Қара күштің иесі қара сөзге келгенде де дес бермепті
Осыдан біраз бұрын үржарлық Шолпан Оңғарованың өткен жылы Алматыда жарық көрген «Ғасырдың құрдас сырласы» – Сұртай Әбілқасымұлының әдеби мұрасы» атты кітабы қолымызға тиген еді. Жинаққа С.Әбілқасымұлының қолжазба қорынан алынған, ХVІІІ-ХХ ғасырларда Шығыс Қазақстанда туып-өскен ақындар мен басқа аймақ ақындарының да шығармалары еніпті.
Атасы Малайдың тәрбиесінде болыпты
Кітапты оқи отырып біз С.Әбілқасымұлының түптамыры Найман Мәмбетқұл (Қыржы) Жолшарадан шыққан Сұртай Тұрарұлы деген ақынмен сабақтасып жатқанын зерделедік. Екі Сұртай да бір атадан. Сұртай Тұрарұлы – Найманға танымал Тана Тілемісұлы мырзаның замандасы, сыйлас болып, жақсы көрген құрбысы. Тана мырза 1803 жылы туып, 1868 жылы қайтыс болған. «Біржан-Сара» айтысында ақын Сараның:
– …Қажының әлгі сөзі болған себеп,
Қолтықтан көтере көр, аруақ жебеп.
Кеншімбай, Дулат, Сабыр, Сұртай, Жылтыр,
Жанұзақ, қолда дедім ақын Түбек, – деп сыйынатын дүлдүл ақындары қатарында Сұртай да аталады.
Бір жылдары Сұртай ақын Қытай еліндегі қазақ ағайындарға бара жатып, шекарада ұсталып қалады. Шекара бастығы ақынның залалсыз адам екенін біледі де, ертеңінде мінген атын қайтарғанымен, ертоқымын тығып қойса керек. Сол сәтте ақын шекара бастығы Макеев дегенге кіріп:
– Уа, Мәкеев, атың шықты ішке, тысқа,
Мен едім Сұртай ақын сөзге ұста.
Сұр атты бергеніңе спасибо,
Ерімді шығарып бер, пожалыста, – деп тақпақтай жөнеліпті.
Орыс бастық та ептеп қазақша ұқса керек, күле-күле ертоқымын бергізген көрінеді. Ал біз әңгіме еткелі отырған әрі балуан, әрі ақын Сұртай да Найман Мәмбетқұл ішінде Жирен Шүйіншәлі табынан тарайды екен. Кіші Сұртай 1903 жылы 10 сәуірде Үржар ауданы, Қарақол ауылының Шыңырау деген жерінде дүниеге келіпті. Оның үлкен атасы Ақбай – қажыға барып, мұсылман ғұрпын толық орындаған жан. Ол өз елінде ұзақ жыл болыс, би болып, елге қайырымды, шапағаты мол тиген адам екен. Ендеше, Тарбағатайдың теріскей, күңгейін түгел аралаған атақты ақын Сұртайды Ақбай қажының танымай қалуы мүмкін емес. Олай болса ол немересінің атын «аға ақынға тартсын, атағы шықсын» деп, Сұртай қоюы әбден мүмкін. Кіші Сұртай да жастайынан балуан, ақын атанады. Оның бабалары туралы үржарлық шежіреші Сүлеймен би былай жырлайды:
– Болыпты Шүйіншәлі үш баласы,
Бөлініп келе жатыр Қыржы арасы.
Байболат ШындәулеттенТаласбайлар,
Қыржының болып еді ноқта ағасы.
Баласы Таласпайдың Бәбік, Жырғал,
Бұлардың толық болған мал мен басы.
Жырғалұлы Жолбарыс, Қылыбай,
Шақар, Қылға, Садырбай бес баласы.
Жолбарыстан Алдажар Жаныс еді,
Қалыбайдан Ақбай, Жайылған, Намыс еді.
Қаракерей халқына қазы болып,
Алдажар жұрт білетін арыс еді.
