Аңшылық – еріккеннің ермегі емес
Аңшылық – біреулерге бабасынан қалған мұра іспетті болса, енді біреулердің қанына әбден сіңіп кеткен әдет секілді. Ондай адамдар аң біткенді қырып салмаса да, айына бір-екі рет тау-тас кезіп, орман-тоғайды тіміскілеп қайтпаса, ішкен астары бойына сіңбей, ұйқысы қашып, әлденеге алағызып дегендей, қысқасы, кәдуілгідей сырқаттанып қалатын көрінеді.
ТҮЗ ТАҒЫСЫНА ТІКҰШАҚПЕН ШЫҒУ – БАРЫП ТҰРҒАН ҚИЯНАТ
Сосын, ондай кәнігі аңшылар: «Мен аңға барғалы жатырмын немесе өткен жолы пәлен қасқыр соғып, түглен бұғы атып алдым» деп жұртты дүрліктіріп, ешкімге және ешқашан да жар салмайды. Ел көзіне түспей, үндемей-түндемей-ақ елеусіз ғана кетіп қалады да, араға бірер күн сап, сол елеусіз қалпында олжасын арқалап оралады.
Ал енді, еліміз тәуелсіздік алғалы түрлі кәсіппен айналысып, байлықтың дәмін татқан қайсыбір қалталы азаматтар осы аңшылықты кәдімгідей ермек қып алды. Қолдарында автоматтан бастап, шетелдің не түрлі снайперлік винтовкалары, көз ұшындағыны көз алдыңа алып келетін құдіреті бар жапон мен немістің атышулы дүрбілері. Астыларында бір-бір тікұшақ, қала берді кез келген омбы қарыңды тіліп өтіп, жер талғамай жүре беретін моторлы шаналар мен қайықтар деймісің, толып жатыр. Әрине, мұның бәрі – байлықтың, барлықтың белгісі. Тіпті, дарақылық десек те болады.
– Нағыз аңшылар әрі кетсе екі адам, әйтпесе жалғыз-жарым боп та жүре береді, – дейді мен ес білгелі аңшылықты кәсіп ететін бір ағайым. – Жылдың немесе тәуліктің қай мезгілінде болмасын, деміңді ішіңе тартып ап, кез келген аңның ізін кесу, оны үркітіп алмай алдын немесе артын орау, суатқа түсетін уақытын дөп баса білу, қай тұста қандай аңның жүретінін топшылай алу, қала берді оларды дауыстарынан айыра білу – міне, нағыз аңшыларға қойылатын бірден-бір талап осы болмақ. Осындай төзімділікті, қырағылық пен сақтықты сақтай отырып түсірген олжаны олжа деп айтуға болады. Ол олжаға қол жеткізгеніңше, үсті-басың жырым-жырым жыртылып, аяқ-қолың малмандай су болуы, шаршап-шалдығуың, қарның ашып, дірдектеп тоңып, ұйқың қанбауы да мүмкін. Бірақ атқан оғың көздеген нысанаңа дөп тиіп, оған жығыла-сүріне жетіп, аңның жерге тамған қанымен іздеп жүріп тапқан кезде, жаңағы айтқан қолайсыздықтардың барлығы бір демде әдірем қалады. Міне, «аңшылықтың ләззаты» деп осыны айтады. Осы күнге дейінгі менің ұғымымдағы аңшылық мектебі осылай болса керек. Ал әлгі вертолетпен шыр айнала ұшып немесе снегоходпен қарға малтыққан жан-жануарды қуып жетіп, автоматпен қырып салуды өз басым аңшылық деп есептемеймін де, мойындамаймын да. Мойындағаның не, бұл деген барып тұрған қатыгездік қой. Қатыгездіктен бұрын дала тағыларына жасалған қиянаттың шырқау шегі деуге де болады. Мықты болсаң, табиғаттың заңдылығын сыйла, сақта оны, соған мойынсұн. Сен адам емессің бе, төрт аяқты мақұлықтан айырмашылығың, артықтығың бар екені рас болса, айлаңды асыра білсеңші.
