2016 жылдың тамыз айында Үржар ауданының орталығы Үржарда Алашорда үкіметінің мүшесі, Жетісу алашордашыларының басшыларының бірі, сол өңірде Алаш әскерін құруда үлкен еңбек сіңірген, Әлихан Бөкейханов сияқты ұлтымыздың күрескерлері таңдаған жолмен қалтқысыз жүріп, азаттық жолында құрбан болған Отыншы Әлжановқа ескерткіш қойылған еді. Бұл салтанатқа Отыншы Әлжановтың тағдырдың бұйрығымен жан-жаққа тарыдай шашыраған тікелей ұрпақтары шақырылған болатын. Сол кездесуде олардың жай-күйлерінен өздері көрмеген ата жұрттарына деген ыстық сезімдерін байқадық. Бойларынан тектілік пен үлкен ізеттілік сезіліп тұрған, асылдың сынығындай осы кісілер Үржар жұртшылығына да зор ризашылықтарын білдіріп аттанған еді. Таяуда Алаш қозғалысының белгілі қайраткері болған Отыншы Әлжановтың ұрпақтарының қилы тағдырына қатысты мақала қолымызға түсті. Мақала авторы – Отыншы Әлжановтың үлкен ұлы Мұхаметқасымның қызы Нұрсағиладан туатын жиен-шөбересі, Ақтау қаласында тұратын Майра Төлебаева. Бізге жіберген сол мақаланы газет оқырмандарының назарына ұсынғанды жөн көріп отырмыз.
Мұхтарбек Кәрімов,
т.ғ.к., профессор, Семей қаласының Шәкерім атындағы мемлекеттік университетінің Манаш Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер орталығының директоры
Өмірі үшін аты-жөнінен бас тартыпты
Биыл Алаш партиясының, Алаш автономиясының және оның үкіметі Алашорданың құрылғанына 100 жыл толғалы отыр. Қазақ ұлтының өміріндегі аса елеулі осы оқиғалардың толық зерттеліп болмаған тақырып екендігі белгілі. Тарихымызға, Алаш мәселесіне жанашырлықпен қарайтын кез келген азамат өз білгендерін баспасөзге жариялауы қажет деп ойлаймын. Жарияланым неғұрлым көп болса, таным соғұрлым мол болмақ.
Менің анам Әмина Ақмұрзаева Алашорда үкіметінің мүшесі Отыншы Әлжановтың тұңғыш немересі. Оның осы айтылған аты-жөні, яғни Әмина Ақмұрзаева деген ойдан алынған жалған есім. Шындығында ол – Отыншы Мұхаметқасымқызы Нұрсағила болуы тиіс еді. Адам өз есімінен қара басына, өміріне қауіп төнгенде ғана бас тартады ғой. Анам да өз есімімен жүре алмаған соң, осындай қадамға баруға мәжбүр болған. Анамның бізге, балаларына, ұзақ уақыт өзінің шығу тегін айтпағаны жанымызға бататын. Ол кісіге сұрақтарымыз да көп болатын. Соның ішінде, оның фамилиясына негіз болған Ақмырза деген кім деген сұрағыма, ешкім деген жауап алғанымда қатты таңғалғаным бар. Біразға дейін не айтарымды білмей, тағы да жанын ауыртам ба деп, үнсіз қалғам. Кеш болған соң, анамның өзі «Майрашжан!» деп қасына шақырып алды. Көздері жасаурап, біраз үнсіздіктен кейін ғана: «Сен сұрайсың-ау, ал мен өзім де Ақмырзаның кім екенін білмеймін, сенесің бе? Атамды, Отыншыны, адамдар, әсіресе, өз елінің адамдары «төре, Отыншы төре» дейтін болған. Тегі соған ұқсас етіп, мырза деген сөзді тіркеп, Ақмырзаны жасаған. Ол менің тегіме айналған. Туыстарым болып, келісіп, осылайша мен Ақмырзаева Әмина болдым. Себебі, біздің әулет үнемі қуғындалды, Ғалымжан ағам Ленинградтағы оқуынан шығарылды, әкем Мұхаметқасым, яғни өзің көрген Мұқаш атаң жер аударылды, мен Ақтөбедегі мектепке барып оқуым үшін аты-жөнімді Ақмұрзаева Әминаға өзгерттім. Өзіңнің атыңмен, ата-бабаңның тегімен жүргенге не жетсін! Жүрмек түгілі, олар туралы дауыстап айтуға да тыйым салынды, үкіметтен қорықтық». Жылап отырып, осыны айтқан анашымның жасы сол кезде 60-қа жақындаған кез еді. Қатыгез заманның ойраны мен қысымының салдарынан Отыншы ұрпақтары өздерінің ата-бабаларының сүйектері жатқан, ұлы әжеміз Нұржәмилә жырдай қылып айтып отыратын Тарбағатайдың Ақсуат өңірін көруге, сол қасиетті жерді табандарымен басып, құшуға мүмкіндіктері болмады. Қайран анам ойдан алынған осы есіммен өмірден өтті. Зиратындағы мәрмәр тасқа да оның «Ақмұрзаева Әмина» деген аты-жөні жазылды.
