Тарих

АЛАШТЫҢ ШЫН БАЛАСЫ: СЕМИНАРИСТ ҚАЗЫ НҰРМҰХАМЕТҰЛЫ

АЛАШТЫҢ ШЫН БАЛАСЫ: СЕМИНАРИСТ ҚАЗЫ НҰРМҰХАМЕТҰЛЫ

«Соңғы жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысы бойынша Семейде атты-жаяу милиция құрылған еді. Мұны соңғы кезде большевиктер ұнатпай, «ойыныңды тоқтат, мылтықты бер» деп мінез көрсетіп жүрді. Оған біздің милиционерлер – қорғаушылар өз жүректерінде ұлт сақтаудан басқа ешкімге қастық қылатын ниеті болмаған соң, қарсы да келмеді, ойындарын да тоқтатпады.
6 мартта таңертең сағат 9 шамасында Алаш қаласында мылтықсыз ойнап жатқан атты қорғаушылардың жанына 10-15 солдат келіп, еш себепсіз мылтықты бір-екі басып қалады. Ешкімге оқ тимейді. Мылтық даусы шыққан соң бірлі-жарымды жігіт қашуға айналғанда милиция бастығы, учительское семинария шәкірті Қазы Нұрмұхамедұғлы жігіттерге айқайлап: «Қайда барасыңдар? Жазықсыз өлсек – өлейік, бәрімізді қырмас» деп тоқтау айтып, өзі орнында тұрады. Сол арада мылтық үсті-үстіне атылып, есіл жас сол арада жан тапсырады.
Марқұмның жолдастары ботадай боздап, басын құшақтап шуласты. Көрген, естіген жан қайғырды. Ертеңіне халық көп жиналып, жаназасы шығарылды. Алғаш Алаш жолында құрбан болған жас бағланды ұмытпасқа белгі болып қалсын деп екі рет суретке басылды (біреуі қанды киіммен жатқан халінде, екіншісі халық жаназа оқып сапта тұрғанда табыттағы жатқанын). Қабірге қойып құран оқылып болғаннан кейін, Шәкәрім ақсақал халыққа қарап сөйледі: Әлеумет! Мынау жатқан кім, білесіңдер ме? Бұл ұлты үшін шыбын жанын құрбан қылған Алаш азаматының тұңғышы. Мұны өлді демеңдер. Бұл күні һәм мұнан соңғы «ұлтым» деген азаматтар мына мен сияқты болып, «ұлтым» деңдер деп, өзінің ұлтшылдығын сөзбен емес, іспен көрсетті. Марқұмның аты да Қазы еді, Қазы – би деген сөз Қазы билігін айтып кетті.
Қарағым, Қазы, өліміңе өкінбе! Арманың жоқ! Құдай алдында да, жұрт алдында да сенің орның бөлек.
Оқығандар, жастар! Мынау жолдастарыңды ұмыта көрмеңдер. Мұның үй ішінің міндеті сендердің мойындарыңда! Бір кішкентай көзінің қарашығы (бір жасар ұл баласы) қалыпты. Соны тәрбиелеп адам қылу – бәріңнің, барша Алаштың мойнына парыз һәм өздерің де бұл оқиғаға қажымаңдар. Құдай тағала Алашқа шын ұл бергеніне көзім жетті. Алпыс жасқа келгенде мұндай ұлт үшін құрбан болатын азаматты көремін деген үмітім жоқ еді. Көрдім, енді бүгін өлсем де арманым жоқ. Қарағым, Қазыжан, қадіріңді біліп құрметтей алмасақ, кешу қыл. Хош, қабірің нұрлы болсын!» – деді.
Жиылған жұрт еңіреп жылап жіберді. Мұнан кейін Міржақып Дулатов тұрып мынаны айтты:
– Мынау кім жатқан, әлеумет,
Жас қабірді жабылып!
Мұнша ардақты кім еді?
Тұрсыңдар бәрің жабығып!
Жалғызы ма еді біреудің,
Тілеп алған зарығып?
Байы ма еді бұл елдің,
Құрметтейтін жабылып?
Бек пен бидің бірі ме ед?
Жылардай жұрт сағынып?
Ханзада яки сұлтан ба,
Қараша шулар қамығып?!
Жоқ, әлеумет!
Бұл жатқан:
