Саясат

Білім жүйесін жемқорлық жайлап алған

Шығыс Қазақстанда білім беру саласы сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан сала болып табылады. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Шығыс Қазақстан облысындағы басқармасының бастығы – тәртіптік кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов тәртіптік кеңестің отырысында мәлім етті.

Білім жүйесін жемқорлық жайлап алғанАйталық, 2011 жылы білім саласының қызметкер-лері 52 коррупциялық құқық бұзушылық жасаған, ал 2010 жылы 39 құқық бұзушылық жасалған болатын. Өткен жылы 38 оқу орнының жетекшісі (мектеп директорлары, директорлардың орынбасарлары, бала- бақша меңгерушілері және басқалар), он бір бас бухгалтер мен үш мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапқа тартылған.

Білім саласындағы жемқорлыққа барынша батқан елді мекендер рейтингісінде облыс бойынша Семей көш бастап келеді, екінші орында – облыс орталығы, одан соң Үржар, Көкпекті, Катонқарағай және өзге де аудандар кете барады.

Облыстық білім басқармасының бастығы Мәдениет Ахметова «Шығыс Қазақстан облысы білім беру мекемелеріндегі коррупцияға қарсы тұру бойынша жұмыстардың барысы мен қосымша шаралар туралы» баяндама жасады. Тәртіптік кеңес облыстық білім басқармасы, қалалық және аудандық бөлімдер басшылығының жемқорлыққа қарсы тұру бойынша қабылдаған шаралардың тиімсіздігін атап өтіп, тиісті ұсыныстар білдірді.

Бұдан кейін Көкпекті ауданы білім бөлімінің бастығы Амангелді Байғалиевтің тәртіптік ісі қаралды. Істің мәнісі мынада, ағымдағы жылдың қаңтарында аудан-ның оқу орындарына арнап тас көмір жеткізуге конкурс өткізілген. Конкурсқа алты әлеуетті жеткізуші қатысқан, олар бір тонна көмір үшін 6989 теңгеден 9000 теңгеге дейін баға ұсынған. Қорытындысында комиссия шешімі бойынша ең жоғары баға ұсынған В.Винчук деген кәсіпкер таңдалып алынған. Осылайша, сол кәсіпкерден 3780 мың теңгеге көмір сатып алу арқылы 800 мың теңгеден астам бюджет қаржысы заңсыз жұмсалған. Нәтижесінде тәртіптік кеңес Көкпекті ауданының әкімі Д.Мусинге А.Байғалиевті «қызметіне толық сәйкессіздігі туралы ескерту жасау» түрінде тәртіптік жазаға тартуды ұсынды.

Осыдан соң ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департа-менті директорының орынбасары Алексей Крушинский-дің және осы департаменттің заңнаманың сақталуын бақылау және талап қою жұмысы бөлімінің бас маманы Дина Черкашинаның тәртіптік істері қаралды.

Мұнда мынадай жағдай орын алған. 2011 жылдың тамызында аталмыш департаментке «Вендас» ЖШС-нен облыс орталығындағы Абай даңғылы бойында орналасқан №74 теміржол бөлігін «Мерлис» ЖШС-не сатуға байланысты табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тізімінен алып тастау туралы өтініш кеп түседі. Алайда, бұл өтінішке жауапты «Вендас» ЖШС-не төрт айдан астам күтуге тура келеді, бұл еліміздің заңнамасына қайшы. Кейін Алексей Крушинский (сол кезде директордың міндетін атқарушы) мен Дина Черка-шина мұны былай түсіндірген: олардың мекемелеріне басқа ғимаратқа жедел көшуге тура келген, осы жайт олардың көп уақытын алыпты. Тек бір ғана мәселе түсі-ніксіз, неге қайдағы бір тұрмыстық кедергілерге байланысты басшылар мемлекеттік мекеменің қызметін тоқтатып қойған?! Тағы бір қызық жайтқа назар аудары-ңыз, өзге ғимаратқа көшу жауапты уақытында әзірлеуге кедергі келтірсе де, «Вендас» ЖШС-не жоспардан тыс тексеру өткізуге кедергі келтірмепті. Ал тексеру аталмыш кәсіпорынның келісімінсіз, №74 теміржол бөлігін меншіктен шығарудағы заңнаманың сақталуы бойынша жасалған.

Қарастырылған істің нәтижесі бойынша ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы М.Оспановқа және аталмыш агенттік департаментінің директоры Қ.Оразбаевқа Крушинский мен Черкашинаны «қызметіне толық сәйкессіздігі туралы ескерту жасау» түрінде тәр-тіптік жазаға тартуды ұсынды.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button