АЛАШ КӨСЕМІ ӘЛИХАННЫҢ 25 ЖЫЛДЫҚ ЖОСПАРЫ
Оның земство енгізбек ойының астарында – біріншіден, ата-баба жерін земствоның қарауына беріп, келімсектердің ағынын тежеу болса, екіншіден – қазақ мемлекетінің құрылысын оның берік іргетасын (фундаментін) қалаудан, яғни жергілікті инфрақұрылымның негізін қалап дамытудан бастауды көздеді. «Алдымыз үлкен той. Жалпы жұрт жаңа болатын земствоға кіріспек, – деп жазды Қыр баласы Алаш автономиясын жариялаудың дәл қарсаңында, – Земство – жұрт өзі сайлап қоятын мәжіліс мекеме. Жұрттың көзі, жанашыры, күзетшісі, қамқоры, қорғаушысы. Тұрмыс-тіршілікте земство билемейтін іс болмайды… Земство қолға алып қылатын істің бір зоры – бала оқыту. Земство мектеп, школ салады. Медресе көрмеген бала болмайды. Оқудан шығып қарайған адамның көзін ашуға үлкенге де білім, ғылым шашуға земство көшпелі, уақытша білгіш мұғалім жалдап оқу үйретеді. Оқу бәйгесіне қосылмай арманда қалған адам болмайды. Жүйрік, білгіш барынша болғаны жарыққа шығып, жұртқа қызметін көрсетеді. Сонда жұрт тарих жолына жылдам түспек…
Көп земство қосылып, күрмеліп, союз болып завод ашпақ. Керек-жарақты осы заводта істетпек. Осы күнде мұхитқа шатыр болатын темір сататын земство союзы бар.
Осы земствоға біздің қазақ шебер адам тауып, көштен қалмаса, біз жұрт болдық. Партия болып, қаңғырсақ, бізді құдай оңдамағаны».
Ал «Алаш» партиясының жарғысында жер мен земство турасында былай делінеді: «Жер законында жер сату деген болмау, әркім өзі пайдалану. Пайдасынан артық жер сатылмай, земствоға алыну. Жердің кені, астығы, байлығы қазынанікі болып, билігі земство қолында болу».
Үшіншіден, Әлихан земствоны – мемлекет қайраткерлерін тәрбиелеу мектебі деп қарастырды. Ресейдің ХХ ғасыр басындағы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің дені земстволардан өсіп шыққан еді.
Қазақты әскери қызметтен босатқан орыс патшасының 1834 жылы берген грамотасын (заңдық күші бар) бұзу арқылы өз халқына әскери борыш өтеу міндетін жүктемек болған Әлихан – атты казактардың үлгісімен қазақтардан өзінің әскери басшылығына қарайтын атты әскер құруды, осылайша – қазақтың тұрақты ұлттық армиясының негізін қалауды көздеді. Оны Әлиханның, Ахмет, Міржақып және тағы басқалардың 1913, 1915-1916 жылдары «Қазақ» газетінде жүргізген пікірталасынан байқаймыз. «Үкімет бізді тым-тырыс отырысқанда, жаяу солдат қылатын көрінеді, – деп атап көрсетті Қыр баласы. 1916 жылы «Қазақ» газетінде, – Жұрт мұны ыңғайлы көрсе, босқа арамтер болмай, тыныш шаруасында жүре бергені жөн. Казак боламын десе, айтысқаны жөн. Менің білгенім, қазақ әскерге алына қалса, біздің жұрт казак кебін кию мақұл. Казак законда право жолында мұжықтан ілгері, бұған себеп болған тарих жолы: мұжық құл болған, казак бостандық, құрдастық жолында болған, анық қызметті 12 жыл қыламыз деп, казак жер жағынан мұжықтан ілгері, ерке. Бізге мұны бермес, берсе ұтылмаспыз».
