Дін

Байлық – байлық емес, бірлік – байлық

Байлық – байлық емес, бірлік – байлық

«Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, Ел бірлігін сақтаған татулықты айт…» деп ақын бабамыз Жамбыл Жабаев бір айтысында халық мүддесін, жалпы адамгершілік қасиеттерді, елдің татулығын жоғары қойып жырлайды. Ақын сөз еткен татулық, береке-бірлік мәселесі әлі күнге өзектілігін жоғалтпай келеді.
Тағы бір аңыз әңгімеде Төле би ауырып жатқанда Қазыбек би бастаған біраз билер көңілін сұрай келеді. Олар биден еліңізге қандай өсиет қалдырасыз деген сұрағына: «Жүзге бөлінгендердің жүзі қара. Руға бөлінгендердің құруға асыққаны. Атаға бөлінгендер адыра қалады. Көпті қорлаған көмусіз қалады. Хан азса, халқын сатады. Халық азса, хандыққа таласады», – деп жауап берген екен. Енді бірде Төле би өзінен жасы үлкен абыз билерден бата алмақшы болады да, алдымен әкесіне барады. Жасы жүзге тақап қалған әкесі оған ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. Сол кезде Төле: «Ел бірлікте болу үшін не істесе болады? – деп сұрайды. Сонда әкесі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырып: -Балам, мынаны сындырып көрші,-дейді. Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды. «Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы» – дегенде, Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт еткізіп, оп-оңай сындырады. Әкесі Әлібек би: -Бұдан не түсіндің, балам? – дейді. Сонда Төле би: – Түсіндім, әке, бұның жауабы: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау алмайды дегеніңіз ғой, – дейді.
Бұл мысалдарды не үшін еске алып отырмын? Қазақ халқы аталы сөзге тоқтаған. Бүгінде тарихты табан асты қылып, әдебиетімізге бойлай бермейтін ұрпақтың қатары көбейіп келеді. Бабаларымыздың әрбір шешендік сөзінде, қазақтың мақал-мәтелдерінде мақсат – біреу: ел бірлігі, татулық. «Ағайын тату болса, ат көп, Абысын тату болса, ас көп», «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деп келетін мақалдар бірлікте болуға шақырады. Ата бабамыз дінімізді дәстүріміз арқылы бүгінгі ұрпаққа жеткізгенін ескерсек, бұның салмағы біз ойлағаннан да салмақты. Себебі ел бірлігі қай ұлт үшін де қашанда маңызды. Пайғамбарымыз исламның ынтымағы мен бір¬лігін сақтау жолында өте са¬бырлылықпен әрекет еткен.
Қо¬ғам ішінде бүлікшілік пен алауыздықты тоқтату – әрбір мұсылманның міндеті. Құран мен Хадис біздерге осыны бұйырады. Ал қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салуға Алла Тағала мұсылмандарға қатаң түрде тыйым салады. Аллаћ Тағала мұсылмандарға қоғам ішінде бүлік шығаруларына тыйым сала отырып: «Жер беті түзетілгеннен кейін бүлікшілік жасамаңдар» (Ағраф сүресі, 56 аят) деп ескертеді де, мына бір аятпен қоғам тыныштығын бұзған жанды сүймейтіндігін бұйырады:«Аллаћ бүлік шығарушыларды сүймейді» (Майда-64). Бұл аяттардың мағынасы қаншалықты терең болса, соншалықты кең түрде қабылдауымыз тиіс. Мешіт жамағаты да – қоғамның ажырамас бөлігі, ендеше, мешіт жамағаты арасында түрлі жанжал мен араздық тудыру, имамның айтқанын тыңдамай, қарсы келу аяттың шеңберіне кіретіндігін ұмытпағанымыз жөн. Себебі, аят қоғам ішіндегі өзге дін иелеріне емес, мұсылманға бүлік шығармауды бұйырып тұр. Ислам бізден үй ішінен үй тігуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады. Сол себепті Алланың біздерге нәсіп еткен тыныштығын сақтау – әрбір мұсылманның міндеті. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке басына өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде-кім жәннаттың дәл ортасында өмір сүргісі келсе, бірге болуға мән берсін». Хадистің астарына үңілсек, үмметінің бірлікте өмір сүруін өсиет етеді.
Қазақта «Бөлінгенді бөрі жейді», «Бақ, қайда барасың?» – де¬генде, «Ынтымағы жа¬рас¬қан елге барамын!» деген сынды нақыл сөздер осының дәлелі. Құранда Алла Тағала: «Біз сендерді үнемі орта жолды ұстанатын қауым еттік», – дейді. Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) «Ақиқатында дін – жеңілдік. Ендеше, дінге қатысты қарысып қалмаңыз, онда оған деген сеніміңіз азаяды. Адамдарды дұрыс бағытқа бастаңыз, оларды жақындастырыңыз және соған қуанатын болыңыз», – деп ел тыныштығын әр мұсылманға аманат еткен. Дана халқымыз «Бірлік қайда болса, ынтымақ сонда» деген. Сондықтан дәл қазіргідей алмағайып заманда қай мемлекетті болмасын ұстап тұрар ұлы күш – бірлік, ынтымақ. Дін мен дәстүрді қатар ұстанған халқымыз әлімсақтан бірліктің, татулықтың қадірін білген, ұрпағын соған тәрбиелеген. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» деп не үшін айтылған дейсіз? Алауыздыққа жол бермес үшін айтылған ұлағатты сөз. Себебі кез келген ішінен іріп отырған елді одан сайын күйрету қай кезде де қиын болмаған. Ислам діні мемлекетте, қоғамда тыныштық әділдік болуын көздейді. Адамды соған тәрбиелейді. Олай болса, біз таза діни істерден басқа осындай ұлы мұраттарды да нысана етуіміз керек.
Береке түбі – бірлік, жеңіліс түбі – шерлік, жеңіс түбі – ерлік (Майқы би). «Бетеге кетсе – бел қалар, бектер кетсе – ел қалар, берекең кетсе – нең қалар» деген де ел аузында нақыл сөз бар. Біле білген адамға бірлікке жететін бай¬лық та, татулыққа жететін тірлік те жоқ.

Мақсат Алтыбай,
ҚМДБ-ның Семей аймағы бойынша
өкіл имамы.
Материал облыстық дін істері басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді

Осы айдарда

Back to top button