Балық шаруашылығы

Көл байлығын көрші елге өткізбек

Азамат Темірбеков

 Балық аулайтын учаскелерін тағы бес жылға бекітіп алған байтоғастық балықшылар биыл жұмысты тың серпінмен бастады.

«Байтоғас» ауыл шаруашылығы кооперативінің басшысы Болатхан Асылхановтың хабарлауынша, қоян жылы тарбағатайлық балықшылар үшін жаман басталмаған сыңайлы. Бірінші кезекте, аталған ұйым осыған дейін балық аулап келген учаскелерінің жалға алу мерзімін тағы бес жылға бекіттіріп,  көл байлығымен нәпақа тауып жүрген балықшыларға еңбек етуге   мүмкіндік сыйлады.

– Өткен жылы өзімізде кішігірім балық өңдейтін цех ашып, Ресей нарығына шыққан едік. Табысымыз жаман болған жоқ. Бірақ күзге қарай көрші елде мобилизация басталып, ол жақтың жұмысшыларының барлығы жан-жаққа кетті. Сол кезде жұмысымыз тоқтап қалды. Енді ол жақ тынышталған кезде жұмысымыз қайта жандана ма деген үміттеміз. Дегенмен қазір  қол қусырып отырмай Қытай нарығына шығудың амалдарын қарастырып жатырмыз. Талаптары мен стандарттары біздікінен әлдеқайда қиын ол елге өз өнімдерімізді сатудың заңды тетіктерін іздестірудеміз, – дейді Болатхан Асылханов.

Тұтынушылары ұшан-теңіз аспан асты елінің нарығына шығуды көздеген тарбағатайлық балықшылар осылайша отандық өнімді өзге елдерге танымал етуді көздеп отыр. Сонымен қатар сұранысы жоғары нарық өз кезегінде байтоғастықтардың жұмыспен қамтылу көрсеткішін де жақсартып, табыстарын арттыратыны сөзсіз.

Бұдан бөлек балықты аулап қана қоймай, көл байлығының молаюы бағытындағы жұмыстарды да қатар жүргізетін ауыл шаруашылығы кооперативі биыл да жоспарға сай осы бағытта бірқатар жұмыс жүргізбек. Осындай жұмыстың бірі Қара Ертістің мұзын ойып, судағы оттегі қорын молайту.

– Қазіргі уақытта  қар мен мұз астындағы суда оттегінің азайып кететіні белгілі ғой. Міне осы кезде судағы балық тұншығып, қырылып қалуы мүмкін. Осындай жағдайды болдырмас үшін аэрация жұмыстарын жүргіземіз. Ол үшін кооперативтің адамдары мұзды ойып, оларға қамыс шаншимыз. Осылайша, судың оттегімен толығуын қамтамасыз етеміз, – деп қосты Болатхан Асылханов.

Әзірге көл үстіне көлік бара алмайтынын алға тартқан ол, қазіргі уақытта қар күреу жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл жұмыс аяқталып, жол салынған соң кооператив еңбеккерлері аэрацияға  кіріседі. Жалпы, жыл сайын ақпан айынан басталатын бұл шараға «Байтоғас» ауыл шаруашылығы кооперативінің ұжымы мен инспекторлардан бөлек, ауыл-аймақ тұрғындарынан құралған еріктілер де жұмылады.

Осы айдарда

Back to top button