Біздің балуан

Қажымұқанның өзін састырған белгісіз қазақ кім?

Қажымұқанның өзін састырған белгісіз қазақ кім?

Қазақтың абыройын жер жаһанға көтерген Қажымұқан балуан Семей қаласында ел құрметіне бөленіп жүргенде бір отырыста мынандай сұрақ қойылыпты:
– Осы біздің қазақта дәл өзіңіздей күшті бар ма? Болды ма, кезікті ме?
Сонда Қажекең:
– Бар ғой, менен де күштілер болған. Балуан Шолақ ағамызды барлығың білесіңдер. Дәл осы қалада да бір мықтыға жолыққаным бар, – деп әңгімесін бастапты. – Осындағы бір азамат жалғыз өзімді қонаққа шақырды. Көбіне елге сыйлы азаматтар, әншілер мен өнерпаздар бірге ілесіп жүретін. Шақырғандар барлығымызды қоса шақыратын да, отырыстың өзі көңілді, қызықты өтетін. Шақырған үйдің мол дастарқанының төрінде жалғыз мен. Үй иесі сөзге сараң, әлденеге алаңдаулы. Бір уақытта пар ат жеккен пәуеске сартылдата, қатты екпіндетіп келіп, есік алдына тоқтай қалды. Одан дембелше келген жігіт түсіп: «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем бере кіріп келді. Бір тізерлеп отыра қалып, нан ауыз тиді де, маған қарап:
– Қажы аға! Уақытым аз, асығыспын. Сізді қонаққа шақыра келдім. Осы қазір жүріңізші! – деп түрегелді. Атып тұрып, ере жөнелдім. Пәуескеге отырып, Ертіске келдік. Бір қайықшы қайығымен тосып тұр екен. Қайыққа отырдық. Содан өзен ортасындағы Түйемойнақ аралына алып келді. Аралда бір жігіт тайқазанға ет асып жатыр екен. Дастарқан жайып, тамақты түсіріп болған соң, мені әкелген жігіт қайықшы екеуі кетіп қалды.
Аралда әлгі жігіт екеуміз ғана. Тамақ ішіп болдық. Сонда ғана әлгі бауырдың шақырған себебін түсіндіргені.
– Аға, арманым елдің даңқын көтерген сізді бір көру, қонақ етіп, құрмет көрсету еді. Алла бұл тілегімді қабыл етті. Енді сізден бір өтінішім, мені бір сынап көріңізші. Өйткені, өз күшімді сынайтын адамды жолықтыра алмай жүрмін, – дегені.
– Қалай, күресіп пе? – деп сұрадым.
– Ие.
Аралда екеумізден басқа ешкім жоқ болса да, ағаштардың арасындағы тасалау жердегі алаңқайға ертіп барып:
– Жол сіздікі, жасыңыз үлкен, – деп аяғын алшақтау қойып тұра қалды.
Әлгіні олай-бұлай итерем, тартам. Тартып тұрып, итеріп қалам. Итеріп тұрып, тартып қалам. Тамырын тереңге жіберген емен секілді, былқ етпейді. Тұрған орнынан қозғалта алмай-ақ қойдым, қақиған мойны да иілмейді.
– Ал енді өзің көр, – деп кезекті бердім. Сол-ақ екен ол бір қолымен иығымнан қапсыра ұстады да, шыр айналдырып, дедектете жөнелді. Бір уақытта екінші қолымен қоса ұстады да, жерден көтере айналдырды. Дүниежүзінің қаншама мықтыларымен күрессем де, еш уақытта мұндай күйге түспеген едім. Әлгі жігіттің қолында орамалдай желпілдеп, айнала ұшып жүрмін. Бір уақытта тік көтеріп алды да, жерге екі аяғыммен дік еткізіп қоя қойды. Сосын басын иіп, тізесін бүгіп, еңкейе тағзым етіп:
– Кешіріңіз, аға, жауырыныңыз жерге тимесін! – деді.
Күші асып тұр, тағы аға деп сыйлап, жықпай тұр. Басын иіп тұр. Ешкімді маңайына жолатпағаны да менің абырой- даңқыма сызат түспесін деген сақтығы екен.
Мен қазақ болып туғаныма, үлкенді сыйлаған әдет-ғұрпыма, оны білетін інілер барына қуанып, жүрегім елжіреп, иілген басын көтеріп, құшақтап алдым. Көзімнен жас та шығып кетті. Осындай ініні көтеріп, бағын ашсам, армансыз болатындаймын.
– Жүр, бауырым, менімен бірге. Дүниежүзінде саған тең келер ешкім жоқ. Өзім аралатам, үнемі жаныңда болам. Дүние- жүзінің балуандарын енді сен жығасың. Жүр, менімен бірге! – дедім. Сөзіме, көңіліме риза болып тұр, бірақ басын шайқайды. Өмір бойы көре алмай жүрген туысын тапқандай, елжіреп ағалай береді.
– Аға! Жан аға! Дүниежүзінің балуандарын жығып, қазақты әлемге танытып жүрген сіз барсыз ғой! Мен несіне барамын? Менің жолым басқа болып тұр ғой, – дегені.
Байқағаным, аз сөйлейді. Айтқанынан қайтпайды. Қанша шақырғаныммен ермеді. Содан кейін ол жігітті жолықтыра алмадым, – деп балуан Қажымұқан сөзін аяқтап еді.
Қажымұқаннан басқа кісі болса, бұл әңгімені айтар ма еді?! Жасырмай айтқаны Қажекең тек қана балуан емес, жүрегінің де, адамгершілік қасиетінің де зор екенін көрсеткендей.