Осылай деп шыр-пыры шығып күйіп-піскен аңшы ағамыз ондай еріккендерге арнаулы органдар заң жүзінде тыйым салса дейді. Кім білсін, мүмкін ол кісінікі дұрыс та шығар.
ШӨЛМЕК АТЫП, АТЫ ШЫҚҚАН «АҢШЫЛАР»
Еріккендер демекші, бір жылдары әлгіндей байлықтың буына мастанған «аңшы» достарымның қолқалауымен менің де аңға шыққаным бар. Ақтау, Атырау жағында мұнаймен айналысатын бір азаматтар келе қап, соларды вертолетпен ұшырып, снегоходпен алып жүрмесек те, үш-төрт Джиппен аңға алып шықтық. Мезгіл қазан айының қақ ортасы. Бағытымыз – Баянауыл, Қарқаралы өңірлері. Құдай салмасын, әр көліктің жүк салғышында әйгілі Калашниковтың автоматынан бастап, оптикалық көздеу құрылғылары орнатылған карабин мен венчестердің түр-түрі толып жатыр. Аңшылыққа арналған өзге де (дүрбі, пышақ, палатка, комуфляж, фонарь) құрал-жабдықтарда есеп жоқ. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген басым, құдды бір соғысқа бара жатқандай тіксініп қалдым. Сонымен, ана жерге бір тоқтап, мына жерге бір аялдап, жай аялдап қана қоймай, тілек айтып дегендей, екінді еңкейген шақта тау қойнауындағы бір көл жағасына жетіп тоқтадық-ау, әйтеуір. Көл шағын ғана болса да, айналасы нағыз құс мекеніне ыңғайлы, қамысты-қоғалы екен.
Көлдің етегін ала бөктерге қарай тұтаса өскен қалың қарағай мен қайың, сыңсыған самырсын. Ыңғайлысы бар болсын, тып-тыныш мамыражай мекендеріне шаңдатып кеп үш-төрт мәшина тоқтай қалғанда-ақ, көлде қонақтап отырған бірқыдыру үйрек-қаз қош-қош айтып ұшып кетті. Оған көңіл бөліп, «Қап!» деп өкініш білдіріп жатқан «аңшылар» жоқ. Бәрі де дүрілдеп алған. Дастарқан жаюға кірісіп кеткен жүргізуші, күтуші жігіттер де бесаспап екен. Мәшинедегі музыкаларының дауысын шығарыңқырап қойып, өз істеріне кірісіп кетіпті. Бұл кезде бір-бірімен дабырлай сөйлесіп, қарқ-қарқ күлген дарақы дауыстар үн жетер жердегі аңды да, құсты да үркітіп болған…
Содан, не болды дейсіз ғой. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де сол жерде болған екі күнде біз кете-кеткенше көлге бір құс кеп қонбады. Аңдар да кезенген мылтыққа қарсы жүгіретін ақымақ еместігін көрсетті. Ақыры зеріккен «аңшылар» бір-бірімен бәстестіме керек, көк қағаздан бәйгі тігіп, босаған шөлмектерді атып, мергендігімізді шыңдап қайттық.
Бұл жердегі айтайын дегенім, бай-манаппен бірге сонау ит өлген жерге аңға шыққаным емес. Жоғарыдағы аңшы ағамыз айтқан кәнігі аңшыға қойылатын талаптардың бірі де болмағаны. Аң атып рахатқа бөленгеніміз былай тұрсын, бір соқыр үйрек атып алсақ не керегі бар. Есесіне, осыдан екі-үш жыл бұрын Баянауылда кеткен сол олқылықтың орнын толтырарлықтай бір саятқа куә болдым.
Аңшылық туралы түсінігі шамалы біздің қайсыбіріміз ойлаймыз ғой, мылтықты оқтап ап, қалың орманның арасында келе жатсам, алдымнан елік пе, бұғы ма, әйтеуір бір төртаяқты мақұлық ойнақтап шыға келеді де, сол жерде «тарс» еткізіп басып саламын деп. Тіпті де олай емес екен.
