Журналистік зерттеу

Алтайдың аң мен құсы неге азайып барады?

Алтайдың аң мен құсы неге азайып барады?

Табиғат ананың баға жетпес байлығын, яғни, Алтайдың аң мен құсын сарқып тауысып, жыл өткен сайын Қызыл кітапқа енген жануарлардың тізімін ұзартып жатқан кім? Өзіміз. Басқа басқа емес, табиғатты қорғаушы лауазымды тұлғалардың өздері заң бұзушылықтарға жол беріп, өздерінің қызметтік міндеттеріне немқұрайлы қарап, аңшылардың келісімшарттық міндеттемелері бақыланбағандықтан, жазықсыз жануарлардың саны жыл санап кему үстінде.

Бұл мәліметтер нақты ма?

Облыстық прокуратура 2012-2013 жылдар аралығында жануарлар әлемін молықтыру, қорғау және пайдалану мәселелері бойынша тексеру жүргізген көрінеді. Тексеру барысында елеулі кемшіліктер анықталған. Аталмыш органның баспасөз қызметінің хабарлауынша, соңғы үш жыл ішінде Алтайдағы аң мен құстың азайып кетуіне адам факторы әсер етіп отыр.

Енді қараңыз, 2012-2013 жылдар аралығында Шығыс Қазақстанның аң аулау аумақтарында суырдың саны 157 мыңнан 125 мыңға дейін, тиін — 21 мыңнан 14,5 мыңға, бөдене — 58 мыңнан 48 мыңға, кекілік — 6 мыңнан 3 мыңға дейін, яғни, екі есе азайған. Өткен жылмен салыстырғанда, сібір елігінің саны 16 200-ден 14 000-ға, маралдардың саны 3 900 –дан 3700-ге, дала қояны 76 мыңнан 69 мыңға, түлкі — 17 мыңнан 15 мыңға, күзен — 14 мыңнан 12 мыңға, борсық — 13 мыңнан 11 мыңға, жаннатың саны 3 мыңнан 1,5 мыңға дейін кеміген. Одан басқа құр, қырғауыл сияқты құстардың да айтарлықтай азайып бара жатқаны байқалады.
Бүгінде облыстық аңшылар және балықшылар қоғамдық бірлестігіне 19 аң шаруашылығы бекітілген. Оның аумағы 21 миллион гектарды құрайды. Бұл аумақта көбінесе табиғатты қорғау заңнамасының талаптары сақталмайды. Онымен қоса, жануарлардың саны туралы қолда бар мәліметтердің күдік тудыратынын да естеріңізге сала кетейік.

Жалған есеп беру фактілері жиі кездеседі

Мысалы, орманшы қызметі бекітілген учаскеде фенологиялық байқау журналдары мен тексеру күнделіктері жүргізілмейді, орманшыларда учаскелердің карта-схемалары жоқ, тіпті, жануарлар дүниесін тұрақты пайдалану және қорғау идеялары да насихатталмайды екен.
Аумақтағы аң шаруашылығында орналасқан аншлагтар мен баннерлер стандарттарға сәйкес келмейді. Олардың көбі қолдан немесе қолда бар материалдардан жасалған, зақымдалған немесе бүлінген.
Әсіресе, жануарлар әлемін лайықты есепке алу және оның өткізу кезінде мерзімдердің сақталмауы алаңдатады. Мысалы, аюдың санын есепке алу шаралары 1 ақпаннан 31 наурызға дейін өткізілуі тиіс. Алайда, осы жылы Глубокое ауданының жауапты орындары аталған есепті сәуірдің 5-7 аралығында жүргізген, яғни, бекітілген мерзімнен кешіккен. Ал Тарбағатай ауданының аң аулау аумақтарында жануарлар әлемін есепке алу 2011 жылдан бері мүлдем жүргізілмеген. Бірлестіктің бұрынғы төрағасы осы жылдың мамыр айында жұмыстан босатылыпты, ол тиісті есепті жүргізбегенін растап отыр. Бұрынғы төраға есептік құжаттарды құрастырған кезде Семей ауданаралық аң аулау қоғамы бірлестігінің жануарлар саны туралы оңды мәліметтерді көрсете салған. Осы тектес фактілер облыстың басқа да аумақтарында де кездеседі.

Есепте бар, еңбекте жоқ орманшылар

Есепке алу және аң шаруашылығын жүргізу сапасына осы салада мамандардың аздығы да әсер етеді.
Қоғамдық бірлестіктердің 17 аңшысының 5-еуінде ғана арнайы білім бар. Есепке алу міндеті жүктелген мамандар жұмысты жүргізу әдістерін мүлде білмейді екен. Айтып отырған мәселелеріміздің ең өзектісі – орманшы қызметтерінің тиісті түрде жабдықталмағаны. Қоғамдық бірлестіктерге 21 миллион гектар бекітілгенін есепке алатын болсақ, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қорғалатын аумақта 731 орманшы жұмыс істеуі тиіс. Алайда, қоғамдық бірлестіктерде тек қана 191 орманшы тіркелген, олардың 143 орманшысы штаттан тыс қызмет атқарады, шындығын айтатын болсақ, олар басқа мемлекеттік ұйымдар мен коммерциялық кәсіпорындарда жұмыс істейді. Мысалы, Күршім аудандық аңшылар мен балықшылардың қоғамдық бірлестігінің аңшысы Қалғұтты ауыл округінің әкімі болып қызмет атқарады, ал тағы бір орманшы мен аңшы әскери бөлімде жұмыс істейді. Сол сияқты Семей қалалық аңшылар және балықшылар қоғамдық бірлестігінің орманшысы Семей қалалық наркологиялық диспансері басшысы лауазымында, тағы біреуі 200 шақырым қашықтықта, Өскемендегі Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде қызмет атқаратыны белгілі болды.

