Біздің балуан

Бұқаның жұлынын үзген күш иесі

Бұқаның жұлынын үзген күш иесі

Зайсан ауданының халқы Қалибек Алтыбаев ақсақалды «Осы өңірдің энциклопедиясы» деп атап кеткен. Шынымен де, көкірегі қазынаға толы ағамыздың жазған кітаптарын оқысаң да, айтқан әңгімелерін тыңдасаң да, қайнар бұлақтан құмарың қанып су ішкендей рахаттанып қаласың. Шежірелі Зайсан өңірінен шыққан балуандар жайында ақсақалдан мына бір әңгімені естіген едік.

«ЖӘНТЕКЕЙДІҢ ЖОЛБАРЫСЫ» АТАНҒАН БАЙҒАЗЫ

– Ертеректе осы өңірде Жәнтекейден шыққан Байғазы деген балуан болыпты. Оның әкесі Салжанның да көзі тірісінде жауырыны жер иіскеп көрмеген балуан болғандығы жайында ел аузында жүрген аңыз көп, – деп бастаған-ды әңгімесін шежіре кеуде қария. – Бірде сонау Арқадағы Найманның Құдакелді деген биінің асы болады. Асқа сауын айтқан кезде атақты балуандары бар болса өз балуаны Төлендімен күрестіруге әкелуді айырықша хабарлайды. Мұны естіген Жәнтекейдің Шылғаубай, Жұмажан сынды билері елдегі топ жарып жүрген балуандарды сұрыптай келе Төлендімен күресуді Нарғозыға міндеттемек болады.
Бірақ Нарғозы: «Төленді – Керей, Найман ағалаған атақты балуан, осы жүрген адамдардың алыбы деуге болады. Онымен күресуге менің жайым жоқ. Ал менің Байғазы деген інім бар. Бұрын айтулы жарыстарға түсіп жүрмесе де, бір күрессе, сол күреседі» депті жиылған жұртқа.
Билер: «Ол бұрын-соңды басқалармен бел ұстасып көрмесе, оның Төлендімен күресе алатынын қайдан білесің?» дегенде, Нарғозы: «Алты шеріктік екі қап тарыны қоржынша қосақтап, өгіздің үстіне арта салушы еді. Осыған қарап, менен күші әлдеқайда басым-ау деп топшылаймын» – деген екен.
Мұны естіген билер адам жіберіп, Байғазыны алдырады да: «Ағаң сені өзінен күштірек дейді, Найманның көкжалымен күресуге қалайсың?» деп сұрайды. Сонда Байғазы:
– Е, күреспейтін не тұр? Алып болса да, адам шығар. Ол да мына біз секілді жұмыр басты пенде болар? – депті титтей де шімірікпестен.
Жас жігіттің жүрек жұтқан батылдығына риза болған билер Байғазының ескі киімін тастатқызып, үстіне шапан, аяғына етік кигізбек болады. Сөйтсе, сол өңірден аяғына сиятын етік табылмай, етік тіктіруге матқапы болып, қатты сасады. Топ ішінен біреу: «Мұның аяғына бір сыйса, Айпара бәйбішенің қыстық мәсісі сиюы мүмкін» десе керек. Елден зорға табылған сол үлкен мәсі Байғазының жалаң аяғына әрең сыйып, оны асқа қоңылтаяқ киіп барған екен.
Ас беріліп, ат айдалып дегендей, енді күрес басталған кезде Төлендіні төрт жігіт екі қолынан ұстап жарыс майданына әкеліпті. Төленді көпке көрсеткен қыры болса керек, екі қолын жұлқа тартып, айналасына айбар шегіп, қайнаған қалың топты қатты таңырқатқан екен. Осы кезде Байғазы әдеттегі жай адамша, қаптал шапанын желбегей жамылып, аяңдай басып, алдынан шығыпты. Байғазыны баласынып, көзіне ілмеген Төленді: «Бәйгемді күреспей бер» деп айғайлапты. Бұл келемежге шыдамаған 19 жастағы Байғазы шапанын лақтырып тастап, жасы 30-дар шамасындағы Төленді дәумен сарт та сұрт ұстаса кетеді. Қызыққа жиналған қалың елдің делебесі қозып, әр ру өз ұранын шақырып, екі төбенің ортасы әп-сәтте ию-қиюға ұласады.
Бұрын-соңды кім көрген, Байғазының шапшаңдығына көз ілеспейді екен. Таудай Төленді ақырып кеп жас балуанды бүріп тастамақ болғанында, сол жақ қолтығынан жалт беріп еніп, ту сыртына шыққан Байғазы қарсыласының белінен қапсыра құшақтаған қалпы балаша тік көтеріп әкетеді де, оң иығынан асыра артқа қарай лақтырып кеп жібереді. Өзі сол жерінде тік тұрған қалпы тапжылмай қалады. Әлгінде ғана айғайға-сүрен қосып, даурыққан халық қас пен көздің арасында не болғанын түсінбей, бір сәтке сілтідей тына қалады да, Төлендінің таудай денесі көк майсаға гүрс ете қалғанда барып, дүниені бастарына көшіре шу ете түседі.
Жас балуанның жолбарыстай әбжілдігіне, алып күші мен шалт қимылдайтын өктемдігіне айызы қанған халық: «Әй, азаматым-ай, тусаң ту!», «Міне, нағыз балуан осылай қимылдаса керек», «Бұл аста Жәнтекейдің жолбарысына қауқар қылар жан жоқ» десіп, өзара даурығысып кетеді.
Осы оқиғадан соң ел арасына Байғазының дүлей күштің иесі екендігі, қайтпас қайсарлығы мен көзсіз өжеттігі аңыз болып тарап, «Жәнтекейдің жолбарысы» атанып кетіпті.