ДӘУ МҰЖЫҚТЫҢ МҰҢЫ

Советтің кезі, Сартеректе шопандарды аралап жүріп, бір жап-жас жігіттің екі қолымен екі фляга (80-90 келі) су әкетіп бара жатқанын көріп, жанына бардым. Қасқырбайдың баласы Ілияс екен.
Өзім де көтеріп көрдім. Ауырлық көтергенге көңіл бөлгенімді байқаған Ілияс: «Кешке келіңіз, мен сізге біздің өңірде болған беймәлім күш иесі туралы айтып беремін, – деді.
Дархан көңіл, қонақжай, ақ ниетті Ілияс жаюлы дастарқанның қою күрең шайынан дәм татқыза отырып, әңгімесін бастады:
– Мені де өзіңіз секілді күштілер қызықтыратын. Семейдің ауруханасында жатқанымда науқастардың ішінде орта жастағы қою қара мұртты кісінің тіп-тік дене бітімі көз тартты. Бойы ұзын, кеуделі, сымбатты. Бір ыңғайы келгенде оны сөзге тарттым.
– Аға, қазірдің өзінде талайға келген жасыңызға қарамай, дене бітіміңіз бойыңызда күш-қайрат болғандығын айтып тұр. Жас кезіңізде қандай болдыңыз екен, ә? – дедім.
– Е-е, – деп аз ғана мекірене күліп алған ол қара мұртын бір сипап қойып:
– Неше түрлі мықтылар болды ғой. Соның бірін айтып берейін, – деді. – Ол кез заң әлі орнамаған. Кім күшті, сол билік құрады. Әр ауылдан мықты-мықты деген бес жігіт бірігіп, Аягөзге шанамен байдың кіресін тасимыз. Апырып-жапырып тиейміз, әп-сәтте түсіреміз. Әр шанада жарты тоннадан артық астық болады. Бір жолы жолда боран соғып, жүрісіміз мандымай, жайшылықта тоқтамайтын басқа бекетке тоқтадық. Үйде кесек денелі келген әйел мен зор бойжеткен қыз бар екен. Ер адам көрінбейді.
Қалаға жиі қатынағандықтан және орыс байының қол астында жұмыс істегендіктен, әжептәуір орысшамыз бар. Үйдегі әйелмен түсінісіп, стол басында қауқылдасып отырмыз. Терезеден есік алдындағы шаналарымызға да көз сап қоямыз. Бір кезде есік алдына бір шана кеп тоқтады. Үй иесі екен. Әйел мен қыз қарсы алуға тұра жүгірді. Терезеден көріп тұрмыз, шанадағы кісі үлкен шөмеледей дөңкиіп көрінеді. Шанадан түсіп, ішігін алдынан шыққан әйелі мен қызына берді. Ішікті екеуі жабылып, үйге әрең көтеріп келеді. Әлгі орыс тақ бір ертегіде айтылатындай алып дәу. Есік алдындағы біздің шаналарды жүк-мүгімен ойыншықша көтеріп, олай-былай қойып, өзінің шанасына жол ашты. Дәудің алапат күшін көргенде барлығымыздың зәреміз ұшты. «Өлтіреді ғой мынау бізді». «Өлген жеріміз осы шығар» деп ойладық. Қорыққанымыздан бірімізге біріміз жабысып, бір бұрышқа сығылыса отырып қалыппыз. Қыбыр етуге шамамыз жоқ. Әлгінде ғана үйді басымызға көтере даңғырласып отырған басымыз үн шығаруға қорқып, мылқау болдық та қалдық.
Дәу бізге онша назар аударған да жоқ. Әйелі қойған жарты бөлке нанды, орта тегене сүтке ұсақтай турап салып, бір түрлі кемпірлерше шалпылдатып, ішіп-жей бастады. Тамағын ішіп болған соң, бізге бұрылды, қазақша біледі екен, сақаулардай балпылдап сөйлеп:
– Әй, сендер қорқып отырсыңдар ғой. Қорықпаңдар. Мен сендерге тиіспеймін. Бәріңнің бала-шаға, үй-іштерің бар, соларды асыраймын деп жүрсіңдер. Мен алсам, байдан алам. Сендерге тиіспеймін. Менің атым – Андрей. Қорықпаңдар! – деп жылы қабақ танытты. Бізге де жан бітті. Жақындап, әңгімелесе бастадық. Әңгіме барысында:
– Ойбай, сенен күшті ешкім жоқ шығар? – десіп жатырмыз.
– Неге, бар. Алғашында мен де солай ойлағам. Ұрсам, не тепсем адам жарымжан болып қалады, не өліп қалады. Жаздың бір күні Василий деген жолдасым жүгіріп келіп, аптыға жаңалығын айтты.