Табиғатты қорғау полициясы қайда қарап отыр?

Аталған заң бұзушылықтар Шығыс Қазақстан облысының аумақтық орман және аң шаруашылығы инспекциясында да жетерлік. Табиғатты қорғау полициясының да жұмысы тым нашар. Егер нақтылайтын болсақ, аталмыш қызметтің негізгі міндеті – аң аулау ережелерін сақтау, жануарлар және өсімдіктер әлемін қорғау, осы бағыттағы әкімшілік құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды алдын алу, анықтау және жолын кесу болып табылады.
2011 жылы облыстың құқық қорғау органдары тек 108 құқық бұзушылықты анықтаған, 2012 жылы -78, ал 2013 жылдың 9 айының ішінде – 64 істі анықтаған. Сонымен қатар, олардың жұмысы тек қана уәкілетті органдар анықтаған заң бұзушылықтарды тіркеумен және олар бойынша процессуалдық әрекеттерді жүргізумен ғана шектелген. Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұл салада заңсыз аң аулаған азаматтарды қылмыстық жауапкершіліктен босату фактілері жиі кездеседі.
Мысалы, 2012 жылдың 24 сәуірінде Бесқарағай аудандық ң ішкі істер бөлімінің 2 қызметкері Ерназар ауылының 3 тұрғынын ұстады, олардың автокөлігінен маралдың тұтас еті табылған. Браконьерлерге қылмыстық іс қозғалмаған, (келтірілген залалдың мөлшері 300 АЕК көлемінен аспауы себебінен) тек аңсыз аң аулау фактісі бойынша хаттама ғана толтырылған.

Көкпектінің еліктері қырылып жатыр

Елік көшетін уақытта ел неге аңқұмар болып кетеді осы? Самар ауылы – Добролюбовка – Маяк – Белое – Шұғылбай – Бөкен өзенінің оң жағалауы – Сарықамыс шығанағына дейінгі жерлерде еліктің қоныс аударуына байланысты 15 қазаннан бастап жыл сайын аң аулауға тыйым салынатыны белгілі. Алайда, мылтық ұстағандар оған қарап жатқан жоқ. Көкпекті ауданы ,Қойтас ауылының тұрғыны Ғабдуллин Әжібектің айтуынша, еліктің еті мен мүйізіне құныққандар өз істеріне түн ауған шағында кіреседі екен. Олар еліктің етінен фарш жасап, сататын көрінеді. Айта кетерлігі, бұл жыл сайын қайталанатын оқиға. Түн ауғанда көшетін қалың елікке оқ жаудырғандар құлағанын алып, жараланғанын қуаламайтыны белгілі. Қансыраған жануарлар бірнеше шақырымға дейін сүйретіліп барып өледі екен.
– Біз таң сыз бере тебіндегі жылқыны байқауға барамыз. Белес-белесте броконьерлердің қолынан өліп, немесе қансырап жатқан жатқан еліктерді көргенде, жүрегіміз ауырады, – дейді ауыл тұрғыны Рүстем Қантаев.
Облыстық орман және аң шаруашылығы басқармасы жедел қызмет отрядының басшысы Василий Ткаченко заңсыз аң аулағандарға қатысты айыппұл мөлшеріне өзгеріс енгенін айтады. Енді браконьерлер заңсыз аң аулағаны үшін 300 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 520 мың теңге және еліктің өзі үшін қосымша 173 мың тенге көлемінде айыппұл төлейді екен.

Құстардың да саны кеміп кетті

Осы тексеру барысында орнитолог-мамандар облыстың әртүрлі аумақтарына барып қызыл кітапқа енген құстардың жай-күйін бақылаған. Жүргізілген зерттеулер мен есептер барысында құстардың ұя салуы мен топтасып ұшуында ауытқушылық бары байқалып отыр екен. Орнитологтардың мәліметінше, қазір облысымыздың оңтүстігінде балабан сұңқарының 3 ұясы, Бұқтырма алқабында ителгінің 1 ұясы ғана анықталған. Ал осыдан 10 жыл бұрын аталған құстың 50-ден астам ұясы болыпты. Бұл – кедендік бекеттерде анда-санда құрықталып жататын шекарадан ителгі өткізгіш қылмыскерлердің қолынан келген кесел екені анық. Енді қолда барды көздің қарашығындай сақтамасақ, қасиетті аң мен құстарымызды зообақтардан да көре алмай қалуымыз мүмкін.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button