Руханият

Ақмоншақ

Ақмоншақ

Бұл онсыз да еліріп тұрған Хамзаны шегінен шығарды.
– Абайға қамшы үйіріп, Шәкерімді атқан ақымақтардан көретін болдым ғой, – деп кеудесінен бүре ұстап өзіне тартып алды да, жақтан осып жібергенде, орындығымен қоса домалады. Ол тұра салып Хамзаға жармасты. Алдымен көйлектердің түймелері бытырлап ұшты. Кімнің жұдырығы кімге тиіп жатқанын да байқайтын емес. Домаланған сасық қоңыздай быртық адам мұның алқымына қолын жеткізіп еді, сығымдап әкетіп барады. Тынысы тарыла бастағанда, қарсыласының білегінен ұстаған Хамза бар күшімен бұрап жібергенде, бақ етіп тізерлей кетті. Көк желкеден шынтағымен бір қойып, етпеттей жығылған быртықтың үстіне міне түскен Хамза:
– Айдалада қарусыз бейкүнә қара шалға шамам келді деп күпиген кеудеңнен шыбын жаныңды шығарып жіберейін бе?! – деп тізесімен мыжғылап жатқанда, жолдастары көтеріп алды.

– Контра! Контра! – дегеннен басқа сөз айта алмай Қарасартовтың көзі алақтайды. Айналаны мұрыннан аққан қан жапты.
Алғашында бір-бір облыстың хатшылары төбелеседі деп кім ойлаған, аңтарылып қалған жігіттер енді екеуін арашалаймыз деп өздері жығылып-сүрініп, қым-қуыт у-шу болып кетті.
Милиция қызметкерлері сау етіп жеткенде, бұлар да сап тыйылды.
– Көрсетермін сен итке! – деді алтын тісі жоқ Қарасартов ысылдап.
– Бірден мойныңды бұрай салмағаныма рақмет айт, – деді Хамза.
Ертесіне жынын алған бақсыдай басының мыңғы-дыңғысы шығып, сөлбірейіп отырған Хамзаның бөлмесіне Кенжебек келді. Ол сөзді неден бастарын білмегендей, сәлемнен кейін сәл іркіліп барып:
– Ұят болды-ау, – деп өкініш білдірді.
– Ұят ештеңесі жоқ, қазақты құртқан осылар. Қазақтың дәнішпан ақынын өлтіргенін мақтан көреді өзі. Фашистің мойнын бұрағандай бұрай салуға ар-ұятым жібермеді, – деді Хамза.
– Мынандай бір әзіл бар еді. Милиционер үйіне кіріп келсе әйелімен бір еркек жатыр екен. Ол тапаншасын суырып, жігіттің жанына жетіп келеді де: «Сен итті осы жерде атып тастар едім, партиялық ожданым жібермейді» дегенде, әйелінің ойнасы қуанып кетіп: «Жасасын коммунистік партия, жасасын!» деп ұрандап, шалбарын жүре киіп, шыға жөнеліпті.
– Қазір партиялық ождан туралы ойлап тұрғаным жоқ. Менің Қадылбек деген ағайым: «Бір торайға тұрмаған партбилетіңді ұрайын, оны не қыламын?» депті. Сол айтқандай, ол ақымақтың аузын менің партбилетім қорғап қала алмады. Құдіретті ақынның аруағына бір жапырақ билетті қимасам, ез болып өлгенім емес пе. Езіліп өлгенше, ерлерше езіп өлтіргенім дұрыс, өкініп отырғаным жоқ.
– Кәке, шынымды айтсам, оны сіз істемесеңіз, мен істейтін едім…
– Қой-ей, саған сенем, бірақ сенің балаларың жас, қызықтарың алда… – Хамза ауыр жүктен құтылғандай жеңіл тыныстады.
Қонақүй әкімшілігінен аптығып кірген қыз:
– Хасенов жолдасты Орталық комитетке Сивиридов шақырып жатыр, – деп әскери тәртіппен айтқандай сақ-сақ еткізді.
– Шалбарымды шешіп барайын ба, әлде өздері шеше ме? – деп Кенжебекке қарап әзілдеген Хамза киіне бастады.
– Қазақ емес, орыс хатшысына тап болған екенсің, оңай құтылмайсың-ау, – деп Кенжебек күдік білдірді. – Дегенмен сәттілік тілеймін.
– Жанымызды шүберекке түйіп, қан майданға да кіргеміз, содан қиын болып па, тәйір, – деген Хамза өзіне сенімді екенін көрсетті.
Хамза Үкімет үйіне қарай сылбыр басып келеді. «Ақталсам ба, не деп ақталам? Араққа жапсам ба, ол ақтап ала алмайды. Қазақтың құдіретті ақынын атып өлтірген хайуанды тәубесіне түсіріп қойғаным дұрыс болды. Құдай өзі берген жанын өзі алады, неменеге жүнжіп келем. Партбилет. Қадылбек ағайдікі дұрыс. Ден сау болса, екі қолға бір күрек табылар. Ақын өлсе де, аруағы күшті екенін қанша ит болса да есіне алып, бұдан кейін ойлана жүрер…». Ол ойынан сергіп есік күзеткен милиционерге:
– Екінші хатшының шақыртуымен, – деді.
– Білем, тосып отыр, жүріңіз…
– Білем кабинетін, – деген Хамзаға бас изеген милиционер ерген жоқ.
Хамза есік ашқанда, жылан жеген мысықтай қатып қалған, ұзын бойлы, қоңқы мұрын Сивиридов атшаптырым үстелдің басында шоқиып отырған қалпында бір саусағымен кір деген ишара жасады.
Хатшының үлкен үстелін қақ бөлетіндей жіңішке үстел есікке қарай салақтата қойылған екен, оның айналасында ЦК-ның бөлім бастықтары жайғасыпты, Соның соңғы нүктесі болып Хамза тұра қалды да, барлығына сәлемін жолдады. Мұның сәлемін қабылдағысы келіп отырған ешкімнің жоқтығын төмен түскен түнеріңкі қабақтарынан байқады. Тым-тырыс. Хатшы да бедірейіп отыр. Сәлден соң қаламын суырып қолына алған соң:
– Ал алашорданың соңғы қорғаушысы, сөйле, – деді миығында мысқылы бар күлкісімен оқты көзін тура қадап.
– Мен алашордашы емес, кезінде Отанымды қаныммен қорғаған коммуниспін. Қазақтың құдіретті ақынының аруағын қорғағаным рас.
– Ол Алашорданың белсенді ақыны болды, Семейдегі контрреволюциялық көтеріліске басшылық жасаған. Хатшы зіркілдей сөйледі.
Хамза Семейдегі көтеріліс деп жүргендері туралы Садық Қасиманов деген ағасынан шет жағасын естіген. Бұл кісі бала кезінде орысша білгендіктен, әкесін окоп қазуға алынғанда, әкесінің аудармашысы ретінде бірге еріп барады. Сөйтіп, өмірден көргені мен түйгені мол жан былай әңгімелеген.
Салық төлеуге шамасы келмеген қазақтардың соғымға сойған малдарының етін тартып алып, қамбаға тығады. Неше күн нәр татпай қалған бала-шағаның жылау-сықтауына жандары күйзеліп, не істерін білмеген адамдар қамбаның есігін бұзып, онда тұрған етті талауға салады. Мұны қара қазан, сары баланың қамы үшін жасаған тонау әрекеті деп қарамай, «өкіметке қарсы көтеріліс» деп аяусыз басып жаныштаған. Босып далаға кеткендерді ұшақпен қуып, қояндай қырған.
Халық аштан қырылып бітуге айналғанда, қазақтарды пароходқа тиеп, жоғары Ертіспен өрлеп, орыс ауылдарына үш, бес, он үйден қазақ отбасыларын өз қолыммен орналастырдым, – деп айтқан еді Садық.
«Ереуіл» деп айтуға келмейтін жайды «контрреволюция» деп тұрған ЦК-ның хатшысына уәж айтқысы келмеген Хамза ақынды ақтай сөйледі:
– Шәкерім «Алашорда» партиясында болған жоқ, оның басшыларымен таныс болғаны рас. Байтұрсынов та ақын. Қазақта ақын ақынды білмеуі мүмкін емес. Шығармашылық таныстықты идеялық көзқарасы бірдей деп қарауға болмайды.
– Онда неге оны банды деп атты? – деді бөлім бастығы болып жүрген Асанов сұрақты Хамзаға қойғанымен, хатшыға жалтаңдап.
– Ол кезде бірі – ақ, бірі – қызыл, бірі байды қорғап, екіншісі кедейді қорғап аласапыран болып жатқан кезде Шәкерім саясатқа араласқысы келмей Шыңғыстау ішіне жалғыз үй көшіп кеткен. Оның өзі бұл жайында:
Еш адамды қалдырмай қасыма да,
От пен су, өзім жүрем асыма да.
Елсізде жалғыз жатып жазу жазам,
Қарамай келіп қалған жасыма да, – деп жазған өлеңінде.
Кешқұрым Шәкерім атына мініп, қырға шығып малын қарап тұрғанда, Қарасартов өзінің отрядымен келеді. Ол «Бандыларды көрдің бе?» дегенде «Көргем жоқ, мал қарап тұрмын» деп жауап берген Шәкерімді «Сен мал қарап тұрған жоқсың, бандыларды шығарып салып тұрсың» деп атып өлтірген соң, ешкім таппас үшін құдыққа тастап, үстін таспен жауып тастайды. «Шәкерім банды Қытайға қашып кетті» деп сөз таратады да артынан «көтеріліске қатысқандардың біразына жеңілдік береміз» деген желеумен «Көтерілістің басшысы Шәкерім атыс кезінде қаза тапты» деп жазадан қорыққан бейшараларға жазғызып алған Қарасартов сот үкімінсіз өз бетімен атқаны үшін қылмысты ісінен құтылғанымен қоймай, Кеңес өкіметінің шынайы қорғаушысы болып шықты, сол марапат әлі сақталып келе жатқанын енді білдім.
– Фантазияң жақсы жұмыс істейді екен, Хасенов, «жолдас» деуге де ауыз бармай, қиналып тұрғаным. – Ол сыңар езулей мырс етті.
– Азамат Хасенов деп айта беріңіз, сотталғандарды солай атап жатады ғой, мен оған намыстанбаймын.
– Құрметті полковник Қарасартовқа «Сотқа бермей-ақ қой, өзіміз талқылаймыз» дегенім дұрыс болмапты-ау. Сенің коммунист емес, нағыз бұзақы, қазақшылықтың шылауында жүрген ұлтшыл екеніңе әбден көзім жетті.
– Ұлттар арасындағы татулықты бұзатын мұндайларды қызметінен шығарып, қатарымыздан аластамасақ болмайды, – деді Асанов хатшыға жаутаңдап, орнынан ұша тұрды.
«Үргенімен жағатын бұралқы ит сияқты немені жағынан бір сүртсем, онда сотталатыным ақиқат, итпен ит болмай-ақ қойғаным да дұрыс шығар» деп ойлаған Хамза аптыққан көңіл қыжылын сабырлы ақылға жеңдіріп, өзін-өзі ұстай білді.
– Сенің ұсынысың өте дұрыс, – деді хатшы Асановқа иек қағып. – Баяғыда Торғай жаңа облыс болып ашылғанда, Мәскеуден екі вагон партбел, бір вагон күрек жіберілген екен, қазақтарға партбел жетпей қалғанымен, ешкім алмаған күрек сол қалпында жатқан көрінеді. Соның бір күрегі бұған бұйыратын шығар, – деген хатшы сөзін отырғандар күлкімен қабылдады. – Қарасартовтан кешірім сұрайсың.
– Не деп кешірім сұраймын?! – Хамза шынымен таңырқады. – Ақынның ажалы сенен болғаны дұрыс екен, мені кешір дейін бе? Әйтпесе екеуіміздің ешқандай бас араздығымыз жоқ, тіпті танысым да емес.
– Сен адал коммуниске дене жарақатын салдың, бұл – бұзақылардың ісі. Ал бұзақылық – қылмыс, қылмысқа қарсы қатаң жаза бар, білесің бе? Советтік әділ заң алдында бәріміз бірдей жауап береміз. Отан соғысының ардагерімін деп кеудеңді қақпа, ол сыннан бүкіл совет халқы өткен. Ал сен кеңес өкіметіне адал қызмет еткен адамды көшенің хулигандарынша сабайсың да, одан қалай кешірім сұраймын деп қитығасың…
– Айдалада қарусыз қара шалды атып тастаған…
– Әй, саған сөйлеме дедім ғой, сөйлеме! Аузыңды жап та партбилетіңді үстелге қой! – деді хатшы қалшылдап.
– Бастауыш ұйымға тапсырмаймын ба?
Қырыстанған Хамза жайбарақат аңқауси тіл қатты.
– Сен өзің ЦК-ның шаңырағында тұрғаныңды білмейсің бе? Коммунистің тағдыры осы үйдің қолында, біз шешеміз, қой мында!
Төс қалтасынан алған партбилетін бір сипап, аяғын нық-нық басып, тура хатшының алдына апарып қойды. Содан кейін шығар есікке беттеді.
– Сен қайда барасың? – деді хатшы зіркілдеп.
– Менде сізге беретін басқа түк жоқ, Торғайда бос жатқан күрекке кетіп барам, – деді Хамза мысқылды жымиыспен сабырлы қалпын сақтап.
– Ең болмаса, мына отырғандардан кешірім сұрамаймысың, – хатшы түтеген ашуын сыртқа шығара алмай қыстықты.
– Құдай бәрін кешіреді дейді, бұлар құдай емес, пенделердің кешу-шешуін қажетсініп тұрғамын жоқ. Өз басымыз аман болса, басқаларды үйтіп жесе де, біздің шаруамыз жоқ деп отырған пақырлардың тірлігін күндемеймін, – деп есікті сыртынан жауып кете барды.
«Қадылбек ағайдың айтқаны дұрыс, құдіретті ақынды атқан адамның мұрнын бұзбай, партбилетті сақтап қалсам, қалай ел бетіне қараймын, намысқа жүгінбесең, ездік жығынды қылады. Намысыңды таптатпау ездікті таптау. Күнкөріс қамында Қарасартовты естімегендей құлық танытып, партбилет пен мансабымды сақтап қалуыма болатын ба еді? Онда мен қайтып адамша өмір сүрем? Бәрінің айтқаны жөн, бірақ өзімдікі дұрыс» деп ұзын сонар ойына нүкте қойған Хамза Қызылордасына жетуге асықты…

