Береке-бірлік бар жерде…
Марқакөл ауылына әдейілеп барған сапарымызда біз көптеген тың өзгерістерге куә болып, атқарылып жатқан ауқымды істерді өз көзімізбен көріп, шынымен риза болдық.
Талайдан бері томаға-тұйық күй кешіп, шеттеп қалғандай рай білдіріп тұратын өңірді дамытуға қомақты қаржы бөлінгеннен бері жұмыс қайнап, тұрғындар көңіліндегі сенімге де серпіліс біткені айқын байқалып тұр. Осы қызметке тағайындалғанына тоғыз ай болған Марқакөл ауылдық округінің әкімі Рүстембек Кемешев мазаның не екенін ұмытқан. Қазір бір нысанның басында жүрсе, енді бір сәтте екіншісінің маңынан табылып, барша жұмысты жіті қадағалауда.
– Облыс әкімінің тапсырмасы мен аудан әкімінің тікелей нұсқауына сәйкес жұмыстар атқарудамыз, – дейді ол. – Көрсетіліп жатқан нақтылы көмекті барынша орынды пайдаланып, жоспарлы шараларды мезгілінде жүзеге асырып алсақ, жағдайымыздың түзеліп, ауылымыздың көркейе түсеріне еш күмән жоқ.
Шынында да, облыстан, аудандық бюджеттен бөлінген айтулы қаржының арқасында Марқакөл ауылдық округіндегі көптеген ғимараттардың қайта түлеп, құлпырып шыға келгені рас. Мәселен, осы айдың өзінде Қайнарлы негізгі орта мектебінің шатыры ауыстырылып, есік-терезесі жаңартылды. Мектеп ішінен балалар үшін дәретхана салынып, қыс мезгілінде қолайсыздық тудыратын бір мәселе оң шешімін тапты. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жобаланған бұл жұмыстарды А.Нұқаев жетекшілік ететін өскемендік «Жаңа ғасыр» ЖШС сапалы түрде жүзеге асырды.
Марқакөл ауылының өзінде көп жылдар бойы жөндеу көрмеген жеті көше асфальтталды, он көшеге қиыршық тас төселіп, көңілдегідей қалыпқа келтірілді. Бұл жұмыстар 112 млн. теңге қаржы бөлінген «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында атқарылды, оған қосымша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына сәйкес 100 млн. теңге бөлінген болатын. Ал Абылайхан мен Тоқтаров көшелеріне тротуар салынып, жиектас төселуде.
– Ауыл халқын ауызсу мәселесі толғандырып келген еді, – дейді Рүстембек Нәбиолдаұлы. – Біз оның да оң шешімін таптық. Ауылдан бес шақырымдай жердегі Үшқұдық учаскесінде ертеректе қазылған артезиан бастауы бар еді. Содан құбырмен тартып әкелінген таза суды су жинақтайтын орынға жеткіздік. Қыркүйек айына дейін жұрт таза ауызсу іше бастайтын болады. 70 млн. теңгеге бағаланған осы маңызды шаруаны «Өскемен-пласт» ЖШС тиімді түрде жүзеге асырып жатыр. Сонымен бірге, Қарашілік ауылында бұрғылау жұмыстарын жүргізіп, 25 метр тереңдіктен таза су шығардық. Біраздан соң ондағы тұрғындар да таза ауызсуға қол жеткізеді.
Бұдан соң ауыл әкімі соңғы кезде бұл өңірде тоқырап қалған егін шаруашылығынан біраз мағлұмат беріп өтті. Биыл осы тусырап жатқан аймақтың 600 гектарына бидай, арпа, көпжылдық екпе шөп тұқымы себілген екен. Бұрындары мұндай іске судың жоқтығынан шаруашылықтар тәуекел ете алмаған көрінеді. Өйткені осы маңдағы «Щукинский» және «Сандықтоған» атты екі бірдей канал бітеліп, арнасы қоқыс пен топыраққа толып қалған болатын. «ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Шығыс Қазақстан филиалының Бақыт Көшербаев басқаратын Зайсан өндірістік учаскесі «Щукинский» арнасының 15 шақырымдық бөлігін тазалап ашып беріп, үлкен шаруа бітірді. Ал 10 шақырымдық «Сандықтоған» арнасын ауыл әкімі аталған өндірістік учаскенің техникасын пайдалана отырып, жергілікті тұрғындарды, шаруа қожалықтарын жұмылдырып, өз күштерімен тазалап шыққан болатын. Нәтижесінде көп жылдар бойы су көрмеген алқапқа мол ылғал келіп, егін шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай туды. Осы маңызды да жауапты шараға демеушілік жасаған шаруа қожалықтарының жетекшілері Ә.Хамитовқа, Д.Оразиманов пен Н.Сәдуовке, шаруаның басы-қасында жүріп, тынымсыз еңбектенген Б.Әбжанов пен А.Қонақбаевқа Рүстембек Нәбиолдаұлы үлкен ризашылық білдіріп, шын көңілден шыққан алғысын жолдап жатты.