Жаманқұл, Қожамқұл мен Төкі қажы –
осылар Ақбай байдың үш маңғазы.
Қыржының бас ауылы болып еді,
Ауылынан қонақ кетпей қысы-жазы.
Төкіұлы Ырымжан болыс болып,
Тұрғылас, теңдес болған хан мен қазы.
Осылай алдында үлгі алатын ағалары бар Сұртайдың өз әкесі Әбілқасым 33 жасында қайтыс болып, Сұртай атасы Малайдың қолында өсіпті. Жас бала қажы атасы Малайдың өнегелі істерінен үлгі алып, елдік мәселелерді шешуде үнемі қасында бірге жүрген. Сондай-ақ, ол жасынан шабандоз, ауыл арасында атағы мәлім палуан да болған. Он бес жасында-ақ бір үлкен тойдағы 200 ат қатысқан жарыста бас бәйгені жеңіп алған. Сол бәйге атымен ауылындағы өзі ұнатқан он үш жасар Жамал қызды алып қашып, ағайын келісімге келгенше тауды жасырынып, паналаған екен. Ақыры үлкендер жағы көніп, жастардың үй болуына рұқсат еткен көрінеді.
Елге қызмет етіп, «халық жауы» атанған
Алайда, 30-ға да толмаған өнерлі жастың басынан небір қиын-қыстау, зобалаң күндер өтеді. Жұртқа мәлім, 1930 жылдары Кеңес өкіметі толық күшіне еніп, Қазақстан сияқты шет аймақтарға да әмірін жүргізгені, сөйтіп, жай халықты бай, кедей деп тапқа бөліп, біріне-бірін айдап салып, қырғынға ұшыратқан ғой. Сол кездері Сұртай Әбілқасымұлы Үржар ауданының Егінсу ауылында басшы қызметте жүрсе керек. Ол ашаршылықтан зардап шеккен халыққа шамасы жеткенше қол ұшын беріп, аман алып қалуға көмектеседі. Бірақ, солақай саясат пен көреалмаушылардың кесірінен «халық жауы» атанып, Семейдегі түрмеге қамалады. Дегенмен, көзі ашық, еті тірі, пысық балуан ол түрменің іргесін қазып, бірге жатқан серігімен қашып шығады да, Балқаш көлінің маңындағы Қопа деген жерде үш ай жасырынып, Қытайға өтіп кетеді. Ол жақта да пысықтығының арқасында Шәуешек маңындағы Мойка ауылында жүн жуатын кәсіпорынды басқарып, жалпақ жұртқа жайлы болып, абыройлы қызмет атқарады. Ол сол жақта да балуандықтан қол үзбеген көрінеді.
Оған дәлел: 1947 жылы Шәуешек қаласында Октябрь мерекесіне орай ұлан-асыр той өтуі. Күрес өтетін алаңда еңгезердей, бойы екі метрге таяу орыс офицері ортаға шығып: «Қане, кім менімен күреседі?» – деп, қыр көрсете жар салады. Көпшілік өздеріне таныс Кәрі есімді балуанға «сен неге шықпайсың?» – деп қарай берсе керек. Сол сәтте Кәрі балуан: «Сұртай, ұлым, сен шық күреске. Қартайғанда мені ана кәпірдің астына түсіре көрме. Қолыңды жай, саған батамды берейін» – дейді. Ағасының батасын алған Сұртай орыс офицерімен белдесе кетеді. Әдіс-айласы мол жас балуан әп-сәтте іштен шалып, қарсыласын жер қаптырды. Орыс балуаны өкініштен іші күйіп: «байқамай қалдым, қайта шығамын» – деп, ақсаңдай басып келе жатады. Ал қамалаған жұрт оған есе бермей, Сұртайды басына көтеріп әкетеді.
Сұртай туралы оның құдасы Шаймұрат отағасы мынадай бір әңгіме айтқаны бар.