Мүсілім Құмарбекұлы

Өскемен.
(материалдың басы сайтта 4-маусым күні жарияланған).

Осы айдарда

Руханият

Ақмоншақ

Ақмоншақ

Милкин асхананың оңаша бөлмесіне кіріп, шешініп жайғасқан соң:
– Ал не қиындық, айтшы, – деді Хамзаға ұмсына отырып.
– Қырман күзететін Қапан деген шал бар еді, соның баласы Протасовтың баласын сабап тастапты. Топ баланы аудандық түрмеге алып кетіпті. Шал жаңа өзің келердің алдында ғана жылап кетті. Баламды құтқарып бер дейді.

– Қарын бөлең бе? – деді Милкин қарға тамырлы қазақтың сұрай-сұрай қарын бөле болып шығатын туысшылдығын білгендіктен.
– Туыстығым жоқ, өзі бір аңқылдаған жақсы шал. Қандай жұмыстан да бас тартып көрген жоқ… Мен генерал Сексеновке барып жолықсам ба деп отырғанда, өзің келдің.
– Е, сол ма қиын деп отырғаның… – ол кеңкілдеп күліп алды. – Сексеновке бармай-ақ қой, көңілің қалып қалады. Қазақтан шыққан генерал деп мақтана сөйлеу үшін біреу керек қой… Әңгіме болсын, оның қызығын айтайын… Протасов екеуі біздің үйге келді. Үшеуіміз қосылған соң, білесің ғой, біраз даурықтық. Қайтуға жиналып, екеуі аяқ киімін кигелі жатқанда, өзімдікін іле салып, есік алдына шығып кеттім. Жуырмаңда шыға қоймаған соң кірсем, Протасов креслода отыр. Сексенов оның бәтінкесінің бауын байлай алмай әлек. Байлай берсе Протасов Сексеновті теуіп қалады. Анау шоңқиып отыра кетеді. «Бәтіңкенің бауын байлай алмайтын сен қандай генералсың» деп ол қарқылдап күледі. Генералды бора-бора тер жауып кеткен. Шыдай алмай атып шықтым да, Протасовтың шопырына «Бар, анауыңды киіндіріп алып шық» дедім… Сөйткен генерал ағаң Протасовқа кіріп, «сіздің балаңыздікі дұрыс емес» деп айта алады деп ойлайсың ба? Айта алмайды.
– Қайдан білейін. Шал жылап келген соң, суға кеткен тал қармайдының кері де, әйтпесе…
– Қарапайым адам үшін сенің шын күйзелгеніңді көріп отырмын. Бұл – адам үшін қол жетпейтін қасиет. Соның үшін мен саған көмектесем. Протасовтың баласы әкесіне арқа сүйеп, қаланың аптекаларын шарлап, наркотик іздейді. Бермеген дәрігерлерді сылтауын тауып, орнынан шығартқанын да білем. Сенің шалың сияқты хатшы да жалғыз ұл деп әбден бетімен жіберген, – деп Алексей Иванович бір сәт үнсіз қалды.
– Біреудің жалғызы біреудің жалмауызы, мен не істеймін.
– Барлығын өзім шешем дедім ғой, шешем.
– Шын ба, Алексей Иванович?
– Милкин директор болғалы айтқанын орындамайды деп кеңшар мүшелерінің бірінен естуің бар ма?
– Жо-жоқ.
– Кешке күт, барлығы орнына келеді. Бірақ сендерде «пустой ложка» не істейді дейді?
– Түсіндім, Иваныч.
– Түсінсең, ауылшаруашылық күнгі мерекеде менің атым бәйгден келсін. Шәпкісін аспанға атып жүрген козелдің жерге ұрып, таптағанын көргім келеді.
– Сонда мен оның аттарына тосқауыл қоямын ба?
– Ол сенің проблемаң, кеттім, – қарқылдай күлген директор шыға жөнелді.
Кешке жақын ауданға ұстап әкеткен балаларды милиция әкеле жатыр деген хабарды естіген ауыл адамдары ауылдық кеңестің алдына жинала бастады. Сол топтың жанына қара «волга» келіп тоқтай қалды. Бұл генерал Сексенов болатын.
Протасов оған «өзің пісірген ботқаңды өзің аяғына дейін тауыс» деген. Сексенов аудандық ішкі істер бөліміне: «Таңертең ұсталғандарды босатып жібер» деп бұйыра салса да болатын еді, бірақ өз көзімен көріп, обком хатшысының айтқанын екі етпей орындағанын баяндау үшін өзі келген. Оның соңынан милицияның қорапты қара мәшіні де жетті. Одан таңертең әкеткен балалар түсіп жатқанда, үш жыл әскер қатарында болып келгендей-ақ ата-аналары құшақтап сүйіп жатқанда, мәшіннен шығып:
– Бір жолға кешірім жасадым, екінші рет бұлай болмайды, балаларыңды тәртіпке үйретіңдер! – деген генералға алғыстарын жаудырған жұрт жақындамақ еді, ол шегініп кетті. Басқаларды кие жарған Қапан шал қос қолын ұсына жақындағанда, генерал көрмеген болып есікті ашпаққа еңкейе берді.
– Қарағым, тамақ ішіп кет, сыбағаң дайын, – деген Қапанға:
– Сыбағамды асықпай беріп жіберсең де болады, қазір қызмет бабы, асығыспын, – деп мәшіннің есігін жауып алды.
– Қайырымды жан екен…
– Қайткенмен қазаққа іші бұрады ғой.
– Қатыны орыс болса да, «сыбағамды беріп жібер» деп қазақ жөнін де біліп тұр, басқалар мұрнын шүйірер еді.
Тұрғандардың осындай әңгімесін естіген Хамза ел алдында бедел жинаудың талай әдісі бар екен-ау деп ойлады.
Протасовтан құтқарған Милкинге Хамза жақсы атбегі тауып беріп, оның да бәйге алғанының куәсі болған. Ал Капан ағасы бұған жолығып қалғанда:
– Қарағым, қалаға бармайсың ба, Сексеновке сыбағасын беріп жіберейін деген едім, – деді аңқылдап.
– Аға, мені әлі пошта қызметіне ауыстырған жоқ, ауыстыра қалса, міндетті түрде апарып берем, күтіңіз, – деп Хамза жүріп кеткен. Шал аңырайып орнында тұрып қалды.
Міне, содан бері қаншама уақыт өтті, мұның қызметі өсіп, ауылдан ауданға басшы болып келді. Қалай басшылық жасап жатқанын обкомның бірінші хатшысы өзі келіп тексеремін деген соң, ерекше дайындық жасап, тосып тұр.
Қара «волга» келіп тоқтағанда, аудан шаруашылықтарының басшылары, партия комитетінің хатшылары Протасовты тік тұрып қарсы алып, киіз үйге Хамза бастап кіргізді. Кілем үстіне алыс жолдан шаршап келген бірінші хатшы демалып алсын деп көрпе жастық қойылған. Протасов шынтақтай беремін деп басын керегеге соғып алды. Арақ ішіп алғаны байқалып қалған соң, «орындық қоймаймысың» деп ашуланып Хамзаны жағынан салып қалды. Намысқа қызған Хамза да қарап қалмай, күректей алақанымен бетінен сүртіп жіберді. Үлкен бастықтың алдында кішіреюге жігіттік намысы жібермеген.
Протасов далаға бірінші атып шығып, қара «волгаға» отырды да, Зайсан ауданына жол тартты. Екінші Хамза шығып, ақ «волгаға» отырып, аудан орталығына кайтты.
Не болып, не қойғанын білмеген жұрт аң-таң. Аздан соң есін жинаған бірі:
– Әй, қонаққа деп әзірлеген асты тастап кетеміз бе, қонақтан түсірген – жаудан түсірген, өзіміз кірісейік, – деп бастаған жігітке бәрі қосылды. Сөйтіп, бұлар екі бастықтан айрылып, өздері жырғап қалды.
Мұның арты біраз шуға айналар деп күткен жұрт ештеңе болмағандай қызмет бабымен Хамзаның Алматыға ауысқанын естіді.
Хамзаның жалғыз ұлы Манарбектің де мектеп бітіретін кезі болып қалған. Таңдаған оқу орнына үйде жүріп емтихан тапсыратын болды деп Алматыға көшкендеріне Хамза мен Айша қуанды.
«Адамның басы – Алланың добы» дейді мұсылмандар. Ал «коммунистің басы – партияның добы» екенін Хамза Қазақстан Орталық партия комитеті оған Қызылордаға жолдама бергенде ғана түсінді. Бармаймын деп бас тартсаң, жүгенін сыпырып, бос жіберген аттай партбилетіңді алады да, босата салады. Бұдан соң жұмыс тауып көр, сотталып келгендерге жұмыс тауып беретін өкімет партиядан шыққандарға алапеске ұшырағандардан сақтанғандай маңайына жолатпайды. Сондықтан жан тәтті болса да, қатты жарлықты орындауың керек.
Манарбек Абай атындағы педагогикалық институтқа түскен соң, Хамза жұбайын ертіп, Қызылордаға тартты. Мұнда алғашқы келгенінде жақтырмаған кейбіреулер «шошқа етін жейтін шығыстан келіпті» деп сөз шығарғанымен, Хамза оған мән бермей, өз ісін жақсы біліп, сүйіп атқаратындығымен, кіммен де тіл табысатын бауырмалдығымен ел сыйлайтын азаматтардың біріне айналды.
Хамза өзінің шығыстан келген найман екенін ұмыта бастаған кезде, Алматыда идеологиялық хатшылардың семинары өтетін болып, соған барып қатысатындығына қуанып, үйіне келді.
– Мені Алматыға шақырды, – деді Хамза қуанышты хабарын жеткізіп.
– Не жұмыспен? – деді жұбайы.
– Семинар болады.
– Қуанған түріңе қарап, Қонаев саған орнын бергелі жатыр ма деп ойлап ем… – деп жұбайы шымшып алды.
– Сен осы қыршаңқы аттай қыңыр сөйлегеніңді қоймадың-ау.
Жұбайының неменеге ренжігенін түсінбей қалған.
– Мұнда мал жемейтін шөңге деген шөп бар екенін, балта өтпейтін, тоқпақтасаң, быт-шыты шығатын сексеуіл деген ағаш бар екенін жиырма жыл зерттеп білдік. Жететін шығар… «Шақырды» дегенге ел жаққа жібере ме деп дәмеленгенім жай нәрсе болды ғой деп Айша көңілдегі кірбеңін ақтара салды.
– Шыда, жаным, зейнеткерлікке қозы көш қана жер қалды. Сағынсаң, еңбек демалысыңды алып, барып қайт, – деп Айшаны жұбатқан Хамза өзінің де туған жерін сағынып жүргенін енді ғана сезгендей.
Қызылордадан кейін Хамза Алматыны мүлде тосырқап қалған екен. Қоңызша домаланған көп мәшіннен көзі сүрініп, көшеден өтудің өзі қиынға соққанымен, екі-үш күнде еті үйреніп, ескі достарымен жас кездегілерін еске алып, бір сарынды өмірден бұйығы тартқан көңілі серпілген Хамза біраз достарының басын қосып, мейрамханаға шақырды.
Мейрамханадан қызара бөртіп шыққан жігіттер осы тойғанымен тарқап кетпек еді, Бұғылыдан келген Кенжебек:
– Жігіттер, мен елден алып келген бұғының мүйізінен жасалған дәрі бар еді, – дегенде тұрғандардың бәрі елең етіп:
– Оны қайтадан еліңе алып кетуші ме едің, жүр саған кеттік, – деді Кенжебектің келісімін алмастан.
Олар әбден көңілденіп алған, біреуі бірдеңе айтса, баладай мәз болып қауқылдасып, Кенжебектің бөлмесіне кірді.
– Кәке, мынау сізге, жеңгеме жарамай жатсаң, көмектесер, – деп арақтың кішкентай шөлмегіне құйылған пантыны Хамзаға ұсынды.
– Жасы келіп қалған Кәкеңе бергенің дұрыс, ал бізге қайда? – деді біреуі.
– Сендердің әлі жауқазын қазатын кездерің емес пе, – деп күлді Кенжебек.
– Дәл солай, жаңа ғана Өсер баламды сағындым, шешесінде шаруам бар еді деп келе жатқан…
– Шаруа қамын ертеден ойлаған осынікі дұрыс, – деп барлығы ду күлді.
– Онда сендерге мынау тиесілі, – деп Кенжебек бір шөлмек коньякты столға қойды.
Сол кезде дембелше келген қараторы адам есіктен кіріп келе жатты. Ол бұл кім деп тосырқай қарағандарға күле дауыстап:
– О, бізге қонақтар келіп қалыпты ғой, барлығыңа сәлем! – деді. Қалтаңдаған қимылына қарағанда бұл да сау сиырдың боғы емес екені көрініп қалды.
– Ағай, келіңіз үстелге, бұл кісі ішкі істер басқармасында істейді, – деп Кенжебек таныстырғанда, Хамза:
– Астапыралла, бізді ұстауға келген жоқ па? – деді күліп. Қараторы кісі бұған одырая қарап қойды да, қойнынан бір шөлмегін шығарып:
– Жігіттер, танысқанымыз үшін, – деді алтын тістерін жарқыратып.
Той-думан енді басталды. Бір-біріне сөз бермей, қызыл кеңірдек қызды. Хамза ішіп алса, өзінің сүйіп айтатын:
«Атыңнан айналайын, Қарқаралы,
Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады», – деп Мәдидің әнін күркіреп бастап кетті.
Ән біткенде, қол соғып, қолпаштағандардың бірі:
– Мәди банды болған ғой, – деп білгішсінді.
– Банды болған жоқ, батыр болған.
– Онда неге қайта-қайта абақтыға түскен? – деп оған сынай қарады.
– Өзі батыр, өзі әнші сері жігіт бұрынғыдай кең даланы кезіп жүргісі келді. Бұл кедей өкіметінің саясатына қайшы еді. Оны банды деп түрмеге қамайды. Ол қашып кетеді. Ұстап қайта алып келеді де, «түрмеден қашты» деп орыс офицері «Енді қашып ешкімді мазаламайсың» деп есік алдынан сідік шаптырым шығарып, атып тастағанын көзімен көрген адамнан естігем. Әйтпесе, ол қайдағы банды, ақын емес пе, – деп түсіндірді Хамза өз білгенімен.
– Ақын банды болмайды деймісің, Шәкерім де банды болған.
– Қай Шәкерім?
– Шәкерім Құдайбердіұлын айтамын. Мен оны өз қолыммен атқанмын, – деп қараторы жігіт күпиіп шыға келді.
– Шәкерімді атқан Қарасартов сенбісің? – Хамза орнынан ұша тұрды.
– Тап солай, собственный персон, – деп кеудесін шұқыды, сонысын мақтаныш көретін сияқты.

