Балық шаруашылығыТОП

Бұқтырма мен Зайсанға ерекше балық жіберіледі

Күршім ауданындағы Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы  балдыр басып, қамыс қаптап, таязданып кеткен өзен, көлдерге жіберу үшін өңірде жоқ ерекше балық шабақтарын өсіріп жатыр.

Бұқтырманы, Зайсанды, аймақтағы басқа да су айдындарын балдыр біткеннен арылтып, қамыстарды түбіне дейін жеп құртатын «тазалықшы» балықтың аты – ақ амур. Ақ амурдың дернәсілдері шаруашылық тоғанына Ресейдің Астрахань өңірінен әкелініпті, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Балық өсіретін мамандар бар ма?

«Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы» ЖШС-ның тоғандарына ақ амур шабақтары биыл бірінші жыл алынып отыр. Серіктестік директоры Сымбат Ануарбековтің айтуынша, дернәсіл кезінен бастап өсіріліп жатқан ақ амур шабақтары біраз қарақанаттанған соң күзде Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасына жіберіледі.

Тұқы тұқымдас бұл балық түрі біздің облыстың су айдындарында кездеспейді. Оңтүстік өңірлерді, Іле, Сырдария өзендерін мекендейді.

Бүгінде Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығының өндірістік бағыттары көбейіп келе жатыр. Бір кездері бүкіл Қазақстанға белгілі болған маңызды нысанның кері кеткен жағдайы қайтадан жақсарып келеді. Былтыр шаруашылық ғылыми-өндірістік жобаларды жүзеге асыруға бағытталған 300 миллион теңгенің грантын ұтып алған. Биылдан бастап өндірісті қаржыландыру жүріп жатыр.

Гранттық қаржының басым бөлігі шаруашылықтың өндірісін түбегейлі жөндеу жұмыстарына, өндірістік жабдықтар сатып алуға жұмсалуда. Қаражаттың енді бір бөлігі шаруашылықтың мүмкіндігі мен әлеуетін арттыратын қажетті мамандарды тартуға бөлінбек.

Былтыр Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығында 24 адам жұмыс істеген болса, көл байлығын көбейтуші мамандардың саны биыл 58-ге жеткен екен. Бәрі де жергілікті тұрғындар. Дегенмен шаруашылықта әлі де маман тапшы. Әсіресе балық өсірушілер, шабақ өрбітушілер керек. Келген адам бұл мамандық бойынша істей қоятындай тәжірибелі болмаса да, ынтасы барларды шаруашылықтың өзінде де оқытып, үйретеміз дейді серіктестік басшысы. Тек жұмыс істеуге деген жауапкершілігі болса болғаны. Сонымен қатар шаруашылыққа гидротехнологтар, гидрохимиктер аса қажет. Судың сапасын тексеріп, бақылап отыратын білікті мамандарсыз тоған шаруашылығының, балық шаруашылығының күні қараң. Сондықтан шаруашылық басшылығы жұмыс істеуге ниетті, осы салада жұмыс істей алатындай жастарды іздестіріп, жұмысқа тартып жатыр. Аймақта, Күршім ауданында балық өсіруші мамандар бар ма? Болса, болашағы кемел  шаруашылық күтіп тұр.

Жыл сайын көлемі көбейіп, шабақтары молайып келе жатқан көк айдындар мен тоғандар көп жұмысты, көп күшті қажет етеді. Шаруашылық директоры Сымбат Ануарбеков алғаш, 2019 жылы  осында басшы болып келгенде 1200 гектар тоғанның он пайызы ғана жұмыс істеп тұрса, қазір шабақтарды өсіріп, өндіруге тоғандардың 30 пайызы пайдаланылады. Осы шаруашылыққа келгенге дейін мемлекеттік қызметте істеп, одан кейін өңірдегі Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Алтай филиалын басқарып, бертін Астрахань қаласынан балық өсіруші гидробиология-аквамәдениет мамандығын оқып, меңгеріп келген ол ғылым мен өндірісті ұштастыруға өзінің туған жері Күршім ауданына келіп, тікелей балық шаруашылығымен айналысуға бел буады. Бұрынғы биолог-ихтиолог мамандығымен қоса балық шаруашылығын дамытуға аса қажет болып, зәрулік тудырып отырған тағы бір таптырмас мамандықты меңгергені бүгінде оған көп пайдасын тигізіп жатыр.

Ол Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығына келісімен инвесторлар тауып, солармен бірлесе жұмыс істеп, шаруашылықтың барлық қарызынан құтылды. Енді, бұйырса, бастаған істі баянды етудің жолы, өркендеудің, дамудың даңғыл жолы күтіп тұр.

Шаруашылық ұжымы ақ амур шабақтарын өсіруді өңірдегі өзен, көлдердің ерекшелігін, қазіргі жағдайын ескере отырып қолға алған екен.

– Ақ амур балығы шөптес өсімдіктермен қоректенетін балық. Аймағымыздағы көптеген көлді балдыр, шөп басып, қамыс-қоға қаптап кетті. Ақ амур сол көлдерді қамыс пен балдырдан арылтады. Табиғи мелиоратор. Тоғандарымызда  ақ амурдың аналық топтары да бар,  Ресейден әкелінген, – дейді шаруашылықтың шаруасымен одан әрі таныстырған Сымбат Мұхаметбекұлы.