– Ей, Андрей, базарда бір күшті қазақ жүр. Күші сенімен тең, не артық қой деймін, – деді. Мен есік алдындағы терекке балтаны лақтырып қадап, машықтанып жатқанмын.
– Менімен тең, не күшті болуы мүмкін емес. Күшті болса да, болмаса да дәл осылай балтамен өлтіре саламын, – деп балтаны лақтырып қалып, ағашқа қададым. Василий күлді де, кетіп қалды. Ол кетісімен мен «мықты қазақты көрейінші» – деп базарға бардым. Көрдім. Бойы менен аласа екен. Аяғында саптама етік, басында құлағы қайырулы тымақ. Ол да мені көрді. Менің қарап тұрғанымды сезді де, ауылдың шетіндегі көпірге қарай аяңдай жүрді. «Шетке шыққаны жақсы болды ғой. Ешкім көрмейтін жерде өлтіре салайын» – деп ойлап, балтамды ұстай артынан ердім. Ол көпірдің ар жағына өтіп барып тоқтады. Мен көпірдің бер жағына келіп, балтамды көрсете, жоғары, төмен түсіріп, әдейі қорқытпақшы болдым. Бүйткенімде талайлар жылан арбаған торғайдай қозғала алмай, қатып қалатын. Сол әдіспен әлгі қазақтың басын көздеп, балтаны жіберіп қалдым. Мірдің оғындай зырылдаған балта басына жете бергенде ол қолымен қағып қалып еді, балта сылқ етіп жерге түсті. Балтаны ол алды. Өмірімде бірінші рет қорқып та, сасып та қалдым.
– Қорықпа! – деді әлгі қазақ. – Мен саған балтамен тиіспеймін. Сен мықты Андрей емессің бе? – деп барып, менің балтаммен өсіп тұрған ағаштан екі жуан кесінді шауып алды да: «осы ағаштан мен құсап суын шығаршы» – деді. Әлгі ағаштың бір кесіндісін бұрағанда, түте-түтесі шығып, су сорғалап ақты. Екінші кесіндіні маған лақтырып:
– Қане, суын шығаршы! – деді. Мен қанша бұрасам да, ағаштан су шықпады, оныкіндей бұралмады да.
– Жә, Андрей, сен қашпа енді. Міне, мен балтаны да алмаймын, – деп оны алысырақ лақтырып тастады. – Сосын мен сені арнайы іздеп келдім, танысалық, – деп жақындап, қолын созды. Мен де қолымды создым. Қолымды ұстап, маған көзін қадап тұрып:
– Сен қанша қазаққа қиянат жасадың? Қанша кісіге зәбір көрсеттің? Сол үшін мен сені іздеп келдім, – деді де, жерге алып ұрып, кеудемнен тізесімен басып тұрып, қамшысының сабымен бір-бірлеп отырып, барлық 32 тісімді түгел қағып алды. Аузым қанға толып, талып қаппын. Ауырып жатқанда тәубәма келдім. Сондықтан Алла аман қалдырған шығар. «Қазақтарға жасаған көп қиянаттарыма құдіреттің берген жазасы» – деп қабылдадым. Тәңірге қазақ та, орыс та бірдей. Алла әділдікті, адалдықты сүйеді. Міне, содан бері ешкімге тиіспеймін. Алла ризалығы үшін, сендерге ғибрат болсын деп айтып отырмын, – дегені. Сосын аузын ашып көрсетті, қызыл иекте бір тіс жоқ. Шалпылдатып кемпірлерше тамақ ішкені де, балпылдап сөйлегені де содан екен. Әлгі орыстың ағынан ақтарылған әңгімесі біздің де Алла жолы ақиқат деп, әділдікке қарай бұрылуымызға аз да болса себін тигізді.
Осы екі оқиға да Семей өңірінде болған. Мен «мүмкін осы екі әңгімедегі бір-ақ кісі ме екен?» – деген ойдамын.

Марлэс Сабырұлы
Үржар ауданы.

Редакциядан: Қадірлі оқырман! «Біздің балуан: танылмай қалған тарландар» айдарына ел арасында аттары аңызға айналған балуандар немесе алып күш иелері жайлы естіген-білген әңгімелеріңіз болса, хат жазып, хабарласуларыңызды сұраймыз.

Осы айдарда

Back to top button