Әйтсе де, ұлттық армия құру мақсатына Әлихан тек Алаш автономиясын жариялағаннан кейін ғана жете алды. Мысалға, 1918 жылдың қыркүйегінде Уфа қаласында Бүкілресейлік құрылтай жиналысы мүшелерінің комитетімен Алаш автономиясын мойындату мақсатында жүргізген келіссөзінің ізінше Алаш қаласына жолдаған жеделхатында Алаш автономиясының басшысы әрі премьер-министрі Әлихан Бөкейхан былай деп хабарлады: «Құрылтай уәкілдігінің комитеті Алашты автономиялы жұрт деп таныды. Бар күшті ұлт әскерін жасауға салыңдар. Алаш – Россиядағы одақтас мемлекеттердің бірі. Сондықтан тіреудің бір ұшы – Алаш әскері. Алаш полкіне не керегін тауып беріп, таратпаңдар. Керек нәрсені, қаншама болсын, қарыздануға қорғанбаңдар. Жетік, білікті қару алсын. Алаш отрядының Орал, Торғай бөлімдерінде әскер жасау жұмысы жалғассын. Оралда қазақ офицерлерін шығарамыз. Алашорда бастығы Бөкейхан» («Абай», № 10, 25.09.1918 ж., №10. Алаш қаласы.).
Әлиханның «Мэйдзи жаңғыруы» тәжірибесін өз елінде өзгеріссіз қолданғысы келмеуінің тағы екі сыры бар-ды. Біріншісі, алты Алаш көсемі қазақ пен жапон салт-дәстүрлері мен мәдениеттерінің, ұстанған шаруашылықтарының өзіндік, қайталанбас ерекшеліктерін ескерді. Екіншісі – Жапония патшалық билікті сақтап қалды, тіпті күшейтті. Ал Әлихан Бөкейхан саяси көзқарасы бойынша қазақтан шыққан тұңғыш шынайы демократ, либерал болатын. «Алаш» партиясының жарғысына сәйкес, қазақтың 1917 жылдың 13 желтоқсанында азан шақырылып құрылған Алаш автономиясы «үкімет басында «Учредительное собрание» мен «Государственная Дума» қалауынша кесімді жылға сайланатын президент болатын» парламенттік республика болып дүниеге келген-ді. «Автономия болған – өз алдына мемлекет болған, – деп түсіндірді Әлихан өзінің «Жалпы сібір сиезі» атты мақаласында. – Мемлекет болып іс атқару оңай емес». Ал «Алаш» партиясының жарғысында әрі қарай былай делінеді: «Президент халықты министрлер арқылы бағу, ол министрлер «Учредительное собрание» мен «Государственная Дума» алдында жауапты болу. Депутаттар тегіс, тең, төте һәм құпия сайлаумен болады. Сайлау хақында қан, дін, еркек-әйел талғаусыз болады».
Алаш автономиясының заманынан озық туған тағы бір ерекшелігі – ол дін істері мемлекеттен бөлінген зайырлы, біртұтас (унитарлық) демократиялық мемлекет болды. Дінді мемлекет істерінен бөлгенде Әлихан мемлекеттің де гүлденуін, діннің де аяқасты болмауын мақсат етті. «Франсұз, орыс һәм өзге жұрттың тарихынан көрінеді, – деп атап көрсетті Әлихан «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» атты шағын мақаласында, – молла үкіметтен ақша алса, сатылып кетеді, рухани іс аяқ асты болады. Жалование алған моллалар үкіметке жетекшіл болып, еріп кетеді. Біздің қазақ-қырғыз дін ісін көркейтетін болса, үкімет ісінен бөліп қойған оң болады. Орысша оны «отделение церкви от государства» дейді. Кадет партиясы менің бұл пікіріме өзгеше қарайды».
Алаш көсемі жерді меке-меншікке беруге үзілді-кесілді қарсы болды да, қауымдастық меншікке берілуін қолдады. Оның сырын аталған шағын мақаласында былай деп түсіндірді: «Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұрдша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келеді!».