Жалғыз да емес,
Бай да емес,
Би де емес,
Сұлтан да емес,
Хан да емес.
Бусанып жатқан жас қабір,
Иесін мұның айтайын:
Мақсаты ұлттың жолында,
Туын ұстап қолына,
Жас ғұмырын пида еткен,
Жар жолдасын күйзелткен
Алаштың адал баласы,
Армансыз өлген оқ тиген,
Алаштың бұл құрбаны,
Аяулы жолдас Қазы жас
Қош, бауырым, жолдасым!
Армансыз сенің өз басың.
Қабыл болып құрбаның,
Алашты құдай оңдасын!
Жиналған халық қамығып, көңілі босап, көзіне жас алды.
Бұлардан кейін Райымжан, Жанғали қажы, Мұстақым Малдыбаев сөз сөйледі.
Ақырында қазының бірге оқып жүрген жолдасы Жүсіпбек еңіреп тұрып:
«Жан бауырым, жолдасым! Хош бол! Жасаған алдыңды өзіңе, артыңды бізге қайырлы қылсын. Талаптандың, талпындың, оқып қатарға кірдің. Бұл күнде мынадай мезгілсіз қазаға душар болдың. Өкінбе! Ұлтың үшін туып едің, ұлтың үшін өлдің. Кеудеңде бір-ақ арманың кетті, ешкімге оқ атып, қылыш суыра алмай, жазықсыз оққа ұштың. Тым болмаса, ұлтыңның бақытының шетін көре алмай кеттің. Хош, бауырым, жолдасым, Хош!» – деп көзінің жасын тыя алмай, сөзін әрең тоқтатты.
Сүйтіп, 7 мартта, бейсенбі күні Алаштың тұңғыш құрбанын баянды сапарларына жөнелтіп, жұрт тарқасты.
Сол күні біздің басшы азаматтар Қазының жолсыз өлгені туралы большевиктер бастықтарымен сөйлесті. Олар: «біз мұндай жұмысты істе деп ешкімге бұйырғанымыз жоқ. Өз бетімен істеп жүрген бұзақылардың жұмысы» деп оқ атқан солдаттарды ғайыптапты. Сонан кейін атушы солдаттар военно-революционный судқа берілді.
Қазы марқұм, жасы 22-де. Семей уезі, Еңірекей болысында, Сыбан деген рудан еді. Семейдегі 2 класты школды бітіргеннен кейін бірер жыл бала оқытып, пұл жинап алып, 1915 жылы семинарияға түсті. Оны ендігі жылы бітіремін деп жүргенде ұлт тілегін зор көріп, бірге оқып жүрген жолдастарымен милицияға жазылды. Қыс ортасынан бері атты милицияны басқарып тұрушы еді. Марқұм ақ көңіл, талапкер, жігерлі, ұлтшыл жас еді. Ұлтшылдығын көрсетті, ұлтының жолында жанын құрбан қылды. Жасаған ие есесін толтырып, кейінгі жастардан орнын басар шығарсын!
Басшы азаматтарымыз һәм облосной қазақ комитеті кеңесіп, марқұмның басына тас қоюға һәм жақсылап белгі бейіт салуға қаулы қылды. Қазының оқуға жасы жеткен бір інісі бар еді, соны оқытуға стипендия ашты. Кәрі ата-анасына һәм 1 баласына жеті мың сом ақша бермек болды.
Жастар ұйымы марқұмның жетісі толған күні жұртты шақырып, құран оқытып, дұға қылдырды.
Алаш аман болса, бұл тұңғыш құрбан ұмытылмас, тарихта аты қалар. Бірақ біздің бұдан үлгі алып, жүрегімізді соның жүрегіндей қылуымыз керек. Рухың шат болсын, шейіт болған алаштың шын баласы! Біз де сенің ізіңде. Хош жолдасымыз.
Бұл Қазы марқұмның өлген уақыты большевиктердің дүрілдеп келе жатқан кезі еді». (Бейімбет Майлин, «Сарыарқа» газеті, 1918 жыл 18 март.).
