Ауылдың айтқыштары

Қалмапты сексен сомнан сегіз тиын

Қалмапты сексен сомнан сегіз тиын

Кеңес дәуірі. Омар деген азамат 80 сом жалақысын санап алысымен, еш ойланбастан оншақты бөтелкелес достарын мейрамханаға апарады. Айхай, дүние, не керек, одан арғысы айтпаса да түсінікті…
Содан ертеңінде айықтыру мекемесінде есін жиған батырың басын ұстап, былай деген екен:
– Ақшаны шашу – оңай, табу – қиын,
Қайтерсің жетпеген соң соған миым.
Шіреніп, ресторанға барған едім,
Қалмапты сексен сомнан сегіз тиын.

Көршілеріңде бар…

Ауылдағы бір үйлену тойынан ауырлап келген Жапар диванға қисая кетеді. Ояна келсе екі шекесі құрысып, басы сырқырап, ауырып тұр екен. Дереу ұлы мен келінін шақырып:
– Бірдеңелерің бар ма? – дейді. Мұндаймен әуестігі жоқ оларда арақ қайдан болсын.
Сонда Жапекең:
– Өздеріңде болмаса, ана көршілеріңде бар, содан қарыз ала тұрыңдар, – деп, бәйбішесі жатқан бөлмені нұсқаған екен.

Советхан Қалиғожин
Өскемен.

Сенен несін жасырайын…

Болат пен Мұрат – даң құрдас. «Жығылған – күреске тоймас» дегендей, олар бірін-бірі жеңсе де, жеңілсе де, әзіл- қалжыңдары бітпейді. Әйтеуір, екеуі қай-қашанда көтеріңкі көңіл күйде жүреді.
Жадыраған жаздың бір күнінде Болат көпқабатты үйдің ауласындағы биік арқалы орындықта отырған-ды. Қабағы қатулы. Оның жанына шолақ жең көйлек, қара трико киген Мұрат келіп:
– Оу, замандас, неге тұнжырадың, не жетті? – деп сұрайды.
– Өзің бері, жақынырақ жайғасшы, сенен несін жасырайын…
– Айтсаңшы енді, не болды?
– Бүгін жаңа костюм кидім.
– Киімің тозсын, өмірің озсын.
– Рақмет, алайда, мына отыра кеткен орындығымның сыры кеппепті, жаңа костюмім «хана» костюм болып қалды…

Аккумуляторы отырып қалды…

Қонақта отырған шопыр жігіт масайып қалып, дастарқанның шетіне маңдайын тірей қор ете түседі. Сонда оның қасында отырған әріптесі:
– Енді мұның оянуы қиын, қозғалмайды, – дейді оның сырын білетінінен хабар беріп.
– Неге?
– Аккумуляторы отырып қалды…

Үмітхан Нұрғалиев

Буынып өлмекпісің?

Бұрынырақта қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушіге 400 теңге айыппұл салынатын.
Бір ағамыз белдіксіз келе жатқанда МАИ инспекторы тоқтатып, айыппұл салады. Ал ол белдікті бос тарта салып, ары қарай жүріп кетеді. Содан екінші инспектор тоқтатып, белдікті тартып көрсе, бекітілмеген. Оған тағы 400 теңге береді.
Бұдан да құтылған ағамыз енді белдікті бекітіп алып келе жатса, үшінші инспектор тоқтатса керек. Ол белдікті тексерсе, ол енді бір кісі сиятындай кең екен. Және 400 теңге…
Ашуланған ағамыз белдікті ердің шап айылын тартқандай тартып, бекітіп алып, жүріп кетеді. Содан төртінші инспектор тоқтатып, 400 теңге алудың қамын жасап, белдікті тексерсе, жүргізуші арқалыққа сіресіп, таңылып алған екен. Ештеңе алудың жолын таппаған әлгі инспектор сонда:
– Ой, аға, не болды сонша, 400 теңгеге бола буынып өлмекпісің? – депті.

Қабыл Сүлейменов
Ұлан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button