Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қажет – Президент
Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында ауыл шаруашылығы техникасын жыл сайын жаңарту қажет екенін айтты, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Президенттің айтуынша, еліміздегі ауыл шаруашылығы техникасының 80 %-ы тозып тұр. Жыл сайын техниканың 8-10 %-ын жаңартып отыру керек.
– Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс. Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ ол өнім өткізу саясатына ерекше мән беру қажет екенін баса айтты.
– Қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керек. Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн, – деді мемлекет басшысы.