Мүсілім Құмарбекұлы

(басы мамыр айыныңжиырма жетісінде жарияланған. Жалғасы бар).

Осы айдарда

Руханият

Ақмоншақ

Ақмоншақ

Хамза ат басын ауылға қарай бұрғанда, Ақмоншақ алға түсіп желе шоқытып, ұзап кетті де, иесін күтіп, шөп басын шалды. Манағыдай емес, қарны ашқанын енді ғана сезген жануар қарпи бастады.
«Құдай-ау, мал екеш малда да намыс болады екен-ау, оның жанында мен адам емеспін бе, адаммын…».
Ол ұзын сонар ой құшағына кетті…
Хамза соғыстан оралғанда, шаруашылық жұтаған, аш, жалаңаш адамдар жүдеген, қаншама шаңырақтың түтіні өшкен, тек ауылдың жанындағы пәниден бақиға көшкендердің мекені – бейіттің көлемі өскен.

Соған қарамастан мейірбан жандардың мейірімділігі оның жабырқау жанын жадыратып, соғыс қиындығына қарағанда шаруашылықтың жағдайын жақсартып, халықтың тұрмысын түзеу оп-оңай көрінген. Бірақ іске келгенде тым қиын болды.
Ұжымшардың жарғысы бойынша бастық сайланады, бірақ аудандық партия комитеті біреуді тағайындап алып келеді де: «мынаған дауыс беріңдер, кім қарсы, бірауыздан қабылданды» дейді. Оқыған, білімді, соғыс ардагері, коммунист Хамзаны бастық қоймағанда, аудандық партия комитеті кімді қойсын. Бұл бастық ретінде әр адаммен тіл тауып, науқандық жұмыстарға жұмылдыра білгендігінің арқасында алды жүріп, аудандағы озат шаруашылықтардың қатарына қосылды.
Хамзаның жадынан әлдеқашан шығып кеткен Ақмоншақ қыз алдынан шыға келгенде, бұл не істерін білмей, аңырайып тұрды да, тез есін жинап:
– Ақмоншақ, аманбысың, қалың қалай? – деп ескі танысын көргендей құшақтауға ұмтыла беріп еді:
– Мен Ақмоншақ емеспін, – деген қыз жігітті кеудесінен итермей, қымсына иілді.
– Қалайша Ақмоншақ емессің?! – деген Хамза құшақтағанның мезіретін жасап, қызға еңкейген қалпы зерттей қарады. «Байға тиген Ақмоншақ осы уақытқа дейін өзгермей қалуы мүмкін емес» деген ой қылаң бергенде, қыз алдындағы ұяты қысып, тілі күрмелді. Әйткенмен, қыздың ашық мінезі оны тұйықтан шығарды.
– Ағай, менің атым – Айша. Ақмоншақ деген менің туысым тұрмақ танысым да жоқ.
Қыз мінезі ашық екен, сықылықтай күлді.
– Менің атым – Хамза.
Ол сабаққа дайындалмаған мектеп оқушысындай желкесін қасып, күмілжіді.
– Сіздің атыңызды енді ғана естіп тұрмын, ешкім атамайды, бәрі «бастық бала келеді, бастық бала айтты» деп жатады. «Баласы» қандай деп жүрсем…
– Соқталдай жігіт пе екен, Ақмоншақ? – Хамза абдырап сөйледі.
– Мен Ақмоншақ емеспін, Айшамын дедім ғой сізге.
– Сен бәрібір Ақмоншақсың, – деді Хамза.
– Мен бәрібір Айшамын.
Мұның соңы әзілге айналып кетіп, әзілдің соңы көңіл жарастығын тудырып, Хамза мен Айша тұрмыс құрды. Бірақ көпке дейін балалары тоқтамады. Ауылдың сыпсыңсыз жүрмейтін желауыз әйелдері «пұшпағы қанамаған қатыннан егіз тапқан ешкі артық» дей бастаған кезде жалғыз ұлдары Манарбек дүниеге келіп, сұрқай тірліктеріне өң кірді.
Шаруашылығы өрге өрлеп, халықтың тұрмыс-тірлігі жақсара бастаған кезде, Хамза жоғары партия мектебіне сырттай оқуға түсті. Мұны ойдағыдай бітірген соң, облыстық партия комитеті оның еңбекқорлығын бағалап, Тарбағатай ауданына партия комитетінің бірінші хатшылығына жіберді.
Мұнда бұрынғыдай бір ғана шаруашылық емес, тұтас ауданды басқару алғашында оңайға соқпағанмен, жанашыр болар жақсы адамдардың көмегімен бұған да үйрене бастаған кезінде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Протасовтың өзі келіп, бұл басқарып отырған аудан жағдайымен толық танысатындығын хабарлады.
Бұл тексеріс жайдан жай емес, аудан домалақ арыз жазудан облыс бойынша бәйгеден дара келетін жүйріктей алдына жан түсіріп көрген емес. Орыс аралас тұратын Самар ауданынан жылына қырық хат түссе, таза қазақтар жайлаған Тарбағатайдан төрт мың хат түседі. Сондай бірдеңемен келе жатқанын түсінген аудан басшылары көл жағасына киіз үй тігіп, Протасовты қарсы алуға дайындалды.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында баласы орысша білетін қазақтар мақтанса, бұл кезде бесігінен орысша тәрбиеленген қазақтар бір-екі сөйлем құрап айтуға шамасы келген баласына «қазақша біледі» мақтануға жеткен. Ал орысша тәрбиеленген қазақ бастықтарының тасы өрге домалап тұрған.
Елуінші жылдары әлемге социализмді танытқан Сталин көсем орыстарға «Ұлы орыс халқы» деген баға берді.Тең деп жүрген одақтас республикалардан Ресей ағалық басымдыққа ие болды. Қазақ азаматы қанша мықты болса да, орынбасарлықтан аса алмады. Оның үстіне тың игеру кезінде қоныс аударып келгендердің басымдығы сондай, қазақ өз елінде азшылыққа айналды. «Орыс не айтады» деп жалтаңкөзге айналған қазақтардың әбден мүсіреген кезі. Қолынан іс келмейтін, қарақан басының қамын бірінші орынға қойып, өзінен жоғарының алдында құрша жорғалайтын пысықайлар бірінші бастыққа дейін көтерілгенімен, орыс орынбасарым жоғарыға жазып жібере ме деп, дұрыс ісіне күдіктене қарайтын. Шағым айтқандарға қазақ басшылары «Менің көмектескім келеді-ақ, бірақ анау көнбейді ғой» деп орыс бастығына сілтеме жасай салатын. Бұған қалай өкпелейсің?
Обком хатшысы Протасовты осы жаққа Мәскеудің өзі арнайы жіберген. Сүйеніші СОКП Орталық комитетінде болғандықтан, ешкімнен жасқанбай арақты атша ішетін. Оның шөлмекке жақындығы ел ішіне лезде тарап үлгерген, себебі, Өрелде өзен үстіне көпір салынып, оны ашуға обкомның бірінші хатшысының өзі барады.
Көпірдің үстінде тұрып сөз сөйлеп ашқан Протасов тұрған қалпында бір шөлмекті аузынан ішіп, шынысын өзенге лақтырып тастайды. Бұл көріністі жасырын фотосуретке түсіріп, Қазақстан Орталық партия комитетіне жібереді.
Орталық комитеттен тексеру келгенде, «кімнің тарысы піссе, соның тауығы болатын» жандайшаптар: «Шөлмекке толтырылған Өрел өзенінің суы болатын, біз сені бағындырдық деп, соны ішкен» деп Протасовты ақтап шықты. «Қыстың аязында өзеннен мұздай суды шөлмекпен алып қандай ақымақ ішеді?» деген сұраққа тексерушілер мән берген жоқ. Қой да аман, қасқыр да тоқ, жым-жырт қалды.
«Мұны істеген өзіңмен қызметі тең адам» деген Мәскеудің хабарынан кейін Протасов облыстық атқару комитетінің төрағасы Бесқараев деп ойлады, өйткені басқалар бұқпалайтын жерде бұған қарсылық білдіріп, бас көтеретін сол ғана еді. Оның не істеп, не тындырып жүргенін білу үшін өзіне бағынышты «обком қызметкері» деген атағын сақтап қалуға тырысып жүрген жағымпаз қызметкерлеріне арнайы тапсырма берген соң қайтсін, бір кебісті бір кебіске сұқпаса отыра алмайтын қазекең Бесқараевтың үстінен арызды қарша боратып, обкомның бюросында Протасов облаткомның төрағасын орнынан алып тастады.
Бұл сол кездегі Қазақстанды дүркіреткен жаңалық болды. Осыдан кейін Протасовқа қарсы келер пенде болмай, облысты әкесі мұраға тастап кеткен өз меншігіндей биледі. Қазақ басшыларына қырғидай тиіп, қолғаптай ауыстырды. «Хан», «бай» деген жалғауы бар жігіттердің атына «что за байские замашки» деп жиренішпен қараған соң, олар бұл жалғауды алып тастауға тырысты. Ең бірінші Кешухан «хан» дегенін алғызып тастады. Бұрын жолдастарымен қос қолдап сәлемдессе, есімі Кешу болып өзгергеннен кейін, сыңар қолын керенау ұсынатын қызметке көтерілді, одан соң дауысы мұрын қуысына тығылып, міңгірлеп, иек қаға салатын дәрежедегі қызметке қол жеткізді. Түйеше лекілдеп жүретін жігіттің енді қара мәшінге жеткенше қадамын сабырмен санап басатыны ешкімді таңдандырмады.
Осындай билігі жүріп тұрған обкомның бірінші хатшысы Протасовқа барып, қалай кешірім сұрарын білмей Хамзаның қиналғаны әлі күнге есінде.
…Тып-тыныш ауыл қырғи тиген тауықтай шу ете түсті. Қаптаған милиция қызметкерлері ауылдық кеңестің маңына жиналып қалған. Сөйткенше облыстық ішкі істер бөлімінің бастығы, милиция генералы Сексеновтің өзі де келіп қалды. Оған кім хабарлады, неге жылдамдатып жеткеніне ешкім мән берген жоқ. Генерал қойша иіріп қойған ауылдың балаларын шолып өтіп:
– Кім төбелесті бастаған? – деді ақырып.
– Біз емес, төбелесті бастаған олар, – деді өжеттеу бала сеніммен.
– Иттің баласы, пәлеңді кімге жаппақсың? – деп генерал оған ұратындай ұмсынып еді, дайын тұрған милиционер баланың желкесінен бүре ұстап оның тура алдына қойды.
– Кімді ұрғаныңды білесің бе?
– Мен оны ұрғам жоқ. Өзі мас, жығылып-сүрініп құлап жүрген.
– Ол – жығылып-сүрінетін маскүнем емес, аса құрметті Протасовтың ұлы. Түлен түрткен ешкі қойшының таяғына сүйкенеді дегендей, кімге соқтыққандарыңды білмейді екенсіңдер. Көздеріңе көк шыбын үймелетіп, түрмеде шірігенде білесіңдер! – деп қатуланған генерал барлығын ауданға апарып, жауып тастауға бұйырды да, мәшіндегі телефонын алып, барлығы реттелгенін баяндаған соң, жүріп кетті.
Ауылдың балаларынан таяқ жеген Протасовтың наркоман баласы түнде обкомның кезекшіліктегі мәшінін шақыртып, Өскеменге қайтып кеткен. Болған жайды ол әкесінің досы генералға хабарлаған. Генерал Ұланның милиция қызметкерлерін аяғынан тік тұрғызған. Олар төбелеске қатысы бар-жоғына қарамай, қолдарына түскеннің бәрін таң атпай жинап үлгерген.
Генералдың бұйрығы орындалмай қалушы ма еді, ел ішінде «қара құзғын» атанған мәшінге тиеп, балаларды ауданға алып кетті.
Балалар төбелесінен бейхабар Хамза кеңсеге кіріп еді, іле-шала аптығып Қапан ақсақал жетті.
– Ассалаумағалейкум, аға. Өрт сөндіргенсіз бе? – деді бұл таңырқап.
– Құдай атты мені, сорлап қалдым, сорлап…
– Не болды соғұрша?
– Қартайғанда көрген жалғыз ұлды түрмеге алып кетті.
– Ол не істеп қойды?
– Облыстағы ең мықты Протасов деген бар екен ғой. Соның баласын осы ауылдың балалары сабап тастапты. Ішінде қартайғанда көрген менің жалғызым да бар екен…
– Обком хатшысының баласы мұнда не істеп жүр?
– Суденттермен келіпті. Сен көмектеспесең, басқа ешкімнен қайыр жоқ.
– Ол қажет десе, мені де орнымнан алып тастай алады. Одан қалай кешірім сұрап барам? – деп Хамзаның өзі де таңданып қалды.
– Әй, етің тірі жігітсің ғой, бір жолын табасың. Мен саған сенем. Әйтпесе қырманның күзетшісін кім тыңдайды. Мені босағасынан қаратпайды.
– Апыр-ай, мынауыңыз қиын болды-ау…
– Сөйт, әкем, – деді Қапан оның келіскен-келіспегенінде шаруасы жоқ. – Мен үйге барып, апаңды жұбатайын, аңырап отырған шығар.
Хамза мына жайға не істей аламын деп ойланып отырғанында, есіктен:
– Рұқсат ететін шығарсың, – деп «Алтай» кеңшарының директоры Милкин кіріп келе жатқанын көріп, Хамза қуана орнынан атып тұрып, оған қарсы жүрді.
– Жел жоқ еді ғой, қай құдай айдап әкелді, Алексей Иваныч, саламатсыз ба?
– Ешкінің баласы немерелі болып, соған барып едім, қайтар жолда саған соға кетейін деп… – Милкин «ешкінің баласы» деп «Жеңіс» ұжымшарының бастығы Козловты айтып тұрғанын біледі. Қазақтарға солай дейді де, орыстарға «Наш козел» деп құрдастықпен таныстырады.
– Келгеніңіз жақсы болды, – деген Хамзаға қулана қараған директор:
– Немене, сенің де басың ауырып тұр ма? – деді жымиып.
– Бас жазу оңай емес пе, одан қиындау жағдай болып тұрғаны.
– Ең қиын бас жазу емес пе? «Гитлер қолыңа түссе, не істейсің?» дегенде, сенің бір атаң: «Жалғыз сиырды сатып, ақшасына түгелдей арақ алып, Гитлерге ішкізер едім де, ертеңінде бір ұрттам арақ бермей қояр едім» дегені есіңде жоқ па?
– Мен шынында қиналып тұрсам, Алексей Иваныч, мені мазақ қылғаныңыз не? – деді Хамза сабыр сақтап.
– Немене, ойнастан ұсталып қалдың ба? – деп тағы да қушыкештігіне бақты.
– Ой, сіз…
– Ой, немене бет моншағың үзіліп, «сіз», «біз» деп қалдың. Айтпаймысың жөндеп, «түзейміз, түзетеміз, түзету үшін жүрміз» деген партиялық уәдені ұмытып қалдың ба?
– Үйге барайықшы…
– Үйде бала-шағаның несібесіне ортақ болып қайтеміз. Асханаңа телефон шал, жетеді, – деп Милкин өзінің кесімді сөзін айтқан соң, Хамза қарсылық білдіре алмады.

