Балық шаруашылығы

Бекіреде береке бар

Азамат ТЕМІРБЕКОВ 

Соңғы жылдары елімізде балық шаруашылығын дамыту ерекше қарқын алғаны белгілі. Осы бағытта қоян-қолтық жұмыс істеп жатқан мемлекеттік органдар мен балық өсіру шаруашылықтары кешенді шараларды қолға алған.

Бұл мәселеге баса назар аударған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында аталмыш бағытты дамытудың маңызы зор екенін ұдайы айтып келеді. Нәтижесінде осы іске ден қойған шаруаларды қолдау мақсатында бірқатар заңға өзгеріс енгізіліп, субсидия беру жолдары қарастырылды.

Барлық мүмкіндік жасалған

Бүгінде балық өсіруді кәсіп еткен осындай шаруашылықтардың бірі – Ұлан ауданы, Саратовка ауылының маңында орналасқан «OstFish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жабық жағдайда бекіре тұқымдас балықтарды өсіруді қолға алған шаруашылық бағалы өнімді өңір жұртшылығына сатып қана қоймай, сонымен қатар шетелге экспорттауды да межелеп отыр. Шаруашылық басшысы Ерлан Сагидолдиннің айтуынша, құрылғанына бес жылдан астам болған кәсіпорын өз жұмысын 2017 жылы негізгі үш модульді іске қосудан бастаған екен.

– Бастапқыда салмағы бір-бір жарым келі тартатын балықтар болған, бүгінгі күні биологиялық салмағы 30 келіге дейін барады,  – дейді ол. – Менің осы мекемені басқарып отырғаныма бір жылдың көлемі болды. Сол уақыт аралығында бір тоннаға жуық бекіре уылдырығын алып үлгердік. Кешенімізде таза артезиан суы жабық су беру құрылғыларында балықтардың жайлы өмір сүруі үшін механикалық және биологиялық фильтрлерден, кейін озонмен үш деңгейлі тазартудан өткізу арқылы беріледі.

Балықты осындай әдіспен өсірудің тағы бір артықшылығы – бассейндердегі температураның қыс-жазға қарамай бірқалыпты жағдайда ұсталып тұруы, сонымен қатар судың гидрохимиялық құрамын тұрақты сақтау екенін алға тартқан кәсіпорын басшысы осылайша, балықтың тез өсуіне мүмкіндіктер жасалатынын атап өтті. Сонымен қатар ол құрамында сіңімді амин қышқылдары мен минералдардың теңдестірілген мөлшері бар, балықтың көбею және өсу үшін инновациялық технологиямен арнайы жасалған жеммен балықтарды қоректендірудің де бұл іске біраз дем беретінін айтты.

Шабақ өсіру жолға қойылды

«КазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке қол жеткізіп, кәсібін дөңгелеткен шаруашылықтың тағы бір ерекшелігі – былтырдан бастап балық өсіруге қажетті материалды басқа жақтан тасымалдамай, өздерінде өсіруге мүмкіндік алуы. Яғни мұнда балық уылдырығын жасанды жолмен ұрықтандырып, одан дернәсілдер алуды және белгілі бір мөлшерге дейін өсіруді қамтамасыз ететін жаңа инкубациялық цех іске қосылды.

– 2022 жылдың сәуір айында біз алғашқы балық шабақтарын алдық, –  деп сөзін жалғады Ерлан Серікханұлы, – инкубациялық цехта балық уылдырығы ұрықтандырылып, сол жерде  шабақтарын өсірдік. Қазіргі уақытта ол шабақтардың салмағы жүз- жүз елу грамм тартады.

Балық шабақтарын инкубациялау жұмыстарының өте күрделі әрі қиын болғанын айтқан Ерлан Сагидолдин бұл істе шаруашылық мамандарына Балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері көмекке келгенін атап өтті. Ғылыми қолдау жасаған институт мамандары уылдырықты ұрықтандырудан бастап, оның осы уақытқа дейінгі өсу үрдісін тұрақты түрде бақылап келеді. Балық жемінің уақтылы әрі аралық жиілігін сақтау, су температурасының қалыпты жағдайы, тазартылуы, минералдармен толығып, жайлы орта қалыптастыру сынды жұмыстар сапалы балық өнімін алуға мүмкіндік бермек.