73 жасында жас балуанға бой бермепті

Арада бірнеше жыл өткенде қазіргі Тарбағатай аймағы Көбіксары ауданындағы моңғол билеушісі Шынуан Байғазының ел аузындағы атақ-даңқын естіп, келін түсірген үлкен тойына орайластыра Зайсанның, Тарбағатай мен Алтайдың сұлтан-төрелері мен бай-бағландарын тойға шақырады. Шабармандарына тойда ат шаптырылып, балуан белдестірілетінін, сондықтан Байғазы балуанның да тойға келуін ерекше хабарлатады. Шынуанның ондағы ойы – дүйім жұрттың алдында қазақтың балуанын моңғол балуанына бір жықтыру. Сөйтіп, орайы келіп тұрғанда қазақтардың сағын сындырып жіберу болатын.
Ақыры алдын ала белгіленген күні ұлан-асыр той басталып кетеді. Белдесу алаңына моңғол балуанын екі азамат ноқталап алып шығады. Екі жағынан тартқан оларды басымен сүйреп, бір-біріне соғып, айқұлақтана шыққан моңғолдың мықтысы маңайындағыларға да тап-тап беріп, тағы мінез көрсетеді. Қызыққа жиылған халық кәдімгідей тіксініп, қайсыбіреулері «Астапыралла! Мынау қайтеді-ей, кісі өлтіре ме?» десіп, отырған орындарынан ошарыла қозғалып жатады.
Осының бәрін манадан бері сырттай бақылап, буырқанып, әзер тұрған Байғазының да жыны қозып, қаңтардағы бурадай қалшылдап кетеді. Күш кернеген денесі дүйім елге бұрынғысынан да айбатты болып көрінсе керек.
Ә дегенше екі алыптың айқасы басталып та кетеді. Салған бойда бір-бірімен сарт-сұрт ұстаса кетіп, сілкілесе жөнелгенде, құдды, бір тау мен тау соғылысқандай болады. Айнала «Иә, аруақ, қолдай гөр!», «Жамбасқа сал», «Іштен шалып, қайырып таста» десіп, өзара кеу-кеулескен жұрт. Кенет, көз ілеспес шапшаңдықпен лып етіп, моңғол балуанының ішіне кірген Байғазы қос қолын қарсыласының беліне салады да, жүрелеген күйі төбесіне тік көтеріп әкетеді. Қазақ балуанының дүлей күшіне қайран қыла алмай қалған моңғол балуанының аяқтары ауада тырбаңдап қалса керек. Моңғол алыбын төбесіне тоқтыша көтеріп алған Байғазы айналдырып әкеліп, сырт жағынан асыра топ еткізіп жерге ұрады. Бар салмағымен оңбай түскен моңғол балуанының сол жерде бірнеше қабырғасы күйреп, орнынан тұра алмай мертігіп қалыпты.
Дүниені басына көшіріп ұрандаған, аруақтаған елде ес жоқ. Жеңіске жетіп, мерейі үстем болған Байғазыны сол жердегі жұрт дереу қаумалап алады.
Үміт артқан балуаны масқара болған Шынуан шиыршық атып, жын ұрғандай қалшылдайды. Айналасына қаһарын шашып, «Керейдің балуаны нақ күшті болса, менің бұқаммен айқассын!» деген бұйрық түсіріп, зіркілдепті.
Осы кезде Әлен уан ешқандай уәж айта алмай, билікті Керейдің билеріне беріпті.
Мұны естіген Байғазы намыстанып: «Керейдің төресі жолсыздыққа жол беріп, бір ауыз қарсы сөз айтуға жарамады. Тәуекел! Талайымды тайыншадан жазса, көріп алдым» депті.
Сол кезде Шынуанның Қобық шиін мекен ететін мыңға жуық қодас тұқымдас сиырлары бар екен. Оның бір сүзеген бұқасы бір шақырым жерден адамға жүгіріп, астындағы атын жаралап, адамына қауіп төндіріп, кейде тіпті, жазым етіп те жіберетін көрінеді. Былайғы жұртты айтпағанда, мұны білетін ұры-қарының өзі табынның маңайына жоламайды екен. Моңғол билеушісінің Байғазымен алыстырмақ болған бұқасы осы болып шығады.
