасында Курчатов қаласының өзінің азық-түлік белдеуі пайда болды десе де болады. Бұл игілікті іске Ертістің жағасынан жер алып, көкөніс егумен айналысып жүрген бес оралман азаматтың қосып жүрген үлесі зор. Жаздай қала тұрғындарын көкөніспен қамтамасыз ететін де осылар. Биыл курчатовтықтар ала қарбызды да алыстан тасыған жоқ.
Қаланың дүкендеріндегі ет, сүт өнімдері де өздерінікі. Мал шаруашылығымен айналысып отырған он отбасының арқасында бұл мәселе шешімін тапқан. Бұл мақсатқа олардың әрқайсысы үш миллион теңгеден несие де алып, шаруашылықтарын кеңейтуге кірісіпті.
– Әлі де жер алсам, мал өсірсем дейтін ағайындар көп. Бірақ оларға жағдай жасауға біздің мүмкіндігіміз келмей жатыр, – дейді қалалық жұмыспен қамту орталығының бастығы Сләмбек Шәріпұлы. – Өйткені, Курчатов қаласының бар болғаны 11 мың ғана гектар жері бар. Жер сұраған оралмандар үшін Бесқарағай ауданынан жер сұрауға мәжбүрміз. Өздері Курчатовта тіркеуде тұрғанымен, жер бойынша Бесқарағай ауданына бағынышты. Салықтың да қызығын көретін Бесқарағай ауданы. Тіпті, мына көрші Павлодар облысының Май ауданынан да жер алып, жұмыс істеп жатқан ағайындар да бар. Сондықтан да біз бұрынғы полигон жеріне мұқтажбыз. Сынақ алаңының ауыл шаруашылығына жарамды жерлерін жер сұраған ағайындарға беретін болсақ, мұның пайдасы да зор болмақ.
Бұдан басқа қалада жиһаз жасаумен үш оралман ағайын айналысады. Тұтынушылар олардың қолынан шыққан дүниеге дән риза көрінеді.

Былайғы көпшілік Курчатовты ғылыми орталық ретінде жақсы біледі. Мұнда Ұлттық ядролық орталығының төрт ғылыми-зерттеу институты орналасқан. Десе де мұндай ғылыми-орталықтарға жұмысқа орналасып, қызмет істеп жатқан қандастарымыз жоқтың-қасы. Себебі белгілі, Қытайда немесе Моңғолияда алған дипломның мұнда жарамсыздығы.

Шетелде алған жоғары білімін растатып, жұмыс істеп жүргендер некен-саяқ болсын бар.

¬- Мен Қытайда мұғалімдік мамандық бойынша жоғары білім алған Анар есімді бір оралман қарындасымыздың Астанаға қайта-қайта барып жүріп, дипломын растатқанын білемін. Қазір ол «Күншуақ» балабақшасында тәрбиеші болып қызмет істеп жүр, дейді Сләмбек Шәріпұлы.

Атақонысқа оралғандардың дені қазір үлкен қызмет істеуге емес, күнін көріп, несиесін төлеуге ұмтылып, бала-шағаны асырап, оқытып, жеткізудің қамымен жүргенін біз де байқадық.

Баспана мәселесі әлі де алаңдатып отыр

Осы орайда біз де оралман ағайындар қоныстанған қаладағы тұрғын үйлердің біріне бас сұғып, олардың біразымен аз-кем әңгіме-дүкен құрған болатынбыз. Бір таңғалғанымыз, бұл үйде тұратын ағайындардың ешқайсысы да үйінің есігіне құлып салуды білмейді екен. Есіктері қашан да айқара ашық.
– Бұл ағайындар осындай, – деп күледі маған жол көрсетіп жүрген қалалық мәдениет бөлімінің қызметкері Арайлы есімді сіңілім.

Шынында да тұрғындары есік-терезесін жауып, қымтанып отыратын Өскеменнен келген бізге осынау көріністің алғашында көзімізге бір түрлі ерсі көрінгені де рас. Көңілдерінде үйді біреу шауып кетеді-ау деген күмән мен күдіктің ізі де жоқ тіпті. Осынау кеңқолтық мінездерінің сыры, олардың нағыз қаймағы бұзылмаған қазақы ортадан келгендіктерінен де болар деп ойладым іштей.

Курчатов қаласында ерлі-зайыпты Елсіңбек Мінәтай мен Бисара Шәмерханды білмейтін жан жоқ. Өйткені, курчатовтықтарды көкөніспен қамтамасыз етіп отырған оралман отбасылардың бірі – осы. Үйіне барғанымызда бізді жылы шыраймен қарсы алды. Екеуі де ақ көңіл, әңгімешіл жандар екен. Олар тарихи Отанына Қытайдың Алтай аймақтық Шіңгіл ауданынан 2006 жылдың желтоқсан айында оралыпты. Алғашында Жарма ауданының Сұлусары ауылына көшіп келіп мал баққан олар 2009 жылы «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында Курчатов қаласына қоныс аударады.

– Ой, Курчатовқа алғаш келгенде қатты қиналдық. Береміз деген үйі дайын болмай, төрт айдай киіз үйде тұрдық. Бәрінен де жұмыссыз жүрген қиын екен. Үш балаға тамақ керек, киім керек дегендей. Сөйтіп, «Балапан көлігі» деп аталатын мекемеге күйеуіміз екеуміз аула сыпырушы болып жұмысқа орналастық. Жалақымыз он екі мың теңге ғана. Алғашында сол ақшаға жан бақтық, балаларды асырадық, – дейді Бисара. Осы арада әңгімеге отағасы Елсіңбек Мінәтай араласқан.

