Дін

Анаға баспана сыйлады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Зекет» корпоративтік қайырымдылық қорының Өскемен өңіріндегі өкілдігі «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында облыстағы баспанаға мұқтаж отбасылардың үйлі болуына өз үлесін қосып келеді. Бұл ретте облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бастамасымен көптеген игі іс атқарылуда.

Жақында осындай қуанышты оқиға Ұлан ауданына қарасты Асубұлақ кентінде болды. Кезінде осы Асубұлақта он төрт жыл ішкі істер бөлімінің бастығы қызметін атқарған, бүгінде Ұлан ауданының Құрметті азаматы, Өскемендегі «Тала» фирмасының директоры,  меценат Мұрат Телебаев кент тұрғыны, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы әрі жалғызбасты ана Әсия Қалиеваға екі бөлмелі үйді сатып алып берді.

– Баспанаға әсіресе Әсияның кәрі шешесі Қаншайым апа мен кішкентай ұлы Ислам қатты қуанды. Мұрат ағамыздың осы көмегіне өте риза болды. Жақсылыққа жаршы болып, барлық шаруаны ұйымдастыруға атсалысқан Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Ләзиза Кенжетаеваға, кент әкімі Нұрлан Дүйсенбаевқа, бас мамандар Наргүл Бұқатаева мен Айжан Мусинаға, ардагерлер кеңесінің төрағасы Нина Савельеваға және «Мұса баба» мешітінің бас имамы Сапарбек Сметовке, облыс бойынша қор өкілі Аманбол Қуатұлына, «Халифа Алтай» мешітінің наиб имамы Зауатбек Сайлауға, осы мешіттің іс басқарушысы Берік Кәдірұлына алғысымыз шексіз, – дейді облыс бойынша ҚАЖ департаменті ардагерлер кеңесінің мүшесі Еркін Қасымов.

Айта кетсек, Мұрат Сұлтанғазыұлының ұзақ жыл өзі қызмет атқарған Асубулақ кентіне жасаған бұл бірінші жақсылығы емес. Әр кезде қолынан келген көмегін аямай көрсетіп келеді. Мәселен, Ұлы Отан соғысында қайтыс болғандарға және Халық Қаһарманы, даңқты партизан Қасым Қайсеновке қойылған ескерткіштерді күрделі жөндеуден өткізуге қомақты үлес қосты. Сонымен қатар жасөспірімдерге үлкен күрес залын ашып берді. Ең үлкен көмегінің бірі – қирап жатқан мешіттің орнына кент тұрғындарына аса қажет жарқыраған үлкен күмбезі бар мешіт үйін салып беруі.

Естеріңізде болса, бұл жоғарыда аталған «Зекет қорының» ұйымдастыруымен еліміз бойынша берілген 125-ші баспана. «Ел үлесі – пәтерге» жобасы ары қарай да жалғасын табатын болмақ.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button