Әлихан Бөкейхан Алашты автономия деп жариялағанымен, қазақтың таяу болашақта толық тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болатынына күмән келтірмеді. Оны «Жалпы Сібір сиезі» мақаласындағы мына жолдарынан көреміз: «Қазақ ұлты… Сібір автономиясына уақытша қосылады. Өздері, біз енді бөлініп, өз алдымызға автономия боламыз деген күні босанып, автономия болады деп. Биыл жаздай болған комитет сайлаулары, біздің қазақ өзін-өзі билегенде істеген істері көрсетіп тұр: іс атқаратын азаматтың аздығын, жалпы жұрттың қараңғылығын біз ойладық, әуелі Сібірге сүйеніп, тасымалдап, жалғасып, көшіп кетелік; жіп жалғап, зор мемлекет көрнеуінен құтылып-ап, отау болып соңынан бөлінелік деп».
Әлихан қазақтың Ресейден бөліну мүмкіндігін айтпағанда, тіпті оның құрамында ұлттық автономия алуына да енді тіпті орыс демократтарының қарсылығына тап болатынын жақсы сезді. Сол себепті ол «Алаш» партиясының жарғысына «реті келсе, Қазақ автономиясы сыбайлас жұрттармен (яғни, башқұрт, татар, қырғыз) әзірге бірлесе болуы, реті келмесе – бірден-ақ өз алдына жеке болуын» деген жолдарды кіргізді. 1937 жылдың 6 тамызында Мәскеудің Бутырка түрмесінде ОГПУ тергеушісіне берген жауабында ол былай деп атап көрсетті: «Біздің «Алаш» партиямыз басқа ұлттық партиялармен саяси блок құрды (Татарстан, Башқұрстан және т.б.). Құрылтай жиналысынан орыстың буржуазиялық партияларымен уәжге келе отырып Ресей буржуазиялық-демократиялық мемлекетінің құрамында ұлттық облыстардың автономиясын бірігіп талап ету – осы бірігудің басты мақсаты болды».
1917 жылғы Ақпан төңкерісінен соң құрылған Уақытша үкіметтің де, оны құлатып билікті басып алған большевиктік биліктің де бұрынғы отаршыл империя құрамындағы түркі мұсылман халықтарының бірігіп ортақ мемлекет құруынан қатты сескенгені жасырын емес. Міне осы жайтты жақсы білген Әлихан ОГПУ тергеушісі алдында ағынан жарыла қоймағанын ашық айту керек. Ашығына келгенде, Әлихан Ресей империясының отарлығында болған түркі-мұсылман халықтарының біртұтас мемлекетін құруды ұсынып, орыстың төңкерісшіл демократтарын шошытып алмас үшін оны «Ресейдің Шығыс мұсылмандары федерациясы» деп атауды ұсынады. Ол туралы 1917-1919 жылдарғы Башқұрт автономиясының төрағасы Ахмет Заки Валидов өзінің Түркияда жарық көрген естеліктерінде жазып қалдырды. Оның осы естеліктерінен туатын тағы бір маңызды қорытынды: 1917 жылдың қарашасында Қоқан қаласында құрылған, тарихтан «Қоқанд автономиясы» деген атаумен белгілі Түркістан мұхтарияты да Әлиханның тапсырмасымен құрылған болып шығады. «Қазақ халқының көрнекті қайраткерлері Ахмет Байтұрсын, Шыңғыс ханның ұрпағы, Бөкей ордасының аса құрметті өкілі, егде жасқа келген Шәңгерей Сұлтан Бөкейханов, Мұстафа Шоқаев, Жиһанша Досмұхамедов және басқалар қазанның соңы – қарашаның басында Торғай губернаторы Ғалихан Бөкейханның резиденциясына жиналды. Мен бірнеше мәжіліске қатыстым. 28 қазанда Ташкент қаласы да Кеңестердің қолына өтті, сол себепті Мұстафа Шоқаев Орынборда кідіре тұруға бел буды. Қазақ көсемдері маған башқұрт істерін уақытша қоя тұрып, Шоқаевпен бірге Ташкентке баруды ұсынды. 2 күн ұдайы жалғасқан мәжіліс талқысы, негізінен, біздің келешек тағдырымызды айқындап берді. Демократия идеясы мен Құрылтай жиналысына адал болып қаламыз, бәлшебектерді мойындамай, облыстық автономия саясатын ұстанған Украинаны үлгі етіп алатын болып шештік. Желтоқсан айының соңында (1917 жыл) бір мезгілде Орынборда қазақ және башқұрт құрылтайларын өткізу, Түркістанда да егемендік жолындағы күресті бастайтын болып келістік», – деп жазады Заки Вәлиди Тоған.
