Ақмоншақ
Бұл онсыз да еліріп тұрған Хамзаны шегінен шығарды.
– Абайға қамшы үйіріп, Шәкерімді атқан ақымақтардан көретін болдым ғой, – деп кеудесінен бүре ұстап өзіне тартып алды да, жақтан осып жібергенде, орындығымен қоса домалады. Ол тұра салып Хамзаға жармасты. Алдымен көйлектердің түймелері бытырлап ұшты. Кімнің жұдырығы кімге тиіп жатқанын да байқайтын емес. Домаланған сасық қоңыздай быртық адам мұның алқымына қолын жеткізіп еді, сығымдап әкетіп барады. Тынысы тарыла бастағанда, қарсыласының білегінен ұстаған Хамза бар күшімен бұрап жібергенде, бақ етіп тізерлей кетті. Көк желкеден шынтағымен бір қойып, етпеттей жығылған быртықтың үстіне міне түскен Хамза:
– Айдалада қарусыз бейкүнә қара шалға шамам келді деп күпиген кеудеңнен шыбын жаныңды шығарып жіберейін бе?! – деп тізесімен мыжғылап жатқанда, жолдастары көтеріп алды.
– Контра! Контра! – дегеннен басқа сөз айта алмай Қарасартовтың көзі алақтайды. Айналаны мұрыннан аққан қан жапты.
Алғашында бір-бір облыстың хатшылары төбелеседі деп кім ойлаған, аңтарылып қалған жігіттер енді екеуін арашалаймыз деп өздері жығылып-сүрініп, қым-қуыт у-шу болып кетті.
Милиция қызметкерлері сау етіп жеткенде, бұлар да сап тыйылды.
– Көрсетермін сен итке! – деді алтын тісі жоқ Қарасартов ысылдап.
– Бірден мойныңды бұрай салмағаныма рақмет айт, – деді Хамза.
Ертесіне жынын алған бақсыдай басының мыңғы-дыңғысы шығып, сөлбірейіп отырған Хамзаның бөлмесіне Кенжебек келді. Ол сөзді неден бастарын білмегендей, сәлемнен кейін сәл іркіліп барып:
– Ұят болды-ау, – деп өкініш білдірді.
– Ұят ештеңесі жоқ, қазақты құртқан осылар. Қазақтың дәнішпан ақынын өлтіргенін мақтан көреді өзі. Фашистің мойнын бұрағандай бұрай салуға ар-ұятым жібермеді, – деді Хамза.
– Мынандай бір әзіл бар еді. Милиционер үйіне кіріп келсе әйелімен бір еркек жатыр екен. Ол тапаншасын суырып, жігіттің жанына жетіп келеді де: «Сен итті осы жерде атып тастар едім, партиялық ожданым жібермейді» дегенде, әйелінің ойнасы қуанып кетіп: «Жасасын коммунистік партия, жасасын!» деп ұрандап, шалбарын жүре киіп, шыға жөнеліпті.
– Қазір партиялық ождан туралы ойлап тұрғаным жоқ. Менің Қадылбек деген ағайым: «Бір торайға тұрмаған партбилетіңді ұрайын, оны не қыламын?» депті. Сол айтқандай, ол ақымақтың аузын менің партбилетім қорғап қала алмады. Құдіретті ақынның аруағына бір жапырақ билетті қимасам, ез болып өлгенім емес пе. Езіліп өлгенше, ерлерше езіп өлтіргенім дұрыс, өкініп отырғаным жоқ.
– Кәке, шынымды айтсам, оны сіз істемесеңіз, мен істейтін едім…
– Қой-ей, саған сенем, бірақ сенің балаларың жас, қызықтарың алда… – Хамза ауыр жүктен құтылғандай жеңіл тыныстады.
Қонақүй әкімшілігінен аптығып кірген қыз:
– Хасенов жолдасты Орталық комитетке Сивиридов шақырып жатыр, – деп әскери тәртіппен айтқандай сақ-сақ еткізді.
– Шалбарымды шешіп барайын ба, әлде өздері шеше ме? – деп Кенжебекке қарап әзілдеген Хамза киіне бастады.
– Қазақ емес, орыс хатшысына тап болған екенсің, оңай құтылмайсың-ау, – деп Кенжебек күдік білдірді. – Дегенмен сәттілік тілеймін.
– Жанымызды шүберекке түйіп, қан майданға да кіргеміз, содан қиын болып па, тәйір, – деген Хамза өзіне сенімді екенін көрсетті.
Хамза Үкімет үйіне қарай сылбыр басып келеді. «Ақталсам ба, не деп ақталам? Араққа жапсам ба, ол ақтап ала алмайды. Қазақтың құдіретті ақынын атып өлтірген хайуанды тәубесіне түсіріп қойғаным дұрыс болды. Құдай өзі берген жанын өзі алады, неменеге жүнжіп келем. Партбилет. Қадылбек ағайдікі дұрыс. Ден сау болса, екі қолға бір күрек табылар. Ақын өлсе де, аруағы күшті екенін қанша ит болса да есіне алып, бұдан кейін ойлана жүрер…». Ол ойынан сергіп есік күзеткен милиционерге:
– Екінші хатшының шақыртуымен, – деді.