Сол жолы жер ыңғайын жақсы білетін жергілікті жігіттер бізді, яғни, төрт адамды Сауырдың адам аяғы сирек басатын бір түкпіріне жеткізіп салды. Уақыт тамызды орталап қалса да, жайлауыңыз салқын екен. Төртеудің біреуі нағыз аңшы да, бірі жүргізуші, қалған екеуіміз қара көбейтуші боп шықтық. Қас қарайған шақта елеусіздеу бір сайдың кіреберісіндегі ағаштан салынған аңшылар үйіне тоқтадық. Үш бөлмеден тұратын шағын үйдің төргі бөлмесіне көрпе-жастығымен төрт төсек қойылыпты. Шығаберіс бөлмесі ас-ауқат ішуге, қыста от жағуға қолай етіп салынған да, қолдың оң жағындағы бір бөлме азық-түлік, ыдыс-аяқ, басқа да әне-міне сақтайтын қойма екен. Тамақтанып алғасын жолбасшымыз Жәкең:
– Жігіттер, қазір жатып тынығып алайық. Бұйыртса, түнгі 2-де тұрамыз. Біз оразамызды ашып, артынып-тартынып суат басына жеткенше, таң да қылаң беріп қалар. Бұйырғанын сол жерде көре жатармыз, – деді де жатуға ыңғайланды.
Қара көлеңке шамның жарығымен не істеп отырмақсың. Ұйқымыз келмесе де, бұйырған төсектің біріне біз де қисайған болдық.
СУАТ БАСЫНДАҒЫ ОЛЖА…
…Біз суат басына таяғанда, маңайды қалың тұман басып кетті де, әрмен қарай жүру қауіпті болғасын, кеңес үкіметінің көзіндей боп қалған ескі Уазигімізді қалдырып, межелі жерге жаяу тарттық. Суат басы демекші, мен ойлап жүрмін ғой баяғы. «Біз, яғни аңшылар, суат басына ертерек барып, көзге түспейтін жерге бекініп аламыз да, келген аңды шетінен «тырсылдатып» атып ала береміз» деп. Бұл ойымның баланікіне ұқсап кеткендігіне кейіннен өзім біраз ұялып та жүрдім.
Бір дөңестеу жерге кеп жайғасып жатырмыз.
– Суат қайда? – деймін ғой, дегбірсізденіп. Таң тыныштығын бұзып, тым самбырлап кетсем керек. «Үніңді шығарма!» дегендей, сұқ саусағын ерніне апарған жолбасшымыз, иегімен ымдап қарсы беттегі тау етегін нұсқады. Сонда барып байқадым, қарсы беттегі таудың етегінде көз жетер-жетпес жерде сыздықтап аққан шағын ғана бұлақ бар секілді. Арақашықтық шамамен 400 қадамның о жақ, бұ жағы. Тегінде, «Алла тағаланың шеберлігінде шек жоқ» деген рас екен. Алла аң дегеніңді де не түрлі қасиеттермен нығмет етеді екен-ау. Бұлардың иіс сезгіштігі, көру қабілеттері, тіпті ішкі сезімдері дегеніңіз тіптен адам айтса нанғысыз сұмдық болады екен. Жолбасшымыздың талабы бойынша аң аулап болғанша, ешқайсымыз шылым шекпейтін боп келіскенбіз. Өйткені, Жәкеңнің айтқанына сенсек, қазір осы маңда жүрген он екі мүшесі сау аң біткен сонау жотаның басына қалдырып кеткен мәшинеміздің манағы ыңыранған үнін де, қараңғылықты олай-бұлай тілгілеген жарығын да, тіпті оның бензинінің иісін де ба-а-яғыда-ақ байқап-біліп, әлдебір қауіптің төніп келе жатқандығын ішкі дүниелері алдын ала сезіп қойған көрінеді. Сондықтан, «темекі деп иектерің қышымасын» деген.