Күршім – тоған шаруашылығына қолайлы өзен

Қайтадан қалпына келіп, жұмыс орындарын ашып, саланың дамуына өзіндік серпін бере бастаған уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы балық өсіруден басқа мемлекеттік тапсырыстар алып, жаңадан тоған салу, өзен, көлдерді қамыстан арылтып, тереңдету жұмыстарын да  іске асырып келеді. Қазір ғалымдармен, мамандармен бірлесе Астанадағы Есіл өзенін, Ақбұлақ бұлағын оңалту, тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Шаруашылық мамандары мемлекеттік тапсырыстар бойынша өзен мен бұлақтың суын тазалап, сапасын арттыру, экожүйесін қалпына келтіріп, биологиялық мелиорация әдісімен антропогендік жүктемені азайту жұмыстарын жүргізуде.

Балықтандыру ісіне, оның болашағына жергілікті өзен, көлдердің тазалығының, суының сапасының әсері ерекше екендігі экологтар ғана емес, елдің бәрі біледі. Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығының болашағы күркіреп келіп құйылып жатқан Күршім өзенінің ертеңіне, суының тазалығына байланысты. Маралды алтын кені өндірісі ашылатын болса, алда-жалда өзен суы цианидпен ластанатын болса халыққа да, балыққа да үлкен қауіп төндіретіні кәміл рас.

– Күршім өзенінің бойына қаншама тоған шаруашылықтарын салып, балық өсіруді, уылдырық, шабақ өсіру шаруашылықтарын жолға қойған дұрыс болар еді. Күршім – тоған шаруашылығына қолайлы өзен. Мысалы, Қытай елі Қара Ертістің бүкіл әлеуетін пайдаланып отыр, өзеннің өн бойы түгел қаптаған тоған шаруашылығы. Неге, бізде де сондай тоғандарды салып, балық шаруашылығын барлық бағытта дамытпасқа? Кезінде Күршім өзені бойына да СЭС саламыз деді. Салынса Қызыл кітапқа енген таймен және тағы басқа балықтар тып-типыл құрып кетері сөзсіз еді.  Бұқтырмада  СЭС салынған соң бөгеттің салдарынан бекіре балығы мүлде көтерілмейтін болды, – дейді өңірдегі балық шаруашылығының келешегі жергілікті жердегі өзен, көлдердің экологиялық жағдайына, тазалығына байланысты екендігін еске салған, бар білімі мен кәсіби біліктілігін ихтиология ғылымына, балық шаруашылығын дамытуға арнап келе жатқан  Cымбат Ануарбеков.

Табиғи құбылыс десек те Бұқтырманың таязданып, тартылып бара жатқаны әзірге балықтарға әсер ете қоймағанымен, оның аулану көлеміне өз ықпалын тигізе бастапты. Су таязданып, көлемі тартылғанда барлық балық жиылып, бір тұсқа шоғырланады.  Әр жақта жүрген балықтарды аулау қиын болса, судың тартылуынан ортаға қарай топтасқан балықтардың сүзгіге ілінуі анағұрлым оңай.

Cол себепті Бұқтырма қатты тартылып кеткен өткен жылы балық аулау көлемі әлдеқайда артқан. Мұны балықшылардың өздері де айтып жүрген көрінеді. Шаруашылық мамандарының бақылауынша жаз шыға Бұқтырма аздап болса да көтеріліп келе жатыр. Былтыр жағалаудан 200 – 300 метрдей алыстап кетсе, биыл суы толыңқырап, деңгейі 1 метрдей жоғарылаған. Күн ысыған сайын Бұқтырмаға Алтай таулары мұздықтарының еріген суы толассыз келіп құйылып жатыр. Сол суды, сол табиғатты адам баласы жанашырлықпен ұқыпты пайдалану керек. Металл мен көмір бір күндік, қайтадан қалпына келмейтін қазына болса, су айдындары мен оның байлығы – тиімді пайдаланса, ел ырысын еселей беретін табиғи байлық.

Ануарбековтар әулеті Күршім ауданында ежелден балықшылықпен айналысып келеді. Әулеттің ғасырдан-ғасырға жалғасқан байырғы кәсібін бүгінде ұрпағы Сымбат Мұхаметбекұлы жалғастырып жатыр. Сымбаттың апасы,  әкесінің шешесі Уәзипа Арғынғазықызы  кішкентайынан балықшы ауылы Ақсуаттан Зайсанның балығын қысы-жазы майданға  дайындап, жөнелткен жанкешті аналарымыздың бірі, тыл ардагері болған. Ал әкесі Мұхаметбек жағалаудағы Ақсуаттың балық зауытында балықшы болып, жүргізуші болып, талай жыл балық тасып, ақ айдында абыройға бөленген  зейнеткер. Бар ғұмырын бір ғана балық шаруашылығы саласына сарп еткен еңбекқор, текті әулеттің ұлы туған жерінің байлығын арттыруға осылай тікелей  үлес қосып жатыр.

 

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

 

Осы айдарда

Back to top button