Әлихан Бөкейхановтың қанатты сөздері
Талас-тартыс жоқ болса, өмір абақтыға айналар еді.
***
Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана.
** ** **
Ақылды сөз қылмақ қиын, ақылды сөзді ақылды іс қылмақ одан да қиын.
** ** **
Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден.
** ** **
Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын да алып жүре алмайды.
** ** **
Тіршілік – бәйге: жүйрік алар, шабан қалар.
** ** **
Өз күшіне сенбеген халық та, адам да ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды.
** ** **
Өзің түйеден өткен жетекшіл болсаң, саған ақыл не керек?!
** ** **
Би түзу, билік әділ болсын.
«Біздің Россияда мәдениет төмен, – деп жазды Қыр баласы (Әлихан Бөкейхан) 1915 жылы Хасен Ақайұлына жазған ашық хатында, -Жақсы нәрсе шығаратын зауыд, фабрика жоқ. Істеген ісі сарт шегесі, сарт бөзі сияқты. Жақсы киім, жақсы нәрсе ұстайтын адам бұларды Англия, Белгия, Франция, Германиядан алғызады. Бұлардың саудасында ұрлық, ісінде қаяу жоқ. «Зингер» машинасы қалыпты». Оның есесіне Әлихан жапондардың, АҚШ, Германия, Англия сынды батыс елдерінің тәжірибесін үлгі ете отырып, қазақ елін 20-25 жылдың ішінде дүние жүзінің төріне жеткізуді нақты жоспарлады. Оның кәміл сенімінше, Қазақ елінің әлемдегі қуатты агро-өнеркәсіптік мемлекетке айналатындай зор әлеуеті бар. Оның пікірінше, қазақ мал бағуға шебер жұрт болған соң, осы малды айналдырғаны жөн. Қыр баласы – Ел ағасының келесі жолдарына назар аударсақ, сонау ХХ ғасыр басында оның қазіргі нарық экономикасының заңдарына лайық ойлағанын айдан-анық байқаймыз. «Енді заман өзгерді. Базарда бағаланғаны пұл болады. Қазына басы көпке байлаулы емес, базарда ақша болатынға байлаулы. Енді жарыстан қалмайын десең, мал сүйегін асылда. Мына Еуропа соғысын көз көріп тұр. Қанша кісі солдат қызметін қылатыны болжаулы. Аз болса, дүниедегі адамның 20 проценті әскер кебін киеді. Мұның бар шекпені біздің қазақ қойы сияқты қой жүні болмақ. Бұл базарда бағалы болатын қойды қазақ жерінде тұрып, тәрбиелеп, өсіріп іс қылмаған қазақ – адасқан», – деп атап көрсетті Қыр баласы. «Қазақ» газетіндегі кезекті мақаласында ол халқына отырықшылық тұрмысқа көшіп, қолынан келетін ең жақсы кәсібі – мал шаруашылығын өркендетуден бастауды ұсынады: «Еуропада Швейцария жұрты жері Түркістан, Алтай, Алатаудай ғұмырында қар кетпейтін биік тау, малға жақсы, егінге жаман, адамы отырықшы болып қалада отыр, шаруасы мал бағу. Жер аз болған соң малдың басын азайтып, сүйегін асыл қылып мал бағып тіршілік қылып отыр. Қадағын 80 тиын бір сом 20 тиын біздің орыстың қаласында сатылатын ірімшік осы Швейцария шығарған болады. Аустралия жері біздің қазақ жері сияқты шөл, топырағы жасық болған соң Англия жұрты қой бағып мал шаруасын қылып отыр. Аустралия қойының еті төрт ай мұхитта кемемен жүріп келіп Петербор базарында сатылады. Малы көшіп жүр, адамы қала болып отыр».
