Дін

Айтшылаған ағайынның қарасы мол

Айтшылаған ағайынның қарасы мол


Отыз күн ораза аяқталып, жүрегіне иман ұйыған жамағат айт намазға ағылды. Таң бозынан облыс орталығындағы «Халифа Алтай» мешітіне беттеген жұрттың қатарында біз де Алла үйіне бас сұқтық. 3000 адам сыйяды деп межеленген үлкен залда ине шаншар орын қалмады. Тіпті, мешітке сыймаған жұрт сыртта тұрып сап түзеуге мәжбүр болды.

Жыл өткен сайын қатарын көбейтіп келе жатқан жамағатты Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Өскемен аймағы бойынша өкіл имамы Ермек Қасболатұлы құттықтады.

– Міне, қасиетті Рамазан айы да өтіп, Ораза айт мейрамы келіп жетті. Айт мейрамында мұсылман қауымы бір-бірін құттықтап, ізгі тілек жолдап, Алла тағалаға сансыз шүкірлік айтады. Айт мейрамының сипаты-ізгілік, – деді өңірдің бас имамы.

Бұдан соң жамағатпен айт намазы оқылды. Бабалар рухына құран бағышталып, еліміздің тыныштығы мен халқымыздың амандығы үшін дұға жасалды. Мешіт ауласына алты қанат ақбоз үй тігіліп, «Зекет» қорының атынан жамағатқа бауырсақ, шай таратылды. Сонымен қатар мешіт жанында жамағатты қамтыған спорттық шаралар да өтіп жатты. Арқан тарту, гір тасын көтеру, қол күресі, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат қатарлы сайыстарға жастар белсенді қатысып, тапқырлығымен және білек күшімен бәсекелестерінен озған жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар берілді. Мешіт ауласында дәстүрлі ән қалықтап, айттың ажарын асыра түсті.

Жамағат қасиетті Рамазанмен қоштасып, бір-бірін айтпен құттықтап, мәре-сәре болды.

Мешітте айт дастарқаны жайылып, абзал ақсақалдар ел-жұртымызға ақ батасын берді.

Ақпарат көздеріне сүйенер болсақ, биыл біздің облыста 14710 адам айт намазына қатысқан. Бұл солтүстік облыстарға қарағанда «құдайға шүкір» көрсеткіш болғанымен, оңтүстік облыстардың жамағат санымен салыстыруға тұрмайды.

Арман Марқа

Осы айдарда

Back to top button