Бірінші кезекте балықтардың сапалы аналық және аталық түрлерін іріктеп алған мамандар оларды арнайы қыстайтын бассейндерге орналастырған. Бастапқыда көбінесе форель балықтарын инкубациялауға арналған «Вейс» аппаратында 300 грамм мөлшеріндегі уылдырықты ұрықтандырған олар бұл бағыттағы жұмыстардың болашағы бар екеніне көз жеткізген. Сонан соң Ресейдің Ейск қаласынан «Осетр» инкубациялық аппаратын алып келген.

– Уылдырықтан жаңа ғана жарып шыққан балық дернәсілдері айналасындағы жағдайларға өте сезімтал келеді екен. Сол себепті ғылыми мамандар біздің жұмысшыларымыздың жанында күндіз-түні жүріп бар білгендерін ортаға салды. Осының арқасында Жаңа жыл мерекесі қарсаңында біздің цехымызда инкубациялық жұмыстардың екінші кезеңі жүргізіліп, жиырма мыңға жуық шабақ алдық, – дейді Ерлан Сагидолдин.

Атқарылған жұмыстарды осындай көрсеткіш деңгейінде қалдыруды жөн көрмеген кәсіпорын биыл жаз маусымының ортасына қарай инкубациялық жұмыстарды тағы бір мәрте жүргізіп, ендігі көрсеткішті жүз мың шабаққа жеткізуді жоспарлап қойған.

Бұл бағытта күндіз-түні жатпай-тұрмай жұмыс істеген мамандардың бірі –  «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Алтай бөлімшесінің ғылыми қызметкері Гүлім Тарина болды.

– Біздің ұжымның жұмысы осы шаруашылықта «Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген балық түрлері мен бөгде гидробионттардың популяциясын зерттеу, сирек кездесетін түрлерді жасанды түрде көбейту және бөгде балық түрлері мен басқа гидробионттардың таралуын болдырмау бойынша ұсыныстар әзірлеу» атты жоба аясында атқарылып жатыр. Сібір бекіресі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген бекіре тұқымдас балықтардың сирек және құнды түрі болып келеді. Ынтымақтастық туралы шарт негізінде біз 2022 жылдың көктемінен бастап «OstFish» ЖШС базасында сібір бекіресін молайту технологиясын пысықтау бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеміз. Біздің осы шаруашылықпен қарым-қатынаста болғанымыз жақсы болды. Өйткені өзімізде мұндай  мүмкіндіктеріміз жоқ. Биыл осы бағытта жемісті болып, өндіріс басына жиі қатынадық. Нәтижесінде теория мен іс-тәжірибені ұштастырдық. Бұдан бөлек шаруашылықтағы балық өсірудің қыр-сырын меңгерген маманның арқасында қан алу, уылдырықты бөліп алу, генетикалық іріктеу, тауарлы уылдырық алу сияқты нәрселерді үйрендім, – дейді Гүлім Тарина.

Негізгі жұмыс дернәсілдер уылдырықтан шыққан соң басталғанын айтқан ол, шабақтарды күтудің жас нәрестені бағумен пара-пар жұмыс екенін атады. Сағат сайын тамақтандыру дернәсілдер үш-бес грамдық деңгейге жеткенге дейін жүргізіліп, сонан соң 12 сағаттық аралықта тамақтандыруға көшірілген.

Өз өнімдерін түрлі етіп шығарады

Жылына 45 мың тонна балық өсіру мүмкіндігі бар кешен қазіргі уақытта әлі де болса толыққанды қуатына шықпаған. Шаруашылық басшысының айтуынша, бүгінде үш модульдің екеуіндегі бассейндерде ғана балық өсіріліп жатса, үшінші модульді қосу биылға жоспарланған көрінеді.

– Үшінші модульдің іске қосылуын біз биылға жоспарлап отырмыз, – дейді Ерлан Сагидолдин. – Бірақ мұның барлығы қаржылық жағдайға байланысты. Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған екі модульдегі балықтардың тіршілігін қамтамасыз етуге де қыруар қаражат жұмсалады. Өйткені оларда күндіз-түні сусорғылар, фильтрлер және басқа да автоматтандырылған жүйелер жұмыс істеп тұрады. Оның барлығы қыруар электр энергиясын тұтынатыны белгілі. Балық жемін сатып аламыз, қызметкерлеріміздің айлығы мен мемлекетке төлейтін салығымыз да үлкен шығындарды талап етеді.