Мүсілім Құмарбекұлы

(Жалғасы. Басы сайтта 13, 20 мамырда жарияланды. Жалғасы бар).

Осы айдарда

Руханият

Ақмоншақ

Ақмоншақ

– Арқасын алақаныңмен қағып-қағып қой, жел көтеріп кетпесін, – деп нұсқауын айтқан қарт: – Нағашың қалай екен? – деп сұрады.
– Тоқсаннан асқан шалды қалай деріңіз бар ма? – деп күлді Манарбек. – «Ата, халіңіз қалай?» деп сұрасам, «Сені көріп халім жақсарып қалды, бірақ келіннің күткені – шошқаның түрткені деген емес пе, әйтеуір шықпаған жан отырмыз ғой» деген соң «Ой, әлі-ақ жүзге келесіз, отыра беріңіз» десем: «Жиен ел болмас деген рас-ау, бір-екі жылда жүзіңе де сәлем берем, жүзден әрі қарай санамай, өле бер дегенің бе? Нағашыңа он-он бес жылды қимағаның өкінішті» дегенде сасқанымнан: «Өй, нағашы, мені құдай екен деп қалдың ба, мен жиеніңмін, жасты құдай береді, оның берген жасын жасай бер, мен тілеулесің болайын» дегенімде қарқылдай күліп, «Бәсе, менің жиенім сөз іздеп қалтасына қол салмаса керек еді» деді.