Жоғарыда айтылған нағашы атам Мұхаметқасым немесе Мұқаш кеңпейілді, мінезге бай, өз мамандығының шебері, есеп-қисапқа жетік бухгалтер еді. Өте жақсы адам болатын. Таза киініп, барлық заттарын ұқыптап ұстайтын. Нағашы атам әдебиетті жақсы көретін, шағын әңгімелер, өткен-кеткен тарихи деректерді жазып отырушы еді. Жиен-немерелері, біздер: Айдар, Майра, Фарида және інісі Ғалымжанның ұлы Рахан болып, жасырынып Мұқаш атамның жазбаларын оқитынбыз. Жоғарыда аталған балалар, 1966, 1967 жылдары біріміз ілгері, екіншіміз кейіндеу орта мектепті бітірген кезіміз. Бәріміз Алматыдағы нағашы апамыз Сәуленің үйіндеміз. Мінезі ашық-жарқын, аңғалдығы да басым атамыздың маңынан шықпайтынбыз, еркелеткені де сондай ұнамды еді. Қаланы аралап, қыдыруға шыққанында қасына көбіне Рахан мен Айдарды ерткенді жақсы көретін. Келгеннен кейін олар атамның қызықтарын айтып, күліп, бәрімізді мәз қылушы еді. Осы күндері ойласам, атам бізге Отыншы бабамыз туралы ештеңе айтпаған екен ғой.
Сол 1967 жылдың жазында Сәуле тәтеміз аспирантураны бітіріп, кандидаттық диссертация қорғады. Бұл күні бәріміз үйде болдық, дастарқан дайындап, үйді жинап, Сәуле тәтемізді күтіп отырдық. Түс қайта тәтем келді. Есік ашылып, үйге кіргенінде ол ең алдымен Мұқаш атамды құшақтап, «Аға, аға!» деп, балаша жылап жіберді. Оның көкейінде не тұрды, қандай ойлар қамады, оны мен тек қазір ғана шамалаймын. Қалай болғанда да бұл шерменде болған жанның қуанышпен бірге келген көз жасы еді. Жалғыз әпкесі, менің анам оны жұбатып жатыр, бірақ ол мардымсыз әрекет болатын. Екі қызын құшағына алған Мұқаш атам, алай-түлей көңілімен арпалыса отырып, қызын құттықтап жатыр… Қобалжыған дауысы еміс-еміс естіледі. Әлденелерді айтып жатыр. Алайда, оның ерекше қуанышы түр-сипатынан байқалып тұрды. Бұл күнді мен ешқашанда ұмытпаймын…
Мұқаш атам Отыншы Әлжанұлының үлкен ұлы. 1905 жылы туған, ұзақ жылдар бойына ауыр науқаспен жүріп, 1967 жылы қайтыс болды. Мұқаштың тұңғыш перзенті Әминадан, яғни Нұрсағиладан біздер – Айдар, Майра, Дина, Бақыт, Әнуар, Гүлзира тараймыз. Ал кіші қызы Сәуледен Гүлфарида және Лаура деген жиендері туған.