– 1949 жылдың қазан айында Шәуешек қаласында үлкен аймақтық жарыс өтеді. Сұртай сол жарыста өзінен бес жас үлкен моңғол балуанымен күреске шығып, оны басымдылықпен жығады. Әйтсе де, әдеп сақтап, әріптесінің басынан аттамай: «Жасы үлкенді құрметтеу – қазақ халқының ата дәстүрі» – деп, қолынан тартып тұрғызыпты. Оның бұл қылығына ерекше риза болған моңғол балуаны алдыңғы жолы алған жүлдесін Сұртайға сыйға тартқан көрінеді.
Бір жолы қайрат-күшінің арқасында ол көпшілік кірешінің алғысына ие болыпты. Қытай елінде жүргенде ол ара қашықтығы 50 шақырым Шәуешек пен Дөрбілжін арасына күзде бастырған астықтарын өткізу үшін ат-арбамен жолға шығады. Жүк ауыр, жол қашық. Аш көлікке жаны ашыған Сәдір жолдастары түнде ұйқыға кеткенде, он екі шақырымдай жердегі қырманнан әрқайсысы 50 келілік екі қап сұлыны сатып алып, мойнына салып, түн ортасында жеткізеді. 100 келі сұлыны көргенде кірешілер: «қалай жеткіздің?» – десіп, таң- тамаша қалысса керек. Солайша жемге тойған аттар астықты діттеген жерге еш қиналмай жеткізіпті.
Шетелде 20 жылдан астам уақыт тұрған Сұртай ағамыз 1955 жылы жанұясымен атамекенге оралып, Үржар ауданы, Тасбұлақ ауылының Ақтопырақ бөлімшесінде тұрады. Кейінде Алтыншоқы ауылына көшіп келіп, 1962 жылы зейнеткерлікке шыққанша құрылыста абыройлы еңбек етеді.
Сәкең балуандықпен қатар ақындық, шығармашылық өнерден де қол үзбейді. Тіпті, дінге де ерекше мән берген көрінеді. Сонымен қатар ол бірқақпай, сайқымазақ, әжуа өлеңдерге де шебер болыпты.
Бірде жылқы іздеп жүрген ол бір үйге түсе қалады. Сәске кезі. Үйде шешесі мен қызы отырса керек. Шешесі қызына «дастарқан жай» деп, ишарат жасаса, қызы қасарысып, орнынан қозғалмай қояды. Сонда Сұртай:
– Мына балаң ұл бала ма, қыз бала ма,
Өз көңілі болмаса жұлқылама.
Алаштың азаматы келіп тұрса,
Тұрмайтын есіктегі құл бола ма?! – депті.
Бұған қатты қысылған шешесі өзі дастарқан жайған көрінеді.
Осындай жан-жақты өнер иесі Сұртай Әбілқасымұлы 1953 жылы аудандық күресте қарсыласы ту сыртынан құшақтай көтеріп алып, енді лақтырамын дегенде есе бермей, қылтасынан шалып, ананы шалқасынан түсіріпті. Не деген айла, не деген күш! Айта берсе, Сұртайға қатысты қызықты оқиғалар таусылмайды. Әсіресе, Нұрахмет, Шаймұрат, Төлеуғазы сияқты көзкөрген ауылдастарының ол туралы айтатын әңгімелері көп-ақ. Жалпы, өлең, дастандары да мол. Шежіре де баршылық екен. Артына өнегелі іс, мол мұра қалдырған Сұртай Әбілқасымұлы 2001 жылы ақпан айында, ал зайыбы Бүбіғайша 2010 жылы қыркүйек айында өмірден өтті. Балуан дүниеден өткенде оның етжақын туысы Шаймұрат төмендегідей:
– Қайран қартым, күш атасы қуатты,
Тағдыр солай, жетті ажал уақыты.
Енді артыңнан дұға оқып тілеймін,
Ұрпағың бар, ай мен күндей шуақты, – деп, бір шумақ жоқтау-өлең айтыпты.
Біз де осы тілекпен ол туралы дерек-зердемізді аяқтаймыз.
Мәуітқазы Зүкенов