Қазақтың жері, – деп жазады Әлихан келесі бір мақаласында, – малдың кіндігі. Кулешов деген орыс ғалымының пікіріне сүйене отырып, ол қазақ қойының етіндей нәрлі ет жер бетінде жоқ екенін айтады.20 -Алайда, деп өкініш білдіреді Әлихан, – кең байтақ жері мен төрт түлік малының қадірін білмей келеді. Бізде сиыр еті 10 пұт 21 қадақ, Германияда 17-18 пұт. Міне, мәдениет бойы биік-аласасы көрініп тұр. Көп жерде отырып мал да асырай алмады деген осы болады. Қазақта мың адамға 1750 сиыр келеді. Бұл орыстағы мың адамға келетін сиырдан 5,5 есе, Еуропадағы мың орысқа келетін сиырдан 28 есе артық. Қазақ жүрген барлық 240 миллион [десетине] жерді, мұның ішінде мұжық алған жер де бар, миллион қазаққа бөлсең, үй басы 240 десетине болады. Бұл жер мұжық сыбағасы 15-тен 16 есе көп. Жеріміз 16 есе артық, сиырымыз 28 есе артық. Мұның бізден мал басынан асырғаны қайсы?».
Алаш көсемі қазақты егін, мал асырау кәсібін, жалпы агроөнеркәсіп саласын жедел дамыту үшін еркін кооперативке бірігуге шақырды. Оған үлгі ретінде Әлихан тағы бір Еуропа елінің үздік тәжірибесін келтіреді. «Дания деген, – деп жазды ол 1924 жылы «Ақ жол» газетінде шыққан мақаласында, – Еуропадағы кішкене мемлекеттердің бірі. Данияның жері 49 мың 83 шаршы километр. Адамы 2,5 миллион. Жері біздің қазақтың бір оязының жерінен аз, адамы – орташа екі облыстың еліндей… Данияда жалпы жұрттың күнелткені – егін салу мен мал бағу… Жалпы елдің білімі молдығынан, кәператипке сүйеніп істегендігінен байлық Дания еліне күйедей жаққан. 1899-ыншы жылдың басында Данияда 1 мың 273 кәператибі бар екен. 1 кәператипке 500 бұзаулы сиыр келген. Бұ кәператиптердің сарымай, ірімшік істейтін 4-тен 20 мың сомға дейін тұрарлық заттары бар. Кәператип болмаса, мұндай зор іс 2-3 сиырлы шаруа қолынан келе ме? – «Көп түкірсе – көл болады».
«Біздің Ресей мұжығынан Дания мұжығы 19,5 есе бай, – деп ойын жалғастырады Қыр баласы, – Біздің Ресей мұжығы олақ егінші, Дания мұжығы шебер малшы келеді… Біздің қазаққа қазіргі кезде баласын оқытатын мектеп, жерін гүлдететін су, елге қызмет қылатын… май алатын, жүн жуатын, тері илейтін, ет сататын, мал өсіретін, егін салатын кәператип керек».
Әлихан ұлттық экономиканың ауыр өнеркәсіп саласын аяғынан қаз тұрғызып, қазақ елінде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі – земствоны енгізу қажет деп санады: «Соқасыз, шалғысыз, машинасыз қазақ болмайды. Көп земство қосылып, күрмеліп, союз болып завод ашпақ. Керек-жарақты осы заводта істетпек».
«Гәп егін салғанда, мал баққанда ғана емес: егін сал, мал бақ, кен қаз, бірақ – шебер бол!» – деп үндеді соңына ерген алты алаш жұртына Әлихан Бөкейхан.
Сұлтан Хан Аққұлы,
«Алаш» ғылыми-зерттеу институтының
директоры.
(Басы сайтта 4 ақпанда жарияланды)