Әріден қозғасақ, Отыншы атамыз арғынның ішіндегі Қаржас руының беделді адамы, Омбы қаласының тұрғыны Кемеңгерұлы Дүйсебай қажының қызы Нұржәмиләға үйленеді. Сол кездің өзінде-ақ баршаға белгілі болған азамат, Алаштың белгілі қайраткері Қошмұхамет (Қошке) Кемеңгерұлы Нұржәмиләнің туған ағасы еді. Нұржәмилә әжеміз ұзақ өмір сүріп, балалары қайтардың алдында ғана 1963 жылы қайтыс болды. Отыншы мен Нұржәмилә Омбы қаласында әкесі Әлжанның сатып әперген, ағаштан әдемілеп, үлкен етіп салынған үйінде 1907 жылға дейін тату-тәтті өмір сүріпті. Кейінірек Сәуле тәтемнің айтуы бойынша бұл үйді Омбыға арнайы барғанында көрген екен. Отбасында төрт перзент дүниеге келеді. Ең кіші ұлдары сәби кезінде шетінеп кетеді де, бір қызы мен екі ұлы – Бибіфатима, Мұқаметқасым, Ғалымжан аман өсіп, көшке ілеседі.
Әжеміз 37 жасында жесір қалыпты
Отыншы ата 48 жасында 1918 жылы Мақаншыда қызыл партизандардың қолынан, отқа оранып қаза тапқанда, Нұржәмилә әжеміз 37-де ғана екен. Ол ерінің үнемі айтатын өтінішін орындап, үш баласын да оқытты. Үшеуі де алдымен Лепсі уезінің орталығы Лепсі (Лепсинскіде) қаласындағы үш кластық училищеде, содан кейін екі кластық ер балаларға арналған училищеде білім алады. Мұқаш атам одан кейін Зайсан қаласындағы гимназияны бітіріп, қаржы мамандарын дайындайтын Омбыдағы арнайы курсты тәмамдайды. Ол осы мамандығы бойынша өмір бойы қызмет етті. Білімді де, білікті маман болды. Шамамен 1959 немесе 1960 жылдар болуы керек, өзі ұнатып, бір ер баланы бауырына басып, асырап алды. Осы баласына қазақтың біртуар ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың есімін қойып, Мағжан атады. Мағжан бүгіндері өз отбасымен Алматы қаласында тұрады.
Сәуле тәтеміздің қыздары Гүлфарида мен Лаура да балалы-шағалы, Алматының байырғы тұрғындары. Сәуле «Отыншы Әлжанов» және «Отыншы Альжанов – беркут Алашорды» атты танымдық, ғылыми туындыларды жарыққа шығарды. Бүгінде, марқұм болған анасының ісін қызы Гүлфарида жалғастыруда. Алдында айтқанымыздай, Отыншының Бибіфатима есімді қызы болған. Бибіфатимадан екі ұл – Ертай мен Заманбек және екі қыз Хамида мен Роза туған. Ертай Төлемісов білім саласында ұзақ жылдар бойына жемісті еңбек етті, педагогика ғылымдарының академигі, педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі болды. Мұқаштың қызы Сәуле 1958 жылы Мәскеу қаласындағы С.Орджоникидзе атындағы тау-кен институтын бітіреді. Төлемісов Ертайға тұрмысқа шығып, отбасын құрады.
Бибіфатиманың балаларының ішіндегі Роза тәтеміз – Отыншының жиен-немересі – 2016 жылы тамызда Үржарда атасы Отыншыға қойылған ескерткіштің ашылу салтанатына барды. Осы Үржардағы салтанатқа Мұқаштың екі қызының ұрпақтары біздер, жиендері – Майра, Гүлфарида, Дина, Бақыт, Гүлзира, Әнуар, Руслан және Роза тәтеміз бардық. Роза тәтеміз үлкен отбасының анасы, немере сүйген бақытты әже. Осы жерде айтарым, аталған Отыншының ұрпақтарының баршасы да балалы-шағалы.
