Дін

Асыл дінімізді ашып көрсетті

С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-да ардагер журналист Шәкерхан Әзмұхамбетовтің «Ислам: ішкі және сыртқы жақтан көзқарас» атты кезекті жаңа кітабының тұсаукесері өтті.

– Шәкерхан Әзмұхамбетов – танымал журналист, қоғам қайраткері. Жаңа кітапта мұсылман емес батыс және шығыс авторларының ислам туралы туындылары талданады, исламның пайда болуы, дамуы, өзге діндермен байланысы туралы айтылады. Автор күрделі мәселелерді түсінікті тілмен жеткізеді. Бұл – өңіріміздегі ислам туралы публицистика жанрында жазылған тұңғыш кітап. Ол студенттерге, мемлекеттік қызметшілерге, дінге қызығушылық танытатын барша оқырманға қызықты болмақ, – деді С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген.

Сондай-ақ ҚМДБ Өскемен өңірі бойынша өкілі, облыстық Халифа Алтай мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай дін хақындағы еңбектің құндылығына тоқталды. Оның айтуынша, мұндай күрделі тақырыпқа қалам сілтеуге, ислам жөніндегі Шығыс пен Батыс авторларының көзқарастарын салыстыруға екінің бірі бара бермейді. Автордың өзі кітаптың қалай жазылғаны туралы баяндады.

– Бұл кітапты дін тарихы мен болмысы, асыл дініміз ислам туралы көпжылдық ізденістердің нәтижесі деуге болады. Белгілі бір мәселеге, тарихи оқиғаға қатысты бірнеше автордың пікірін беруге тырыстым. Бұл оқырман үшін де қызықты әрі пайдалы болатындығына сенемін, – деді Шәкерхан Әзмұхамбетов кездесу барысында.

– Шәкерханның кітабын оқи бастағаннан-ақ оның тілі жеңіл де жатық екенін байқайсың. Автор әр ғасырдағы, әртүрлі ұлт өкілдерінің ислам жайлы көзқарастарын дәл сұрыптап, бір кітапқа жинақтап өз жүрегінен өткізіп бере алған. Кітап сонысымен құнды, – деді кітапқа редакторлық еткен жазушы Г.Пуссеп.

Тұсаукесерге жиналғандар алдағы уақытта кітап қазақ тілінде де басылса, облыстағы әрбір кітапханаға таратылса деген пікірлерін де жеткізді. Сонымен қатар ШҚМУ профессоры М.Мағзұмов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі В. Ахаев, облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы М. Мұхамеджанов, ШҚМУ аға оқытушысы Г. Сәрсенбаева ойларын ортаға салды.

Басылымның еліміздегі қоғамдық келісім комитетінде дінтанушылық сараптамадан өткенін, студенттерге, магистранттарға, ғалымдарға арналғанын атаған жөн. Кітап авторы кездесу барысында бұл жинақтың алдағы уақытта жалғасы болатындығын жеткізді.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button