Бекіренің қара уылдырығын сатуда бірқатар мәселенің барын алға тартқан ол бұл тағамның қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейтін ерекше таңсық ас екенін айтады. Сол себепті, өндірілген өнімнің бір бөлігін ел аумағынан тыс жерлерге, сатып алу мүмкіндігі жоғары елдерге экспорттау жолдары қарастырылуда. Бүгінде қазақстандық қара уылдырықты Еуропа елдеріне экспорттауда бірқатар шектеу қойылғанын айтқан шаруашылық басшысы тиісті министрлік бұл бағытта жұмыс істеп жатқанын жасырмады.

– Еуропалық нарық ашылса, біздің өніміміз тұрақты түрде экспортталатын еді. Сол кезде біздің мекемеміздің де жағдайы жақсаратыны сөзсіз. Қазіргі уақытта Шығыс жұртшылығы негізінен біздің балықтарымыздың етін тұтынуда жақсы көрсеткіш көрсетіп отыр. Яғни шығысқазақстандықтар бекіренің етін жақсы көреді екен. Осыған көзіміз жетті. Халыққа қолжетімді болсын деп біз өз өнімдерімізді түрлі етіп шығарып, арзан бағада сатуға тырысамыз, – дейді Ерлан Сагидолдин.

Осылайша, өңір халқының да таңсық астан дәм татуына барынша жағдай туғызып отырған шаруашылық алғашқы өнімді 2021 жылдың күзіне қарай алған екен. Бұл бірінші кезекте бекіре балығының өте баяу өсуімен байланысты. Сол себепті де алғашқы өнім балық өсіру жұмыстары қолға алынған соң үш жылдан кейін ғана болған.

Басты назарда – балықтың үш түрі

Қазіргі уақытта «OstFish» шаруашылығы бекіре тұқымдас балықтың үш түрін өсірумен айналысып жатыр. Атап айтсақ, мұндағы бассейндерде Сібір және орыс бекіресі, сондай-ақ құртпа мен сүйріктің буданы болып келетін бестер балығы өсіріледі.

– Бестер балығын әзірше аз мөлшерде өсіріп отырмыз, – дейді Ерлан Сагидолдин. – Биыл жаз ортасына қарай бұрындары Ертісті мекендеген сүйрік балықты өсіруді де сынап көру жоспарымызда бар. Бұл балықтың бір ерекшелігі оның тез өсуімен қатар салмағының жеңіл әрі етінің арзан болуында. Яғни жергілікті халықтың қалтасы көтеретін болады. Сонымен қатар аталмыш балықты кейін өңірдің өзен-көлдеріне жіберіп балықтандыру үрдісіне де үлес қосамыз ба деген ойымыз жоқ емес.

Бекіре тұқымдас балықтардың табиғатта салмағының 200 келіге дейін тартатынын айтқан ол жабық жағдайда өсіріліп жатқан балықтардың орташа салмағы шамамен 17-20 келі төңірегінде екенін тілге тиек етті. Дей тұрғанмен бекіренің тауарлы салмақ мөлшеріне дейін жету мерзімі – 3-4 жыл. Оған дейін оны сату пайдасыз. Өйткені еті аз болады. Ал сүйрік балықтың тауарлы салмаққа жетуі – бір-бір жарым жыл. Сол себепті, бекіремен қатар сүйрік балықтың түрін де өсіру тиімді болмақ.

Бүгінде ел Үкіметі балықшыларға үлкен міндет қойып отыр. Осы бағытта кешенді жұмыстар атқарылып, 2030 жылға дейінгі аралықта балық шаруашылығын дамытуға байланысты арнайы бағдарлама да қабылданды. Аталмыш бағдарлама бойынша өңір балықшылары алдағы жеті жылда тауарлы балық өсіру көрсеткішін 9 774 тоннаға жеткізуі қажет. Жалпы, облыс бойынша басты назар балықтың албырт, тұқы және бекіре сынды үш тұқымын өсіруге аударылмақ. Яғни өңіріміз межеленген уақытта жыл сайын ел халқын 45 тонна бекіре балығымен қамтамасыз етіп отыруы керек. Ал бұл көрсеткішке жету жолында «OstFish» шаруашылығының атқарар жұмысы елеулі болатыны сөзсіз. Ендеше, іске сәт!

 

 

Осы айдарда

Back to top button