– Білем, тосып отыр, жүріңіз…
– Білем кабинетін, – деген Хамзаға бас изеген милиционер ерген жоқ.
Хамза есік ашқанда, жылан жеген мысықтай қатып қалған, ұзын бойлы, қоңқы мұрын Сивиридов атшаптырым үстелдің басында шоқиып отырған қалпында бір саусағымен кір деген ишара жасады.
Хатшының үлкен үстелін қақ бөлетіндей жіңішке үстел есікке қарай салақтата қойылған екен, оның айналасында ЦК-ның бөлім бастықтары жайғасыпты, Соның соңғы нүктесі болып Хамза тұра қалды да, барлығына сәлемін жолдады. Мұның сәлемін қабылдағысы келіп отырған ешкімнің жоқтығын төмен түскен түнеріңкі қабақтарынан байқады. Тым-тырыс. Хатшы да бедірейіп отыр. Сәлден соң қаламын суырып қолына алған соң:
– Ал алашорданың соңғы қорғаушысы, сөйле, – деді миығында мысқылы бар күлкісімен оқты көзін тура қадап.
– Мен алашордашы емес, кезінде Отанымды қаныммен қорғаған коммуниспін. Қазақтың құдіретті ақынының аруағын қорғағаным рас.
– Ол Алашорданың белсенді ақыны болды, Семейдегі контрреволюциялық көтеріліске басшылық жасаған. Хатшы зіркілдей сөйледі.
Хамза Семейдегі көтеріліс деп жүргендері туралы Садық Қасиманов деген ағасынан шет жағасын естіген. Бұл кісі бала кезінде орысша білгендіктен, әкесін окоп қазуға алынғанда, әкесінің аудармашысы ретінде бірге еріп барады. Сөйтіп, өмірден көргені мен түйгені мол жан былай әңгімелеген.
Салық төлеуге шамасы келмеген қазақтардың соғымға сойған малдарының етін тартып алып, қамбаға тығады. Неше күн нәр татпай қалған бала-шағаның жылау-сықтауына жандары күйзеліп, не істерін білмеген адамдар қамбаның есігін бұзып, онда тұрған етті талауға салады. Мұны қара қазан, сары баланың қамы үшін жасаған тонау әрекеті деп қарамай, «өкіметке қарсы көтеріліс» деп аяусыз басып жаныштаған. Босып далаға кеткендерді ұшақпен қуып, қояндай қырған.
Халық аштан қырылып бітуге айналғанда, қазақтарды пароходқа тиеп, жоғары Ертіспен өрлеп, орыс ауылдарына үш, бес, он үйден қазақ отбасыларын өз қолыммен орналастырдым, – деп айтқан еді Садық.
«Ереуіл» деп айтуға келмейтін жайды «контрреволюция» деп тұрған ЦК-ның хатшысына уәж айтқысы келмеген Хамза ақынды ақтай сөйледі:
– Шәкерім «Алашорда» партиясында болған жоқ, оның басшыларымен таныс болғаны рас. Байтұрсынов та ақын. Қазақта ақын ақынды білмеуі мүмкін емес. Шығармашылық таныстықты идеялық көзқарасы бірдей деп қарауға болмайды.
– Онда неге оны банды деп атты? – деді бөлім бастығы болып жүрген Асанов сұрақты Хамзаға қойғанымен, хатшыға жалтаңдап.
– Ол кезде бірі – ақ, бірі – қызыл, бірі байды қорғап, екіншісі кедейді қорғап аласапыран болып жатқан кезде Шәкерім саясатқа араласқысы келмей Шыңғыстау ішіне жалғыз үй көшіп кеткен. Оның өзі бұл жайында:
Еш адамды қалдырмай қасыма да,
От пен су, өзім жүрем асыма да.
Елсізде жалғыз жатып жазу жазам,
Қарамай келіп қалған жасыма да, – деп жазған өлеңінде.
Кешқұрым Шәкерім атына мініп, қырға шығып малын қарап тұрғанда, Қарасартов өзінің отрядымен келеді. Ол «Бандыларды көрдің бе?» дегенде «Көргем жоқ, мал қарап тұрмын» деп жауап берген Шәкерімді «Сен мал қарап тұрған жоқсың, бандыларды шығарып салып тұрсың» деп атып өлтірген соң, ешкім таппас үшін құдыққа тастап, үстін таспен жауып тастайды. «Шәкерім банды Қытайға қашып кетті» деп сөз таратады да артынан «көтеріліске қатысқандардың біразына жеңілдік береміз» деген желеумен «Көтерілістің басшысы Шәкерім атыс кезінде қаза тапты» деп жазадан қорыққан бейшараларға жазғызып алған Қарасартов сот үкімінсіз өз бетімен атқаны үшін қылмысты ісінен құтылғанымен қоймай, Кеңес өкіметінің шынайы қорғаушысы болып шықты, сол марапат әлі сақталып келе жатқанын енді білдім.