Ақыры бұлай жүре берудің жарамайтынын, бір тіршілік жасаудың қажет екенін түсіндім. Қалалық әкімдікке барып, жер сұрадым. Обалы не керек, Ертістің жағасынан екі гектар жер берді. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша бір миллион теңге несиеге қол жеткізіп, оның 800 мың теңгесіне трактор сатып алдым. Көктем шығысымен бізде тыным жоқ. Сол азғана жерімізге көкөніс егіп, өсіреміз. Пайдасы шаш етектен болмаса да, тапқанымыз отбасын асырауға жетеді. Былтыр жақсы өнім алсақ, биыл онша болмады. Осы жазда бір гектар жерге қызанақ, жарты гектар жерге қарбыз, тағы бір жартысына қырыққабат егіп едік, қызанағымызды үсітіп алдық, – дейді ол. – Өнімдердің бәрін ешқайда апармаймыз. Курчатовтықтардың өздері-ақ талап алады. Әрі біздің өнімдеріміздің бағасы да арзан. Орыстың кемпірлері саяжайда өсірдім деп картоптарын 100-150-ден ұстап отырғанда, біз оны 40-50 теңгеден ғана саудаладық.
Бір айта кетерлігі, осы кәсібінің арқасында Елсіңбек Мінәтай екі адамды жұмыспен қамтыпты. Оларға өз қалтасынан 18 660 теңге төлесе, тағы да осынша қаржыны мемлекет төлеген.
Әңгіме арасында ол өзінің жерін ұлғайтқысы келетінін де айтып қалды. Тағы да 5 гектар жер сұрап, әкімдікке хат жазыпты. Бірақ, бұл мәселе әлі шешімін тапқан жоқ. Содан кейін Елсіңбек Мінәтайды толғантыратыны – жер салығының неге жоғары екендігі. Ол екі гектар жер үшін жылына 23 мың теңге төлейді екен. «Жерді жыл он екі ай бойы пайдалансам, неге қымбат деп айтпаушы едім. Ал мен жерді үш-ақ ай ғана пайдаланамын ғой» дейді ол.
«Қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк» дегендерімен, оларды алаңдататын мәселе де бар. Ол – өздері отырған баспанаға қатысты. Қазіргі күні олар басындағы баспанасының иесі кім екенін білмейді. Өзіміздікі дейін десе, қолдарында оны дәлелдейтін құжат жоқ. Үйге кірерде 200 мың теңге құйғанымен, қазір жарық пен жылудан басқасынан ештеңеге ақы төлеп отырған жоқ.
– Ертең үйден қуып шықса қайтеміз, далада қаламыз ғой деп алаңдаймыз. Қолымызда құжат болмағандықтан, не үйге жөндеу жүргізе алмаймыз, туыс-туғанымызды осы үйге тіркетейік десек, не оларды тіркете алмаймыз. Бұл бір қиын шаруа болды. Осы баспана мәселесін бізге түбегейлі шешіп берсе екен, – дейді Елсіңбек Мінәтай.

Шалқардың шаруасы шалқып тұр

Курчатов қаласында кәсіптің көзін тауып, шаруасын шалқытып отырған оралман ағайынның тағы бірі – Шалқар Базархан. Ол бүгінгі күні мал шаруашылығымен айналысып отыр. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша 1 миллион 920 мың теңге несие алып, 12 бас сиыр алған Шалқар Базархан екі адамды жұмыспен қамтуда. Қазір оның қорасында 40 сиыр, 100 бастай қой мен бес жылқы бар.
Шалқар жақында Курчатов қаласының ішінде қатынайтын бағытта автобус ашып, тағы да бір адамға жұмыс орнын тауып беріпті.
Шалқар да алдағы уақытта өз кәсібімді кеңейтсем деп армандайды. Бірақ бұл мәселенің түйінін тарқату қаржыға келіп тірелетіні түсінікті. Егер ол 3 миллион теңге несиеге қол жеткізсе, тағы да 100 бастай ұсақ мал алмақшы.
– Жемшөп қоры жеткілікті. Қыстан қысылмай шығамыз деген үміттемін, – дейді Шалқар жымиып.

Иә, қазақ дейтін халық қашаннан-ақ «су ішіп отырған құдығына түкірмейді». Сол секілді біз осы сапарымызда Курчатовты жамандаған бірде бір оралман ағайынды көргеніміз жоқ. «Осы тіршілігімізге тәубә» дейді. «Осындай жақсылық жасап отырған Үкіметке рақмет» дейді олар ағынан жарылып.

Әрине, тіршілік болған соң, бірен-саран қиындықтардың да кездесіп қалатыны рас. Мысалы, орыс тілін білмеудің кесірінен талай жанның жолы кесіліп те жүрген көрінеді. Бірақ, олардың көңілінде «ертең-ақ бұл қалада қазақ тілі үстемдік құрады» деген сенім мол. Көңілдегі болашаққа деген сол сенім оларды алға сүйреп келеді…

Курчатов

Осы айдарда

Back to top button