Кәмен Оразалыұлының «Абайдан соңғы арыстар» романының «Қазының қазасы» атты бөлімінде Мұхтар, Қаныш, Жүсіпбек, Қазының семинариядағы студенттік өмірі, сол кездегі тарихи жағдайлар, Қазының милициялық қызметі, жазықсыз қаза табу оқиғасы былай суреттеледі:
«Мұхтар ақпан айының соңғы он күндігінің басында ғана Семейге оралған болатын. Бұл уақытта қала ішіндегі өкіметтердің өзара қырқыстары шегіне жетіп келе жатқан. Олар бір-бірлеріне күш көрсетумен елді өздеріне бағындырып алуға жанталасып жатты. Көше арасында түн баласы түгіл, күндіздің өзінде жүру қиындады. Үлкен Семей мен Алаш қаласының арасында ат жалдаушылардың да жүрістеріне тыйым салынып, жаяулар өтетін жол бойларына да күзетшілер қойылды. Бір емес, әлденеше жерлердегі тексерудің кімге бағынатындарын да біліп болмайтын. Осындай жағдайлардан «Алаштағы» Өтегеннің үйіне қайта алмайтын болған Мұхтар семинарияның жатақханасынан ұзап шыға алмайтын хәлге жетті… Ғабдылхақ пен өскемендік екі жолдасын әлі кездестіре алған жоқ. «Бір келер» деп ойлаған ол жатын бөлмесіне от жағудың әрекетін өзі жасауды ойластырды. Өтегендікіне бір жетіп алса, қайтудың өзі қиын. Отынды бұтап, жағуға кіріскенмен тамыздығы жоқ жас ағаш көпке дейін тұтана қоймады. Ескі-құсқы қағаздармен пешін тұтатқаны сол еді, қырау басқан мұржа тартпай, жатақхананың ішін түтін алып кетті. Осындай әуре-сарсаңға түсіп жүріп ақыры пешін жаққан Мұхтар дабұр-дүбір етісіп, бері келе жатқан біреулерді байқады. Мұнартқан қою түтіннен оларды жөнді байқай алмаған ол:
– Мұхтар, аманбысың? От жағамын деп жатақхананы өртеп алып жүрмегейсің? – деген дауысқа жалт қарап, семинарияның үшінші класында оқитын Қаныш Имантайұлы Сәтбаев пен Қазы Нұрмұхамбетұлын көрді. Қазы әлі де сөзін жалғастырды.
– Біз бас сұға тұратын бөлменің есігін ашсаңшы?
– Өздерің де саумысыңдар? Кезекшілік міндетімді атқарудамын. Көрмеймісіңдер, әбден әуре болдым, – деген Мұхтар бөлмесінің есігін ашты:
– Төрлетіңдер.
Мұнда суық болғанмен жатын орын түтіннен таза еді. Мұхтар енді байқады. Қазының киген киімдері бұрын өзі көріп те, естіп те білмеген ерекшелік танытады. Бас киімі тымаққа да, малақайға да ұқсамайды. Елтіріден жел өтпейтін болып тігілген екен. Қайырылған маңдайында Алаш туының өңіне орай ақ матадан белгі қадалған. Бас киімнің құлақтары салыңқы емес, артқы етегі желкеден жел соқпас үшін дөңгелене тігіліп, әрі ықшам, әрі жылы екені бірден аңғарылады. Қоңыр драптан тігілген шинелі тік жағалы. Мұның да екі білек тұсында тағы да ақ матадан жапсырылған белгілер көрінеді. Аяғындағы етегі де қыс күніне орай жылы астармен тігілгендігі көрініп тұр. Мұхтар өзінің киген киіміне таңдана қарап қалғанына орай Қазы әзілін де араластыра сөз бастады:
– Алаштың милициясына жазылсаң, саған да осындай киімдер беріледі. Үлгісін ұнатамысың? Бұл әлі талай сыннан өтеді. Кем-кетігін жүре түзетпек болып жатыр.
Қазы қоңырқай жүзді, биік маңдайлы келген ажарлы жігіт болатын. Кең иықты, түзу денелі бойшаңдығына орай киген киімдері де тұлғасынан жарасымдылық тауып, еңселендіреді.