Отыншының екінші ұлы Ғалымжан Әлжанов, сырт бейнесімен әкесіне қатты ұқсас деп Нұржәмилә әжеміздің өзі айтып отырады екен. Үржардағы ескерткішті тасқа шапқанда Отыншының нақты фотосуреті болмай, сәулетші мүсінді Ғалымжанның суретіне қарап отырып жасаған. Ғалымжан нағашымыздың тағдыры да қиындыққа толы болған.
Отыншының ұрпақтары ең алғаш рет 1933 жылы қудалауға ұшырады. Қуғыннан қашқан олар үнемі тұратын мекендерін ауыстыруға мәжбүр болды. Бірде Бішкекте, біресе Алматыда, енді бірде Ташкентте тұрды. 1933 жылы Мұқаметқасымның әйелі Гүлшахар, яғни біздің нағашы әжеміз, қайтыс болады, Нұрсағила мен Сәуле әкесімен, әжесі Нұржәмиләмен Омбы қаласына қоныс аударады. Ол кезде Нұрсағила 7-8 жасар, Сәуле екі жастағы бала екен. Ғалымжан гимназияны бітірген соң, Ташкент қаласындағы ауылшаруашылық институтына түсіп оқиды. Бұл оқуды ол 1936 жылы бітіреді де, Ленинградқа келіп, Ленинград университетінің шығыстану факультетіне қабылданады. Бірақ оның бұл қуанышы ұзақ болмайды. Құрығы ұзын НКВД оны екінші рет қудалауға ұшыратады, бұл 1938 жылы болатын. Ғалымжан Ленинград қаласында тұтқындалады. Бұған себепші болған бір алыс туысқанның жеткізген сыбыры болатын, ол осындай қызметімен Кеңес үкіметінің сеніміне кіріп, беделі, жұмысы өскен адам екен. Ол Отыншының әйелі мен балаларының қайда жүргендіктерін анық көрсеткен. (Сол бір адам 1958 жылы біздің туыстарға келіп, әжеміз Нұржәмиләдан кешірім сұраған көрінеді). Оқудағы баласынан бір хабар болар ма екен деп тағатсыздана күткен Нұржәмиләға Ғалымжанның 2 жыл бірге оқыған досы Әлкей Марғұлан оның тұтқындалғаны туралы ауыр хабарды жеткізеді.
Ғалымжан Әлжановқа тағылған «Алашорда» үкіметінің мүшесі Отыншы Әлжановтың баласы деген айыптан басқа, Әлкей екеуінің де қудалануына «халық жауының ұрпақтары» екендігін растайтын алдын ала дайындалып тасталған антисоветтік материалдар бұлтартпас дәлел болған. Ауыр айыптармен ұсталған жігіттер тергеу мен қорлауға түседі. Марғұлан денсаулығына байланысты жазадан құтылады да, оқуын жалғастырып, бітіруге мүмкіндік алған. Ал Ғалымжанды «халық жауы» деген айыппен Ташкентке жер аударады. Желтоқсан айының қарлы, боранды күндерінде «қара пойыздың» ашық-тесік вагондарына малша тиелген тұтқындар Ленинградтан Ташкентке бет алды. Күн суық, аштық пен аяздан әбден қажыған тұтқындар жол бойы ауырып, өлім құшып жатады. Олардың өлі денелерін немесе қатты ауырғандарын жолдағы стансаларда түсіріп отырады. Бұл уақытта Ғалымжан да әбден әлсіреп, кейде есінен танып, ауру меңдеген еді. Сондай жағдайдың бірінде, жаны ашыған қарауыл оны итеріп, вагоннан жерге түсіреді де, «өмір сүргің келсе, милицияға барып, кім екеніңді айтып, тіркел» дейді. Бұл Орынбор теміржолына қарасты Шалқар стансасының маңайы болатын. Айдалада жалғыз қалған ол төңірегіне қарағыштап, қайда барарын білмей тұрғанында Таран деген машинист тап болады. Ол Ғалымжанды көргенінде оның бұл жердің адамы емес екенін, бойынан зиялылықтың барлығын байқап, жас жігіттің жай ғана бір қарапайым адам еместігін таниды. Сонымен бірге жігіт өте науқас, аяғынан зорға тұрса да, «мен тұтқынмын, «халық жауымын» деп қайталай бергеніне таңырқамайды, себебі Таран көпті көрген, кімнің кім екенін ажырата алатын көкірегі ояу азамат еді. Ол Ғалымжанды арқалап алып, үйіне әкеледі. Осылайша өлімнен аман қалып, әкелік қамқорлық жасаған П.Таранның арқасында Ғалымжан аман қалады. Кейінірек Ғалымжанның өзі анасына Шалқар қаласында тұратынын, сыртқа шығуға құқығы жоқ екендігін хабарлайды. Нұржәмилә әжеміз кішкентай немересі Сәулені алып, өз еркімен ұлы Ғалымжанның артынан Шалқарға айдауға кетеді.
