Балық шаруашылығы

Тораңғыда ауа жіберу жұмыстары жүргізілді

Зайсан-Ертіс акваториясының айрықша қорғалатын бір бөлігі – Тораңғы шығанағының әншейінде албаты адам аяқ баспайтын шалқар айдынының үсті адамға толып, гүрілдеген техника үнімен жаңғырықты. Аз уақыттың ішінде тыныштығын жортқан аңнан басқа ешкім бұзбайтын айдын бетінде жүздеген адамның көңілді дауыстары саңқылдап, мұның соңы қайнаған берекелі еңбекке ұласты.

Бұл табиғат пайдаланушы «Төре-Тоғам» және «Дигам» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері ұйымдастырған аэрация (балықтардың тұншығып қырылмауы үшін әдейілеп оқпандар ойып, оттегінің суға молырақ енуіне жағдай жасау) жұмыстарының басталуы болатын. Арнайы жабдықталған трактор бұрғысымен ойықтар ойып, оларды серіктестік жұмысшылары мұздың тез қатып, ойықты бекітіп қалмауы үшін әдейілеп шауып әкелінген қамыспен тығындап отырды. Мұның өзі ұзақты күнге созылып, жүзден астам адам атсалысқан маңызды да ауқымды шараға айналған болатын.

      – Біз көл айдынын, сонымен бірге осындай шығанақтарды пайдаланғанда тек балық аулап, кәсіп түсіруді ғана көздемейміз, – дейді «Төре-Тоғам» ЖШС бас директоры Нұрлан Қасымханов. – Сонымен қатар біз мойнымызға мынадай үш міндеттеме алып отырмыз: көл айдынын, жағалауды, жалпы, оның төңірегін үнемі тазалықта ұстау; көлдегі балық санын жүйелі түрде молайтып, арттырып отыру; қыс бетінде айдын төсінде ойықтар ойып, тайыз суға оттегінің жеткілікті мөлшерде еніп тұруын қамтамасыз ету.

Өзіңіз барлығына куә болып жүрсіз, біз бұл міндеттемелерді тиянақты орындап, өзімізге жүктелген тапсырмалар үдесінен әрдайым абыроймен шығып келе жатырмыз. Жыл сайын көктем туа көл төңірегінің тазалығына атсалысамыз. Жиналып қалған қоқысты жинап, тиісті жерге апарып төгеміз, судан сүзіп шығарылған ауларды бір араға жинақтап, өртеп жойып отырамыз. Ал өткен жазда Мульковое ауылында орналасқан Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығынан 2 млн сазан, карп, ақ амур балықтарының шабақтарын сатып алып, Зайсан көліне жібергенімізде өзіңіз осынау сауапты шараның басы-қасында жүріп, бәрін көзбен көрдіңіз.

Енді, міне, бүгінгі жауапты қадамымыздың айғағы болып отырсыз. Бұл маңызды шара 2015 жылдың 14 қазанында шыққан ауыл шаруашылығы министрінің №18-5/928 бұйрығымен бекітілген «Су айдындарын балықтандыру және су нысандарын балық шаруашылықтық мелиорациялау бойынша жұмыстарды жүргізу ережесіне» сәйкес жүргізіліп жатыр.

Тораңғы шығанағы Зайсан көлінің, жалпы, Бұқтырма су қоймасының  сауықтыру орны болып есептеледі. Өйткені суы тұзды шығанаққа сырқаттанған, әлдеқандай жарақат алған балықтар келіп, шын мәнінде жандарына шипа табады. Қазіргі кезде Зайсан көлінің акваториясын көксерке, алабұға, шортан, тыран (лещ), торта (плотва), мөңке (карась) балықтары мекендейді. Осылардың баршасы уылдырықтарын Тораңғыға келіп шашады. Бұл шығанақ – балық тұқымының емін-еркін өсіп, көбеюі үшін аса қолайлы аймақ. Сол себепті мұнда жыл көлемінде балық аулауға тыйым салынған. Өкінішке қарай, соңғы кезде барлық жерлердегідей Бұқтырманың гидрологиялық деңгейі төмендеп, Тораңғы шығанағы су қоймасынан бөлініп қалды. Сөйтіп, тайыз судағы балықтарға еріген оттегінің жетіспеу қаупі туындады. Үлкен көлде мұндай қауіп жоқ, ал Тораңғыдағы балықтарды қатерден құтқару үшін бүгінгі атқарып жатқан шарамыздың маңызы өте зор.