Тұманның қалыңдығы сонша, бір сәт тұмсығыңның астындағы тобылғы мен қарағанды да көрсетпей тастайды. Бір әредік сейіле қалғанында, қарсы беттегі суат басына тесіле кеп қараймыз. Әзірге жылт еткен тіршілік белгісі жоқ. Осылайша біраз уақыт өтті. Бұл кезде таң ағарып, айналадағы тұман түспеген жерлер айқын көріне бастаған болатын. Кенет, жолбасшымыз қозғалақтағандай болды. Қарасақ, демін ішіне тартып ап, қолындағы карабиніне орнатылған дүрбісіне үңіліп жатыр екен.
– Әп, бәлем, сәтін сала көр! – деп бізде қарсы бетке көз тіге қалдық. Бір ғажабы, дала тағысы адам көзіне ағараңдап, құралаңдап бірден түсе бермейді екен. Жанарымды жасауратып барып байқағанымда, мен күткендей қалың жыныстың арасынан емес, сайдың табанындағы жалғыз аяқ соқпақпен үлкен-кішісі, еркек-ұрғашысы аралас бақандай бес бұғы бұлаққа таяп қапты.
Селдіреген селеуден де секем алғыш түз тағылары бауырымыздағы әр шөптің сыбдырын естіп қоятын секілді. Қозғалудан қалдық. Демімізді шығармаймыз. Кірпік қағуға мұрша жоқ. Бұл қырсық дегенді қойсайшы. Сайтанның сапалағы құсап қайдан келгенін, бір көк жөтелдің қыса жөнелмесі бар ма.
Булықтырып әкетіп барады… тіпті болатын емес… Жөпелдемеде жұта қояр су да жоқ. Түкірігіммен тамағымды жібіткендей болам, оған көне қоятын жөтел ме. Болмағасын мойнымды ішіме алып, тіпті болмаса басымдағы шәпкеммен аузымды басып жөтелмекке бекінгем. Осы сәтті күткендей бірінен соң бірі «гүрс, гүрс» етіп екі мылтық та атылды. Мүлгіп тұрған таң тыныштығын кенеттен бұзған мылтық үнінің жаңғырығы бүткіл Сауырдың аң-құсын дүр сілкінткендей.
Төмен қарай құлдилап, жығыла-сүріне жүгіріп келеміз. Жөтелің түскір де қояр емес. Бұл уақытта тағы да тұман түсіп, бұлақтың маңы көрінбей кеткен. Алайда, жүгіріп келе жатып құлағым маңыраған малдың дауысына ұқсас бір дыбысты шалып қалды. Дәу де болса, екі мылтықтың бірі болмаса, бірі нысанадан мүлт кетпегенін ішім сезді.
Иә, түйсігім алдамапты. Жақтың астынан ала кеңірдек тұсынан тиген карабин оғы үш-төрт жасар бұғы өмірін қолма-қол қиып түскен екен. Жануар жан тапсырарда, басымен жерді ұрып-ұрып жіберсе керек, қарағайдай мүйізі мен төрт аяғы әжептәуір жерді қопарып-қопарып тастапты. Тілі шайналып, көздері жәудіреген қалпы ашық қапты. Әлгінде ғана тау мен таста ойнақ сап жүрген жазығы жоқ жануардың қас пен көздің арасында оққа ұшып, жайрап жатқанын көргенде, біртүрлі жаным ашып кетті.
Екінші мылтықты атқан жүргізуші жігіт болатын. Байқауымызша, дөп тимегенімен, оның оғы да мүлт кетпеген көрінеді. Біраз жерге дейін сорғалай аққан қан ізі қалың қарағайға кіріпті. Із кесіп көріп едік, аң ұзап кеткенге ұқсайды…
– Мейлі, барсын, – дедік бір ауыздан…
«Қанағат қарын тойдырар» – деген. Әйтеуір, сол жолы олжасыз қалмағанымыз анық.
Ең бастысы – бос шөмек атып, бос сандалып қайтқамыз жоқ…
Ал, сөздің тоқ етерін айтар болсақ, аңшылық – еріккеннің ермегі емес.
Серік Құсанбаев