– Фантазияң жақсы жұмыс істейді екен, Хасенов, «жолдас» деуге де ауыз бармай, қиналып тұрғаным. – Ол сыңар езулей мырс етті.
– Азамат Хасенов деп айта беріңіз, сотталғандарды солай атап жатады ғой, мен оған намыстанбаймын.
– Құрметті полковник Қарасартовқа «Сотқа бермей-ақ қой, өзіміз талқылаймыз» дегенім дұрыс болмапты-ау. Сенің коммунист емес, нағыз бұзақы, қазақшылықтың шылауында жүрген ұлтшыл екеніңе әбден көзім жетті.
– Ұлттар арасындағы татулықты бұзатын мұндайларды қызметінен шығарып, қатарымыздан аластамасақ болмайды, – деді Асанов хатшыға жаутаңдап, орнынан ұша тұрды.
«Үргенімен жағатын бұралқы ит сияқты немені жағынан бір сүртсем, онда сотталатыным ақиқат, итпен ит болмай-ақ қойғаным да дұрыс шығар» деп ойлаған Хамза аптыққан көңіл қыжылын сабырлы ақылға жеңдіріп, өзін-өзі ұстай білді.
– Сенің ұсынысың өте дұрыс, – деді хатшы Асановқа иек қағып. – Баяғыда Торғай жаңа облыс болып ашылғанда, Мәскеуден екі вагон партбел, бір вагон күрек жіберілген екен, қазақтарға партбел жетпей қалғанымен, ешкім алмаған күрек сол қалпында жатқан көрінеді. Соның бір күрегі бұған бұйыратын шығар, – деген хатшы сөзін отырғандар күлкімен қабылдады. – Қарасартовтан кешірім сұрайсың.
– Не деп кешірім сұраймын?! – Хамза шынымен таңырқады. – Ақынның ажалы сенен болғаны дұрыс екен, мені кешір дейін бе? Әйтпесе екеуіміздің ешқандай бас араздығымыз жоқ, тіпті танысым да емес.
– Сен адал коммуниске дене жарақатын салдың, бұл – бұзақылардың ісі. Ал бұзақылық – қылмыс, қылмысқа қарсы қатаң жаза бар, білесің бе? Советтік әділ заң алдында бәріміз бірдей жауап береміз. Отан соғысының ардагерімін деп кеудеңді қақпа, ол сыннан бүкіл совет халқы өткен. Ал сен кеңес өкіметіне адал қызмет еткен адамды көшенің хулигандарынша сабайсың да, одан қалай кешірім сұраймын деп қитығасың…
– Айдалада қарусыз қара шалды атып тастаған…
– Әй, саған сөйлеме дедім ғой, сөйлеме! Аузыңды жап та партбилетіңді үстелге қой! – деді хатшы қалшылдап.
– Бастауыш ұйымға тапсырмаймын ба?
Қырыстанған Хамза жайбарақат аңқауси тіл қатты.
– Сен өзің ЦК-ның шаңырағында тұрғаныңды білмейсің бе? Коммунистің тағдыры осы үйдің қолында, біз шешеміз, қой мында!
Төс қалтасынан алған партбилетін бір сипап, аяғын нық-нық басып, тура хатшының алдына апарып қойды. Содан кейін шығар есікке беттеді.
– Сен қайда барасың? – деді хатшы зіркілдеп.
– Менде сізге беретін басқа түк жоқ, Торғайда бос жатқан күрекке кетіп барам, – деді Хамза мысқылды жымиыспен сабырлы қалпын сақтап.
– Ең болмаса, мына отырғандардан кешірім сұрамаймысың, – хатшы түтеген ашуын сыртқа шығара алмай қыстықты.
– Құдай бәрін кешіреді дейді, бұлар құдай емес, пенделердің кешу-шешуін қажетсініп тұрғамын жоқ. Өз басымыз аман болса, басқаларды үйтіп жесе де, біздің шаруамыз жоқ деп отырған пақырлардың тірлігін күндемеймін, – деп есікті сыртынан жауып кете барды.
«Қадылбек ағайдың айтқаны дұрыс, құдіретті ақынды атқан адамның мұрнын бұзбай, партбилетті сақтап қалсам, қалай ел бетіне қараймын, намысқа жүгінбесең, ездік жығынды қылады. Намысыңды таптатпау ездікті таптау. Күнкөріс қамында Қарасартовты естімегендей құлық танытып, партбилет пен мансабымды сақтап қалуыма болатын ба еді? Онда мен қайтып адамша өмір сүрем? Бәрінің айтқаны жөн, бірақ өзімдікі дұрыс» деп ұзын сонар ойына нүкте қойған Хамза Қызылордасына жетуге асықты…
Мүсілім Құмарбекұлы
Өскемен.
(материалдың басы сайтта 4-маусым күні жарияланған).