– Нағашы жұртың – сыншы деген емес пе, кәрі күшіген іліп қалам ба деген ғой. – Хамза ұлына разылық жымиысын көрсетті.
– Осы атамды баладай күтем, сонда айтып отырғанын көқрмеймісің, – деп Мәруәш жеңгем «шошқаның түрткені» дегенге ренжіп қалды.
– Е, келіні қанша күтсе де, кемпіріндей болмайды ғой. Сенің шешең «тастап кетемін» десе мен неге пұшайман қалыпқа түсемін. Басқа біреуге кетіп қалады деп қорқады деймісің, жетпістегі шал қыз алады, жетпістегі кемпірді кім алады? Ол о дүниеге менен бұрын кетіп қаламын дегені. Оның артында қауқиып мен қалғанда не бітірем?
– Өзім күтем, әке.
– «Өзім күтем» деген талай баланың әкесін аттандырып жүрмін ғой, тек, шешең аман болсын, күтім сонда, – деген қарт әңгімені қысқа қайырды. – Жүр үйге, шай ішейік.
Ақмоншақ қолдан босаса да кетуге асықпай керіліп-созылып біраз тұрды. Жалтаңдап есік жаққа қарап қояды, бірақ одан ешкім шығып бұған тәтті ұсына қоймаған соң керенау қозғалып, көктікке барды да аунады. Аунап болған соң төсектен тұрғысы келмген ерке баладай аяқтарын созып жіберіп қыбырсыз жатты. Бір кезде атып тұрып, дүр сілкінді. Жал-құйрығы таралып, жылқы өз сәніне келгендей болғанда Қымыздықсайға қарай желе шоқытып бара жатты. Содан қыр басына шыққан ақбоз мойнын сәл иген қалпында сілейіп тұрды, қозғалмайтын тас мүсінге айналып кеткендей.
– Ақмоншақ тау басында қозғалмай тұр, болдыратындай мен қатты жүргем жоқ, әлде жусаған түрі ме? – деді Манарбек.
– Солай да шығар, бірақ сен ол жақта айғырлармен таласқанын көрген жоқсың ба? – деп әкесі оған күле қарады.
– Мен айғыр таластырып, әтеш төбелестіретін бала ма екем, қызықсың, әкей, – деп баласы қомпылдап қалды.
– Мана көзі шатынап, маған қарағысы келмегенін байқасам да, мән бермеген едім, – деп Хамза баласының сөзін естімегендей өз алдына сөйлеп кетті. – Сен қамшымен орынсыз ұрған боларсың…
– Ұрғам жоқ, жүрдек атты неменеге сабалаймын, атқа қамшы салмаса, оны неменеге ұстайды? – деп Манарбек әкесіне өкпелей тіл қатты. – Ә, ұмытып барады екем ғой, жолда бір бура кездесіп…
– Не дейді?! Бұл маңдағы түйені Хрущевтің жарлығымен баяғыда құртқанбыз, сен не оттап тұрсың? – деп шал дүрсе қоя берді.
– Апыр-ау, мен көргенімді айтып тұрмын. Жолда бір бура Ақмоншақтың құйрығынан крандай көтеріп тоңқайтқанда, мен құлап қала жаздап, әрең құтылдым.
– Ана байғұс соған ішқұста болып тұр екен ғой… Қайдан келген бура?
– Қайдан келгенін мен қайдан білем, түйе өсірген шаруашылықтардың бірінен қағынып қаңғып жүрген бірдеңе шығар. «Ішқұста» болатын атыңда адамның миы бар ма?
– Сол жануар сенен ақылды ма деймін. «Көрмес түйені көрмес» деген рас-ау, ат-матыңмен құлатқанша қайда қарағансың?
– Көргем жоқ, – көрмеген нәрсесін қалай көрдім десін, әкесіне қырындай қарап, оның жанынан қашықтауға тырысты.
– Қалай шешеңе тартқансың. Қолы қалтаңдап, ол байғұс шыныаяқты түсіріп сындырып алады да, «көргем жоқ» деп шыға келеді. Артынан «кім сындырған?» деп сұрайтынын кайтерсің.
– Қартайған шал қазымыр болады деген рас па, әкей? – Әке сөзін жақтырмаған бала шымшыма сұрағыма қалай жауап береді дегендей әкесіне сынай қараған:
– Қартайғанда «қара бас» әкең болады деуші еді, сол рас қой деймін… – деген әке сөзінен «балаң ақылшы болады» дегенді ұққан Манарбек:
– Жеңілдім, әке, жеңілдім, – деді күліп.
– Сенің жеңетін күнің алда, – деп алдарқата күліп қарт үйге кіріп бара жатты.
«Ішқұста болып тұр» деген әке сөзі есінен кетпеген Манарбек таң атар-атпаста Ақмоншақты іздеді. Жынданған қасқырдың тісі малға тисе, сол мал да жынданады дегенді естуі бар Манарбек айдалада қаңғып жүрген бура табиғи қаюы келгендіктен емес, құтырған қасқырдың тісі тиіп, жынданып жүрсе, Ақмоншақ та аман қалмайды, жынданар деген күдікпен іздеген. Ауыл жылқыларының арасында жоқ, осы маңда жайылар деген жердің бәрін шолғындаған соң, әкесіне келіп:
– Ақмоншақ жылқы ішінде жоқ, – деді.
– Сен қашаннан бері бақташылыққа шығып, мал іздейтін болғансың, – деп әкесі оған әжуалай сығырайды. – Ауданға барамын деп жүргенің қайда? Салт барайын деп пе едің?
– Жоға да. Атқа мінем деп қажалған тақымым ашыған соң, май жағып шалбарымды әрең кидім. Қазір ауданға мәшінмен кетем.
– Сен кетпей тұрғанда, Жұмабектің атын сұрап, ерттеп әкел. Бермесе, кепкен ауыз бір аяқ қымызсыз қалады. Торы биені байлаудан босатып, мініп кетем, ұқтың ба?
– Қайда барасың? – деді ұлы аттың неге керек екенін түсінбей.
– Қатын іздейді деп тұрсың ба, ақбозды іздеймін.
– Түсіндім, әкей, қазір айтқаныңды істеймін, – деп Манарбек шыға жөнелді.
…Ақмоншақ бураның келе жатқанын сезгенімен, қауіптенбеген, өйткені осы уақытқа дейін жанына бататындай ешкім ештеңе істеген емес, бір үйдің ерке баласындай мәпелеумен өсті. Бураның тісі құйрығына тигенде, тұщы етіне ащы таяқ тиген баладай құсталанғанымен, иесінің ырқына бағынып, қашып құтылды. Ашу қысқан Ақмоншақ ауыздығын қашырлата шайнап, бураның қай маңда қалғанын бақылап келе жатқанын иесі қайдан білсін, күбір-күбір сөзінен оның бұған көңілі толмағанын түйсінді. Көзі қанталап шатынағанымен, иесін айдалаға тастап кете алмай, оның ырқына бағынды.
Иесі ерін алып, босатқаннан кейін, Ақмоншақ сауыр жағынан шығып тұрған бураның иісін кетірмек болып, көктікке тәуір-ақ аунады, бірақ кетер емес. Содан ол қырға шығып желдеп тұрды, бірақ сол иіс түйтігін шабақтады. Шоқырақтап сәл шапқанда, қонақ болған ауылда мұны қашып кетер деп далаға жібермей, ақ сұлыны алдына төгіп қойып еді, іші қорқылдап әлі де қорытылмағанын байқаған соң, нәр татпай сұлық тұрды.