Мұқаметқасым болса қызы Нұрсағиланы алып Нөкіс қаласына қашады. Осылайша туысқан деп жүрген бір адамның қырсығынан бүкіл бір әулет жан-жаққа шашырайды. Нөкіс қаласында Мұқаш атамыз соғыс басталғанға дейін өз мамандығы бойынша қалалық қаржы бөлімінде жұмыс істеп, өмір сүреді. Қызы Нұрсағила әкесімен бірге болады. Мұқаметқасым 1942 жылы майданға сұранады. Ол Моңғолиямен шекаралас аймақта қызметте болады. 1944 жылы денсаулығының жарамсыздығына байланысты әскерден босатылады. Қазақстанға келген соң, Лепсинск қаласына жіберіледі. Қызы Нұрсағила әкесін іздеп және оқуды бітіргеннен кейінгі жолдамамен Жетісудың теміржол бойындағы Бөрілітөбе ауданының орталығы Лепсі стансасына, аудандық оқу бөліміне келгенде, бұл елді мекеннің Лепсинск емес екенін, қателескенін түсінеді. Нұрсағила сияқты сауатты, орыс тіліне жетік жас қызды білім бөлімінің азаматтары жұмысқа қалуға үгіттейді. Анам Әмина немесе Нұрсағиланың айтуынша, ол кезде мектеп мұғалімге зәру, әсіресе, орыс тілін оқытатын адам мүлдем жоқ екен. Шындығын айтқанда, әкесін таппай жүрген, анасыз өскен бойжеткен қыздың баратын жері жоқ еді. Ол ойлана келе Лепсіде қалып, Үлгі ауылының мектебіне мұғалім болып орналасады. Құдайдың бұйрығы шығар, анам сол уақытта-ақ жұртшылыққа танымал болған, ұлы композитор, бүкіл қазақтың мақтанышына айналған Мұқан Төлебаевтың туған ауылына келеді. Мектепте бірге жұмыс істеп жүрген Мұқанның кенже інісі Әбілмәжін Төлебаевпен қосылып, шаңырақ көтереді. Кейін анам қайынағасы туралы «Өмірдастан-әндастан» атты тамаша туындысын жазып, оны 1987 жылы «Жалын» баспасынан бастырып шығартты. Ал Мұқан Төлебаевтың 100 жылдығына орай Әмина Ақмұрзаеваның қыздары Майра Төлебаева осы шығарманы өңдеп, екінші рет баспадан шығартса, Бақыт Төлебаеваның орыс тіліндегі аудармасы да жарық көрді.