– Біз өзіңді бәріміздің ортамыздан Алаш милициясына бастық болуға жарайды деп жіберген болатынбыз,- деген Мұхтар, – Солай емес пе, Қаныш? – деді. Жай сөйлейтін жарқын жүзді ажарынан зор байсалдылық танытатын Қаныш:
– Бәріміз бірдей милицияға жазылып кетсек, басқадай елімізге қажетті мамандықтар жайы ойсырап қалмай ма? – деп қойды.
– Қаныш дұрыс айтады. Ел болсақ, бәрі де керек қой, – деп орындыққа жайланып тізесін бүккен Қазы баяу ғана сөйлеп отырды:
– «Алаштың» Семейдегі басшыларының неліктен маған ықыластарының түскенін білмеймін. Туған еліңді қорғау үшін «Алаштың» өз милициясын құруымыз қажет. Сол милицияның бастығына өзіңді қолайлап отырмыз,- деп ақсақалымыз Шәкәрім қажы және қаладағы ақсақалдарымыз Қаражан мен Жақия да салмақ салды Қаражан бай мені өзіңнен де сұрапты ғой.
– Сұраған,- деді Мұхтар. -Біздің семинаристердің арасында жинақы өжеттік, басқаларға өзін тыңдата алу жағынан да сенің жөн-жосығың бөлек.
– Бұл жұмысқа өзім тіленіп бармағаным сендердің екеулеріңе де мәлім,- деді Қазы. – Орынбордағы Әлиханның да сәлемін Жүсіпбек пен Міржақыптан естідім. Көптің тілегін аяққа таптан кетсем, жолым бола қоя ма? Семинарияның ендігі қалған бір жылын кейінірек жалғастырармын деп ойладым. Туған елімнен қасиетті нем бар? Дүниеге халқым үшін келген перзенті емеспін бе? Ендеше көптің тілегінен өзімді алып қашуым жөн емес деп ақыры көнуіме тура келді.
– Бәрін де түсінеміз,- деген Мұхтардың сөзін Қаныш та қостай түсті.
– Еліміздің жақсылыққа жетуін тілегеннен басқа бізде не мақсат болушы еді. Жолың болсын.
Қазы Жүсіпбек, Қанышпен семинарияның үшінші класында бірге оқитын.
Жолдастарының әлгі жылы лебіздеріне рақмет айтқан ишаратын жасай отырды да әлден соң Мұхтарға бұрылды:
– Еліңде болып қайтқаныңды Жүсіпбектен естігенмін. Абай аға, Әйгерімнің қайсымызға жаттығы бар? Әрине, бәрімізден де өзіңе туған анаңдай жақын екені рас. Саған амандасу ойымда болғанмен келуге уақыт таба алғам жоқ.
Қарусыз милиционер жігіттерді салт атпен жүргізіп үйретемін. Әскерлік ойындардың әртүрлері бар ғой. Кейде жаяу жүгіртіп шынықтыруды да көздеймін.
Ол жолдастарына кезек бұрыла түсіп отырды да, күлімсіреген бойда басын шайқап, ойын жалғастырды:
– Жігіттер күні бойы ойыннан шаршап қалады білем, кешке аттарын күтуді бәрінен де ауыр көреді. Достарым-ау, сендер түгіл ата-бабаларымыз ат үстінде өмірлерін өткізген жоқ па? Ерлерше қару асынып, жауға шапқан апаларымыз да аз болды ма? Ендеше сендер «Ер қанаты – ат» деген халқымыздың өсиетін неге ұмытасыңдар деймін. Дегенмен, еріншектерді де халқымыздың тілек-ниеті тәрбиелеп келе жатыр.
– Уақыт бәрін де үйретеді,- деген Қаныштың сөзін Мұхтар жалғастырды:
– Милициялыққа жазылған жігіттердің бәрінде де елге деген сүйіспеншіліктері ерекше болуға тиісті».