Осыдан кейін Р.Кемешев өз округінде атқарылып жатқан басқа да жұмыстарды тізбелеп шығып, осы шараларға барынша көмектескен, апта сайын келіп, өз көзімен көріп, қажетті нұсқау-кеңестерін беріп жүрген аудан әкімі Д.Қажановқа деген ризашылығын ортаға салып өтті.
Аталған келелі істердің ішінде көптен бері жөндеу көрмеген Марқакөл стадионын қоршау, оның ішкі құрылыстарын заманауи талаптарға сай етіп жаңарту жұмыстары, сондай-ақ сапалы ағымдағы жөндеу жасалған Ақжайлау ауылдық клубы да бар. Марқакөл ауылындағы Құдайбердиев көшесіне жарық орнатылды, енді осындай алты көшеге жарық тартуды ауыл әкімдігі қыркүйек айына жоспарлап отыр.
– №2 Марқакөл орта мектебіне облыстық білім басқармасы арқылы жаңа ПАЗ автобусы берілді, – дейді Рүстембек Нәбиолдаұлы. – Енді алыста тұратын оқушылар бұрынғыдай жаяу салпақтамайды, олардың автобус күтуіне қолайлы болу үшін төрт аялдама орнатылды. Жеке кәсіпкер Данияр Оразиманов бұрынғы ескі моншаны өз қаржысымен жөндеп, қатарға қосуды межелеп отыр. Монша қазан айында халыққа қызмет көрсете бастайтын болады. Ал тағы бір кәсіпкеріміз Ришат Қасымбеков екі қабатты ескі үйге күрделі жөндеу жасап, онда қонақүй, дүкен ашпақ. Амуртаев Нұрлан деген кәсіпкер осындай қонақүймен бірге келушілер ас ішетін дәмхананы да іске қосып отыр.
Осыдан соң ауыл әкімі әңгіме бетін мал шаруашылығы тақырыбына бұрды. Округке Тарбағатай ауданының Ақсуат өңіріндегі «Ықыбай» шаруа қожалығынан «ангус» тұқымдас 37 бұқа әкелінген екен. Мамандардың есебі бойынша әр бұқа 25 сиырды ұрықтандыруға тиіс, соған орай әр сиырдың басына 10 мың теңгеден субсидия төленеді. Сонда округтегі шаруа қожалықтары 9 250 мың теңге таза пайда көретін болады.
– Қазіргі кезде, – деп сөзін жалғады ауыл әкімі, – осындағы «Нұрәлі» шаруа қожалығының базасында 1000 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңының және 40 сиыр сауылатын сүт өндіру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Марқакөл, Қайнарлы, Ақжайлау ауылдарындағы табындарға асыл тұқымды бұқалар қосылды. Мұны ауыл тұрғындарының тірлігіне сүйеніш болып отырған сауын сиырларының қысыр қалмауы үшін жасалып отырған жағдай деп ауыз толтырып айтуға болады.
Осының барлығын баяндай келе, Р.Кемешев аталған үлкенді-кішілі шараларға жәрдем жасап, демеушілік көрсетіп келе жатқан Қ.Бату, Қ.Терлікбаев, А.Иқамбаев, Н.Сәдуов, М.Алпысов, Д.Қалибеков, Н.Аманжолова, Б.Аршын, С.Бекбаев, С.Хасенов сияқты кәсіпкерлерге деген шынайы ризашылығын ортаға салып өтті.
«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген екен бабаларымыз, сол айтқандай, жұмыла еңбектеніп жатқан марқакөлдік азаматтардың береке-бірлігіне, тыным таппай жүгіріп, ел қамы үшін шапқылаған ауыл әкімінің ықылас-пейіліне разы болған біз олардың барлығына толағай табыс, мықты денсаулық тілеп, жылы қоштастық.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.