Мұның құйрығынан тістеп қопаң еткізген мақұлықтың оңай жау еместігін бұл бірден байқаған. Бураны іздеп бармасына болмайды. Тып-тыныш айдалада келе жатқан бұған неге әлімжеттік жасамақ болды? Үйірге таласатын өз тұқмынан мүлде өзгеше, бұрын тіпті де кездескен емес. Өзіне тепіреш көрсетпек болған немеге бұл өз тегеурінін көлденең тартпаса, үйірден қуылып, қай жағымнан айғыр келіп қалады деп жалтаңдаумен күн өткізетін сәурік сияқты жалтаңкөз тірлікке көшетіндей. Ондай болғысы келмеген өр кеуде өрлігін сақтап, түйсігі түртпектеп, айқасқа итермелейді.
Ақмоншақ түні бойы қыбыр етпей, сілейіп тұрды. Таң құлан иектенгенде ғана салбыраған мойнын тіктеп басын көтерді. Орнынан қозғалып, екі-үш аттаған соң, дүр сілкінді, марғау тартқан денесін ширатып, ұйқысын ашпақ болған шығар. Кешегі ақ сұлыны көмейлеткеннен, мешел баланың шермеңдеген ішіндей салпиған қарыны да тартылып, оқтаудай болып қалғаны өзін-өзі жаратқанының нәтижесі болар.
Мойнын бұрып, арқасын қасыған жануардың есіне бірдеңе түскендей бірден бойын жиып, күн шығар жаққа шатынаған көзін қадаған Ақмоншақ жүрісін адымдап бастады, содан кейін біраз шоқырақтап, жазыққа түскен соң, түлкі қуған тазыдай құйрығын шанши серпіп көсіліп кетті. Тасырқамасқа тағалаған тағадан шаң емес, қара жердің құйқасын күрекпен қазғандай ойып-ойып лақтырып барады.
Жалғызтастың бауырына жеткенде ғана қарқынын жоғалтып, бәсеңдей берді. Қыраттың қырқасына шыққан соң тоқтап, осы мен дұрыс келе жатырмын ба дегендей жан- жағына қарады. Бұдан соң қазмойнын созып көсіліп жатқан Сарыөзектің жазығына көз жіберді. Маң даланың жасыл тіршілігін көлегейлеген сарғыш селеуі мен сазарған түрінен басқа ештеңе көзіне шалынбады.
Аптығып жеткенде, алапат күштің иесі әптігін басып тастамас үшін, шаршамай барудың қажеттігін түйсінгендей аяңға көшті. Құлағының түбі мен қолтығын тер жауып еді, басылған соң денесі жеңілдеп, ойнақы қалыпқа көшкендей. Сонда да асықпай аяңдап жазыққа бойлай енді. Жегісі келмесе де, кейде шөп басын шалған болады, еріккеннің ермегі тәрізді.
Ақмоншақ діттеген жеріне жетіп қалғанын байқап, бірден бойын жинады.
Сарыөзектің кең жазығын кесіп өтетін өзен болған, бірақ ғасырлар бойы аққан судың да құрдымға айналар кезі жетіп, өзеннің арнасы ғана қалған, жазғытұрым қар суымен жан бітеді де, жаз бойы ернеуі кеберсіп, қаңсып жатады. Соның жарқабағында тұрған бураны көрген Ақмоншақ денесін тіктеп, жүрісін ширатты.
Бура да мұны алыстан байқаса керек, шөккен қалпында иір мойнын жыланша бұрып қараған соң тура өзіне келе жатқанын сезгендей, аунап-аунап алды да, орнынан ширақ тұрды. Содан кейін артқы аяқтарын талтайтып, алдыңғы аяқтарын жинап, артқы аяққа жақындатқан соң, желкесін өркешіне тигізе үйкеледі де, күркіреп аппақ жынын бұрқыратты. Шолақ құйрығы шолтаң-шолтаң шабын сабалап, тыным таппайды.
Әудем жер қалғанда, Ақмоншақ ойқастай тоқтады. Бура да шабынғанын қойып, атқа бүйірін тосып көлденеңдей берді. Ол мойнын бұрмағанмен, ақбоздың қимылын жіті бақылап, қалт жібермейді.
Келсең кел деп тұрған бурадан енді тайсақтаудың қажеті жоқтығын түйсінген ақбоз көлденеңдеп тұрған бураны қағып өтердей құйындата жөнелді. Бура да тапыраңдап желмей, қарсыласына атша шапши шапты, ұзын мойын жерге тірелердей созылған. Бір-біріне бетпе-бет соғылуға таяй бергенде, ақбоз жалт беріп, жанынан өте берген бураны қосаяқтап тепті. Бура да жалт бұрылғанда, ұзын мойны мұның бөксесіне тиіп, бұрып тастады. Ширақ та шалт қимылдың қажеттігін түйсінген жылқы басқа айғырлармен таласқандағы әдісіне бағып, желкесінен алып еді, өзін шалқасынан түсіре жаздаған соң ытқып кетті. Сонда қабырғасына бураның майтабаны серіппесіз тисе де, жанын көзіне көрсетті. Қатты серпінмен тисе, мұның қабырғасын күйретеді екен.
Ойқы-шойқы жаратылған мына мақұлық сырт көзге керенау қозғалыстың иесі сияқты көрінгенімен, шапшаң қимылдайды екен, ақбозбен арпалысып, даланың ойран- топырын шығарды. Содан кейін шаршады ма, шабуылдаудың оңтайлы сәтін іздеді ме, әйтеуір, шабынып, орнында тұрып алып, ойқастаған атпен бірге ұршықша үйірілді. Мұның да өз жоспары бар екен, ақырын-ақырын шегіншектеп, айнала шауып шабуылдап жүрген ақбоздың жарқабақ жағын тарылтып келеді. Оңтайлы сәт келді-ау деген кезде, шабынған бура алдыңғы аяқтарын талтайған артқы аяқтардың ортасына жақындастырып, жолбарыстай атылуға әзірленді.
Ақмоншақ түйенің мына қылығын түсінбегенмен, түйтігімен бір қауіпті түйсінді. Жалт беріп қашқақтай теуіп тепкілеп жүргенде, жардың жағасына келіп қалғанын байқамапты. Бураның ойы да мұны жарға жығу екен. Атыла ағындап келіп кеудесімен қақпақ болғанда, ақбоз лақтай секіріп кетті де, тосқауыл болар ештеңе жоқ, бура екпінімен жарға домалады. Қиыр-шиыр мойын ауыр дененің астында қалып тырп етуге шамасы келмеді.
Ақмоншақ құлаған бураның жанына келіп, қайрылып қалған басын иіскелеп байқаған соң, оның басын алдыңғы аяғымен шөп тебіндегендей тарпып-тарпып көрді. Бура қыбыр етпеген соң, екі аяғымен кезек-кезек басып байқастап көрді.
Екеуінің айқасын қиырдан көзі шалған Хамза астындағы шабдарды борбайлай қамшылап, ақсүмек қылып жеткенде, бураның басын мыжып тұрған Ақмоншақты көріп, көңілі жайланған соң:
– Өй, хайуан, мұның не? – деген Хамзаның дауысын естігенде, Ақмоншақ бірдеңені бүлдірген баладай жасқанып, әрі қарай кетіп қалып, бұған мойнын бұрды. Иесінің дауысынан ренішті байқамаған ол Хамзаға жақындады. Ол болса бұған:
– «Өлген бураның басынан тірі атан қорқады» дегенді сен білмейсің ғой. Білмеген соң оны өлтіріп тындың. Ол сені өлтіре ме деп қауіптеніп едім. Сені өлтірсе, оның бас сүйегін мылжалайын деп тақымыма мына шоқпарды қыстырып келіп едім, – деп Хамза Ақмоншақ түсінетіндей сөйлеп, тақымынан суырып кемпірінің насыбай үгетін шоқпарын көрсетті. – Сен, антұрған, қарап жүрмей, бір түйенің құнын менің мойныма жүктедің. Иесі келіп қалса, даудың көкесі басталады. Түс алға, кеттік…

