Дін

Басты мақсат – деструктивті діни идеологияның алдын алу

Өскемен қаласындағы Қазақ – Американ еркін университеті базасында облыстық дін істері басқармасы мен облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Конфессияаралық келісім мен діни толеранттылық – Қазақстан халқының рухани бірлігінің негізі» тақырыбында TEDxOSKEMEN – 2022 аймақтық конференциясы өтті.

Оның жұмысына дін мәселелерін зерттеу орталығының теологтары, дінтану негіздерінің мамандары, аудандық ішкі саясат бөлімдерінің діни бірлестіктермен жұмыс жөніндегі мамандары, өңірдегі қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің теологиялық жұмысты ұйымдастыру жөніндегі топ инспекторлары, психологтар, аймақтағы жетекші жоғары оқу орындарының, колледждердің оқытушылары мен студенттері қатысты.

Конференцияны өткізудегі басты мақсат – этносаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі нығайтуға бағытталған қазақстандық қоғамның рухани дамуының өзекті мәселелерін талқылау үшін диалог алаңын құру.

Конференция барысында спикерлер деструктивті діни ағымнан сақтану мен алдын алу жолдарын талқылап, оның құрбанына айналғандарды қайта қалыпты ортаға бейімдеу туралы ұтымды ойларымен бөлісті.

– Қазақстан – көпұлтты, бірлік пен ынтымақты ту еткен мемлекет. Дінге, нәсіліне қарай бөлінбей, бір шаңырақ астында 130-дан астам ұлыстар өмір сүріп келеді. Қоғамда ұлтаралық татулықты сақтап, әрбіреуіне құрметпен қарау – ел саясатының басым бағыты. Діни терроризмге жол бермеуіміз қажет. Айрандай ұйып отырған егеменді еліміздің тыныштығы – әрбіреуіміз үшін маңызды, – деп атап өтті конференцияның жұмысын бастаған облыстық дін істері басқармасының басшысы Нұржан Құнанбаев.

Жиын барысында жастар арасында өзекті ой туғызатын тұщымды пікірлер мен ойлар көптеп ортаға салынды.

– Радикалды діни идеология – қауіпті дерт. Әсіресе, жастар теріс ағымға түсіп, ой өрістері бұрмаланып кетеді. Сондықтан олармен үнемі ақпараттық-танымдық жұмыс жүргізіп отыру қажет. Интернеттің өзін тиімді, пайдасына қарай пайдаланған дұрыс. Жат дін мен дәстүрлі дінді шатастырып, құрбанына айналғандарға әрдайым психологиялық көмек көрсетуіміз шарт, – деді Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы Тышхан Кеңшілік өз баяндамасында.

Сонымен қатар конференцияда дәстүрлі діннің терроризмге қарсы екендігі айтылып, діни фанатизм мен оның қоғамға әкелер зардабы секілді  өзекті тақырыптар да назардан тыс қалмады. Бұл турасында «Шынайы дін экстремизм мен терроризмді оның кез-келген көрінісінде жоққа шығарады», – деп ой қорытқан облыстық Халифа Алтай мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай жан-жақты терең түсінік берді.

– Егер жастардың дінге деген қызығушылығы болса, ең алдымен, мешіттердегі имамдардан, теологтардан ақпарат алған дұрыс. Өйткені дінге енді қызыққандарды тура жолдан тайындырып жіберетіндер – радикалды идеология ұстанушылары. Дәстүрлі дін – келісім мен достыққа, сыйластыққа бағытталған, терроризмге толықтай қарсы. Адам өмірі – ең басты құндылық болып табылады, – деп түсіндірді өз кезегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен өңіріндегі өкілі, облыстық мешіттің бас имамы Ермек қажы Тасболатұлы.

Ал осы радикалды діннің теріс әсерінен қайта оңалтуға түскен жандармен қандай жұмыс жүргізіліп жатқаны, олардың қалыпты ортаға бейімделуі жайында басқосуға келген психолог мамандар өз ойларын ортаға салды.

Бұдан бөлек, деструктивті діни идеологияның алдын алуды көздеген аймақтық конференцияда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының сарапшы-психологы Лола Шакимова, С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың философия және әлеуметтік-саяси теориялар кафедрасының аға оқытушысы Елена Рякова, психология ғылымдарының магистрі, теолог Камалжан Тұрдыбаев өз талқылауларында теріс діни идеологияның қоғамға тигізер зардабына, діни фанатизмнің алдын алуға, жат діни ағымды жақтаушылардың психологиялық өзгерістеріне жиналғандардың назарын аударды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button