Ауылдың айтқыштары

Қалай қойса да, шұлғаудан жақсы ғой

Қалай қойса да, шұлғаудан жақсы ғой

Шұлғаудан жақсы ғой…

Бұрынғы Марқакөл ауданының «Қарой» совхозын ұзақ жылдар басқарған Қами Шұлғаубаевты ол өңірдің халқы жақсы біледі. Сол кісі бірде жанында отырған Советхан Орамалов деген танысынан:
– Советхан, осы сенің фамилияң қызық, иә! Әкеңнің атын Орамал деп қалай қойды екен? – деп сұрапты.
– Білмеймін, аға, – деген екен сонда Советхан. – Қалай қойса да, шұлғаудан жақсы ғой, әйтеуір…

Алты аялдама шыдаңыз

Халық иін тірескен автобусқа кірген қартаң әйел алдында отырған жас жігітке шүйлігіп жатыр:
– Әй, жүгірмек, жалпиып отырсың ғой! Неге орын бермейсің, шешеңдей адамға?!
– Беремін, апа, неге бермеймін?! – депті сонда анау жайбарақат қана. – Енді бір алты аялдама шыдаңыз!..

Ол сіз емес…

Құмарбек деген кісінің келіні қалай болса, солай сөйлейтін, алаңғасарлау әйел екен.
Бір күні шай үстіндегі әңгімеде ол: «Құмарбек олай деп айтты», «Құмарбек былай деп айтты» деп, талай гәптің басын шалады. Заты жуас атасы келінінің мұнысына ештеңе айтпай, бетіне қарай берсе керек. Сол кезде туған атасының да аты Құмарбек екені есіне түсе қалған келіні:
– Ата, ол сіз емес, ана бізбен көрші тұратын быртық Құмарбек қой, – деп «қателігін» түзеткен екен.

Тағы екеуін әкеле ғой

Шәден деген кісінің «р» әрпін айта алмайтынын білетін бір жиені оған ел-жұрт көп жиналатын дүкенде сол әріпті айтқызбақ болып:
– Нағашы, төрт жарты арақ ала салшы! – деп ақша ұстатыпты. Өзі жанында біреуі бар, дүкеннен алысқа ұзамай, бақылап тұрса керек.
– Қызым, – деген екен сонда Шәкең, – маған екі шөлмек «Пшеничный» қажет.
Сатушы екі шөлмек арақты алдына қояды. «Пшеничныйға» үңіле қараған Шәден:
– Түу, шөлмегі қандай жақсы! Балам, тағы екеуін әкеле ғой! – деп сынақшыларға «құйрығын» ұстатпай кеткен екен.

Жинастырған – Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Правоны қолыма ұстатты

Жас кезінде тракторшының оқуын оқыған ауылдас бір атамыз крившипно-шатунный механизм, маховик деген техникалық атауларды қазақи жалпақ тілмен қызық етіп айтушы еді. Ол:

– Ой, қарақтарым, мотордың крепдешен, шәтен дегендерін оқыдық. Ал солардың қалай жұмыс істейтінін сұрағанда мен: «махайбек бір айналғанда, кәленбек шыр айналады» деп едім, «маладес» деп, правоны қолыма ұстатты, – дейтін масаттанып.

Мен де көмектесіп жіберейін

Кезінде жазғы науқандық шаруаны жедел де тиімді ұйымдастыру үшін бас және орта буын мамандардың көліктерінде рация болушы еді.
Бірде орталыққа бара жатқан механикке тракторшылар бригадасының бригадирі:
– Сен 362-ші подшипниктен екеу ала кел, бастаудың басында ауыстырайық, – дейді.
Мұны рация арқылы естіп отырған және 362 деген подшипник болмайтынын, оның подшипник емес, 3 сом 62 тиындық ақ арақ екенін сезген диспетчер ана екеуінің әңгімелеріне араласып:
– Әй, күн ыстық, екеуіңе ауыр болады ғой, жұмыстан кейін, орталыққа келіп ауыстырсаңдаршы, мен де көмектесіп жіберейін, – деген екен.

Қабыл Сүлейменов
Ұлан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button