Мүсілім Құмарбекұлы
(Басы cайтта 13 мамырда жарияланды. Жалғасы бар)

Осы айдарда

Руханият

Ақмоншақ

Ақмоншақ

Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Дидар» газетінде ұзақ уақыт қызмет атқарған ардагер әріптесіміз Мүсілім Құмарбекұлының әдеби шығармаларын жұрт сағынып қалған болар. Сексенге жасы таяған қаламгердің сиясы кеппеген «Ақмоншақ» атты хикаятынан үзінді ұсынып отырмыз.
Редакция.

Шәмшаның күйеуі Жұмабекті ауылдастары Жұмаш деп атап кеткен. Ол есік алдына келіп дауыстағанда үйінен шыққан Хамза сасқалақтап:
– Өй, Жүке, мұның не? – деді.
– Бурыл биеңді қасқыр жеп кетіпті. Мынаның қалай тірі қалғанын білмеймін, қара азбанның бауырында тығылып тұр екен, атқа өңгеріп, өзіңе алып келдім. Алсаңшы енді… Жұмаштың алдына өңгерген құлынына қарап, не істерін білмей көзі алақтап тұрған Хамза енді ғана түсіру керектігін түсініп:
– Тірі ме өзі? – деп құлынды көтеріп алуға ыңғайлана берді.
– Өлген құлынды сонау жақтан сүйреп келетіндей маған не жетті, – деп Жұмаш күле сөйледі. – «Ат тұяғын тай басар», ертең-ақ бурылдың орнын басады.
Хамза құлынды жерге қоймақ еді, тәлтіректеген құлын жығылуға айналған соң ұстай алды. Сол кезде жүгіріп Алмаш есіктен шықты. Бұл – Хамзаның жалғыз ұлы Манарбектің қызы, немерелері болғанмен кемпір мен шал өздерінің меншігіне иеленген. «Кімнің баласысың?» деп сұрағандарға жайшылықта «ата» дегенімен «Хамза әкейдің баласымын» деп жауап береді. Өліп-өліп өлім сарқытындай болып қалған жалғыз ұлдары Манарбектен де қызғанатындығын қайтерсің.
Бірдеңеден құр қалғандай самбырлай сөйлеп:
– Немене дабырлап жатырсыңдар, – деп Хамзаның кемпірі Айша да үйден шықты, – Ее, бие құлындаған екен ғой, енесі қайда? – Ол жан-жағына алақтай қарап биені көре алмаған.
– Енесін қасқыр жеп кетті, – деді Жұмаш қысқа қайырып..
– А, не дейді? – Ол шошына дауыстап Қымыздықсай жаққа қарады, қасқырлар сол жақтан қарап тұрғандай. – Біздің шалдың малға қыры жоқ, «Жоғалтып мал іздеме, жиі көзде» дегенді бұл білмейді. «Шай қойдың ба» деп айналып менің жанымнан шықпаған жанның малын қасқыр жемегенде кімдікін жесін, – деп күңкілдей бастаған кемпіріне жақтырмай қараған шалынан сескенгендей: – басы аманның малы түгел, балалар аман болсын, садақа берер молда да қалмады… Садақа болсын, – деп кемпір бетін сипай салды.
Жұмаш кетуге ығайланғанда үйге кіріп дәм ауыз тиюге шақарып еді, ол рақыметін айтып, атының басын өз үйіне қарай бұрды.
Үйге кіргізгенде де дірілдеп тұрған құлынның жанына келген Алмаш оның әлі кеппеген су денесін орамалмен сипалай сүртіп:
– Бұл менің атым бола ма? – деп атасына қарады.
– Сенің атың болмағанда, кімдікі болушы еді, – деді шалынан бұрын жауап берген апасы.
– Мұның атын «Ақмоншақ» қоямын.
– Бұл еркек құлын ғой, басқаша ат қойсаңшы, – деді құлынның жынысына да қарап үлгірген малсақ кемпір немересіне күліп
– Ол қыздың атын қойдың деп ренжитін адам емес, аппақ қалпында моншақтай емес пе… – деді Алмаш.
– Жарайсың, қызым, сенікі дұрыс! – деп құптады Хамза қарқылдай күліп. – Ақмоншақ…
«Ақмоншақ» есімі Хамзаны тым алыста бұлдыр-бұлдыр елесі қалған жастық шағына жетелеп кеткен…
Ақмоншақ шынында да мөлдіреген аппақ моншақтай қыздың сұлуы еді-ау. Бұл жанында жүріп оның сұлулығын байқамапты. Байқаған кезінде кеш қалғанын білді. Ауылдың көгалынан көбелек қуып, бірге өскен қызбен араларында айтылмайтын сыр болмайтын. Бұл қыз өзімнен бұрын бойжетіп қалады-ау деген Хамзаның кәперіне кіріп-шыққан емес. Дос көңілін ардақ тұтқан Хамза Ақмоншақпен махаббат, сүйіспеншілік туралы сыр ақтарып сөйлескен емес. Кейінгі кезде көкірегінде бір жылы сезім оянып, жанын қытықтағанда жүрегі лүпілдеп, ұяты бетіне теуіп, қызарып шыға келетін. Мұнысын қызға сездірмей, іштей өзіне ғана меншіктеп, басқалардан оны қызғанып, қызғыштай қоритын. Осы бір күні тұрмысқа шығуы керек қой, ол қашан болады, кімге шығады деген нәрсеге ой жүгіртіп көрмепті.
«Ақмоншақ тұрмысқа шығып кетіпті» – дегенде ашық күнде төбесінде жасын жарқылдағандай аңырайып қалды. Сілейіп қанша тұрғаны есінде жоқ:
– Кімге? – деді сыбырлап қана, дауысы қатты шықса маңайындағылар жекіп қалатындай жасқаншақтап.
– Немене, естімеп пе едің, Құсайынға, – деген дауыс құлағына еміс-еміс жеткендей болды.
Бойы бұзау қазықтан аспайтын Құсайынды бірер иткөйлекті бұрын тоздырғанына қарамастан, құрдастарындай «Тәйпақ» деп атап кеткен. Ол бұл екеуін көргенде «Ару қызым Ақмоншақпысың, сендей қыздың алар ем он шақтысын» дейтін қарқылдай күліп. «Өй, жынды кетші өзің» деп одан қашқалақтаған қыз Хамзаның бауырына тығылатын. «Мазақтағаныңды қоймасаң, мынамен үтіктеп, мұрыныңның бар екенін ұмыттырам!» деп Хамза шоқпардай жұдырығын көрсеткенде: «Аузында әзілі жоқтың – қолында шоқпары» деген рас-ау. Мен әншейін, «байдың тәттісін» бөлісіп жесек дегендікпен айтқам, кеттім, ойбай» – деп домаланып жөнелетін.
«Байдың тәттісі» деп байдың қызы екенін айтып тұрғанын Ақмоншақ біліп, тыжырынғанмен сөзге мән бермейтін Хамза ыржиып күле салады.
Ауыл жастарының белсендісі болып, комсомолға өткеннен кейін оның «Тәйпақ» аты ұмытылып, Құсайын белсенді атала бастады. Оқығаны аз болғанымен тоқығаны мол, қалай өмір сүру керектігін жылдам аңғаратын Құсайын жиналысқа деп ауданға жиі-жиі барып жүрді де ақыры сонда қызметке қалып қойды. Біраз уақыт өткен соң Құсайын милиционер болыпты деген хабар тарады. Бұл кезде ауылдағылар оның не қызмет екенін де білмейтін. Оны түсіндіретін нәубет жылдар келе жатқанын кейін жандары қиналғанда сезініп өкінеді-ау…
Басқа емес, Тәйпақтың Ақмоншақты алып кеткеніне іші күйген Хамза «байдың тәттісі» деген Құсайынның сөз мәнін енді түсінгендей. Ақмоншақтың әкесі Қайса кедей болғанмен Мәрсек баймен аталастығын себеп қылып, ірі байларды кәмпескелегенде біраз әуреге салған. Содан кейін жайына қалдырып еді, сонда да осының бір қайырып соғары болар деген күдікпен Қайса қызын Оспан деген кедей інісінің атына жазғызған. Мұны Тәйпақ жақсы біледі.
Соңғы кездері «қой терісін жамылған қасқырларды» анықтау науқаны басталып, ауыл-ауылдан адамдар жауапқа тартылып, елден аластатылып, ақ аюдың қонысын іздетіп, сапарға аттандырды. Құсайын осыны пайдаланып, Ақмоншақты өзіне көндіргені сөзсіз. «Есік көргенді алма, бесік көргенді ал» дейтін дәстүрдің қаймағы бұзылмай тұрған кезінде Хамза Ақмоншақты Құсайыннан қайырып алайын деп ойлаған емес.
Сілейіп біраз тұрған соң, Хамза жын қаққандай тұра жүгірді. Ешкім оны тоқтатайын демесе де иттен қашқан қояндай зымырады. Ол Қымыздықсайға жеткенде ғана екпінін жоғалтып, қалт тоқтады. Көзінен жас сорғалап айналасын аңдатпағанын сонда ғана аңғарды. Ол Ақмоншақпен бірге отыратын тастың қуысына келіп шөкелей кетті де бақырып жылай бастады, сөйлеп те жатыр, былдырлағанын тыңдаған біреу болса, ештеңе ұқпас еді.
Ештеңені байқатпаған балалықтың сағым жылдары өте шықты да Хамза осы көз жасымен жігіттік дәуреннің ақ босағасын аттады.