Бұдан кейін Нұрлан Есімханұлы осы шараға Күршімнен, Құйғаннан, Алғабастан, жағалаудағы үш ауылдан әдейілеп келіп, белсене атсалысып жатқан жұмысшыларға, ауыл тұрғындарына шынайы ризашылығын білдірді. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дегендей, бұл шараға арнайы келіп, тілектестік, жауапкершілік білдірген аудан әкімі А.Ақышовқа, аудан прокуроры М.Медіғатұлына, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы полковник С.Манаповқа, жаңадан тағайындалған аудандық сот төрағасы  Асқар Әлиге риза екендігін ортаға салды.

Осындай жауапты жұмыстың басы-қасында болуды жөн көрген «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Алтай бөлімшесінің қызметкерлері, сондай-ақ Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Т.Рақымжанов Тораңғыға өзінің командасымен әдейілеп жеткен болатын. Олар да бұл жерде белсене қимылдап жатқан еңбекқор қауымға шын көңілден шыққан ризалығын білдіріп, халықтың саналылығына тәнті болғанын ортаға салды. Осы арада «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Кешенді балық шаруашылығы зертханасының меңгерушісі А.Қасымханов бізді төмендегідей мағлұматтардан құлағдар етті.

      – Тораңғы шығанағының жалпы аумағы 3 мың гектарға жуық, – дейді Айбек Махамбетұлы. – Су қоймасынан бөлініп қалғанның өзінде бұл шығанақ қазір үлкен екі көл ретінде қарастырылып отыр. Мұнда қазіргі кезде балықтың айтарлықтай қоры бар. Кейбір мамандар «Осы балықты түгелдей сүзіп, аулап алу керек, әйтпесе ертеңгі күні су одан әрі тайыздайтын болса, текке қырылып қалады» деген ұсыныс айтуда. Өз басым бұл сөзге үзілді-кесілді қарсымын. Себебі Тораңғының мүлде кеуіп қалуы мүмкін емес, бұдан шағын көлдер де құрымай, суындағы балығын сақтап отыр емес пе, ендеше, шығанақтағы балықтар да жойылып кете қоймайды. Егер біз су деңгейінің төмендеуінен қорқып, бар балықты жойып жіберер болсақ, Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасындағы балық атаулының молаяр, өсіп-өнер бесігіндей болып отырған осынау киелі айдындағы балық қорын қайтадан оңайлықпен толықтыра алмаймыз.

Бұдан соң ол Тораңғы суындағы еріген оттегі мөлшерінің жүйелі түрде тексеріліп тұратынын айтып өтті. Мұны балық қорын қорғайтын мекемелер жүзеге асырып отырады екен.

      – Қыс мезгілінде, – дейді Айбек Махамбетұлы, – судағы оттегі мөлшері 4 миллиграмм/текше дециметрден төмендесе, ондағы балықтарға ауа жетіспей, тұншыға бастайды. Бірлесе өткізген тексеріс нәтижесінде қазіргі уақытта Тораңғыдағы оттегі мөлшері 7,64 мг/текше дециметрді көрсетіп, қалыпты шамада екендігі анықталды. Дегенмен бүгінгі шараның артықтығы бола қоймайтынын атап айтқан абзал.

Түске тармаса басталған аэрация жұмысы күн ұясына қонуға айналған шақта саябыр тапты. «Төре-Тоғам» ЖШС басшылығының нұсқауымен  ұзақты күн жалаң мұздың бетінде тынымсыз еңбектенген қауымға арнайы киіз үй тігіліп, ыстық ас әзірленген болатын. Мұның өзі аязда тер төккен жұмысшылар үшін өте бір қолайлы жағдай болды. Соның нәтижесінде жұмыс тоқтаусыз жүріп, барынша өнімді болды.

Осылайша, Тораңғы төсінде айта қаларлықтай бір маңызды шара өтті, ал оның балық шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің береке-бірлігінің, ұйымшылдығының жарқын бір айғағындай болғаны шындық.

Хасен Зәкәрия Күршім ауданы

Осы айдарда

Back to top button