Ауыл шаруашылығы саласының үздіктері марапатталды
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ кеше Жарма ауданының орталығы Қалбатау ауылында өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің күніне арналған салтанатты жиынға қатысушыларға құттықтау жолдады. Аймақ басшысының құттықтауын салтанатты жиында 2015 жылғы агроөндірістік кешен жұмысының қорытындысы мен 2016 жылға арналған міндеттер туралы баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин жеткізді.
Жиынға қалалар мен аудандардың әкімдері, олардың ауыл шаруашылығына жауапты орынбасарлары, облыстық басқармалардың басшылары, ауыл шаруашылығы министрлігі аумақтық ұйымдарының, агросектор құрылымдарының жетекшілері, сала ардагерлері қатысты.
Іс-шара алдында мәдениет үйінің үлкен залында агроөндірістік кешеннің инвестициялық жобалары таныстырылып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің мерекелік көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Баяндамашының айтуынша, үстіміздегі жылдың қорытындысы саланың дамуында оң қарқын сақталғанын көрсетіп отыр. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі шамамен 296 миллиард теңгені құрайды деп болжануда. Облыста күзгі жиын-терін жұмыстары оңтайлы мерзімдерде атқарылып, толық аяқталған. Ауа райының қолайсыз болғанына қарамастан өсімдік шаруашылығында алынған өнім көлемі облыс тұрғындарының қажеттілігін толықтай өтеуге жеткілікті.
Биыл еттің өндірісі артып, 145 мың тоннаны құрап отыр. 790 мың тонна сүт, 155 миллион дана жұмыртқа алынады деп күтілуде, бұл көрсеткіштердің бәрі де былтырғыдан жоғары. Азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға тамақ және қайта өңдеу кәсіпорындары да өз үлестеріп қосып келеді. Тауарлық өнім көлемі 86 миллиард теңге болмақ, бұл өткен жылға қарағанда 4,2 пайызға көп. Мұндай нәтижелер ауыл шаруашылығы мамандарының қажырлы еңбегінің және мемлекеттік қолдаудың арқасында мүмкін болып отыр. Тек осы жылы ғана агроөндірістік кешенді дамытуға барлық қаржыландыру көздерінен 46 миллиард теңге тартылды, оның ішінде 15,1 миллиард теңге – субсидия. Осы ретте тартылған инвестицияның 12,9 миллиард теңгесі инновациялық жобаларға бағытталған. Жеткен жетістіктер экономиканың осы бір саласы үлкен әлеуетке ие екенін байқатады. Бірақ саланың ең басты тірегі және байлығы – осы бағытта еңбек етіп жүрген адамдар екені сөзсіз. Қазірде ауылда озат шаруашылықтар мен кәсіпорындардың негізі қаланып қойды, оларды тәжірибелі басшылар мен мамандар басқарып отыр.
Әлбетте, жетістіктермен қатар саланың қат-қабат қордаланған мәселелері де жоқ емес. Әлі күнге дейін аграрлық сектордың басты ресурсы – ауылшаруашылық жерлері, оның ішінде суармалы жерлер тиімсіз қолданылуда. Көптеген салалардың бәсекеге қабілеттілік деңгейі заман талабына сай емес. Өндірілетін жекелеген өнім түрлерінің сапасы төмен және баға бойынша бәсекеге төтеп бере алмайды. Сүт пен ет өндірісін ұлғайту жөніндегі резервтер толық іске асырылмай келеді. Жемшөп базасын нығайту, қайта өңдеу кәсіпорындарын толық қуатында істету мәселелері де шешілмеген.
Осының салдарынан облыс нарығында шетелдік өнімдердің үлесі басым және баға өсуде. Мұны ескерген облыс басшылығы саланың жағдайына түбегейлі талдау жүргізе келе жаңа басым бағыттарды белгілеп отыр. Жиында Дүйсенғазы Мусин оларды атап көрсетті. Олардың қатарында жаңа үлгідегі сүт фермаларын салу, сүт қабылдау пункттерін құру, етті мал шаруашылығы мен құс шаруашылығын дамыту, жерді тиімді пайдалану, ет өңдеу кәсіпорындарын ашу сынды маңызды міндеттер тұр.
Бұдан соң Семей өңіріндегі «Приречное» агрофирмасы» ЖШС директоры Мұхит Тұмабаев, Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Шәріпбек Әмірбеков, Глубокое ауданындағы «Майлы дақылдардың тәжірибелі шаруашылығы» ЖШС директоры Ришат Ахмадиев, Ұлан ауданындағы «Манен» несие серіктестігінің құрылтайшысы Болат Оразиманов, Көкпекті ауданындағы «Елімай – Көкпекті» ЖШС жоба жетекшісі Серікбол Айтмолдин өздері атқарып отырған жұмыстың жай-күйін, кездесетін кедергілер мен туындап отырған бірегей мүмкіндіктер туралы сөз қозғады, ой-пікірлерімен бөлісті. Болат Оразиманов Ұлан ауданы, Мамай батыр ауылында сүт қабылдау пунктін ашып, 10 адамға жұмыс тауып беріп отырғанын, ісінің пайдалы екенін жеткізді. Оған 300 шақты адам сүт тапсыруда. Жазда алты тоннаға дейін сүт жинап, оны сүзіп, арнайы танкерде салқындатып, Өскемендегі «Эмиль» ЖШС-не өткізеді. Литрін 55-65 теңгеден қабылдайды. Оған күніне 100 литр сүт тапсыратындар бар, олар тиісінше күніне алты мың теңге, айына 180 мың теңгедей қаратады. Бұл қаладағы орташа жалақыдан жоғары. Яғни, осы іс кәсіпкерге де, ауыл тұрғындарына да тиімді болып отыр. Осындай тәжірибелерді барлық ауданда қолға алған жөн деп ой білдірді сала мамандары.
Жиын соңында сала озаттарын марапаттау рәсімі өткізіліп, бір топ шығысқазақстандық азаматқа саланы дамытуға қосқан зор үлестері үшін Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасы, сондай-ақ, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды. Ал Шемонайха ауданы, «Выдрихинское» ЖШС тракторшысы Александр Рутц пен Глубокое ауданы, «Майлы дақылдар тұқымы» шаруа қожалығының механизаторы Николай Ларионов «Жылдың озат механизаторы» аталымын, Абай ауданы, «Айтуған» шаруа қожалығының жетекшісі Самал Мұқатай және Тарбағатай ауданы, «Алдекен» шауар қожалығының жетекшісі Бауыржан Сүлейменов «Мал шаруашылылығының озаты» аталымын, Бесқарағай ауданы, Глухов ауылдық округі мал дәрігерлік пунктінің меңгерушісі Қадырбек Илибаев «Ауыл шаруашылығының таңдаулы маманы» аталымын иеленді.
Салтанатты жиын ары қарай жергілікті өнерпаздар қойған мерекелік концертке ұласты. Жиынға келген қонақтар ауданның аты әйгілі «Кәусар» оркестрінің, «Айқаракөз» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің, сонымен қатар, «Дариға – дәурен», «Ғасырлар үні», «Сұлуым» сынды топтардың және өзге де өнерпаздардың өнерлерін тамашалады.
Ержан Әбіш