* * *
Биыл көктем ерте келді. Салқар дала айқара жамылған ақ көрпесін серпіп тастап, етек-жеңін кеңге салып көсіліп жатыр. Сонау қиырда өркештенген таулардың қойнауына тығылған қардың қыстағы аппақ түсі солғындап, күн өткен сайын қуыс-қуысқа тығылып кішірейіп барады. Ала шапан жамылған атырап көгала мұнарға бөгіп, көкжиекпен астасып алған.
Аттың митыңдаған аяңымен сол көкжиекке көмкерілген ауылға тез жетуге асығудың қажеті жоқтығын байқаған Манарбек ат үстінде ұйқылы-ояу мүлгіп келеді.
Манарбек «Талапты» ұжымшарындағы нағашысының көңілін сұрауға барған. Кәрі кісінің ыңқыл-сыңқылы қалған ба, қазір пәни дүниенің қызығын күйттесе, сәлден соң бақиға кететіндей қоштаса бастайды. Көңіл сұраған көңілге жақсы, барғанына өкінген жоқ. Тек, тақымын таралғы қажай бастағанда нағашысына өкпелеп, «тау ішіне тығылмай, жазық жердегі ауылдарға қоңсы қонса несі кететін еді», деп салтатпен келгеніне реніш білдіреді. Мәшінмен сүт пісірімде жететін жер, бірақ тау жолы дөңгелекті көлікті менсінбейді. Сондықтан Манарбек көлігін тастап атқа мінгенде әкесі:
– Әй, бұл шалқайып жататын төрт дөңгелекті көлік емес, төрт аяқты мал, байқап жүр, бір жерде үркіп кетіп… – деп ескерткен.
– Әкей, мен ат құлағында ойнап өскен қазақтың баласы емеспін бе, оның үстіне қолым ат жалына тисе айрылмайтын Алмаш құрлы шамам бар шығар. – Ол қарқылдай күлген.
– Өй, жаман, менің қызымды мазақтайсың, ә, – деп жымың етті Хамза. – Көптен мінбеген соң тосырқап қалған шығарсың деп айтып жатқаным ғой.
Мұның қалай атқа мінгенін көрген әкесі:
– Шоқыншы болып кеткен, түге. Қазақ ердің қасынан емес, аттың жалынан тартып мінеді, – деп теріс айналды.
– Бәрібір емес пе, – деп жақтырмаған ұлы жүріп кеткен…
Міне, Манарбек ауылға қайтып келеді, қатты жүрсе өзіне жайсыз, ақырын жүрсе өнбейді, іші пысып әрең келеді.
Кенет құйрығы қопаң еткен ат етбетінен түсердей сүрініп кеткенде Манарбек құлап қала жаздады. Ол әрең түзеліп артына мойнын бұрғанда басын көбік басқан бураның ұмтылып келе жатқанын байқап, атына қамшы басты. Ақбоз сағымдай сырғанап, маң даланың апшысын қуырып, жел тұрғызғанда жігітің көзінен жас парлады. Әлден соң атының басын тартып, артына қарап еді, бура бұлдрап көз ұшында қалыпты. Аттың құйымшағында бураның әлі кеппеген көбігі қалыпты.
Бұл маңда түйе өсіретін шаруашылық жоқ. Мұның қайдан келгенін білмей таңырқаған жігіт көргеніне сенбегендей қайрыла көз жіберді. «Жау жоқ деме – жар астында, бөрі жоқ деме – бөрік астында» деген осы-ау. Қарадай бураның астында тапталып қала жаздады.
Жігіттің астындағы ақбоздың еті қызды ма, ауыздығын қаршылдата шайнап, төрт аяғын билей тастап, көлденеңдей жүріп артына қарағыштай берді. Оны басқаша түсінген иесі мойнынан алақанымен сипай қағып:
– Әй, Алмаштың Ақмоншағы өзің қорқақ екенсің ғой, мойны сорайған алқам-салқам түйеден қорқып жалтаң-жалтаң қарайсың. Ешкімге салт мінгізбей, арбаға жеккізбей жүрген Алмаштың ерке ақбозы қыз сияқты қорқақ болғаның ұят емес пе. Анада саған әкейдің: «Өй, өңкиген неме, сен әлі таймын деп жүрсің бе, бесті болдың, сонда да қалтамды тіміскілейсің, қазір Алмаштың өзі менен дәметіп кәмпит сұрап, қалтамды ақтармайды» дегенін естігенде күліп едім. Расында сен қорқақ құлын сияқты екенсің ғой, бүгін байқадым, – деп іші пысып келе жатқан Манарбек ермек тапқанына көңілденіп, астындағы атына бұдан басқа да біраз әңгіменің басын қайырып, ауылға жеткенін де байқамай қалды.
– Ат-көлігің аман келдің бе? – деген әкесінің дауысына аттан түсіп жатқан баласы мойнын бұрып:
– Аман, әкей, ассалаумағалайкүм! – деді ұлы сәлем беріп. – Бала кезімізде атқа мінгенше асығушы едік, салт аттың күні өткенін бүгін білгендеймін.
– Қазақ болсаң мінбейсің атқа неге
Ақын болсаң айтпайсың жатқа неге
Торғайға тойынуға келіп қапсың,
Қаладағы қаңғыған қатпа неме, – деп сынаған екен Нұрқан ақын бір інісін. Сен «қазақпын» деп атқа мініп кетіп едің… – Әкесі қарқылдай күлгенде жақтырмай қалған баласы:
– Әкем қызық осы, мені мазақтағаннан басқа жұмысы қалмағандай, – деп күбірлеп аттың ерін алды.

Мүсілім Құмарбекұлы

(Жалғасы бар)

Осы айдарда

Back to top button