Балық шаруашылығыТОП

Ғылыми қызметке деген сұраныс өсіп келеді

Өскеменде орналасқан балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының Алтай бөлімшесі – бүгінде бірнеше облыстың аумағында ағатын Ертіс бассейні мен өзен-көлдер жүйесіндегі биоалуандықты сақтап, өңірдегі балық шаруашылығының тұрақты дамуына зор үлес қосып жатқан  бірегей кәсіпорындардың бірі.

Биылғы көктемде облыстық DIDAR газетінде Бұқтырма су қоймасын балықтандыру жайында мақала жарық көрген болатын. Сол кезде біз бұл іс-шараға аталған кәсіпорынның да атсалысып, ғылыми негізін жасауға үлес қосып жатқаны туралы айтқан едік. Ол кезде су қоймасының Васильев паром өткелі маңындағы айлағына рипус пен пелядь балықтарының уылдырықтан жаңа шыққан бірнеше миллион дернәсілдері жіберілген болатын. Осы іске машықтанған облыс орталығындағы компанияның балық өсіруші мамандарымен бірге «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Алтай бөлімшесінің директоры Бауыржан Әубәкіров те сол жерде болып, барлық жұмысты өзі бақылап жүрді. Міне, сол кезде біз тәжірибе мен теорияны ұштастыра білген қос тараптың бұл ісінен балық шаруашылығының ертеңі зор сала екенін түсіндік.

– Жергілікті су қоймаларын балықтандыру өңірдің су айдындарындағы балық шаруашылығын дамытуға қосып жатқан үлесіміз деп ойлаймын. Бұл өз кезегінде осыған дейін қордаланған мәселелерді де шешуге өз көмегін тигізеді, – дейді Бауыржан Әубәкіров.

Балықтандыру тақырыбына қайта оралуымыздың тағы бір себебі, жақында аталған ғылыми мекеменің тарихындағы тағы бір маңызды датаның аталып өтуі болды. Биыл бұл ұйымның 70 жылдығы аталып өткен болатын. Ғылыми орталықтың мамандарының айтуынша, мекеме 1951 жылдан бері жұмысын жалғастырып келе жатқан көрінеді. Бастапқыда ҚазССР Ғылым Академиясы жанындағы Зоология институтының негізгі ихтиологиялық пункті болып, кейін Ихтиология және балық шаруашылығы институтының бөлімшесіне айналды. 1964 жылдан бастап Кеңес Одағының Балық шаруашылығы министрлігі жанындағы Балық шаруашылығы институтының бөлімшесі болып қайта құрылды. Бүгінде бұл мекеме жұмысын қазіргі сұранысқа орай жүргізіп, балық шаруашылығы саласының дамуына үлес қосуда.

Кешенді зерттелер жүргізеді

1951 жылдан бастап еліміздегі ірі су айдыны саналатын Ертіс бассейні және оның құрамына енетін Зайсан көлі, Бұқтырма, Шүлбі, Өскемен су қоймалары мен Ертіс өзені зерттеле бастаған болатын. Жалпы, Ертіс аталмыш су бассейнінің ең ірі су артериясы болып саналады. Оған 32 мыңнан астам өзен құйса, оның 77-сі ірі өзен болып келеді.

Бір сөзбен айтқанда, қарт Ертіс өңір тұрмақ, еліміздегі халық шаруашылығында ерекше орын алады. Сол себепті су ресурстарына деген ұқыптылық пен олардағы биоалуандылықты сақтау бүгінгі күні барлығымыз үшін маңызды әрі ортақ міндет болып табылады.

– Біздің бөлімше мемлекеттік тапсырыс бойынша коммерциялық емес негіздегі ғылыми-зерттеу және ғылыми-ұйымдастыру жұмыстарымен айналысады, – дейді ғылыми орталықтың кешенді балық шаруашылығы зертханасының меңгерушісі Айбек Қасымханов. – Сондай-ақ ел заңнамаларына қайшы келмейтін экономикалық, өндірістік-шаруашылық және басқа да жұмыстармен айналысамыз.

Оның айтуынша, бөлімше ғалымдары Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарындағы су қоймаларында кешенді ғылыми зерттеулер жүргізетін көрінеді. Нарық жағдайында тапсырыс берушілерге түрлі консалтингтік және талдау қызметтерін көрсетеді. Бұл жерде орталық қызметкерлерінің балық шаруашылығы саласындағы тәжірибелері мен біліктілігі, материалдық-техникалық  базаның болуы ерекше рөл атқарады. Сонымен қатар мекемеде гидрохимия, гидробиология, ихтиология, балық шаруашылығы, табиғат пайдалануды ғылыми реттеу салаларының мамандары жұмыс істейді. Оның үстіне, ұжымның негізін жас кадрлар құрайды.