З.Сахариева,
М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі
Қазы Нұрмұхаметұлы атындағы атаулы 103-дәрісхана жетекшісі

(Соңы. Басы сайтта 30 мамырда жарияланды)

Осы айдарда

Тарих

АЛАШТЫҢ ШЫН БАЛАСЫ: СЕМИНАРИСТ ҚАЗЫ НҰРМҰХАМЕТҰЛЫ

Осыдан тура бір жыл бұрын 31 мамыр – қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Дидар» газетінде «Алаштың тұңғыш құрбаны» атты мақала жариялап, Қазы Нұрмұхаметұлын еске алған едік. Қыршыннан қиылған ғұмыр-ай. Небәрі 22-ақ жыл өмір сүріпті. Биыл туғанына – 120 жыл, 2018 жылы қаза тапқанына 100 жыл толады екен. Биыл осы атаулы күнге орай арда азаматтың рухының алдында басымызды ие отырып, семинария түлегін тағы бір еске алуды жөн көріп отырмыз.

АЛАШТЫҢ ШЫН БАЛАСЫ: СЕМИНАРИСТ ҚАЗЫ НҰРМҰХАМЕТҰЛЫ

Қазақстандағы педагог кадрлар даярлайтын бірінші мұғалімдер семинариясы 1903 жылы Семейде, 1913 жылы Верный, Ақмола, Ақтөбе мен Оралда ашылды. Семей мұғалімдер семинариясы 1903 жылы 1 шілдеде үш негізгі және бір даярлық класы бар жеті жылдық оқу орны болып ашылған. Оның дайындық класына алғаш Семей, Кереку, Өскемен, Қарқаралы, Ақмола уездерінен 24 бала қабылданған. Кейіннен Тобыл, Барнауыл, Жетісу аймақтарынан да жастар тартыла бастаған. Оқу орнын бір ғасыр ішінде 45 мыңнан астам маман бітіріп шықты.
2013 жылы Семей мұғалімдер семинариясына, бүгінгі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжіне 110 жыл толды. Оқу орнының мерейтойы қарсаңында 110 жылдық даму тарихы жіті зерттелінді. Еліміздің орталық мұрағаты, Ресей мемлекетінің Омбы, Томск, облыстық мұрағаттарының деректері мен түлектердің естеліктері топтастырылған «Алаштың білім ордасы» атты танымдық-ғылыми сипаттағы тұңғыш көлемді кітап шығарылды. Кітап авторлары – колледж директоры Шағангүл Жанаева және тарих пәнінің оқытушысы Төлеуғазы Мұқанов.

Қазақтан шыққан алғашқы милиция офицері

АЛАШТЫҢ ШЫН БАЛАСЫ: СЕМИНАРИСТ ҚАЗЫ НҰРМҰХАМЕТҰЛЫ

(Қазы Нұрмұхаметұлының 2 класты орыс-қазақ училищесін бітіргені туралы куәлік көшірмесі. 1 мамыр 1914 жыл).

«Алаштың білім ордасы» атты кітапта оқу орнында білім алған тарихи тұлғаларға қатысты тың деректер басылды. Солардың бірі – Қазы Нұрмұхаметұлы. Қазы Нұрмұхаметұлы – семинарист, қазақтан шыққан алғашқы милиция офицері. 1918 жылы 6 наурызда қызыл әскерлердің қолынан қаза табады. Аталған еңбекте Қазы Нұрмұхаметұлының 1915-1916 оқу жылындағы Семей мұғалімдер семинариясында оқып жүрген кезіндегі құжат көшірмесі басылды. Тізімде Қазы Нұрмұхаметұлы 18-ші болып жазылған (ҚР ОММ. 15 қор. 1 тізбе. 490 іс). Міне, осылайша Қазы Нұрмұхаметұлының есімі тарихқа қайта оралды. Ерлігі ұрпақтар есінде мәңгі сақталу үшін колледждегі 103-дәрісханаға есімі берілді. Атаулы пән кабинетінде семинарист Қазы Нұрмұхаметұлының өміріне қатысты жарияланған зерттеу еңбектердің библиографиялық көрсеткіші жасалып, жинақталуда.