Жиналған жұрт шилікте жатқан табынға бір шақырымдай таяп келіп, Байғазыны топтан шығарып, солай қарай жібереді. Топтан шыққан адамды көрген бұқа табыннан бөлініп, оған қарсы жүреді де, таянғанда жерді жер ошақтай орып, шаң бората бастайды. Әбден түз тағысы болып кеткен хайуан өкіріп, айбат шегіп, алдынан көлденеңдей беріпті.
Таяп барған Бәкең қол созым жерге жеткенде, айналасын шаңдатып, өкіріп-бақырып, жер тарпып тұрған жабайы бұқамен айқаса кетеді. Алыста тұрған жұрт не болып, не қойғанын анықтап көре алмай, аңтарылып тұрғанда түйедей болып төңкерілген бұқа орнында қалып, балуан кері қарай, топқа аяңдапты. Мақұлықпен айқасуға кеткен адамның аман қайтқанын көрген халық шуласып-шұрқырасып, қуаныса лап қояды. Солайша Байғазының алдынан шығып, атқа мінгізіп, алқалап алып қайтқан екен.
Жұрт бұқаны барып көргенде, балуан бұқаның екі мүйізінен ұстаған бойда жерге ұрғанда жағы үгітіліп, кеңсірігі опырылған хайуанның екі мүйізі тұқылынан сынған қалпы жұлыны үзіліп, өліп кеткен екен.
Мұны көрген Шынуан өзінің өрескел қылығын мойындап, жұрт алдында ешнәрсе дей алмай түтігіп, жүріп кетіпті. Байғазы кедейшілікті көп көрген адам екен. Кедей болғандықтан, 1933 жылдардағы дұңған төңкерісіндегі ашаршылықта тілемшілік халге де түсіпті. Осы кезде Жеменей ауданында той-томалақтарда жарысқа түсіп, өзі теңдес жігіттерді жығып, белді балуандардың бірімін деп жүретін Зейнолла Малшыбайұлы бір күні есігінің алдында тұрса, қолында таяғы бар жаяу-жалпы келе жатқан Байғазыны көреді. Жоқтықтан күйісі кетіп, әбден жүдеген балуанмен сәлемдескен болып, жолын кес-кестеп, «бір күресейік» деп тәлкек етіпті. Таң атқалы аш өзегіне талшық етер ас таба алмай, тәлтіректеп әзер келе жатқан Бәкең еріккен есердің бетіне ажырая бір қарап, өз жөнімен кете бермек болады.
Ал бұл жердегі Зейнолланың сасық ойы атақты балуанның әбден қартайып, аш-арық болып жүрген кезін пайдаланып, «Байғазыны бір жықтым!» деген атақ алу болатын. Осындай жымысқы ойдың жетегіне ерген ол қарт балуанның етегінен тартып жібермепті. Тағы бір қайырылып қараған Бәкең Зейнолла өзеуреп болмағасын киімін шешіп, таяғын тасқа сүйей салады да, ұстаса кетеді. Сол бойда зорсынған неменің әдіс-айла қолдануына мұрша бермей, тұрған жерінен тік көтеріп алады да күресінге қарай лақтырып кеп жібереді. Ол күл-қоқысқа гүрс етіп құлап, есі ауып, бірталай жатып қалыпты. Үйден жүгіре шыққан оның әкесі Бәкеңнен кешірім сұрап, баласына кәрін тікпеуін өтінсе керек. «Тұстасым болған соң бетіңді сыйладым, әйтпесе арырақ тастасам да болар еді» – депті шекпенін киіп жатқан Бәкең. Теңдессіз күш иесі сол кезде 73 жаста екен.

Ол 1933 жылғы ашаршылықта аштан өліп, досы Шұнақтың қолымен жерленген көрінеді.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button