Тәжірибелі мамандар да аз емес

Дей тұрғанмен, кез келген ұйымның негізгі мақтанышы көпжылдық тәжірибесі бар әрі өз ісіне берілген мамандар болып келетіні белгілі. Аталған орталық та мұндай мамандардан кенде емес. Солардың бірі әрі бірегейі – ғылыми орталықтың жетекші ғылыми қызметкері Людмила Кушникова. Өз ісінің маманы болып келетін ол бізге өңірдегі су қоймалары мен олардағы биоалуандылық жайлы айтып берді. Ақ көрпенің шеті сөгіле өңірдегі су қоймаларын аралап, үй бетін көрмейтін маманды бұл жолы кеңсесінен табу біз үшін үлкен сәттілік болды.

Жалпы, орталықтың негізгі жұмыстарының бірі Ертіс бассейніндегі гидробиониттердің өмір сүретін ортасын зерттеп, экологиялық мониторинг жүргізу болып табылады. Сонымен қатар мұнда балық шаруашылығына жарамды су айдындарындағы балық өндірісінің жағдайын анықтау, балық ресурстары мен басқа да су жануарларын аулаудың шекті мөлшерлерін биологиялық негіздеу, өзен-көлдердегі сирек және бағалы балық түрлерінің гендік қорын сақтау бағытындағы жұмыстар жүргізіледі.

Оған қоса, орталықтың тағы бір басты міндеті осы салада қызмет ететін басқа да кәсіпорындарға ғылыми-әдістемелік көмек көрсету болып табылады. Бұл жердегі негізгі жұмыс осындай кәсіпорындардағы балық өсіру ісіне көмек көрсету арқылы олардың мамандарына тәжірибе жинақтауға көмек көрсетуге негізделген.

Қажетті қызметтер көрсетіледі

Бөлімше қызметкерлерінің хабарлауынша, осы бағыттарды ескере отырып, тапсырыс берушілерге көрсетілетін қызмет түрлері анықталған. Оның үстіне, бұл балық шаруашылығын дамытудың мемлекеттік және өңірлік деңгейіндегі кешенді бағдарламалардың қабылдануымен де тығыз байланысты. Өйткені аталмыш бағдарламаларда су және балық қоры мол Шығыс Қазақстанға ерекше көңіл аударылған. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балық шаруашылығы саласын жедел дамыту арқылы халықты ақуызға бай өніммен қамту жайлы тапсырмасы да бар. Өңірдегі балық өсірушілердің тәжірибесімен осы салаға жауапты министрліктер де, елордадағы сенаторлар да жақсы таныс.

– Аквамәдениеттің дамуы облыстағы балық өсірушілердің осы салада тәжірибесі бар ғалымдардың қызметіне деген сұранысын арттыратыны белгілі, – дейді Людмила Кушникова. –  Бұл тақырыптың басқалар үшін қызықты екені белгілі. Сондықтан ол туралы айта берсең, әңгімеміз таусылмайтыны айдан анық.

Маманның айтуынша, оның ғылыми және тәжірибелік қызметі балық түрлерін сақтауға, уылдырықтан балықтың дернәсілдерін алуға қатысты көптеген эксперименттерге толы көрінеді. Бұл мәселеге біз газетіміздің алдағы сандарының бірінде қайтып оралармыз.

Биоалуандылықты сақтау өте маңызды

Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының Алтай филиалы қазіргі уақытта өзінің ғылыми жұмыстарын бірнеше бюджеттік бағдарламалар аясында жүзеге асыруда. Өңірдегі өзен-көлдерді зерделеп, олардағы сан түрлі балық пен балықтың азық қорын зерделейтін олар көп жағдайда техногендік сипаттағы жұмыстардың судағы биоалуандылықты азайтып, тіпті кейбір жерлерде мүлдем жойылып кетуіне әсер ететінін айтады.

– Мысалы, жол салып, ол өзенге келіп тірелген кезде ары қарай көпір салу қажет болады. Сырттай қарасаңыздар, көпір салудың өзендегі балық қорына еш әсері жоқ сияқты көрінері анық. Алайда су астында балықтан бөлек басқа да микроағзалар өмір сүретін орталар бар екенін біз көп жағдайда ұмытып кетеміз. Олар балықтың негізгі қорегі болып табылуы мүмкін, – дейді Айбек Қасымханов.

Сол себепті мамандар қандай болмасын техногендік өзгерістердің алдымен табиғатқа қандай зиян немесе өзгерістер әкелетінін зерделеп, биологиялық негіздемесін жасап алу өте маңызды екенін айтады. Яғни, су астындағы микроағзалар мен түрлі өсімдіктер қорын түбегейлі құртып алмаудың амалын жасауымыз қажет.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button