Ғалымжан нағашымыз анасы Нұржәмиләмен және ағасының қызы, кішкентай қарындасы Сәулемен Шалқарда тұрған. Біраз уақыттан соң оларды Ойыл ауданына жер аударады. Ғалымжан агроном еді, осы мамандығы бойынша ол болған жерлерінде нәтижелі еңбек етті. Бұл кез соғыс уақыты еді. Алайда, қиындықтарға қарамастан Ғалымжан жұмысына өте ынталы болды, тарының жаңа сапалы сортын өмірге әкелді. Бірақ белгілі жағдайға орай, Ғалымжанға бұл жаңалығының авторлығын беруге тыйым салынды. Осындай жағдайда, Ғалымжан нағашымның өзі әйгілі селекционер-диқан Шығанақ Берсиевті барлық жетістіктің иесі ретінде авторлық серіктестікке алыпты. Ғалымжан өте ізденгіш, еңбекқор, жалықпайтын, оптимист, ұйымдастырушылық қабілеті ерекше адам болыпты. Осы қасиеттерінің арқасында ол тары өсіру шаруашылығының қыр-сырын жете меңгерген, білімпаз маман ретінде көзге түседі. Сол себепті де оны 1950-1955 жылдар аралығында Мәскеу қаласында өткен Қазақ ССР-інің Бүкілодақтық көрмесіндегі ауылшаруашылық павильонының жетекшісі етіп тағайындайды. Сонымен қатар ол Шығанақ Берсиев пен өзінің қол жеткен табыстары жөнінде кітап жазды, бұл еңбегі лайықты бағасын алды, көрме жұмыстарын да өте белсенді, әрі мазмұнды да биік дәрежеде ұйымдастырады. Насихаттау шаралары тиісті деңгейде көрсетіледі. Бұл жұмыстарын Ғалымжан Әлжанов публицист ретінде де жариялап отырған. Кейінірек ол осы еңбектері үшін КСРО Журналистер Одағының мүшелігіне алынады. Бұл кезең Ғалымжан нағашымыздың өз өміріндегі жемісті, табысты жылдары болатын. Ғалымжан Әлкей, Рахан, Әсия, Нұрия, Халида атты бес бала көрді. Олардың ұрпақтары аман-есен, әр жерлердегі қалаларда тұрып жатыр. Ғалымжан аға үлкен баласына өзінің жастық шақтағы жан досы Әлкейдің есімін берген.
Әлкейдің есімін үлкен ұлына беріпті
1962 жылы Сәуле тәтеміздің үйінде көптен күткен керемет кездесу болады. Ол – Ленинград университетінің студенттері Әлкей Марғұлан мен Ғалымжан Әлжановтың бір-бірімен қауышқан қуанышты сәттері. Сәуле тәтемнің айтуынша, жастары жеткен екі азамат жас баладай еңіреп жылап, көпке дейін мауықтарын баса алмай, құшақтары жазылмапты. Көз жастарын жасырмай, одан тіпті де ұялмай, бірін-бірі сүйе беріпті. Ғалымжан аға досына аялай қарап, «Әлкей, сенің атыңды үлкен ұлыма қойып едім, Әлкей деген балам бар!» – депті. Қуғын-сүргіннің салған жарасы қаншама жыл өтсе де, жанға батып, сыздап тұрды-ау! Асылдың тұяғы Ғалымжан нағашым 1910 жылы туып, 1965 жылы қайтыс болды. Екі ұл, үш қызынан тараған ұрпақтары Ақтөбе қаласында тұрып жатыр. Мұқаметқасымның үлкен қызы Нұрсағиладан туған жиен-немерелері, біздер Астанада, Алматыда, Ақтауда тұрып жатырмыз, балалы-шағалымыз.
Сәуле тәтемнің «Майрашжан! Сенің өмірбойы сұрастырған нағашың Отыншының өмірі саған бағдар болсын деп, осы еңбегімді ұсынамын» – деген қолтаңбасы жазылған «Отыншы Әлжанов» атты кітабы маған нағашы жұртым Тарбағатайды тануға шын мәнінде көп пайдасын тигізді.
Елінің жарқын болашағы үшін жас өмірін сарп еткен асыл азамат – Отыншы Әлжанұлының рухы риза болғай, иманы жолдас болсын, шапағаты ұрпақтарына дарысын демекпін.
Еліміз өркендеп, әлем сүйсінген, қазақ баласы елім деп марқайған Қазақстанымыз аман болсын. Отыншы Әлжанұлы және оның ниеттес, пікірлес, үзеңгілес жолдастары арман еткен Қазақ елінің іргесі мықты, болашағы жарқын болғай!
Майра Әбілмәжінқызы Төлебаева,
Ақтау қаласы
2017 жыл, мамыр,