АЛАШТЫҢ ШЫН БАЛАСЫ: СЕМИНАРИСТ ҚАЗЫ НҰРМҰХАМЕТҰЛЫ

АЛАШТЫҢ ШЫН БАЛАСЫ: СЕМИНАРИСТ ҚАЗЫ НҰРМҰХАМЕТҰЛЫ

(Семей мұғалімдер семинариясы 1915-1916 оқу жылының 2 жартысындағы стипендиаттар тізімі, Қазы Нұрмұхаметұлы тізімде 18-ші болып тіркелген (2-ші болып Жүсіпбек Аймауытов, 6-шы болып Қаныш Сәтбаев жазылған)

2003 жылы «Ертіс өңірі» газетінде М.Халиолламен Ж.Алмабаев «Қазы Нұрмұхамбетұлы кім?» деген эссе жариялады. Онда: «Қазының ата тегі – Найман руы, оның ішінде Сыбан елінен. Ұлы атасы Атақара молладан Быламық пен Нұрмұхамбет туады. Нұрмұхамбеттің кіндігінен бес ұл болған екен. Олар – Құдайберді, Ісләм, Қазы, Тәуелқазы, ең кішісі Кенжеқазы. Алашордашыларды қудалау кезінде Құдайберді мен Ісләм Аягөз қаласы арқылы Қытай асып кетуі мүмкін. Тәуелқазы (Тәуке) Нұрмұхамбеттің атынан шығып, Быламықов болып жазылып қызмет етіп, Семейде ет-консерві комбинатында директор болып, ақыры ұсталады. Қазының кенже інісі Кенжеқазы оқып, мұғалім болады. Мұны да қудалай бастағанда Тарбағатай жаққа өтіп кетіп, өзі тіленіп майданға аттанып, Карелия жерінде қаза табады. Одан Нұрфатима мен Гүлфатима атты екі қыз қалған. Нұрфатима Қарағандыда, Гүлфатима Алматы облысының Ақсу ауданы, Жансүгіров ауылында тұрады. Ал Қазының өзінен қалған жалғыз ұлы 9 жасында дүние салады. Қазы Нұрмұхаметұлының ұрпақтарының, туыстарының тағдыры осындай» – деп жазылған.
Б.Майлиннің 1918 жылы «Сарыарқа» газетінде жарияланған «Тұңғыш құрбан» атты мақаласын, мұрағат материалдарын және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалаларды, Кәмен Оразалыұлының «Абайдан соңғы арыстар» атты романындағы «Қазының қазасы» атты үзіндісін оқып саралай келе, алғашқы милиция офицері, Алаштың тұңғыш құрбаны, семинария шәкірті Қ.Нұрмұхаметұлының есімі ұмытылмай бүгінге жетті, алдағы уақытта қайраткердің да өміріне байланысты зерттеулер жалғасады деген ой тұжырым жасаймыз.

Алаш милициясының тарихы

1917 жылы 5-13 желтоқсан күндері Орынборда екінші жалпы қазақ съезі шақырылады. «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 25 қаңтардағы санында съездің үлкен қаулысы жарияланған. Сол қаулының екінші бөлімінде «Қазақ-қырғыз автономиясы «Алаш» деп аталсын; үшінші бөлімінде «Алаш облыстарын қазіргі бүліншіктен қорғау мақсатымен уақытша ұлт Кеңесін құруға. Мұның аты Алаш Орда болсын. …Алаш Ордасының уақытша тұратын орны Семей қаласы. Алаш Орда бұ күннен бастап қазақ-қырғыз халқының билігін өз қолына алады. … Ешбір тоқтаусыз милиция түзеуге кірісуі тиіс… Шәкәрім Алаш Орданың қазысы яғни, биі болады», – делінген. «Алашорданың» милиция туралы заң жобасының авторы – Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, педагог, заңгер Халел Ғаббасов. Ол Семей ерлер гимназиясын, Мәскеу университетінің физика-математика факультетін алтын медальмен бітірген. Алашорда үкіметінің Семей облысынан сайлан¬ған мүшесі, Үкімет төрағасының орынбасары, публицист, Алаш үні «Сарыарқа» газетінің редакторларының бірі Семей «Алашордасының» сыртқы істер және қаржы министрі болған қайраткер.

З.Сахариева,
М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі
Қазы Нұрмұхаметұлы атындағы атаулы 103-дәрісхана жетекшісі

Семей.

(Жалғасы бар)

Осы айдарда

Back to top button