Тікелей байланыс

Акцияның биылғы жеңімпаздары бір миллион теңге алады

Акцияның биылғы жеңімпаздары бір миллион теңге алады

Редакцияда апта сайын өтіп келе жатқан «Тікелей байланысқа» бұл жолы облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Руслан Қайырсынов келіп, оқырмандар сауалына жауап берген еді.

«Дидар» газеті:
– Жыл сайын өтіп келе жатқан «Туған ел – алтын бесігім» акциясының қортындысы биыл қашан, қайда өтеді?
– Аймағымызда алтыншы мәрте өткелі отырған бұл шара биыл «Тұңғыш президент күніне орай» 28 қараша күні, Аягөз қаласында өтеді деп жоспарлануда. Бұрын аталмыш шараның қортындысы Зырян қаласында, Жарма ауданында өткені белгілі. Биылғы шараның бір өзгешелігі бұрынғы жылдары қортынды шарада жеңімпаз аудандарды арнайы аталымдармен марапаттап келсек, биыл жүлделі орындарды да анықтаймыз. Яғни, облыстағы 19 ауданның ішінен бір бас жүлде иегері, бір бірінші орын, екі екінші орын, үш үшінші орын анықталып ақшалай сыйлықтар беріледі. Айта кетейік, бас жүлде алған аудан бір миллион теңге көлемінде жүлдеге ие болады.

Қапиза Омарова, «Айша Бибі» қазақ ұлттық орталығыныңы мүшесі. Семей:
– Семейде «Ахау Семей» ән-би және «Айша бибі» ұлттық мәдени орталықтары сынды бес-алты ұлттық орталықтар бар еді. Енді оларды біріктіріп, жаңадан ашылған қазақ әлеуметтік орталығына қоспақшы. Оның директоры М.Әуезов атындағы педколледж директоры Шаған Алдамжарқызы болады дейді. Ол кісі ғылыми адам. Қазақ тілінде ән шырқап, би билейтін, ұлттық өнерді дәріптейтін орталықтарды не себептен біріктірмек?
– Биылғы жылдың 17 қыркүйегінде Семей қалалық Достық үйінде Қазақ әлеуметтік- мәдени орталығының басшысы Ш.Жанаеваның, «Айша Бибі» қалалық қазақ мәдени орталығының басшысы А.Боқпасарованың, «Достық құшағы» ұлттық мәдени орталығының басшысы Г.Азимовтың, «Қазақ тілі» қалалық қоғамының басшысы Е.Какимовтың және «Аминә» мұсылман әйелдер қауымдастығының өкілі Г.Жұматаеваның қатысуымен жиын-отырыс өткен болатын. Осы отырыстың негізінде, Достық үйіндегі қазақ орталықтары ауқымды шараларды шешу мақсатында «Қазақ әлеуметтік-мәдени орталығы» біріксін деген шешім шығарылып, қазақ орталықтары арасында келісім шарт жасалып, бүгінгі күні орталық өз жұмысын жүргізуде. «Қазақ әлеуметтік-мәдени орталығының» басшысы ретінде көпшілік ұсынысы бойынша ұйымдастырушылық, басқарушылық қабілеті зор Ш.Жанаева тағайындалды.
Жаңа құрылған орталықтың мақсаты салт-дәстүрді, қолөнерді, халықтық ән дәстүрін насихаттау, мемлекеттік тіл мәселесі бойынша жұмыс атқаруға бағытталған. Сондықтан орталық бірнеше сала бойынша жұмыс атқарып отыр.

Нүргүл Айтпайқызы. Үржар ауданы:
– Ауылда жастарды тұрақтандыру үшін мәдениет ошақтарын, спорт залдарын көптеп ашу керек қой. Осы жағына көп көңіл бөлсеңіздер.
– Үржар ауданының әкімі С.Зайнулдиннің тапсырмасына сәйкес 2018 жылға дейін клуб ғимараттары жоқ барлық елді мекендерде ауылдық клуб ғимараттарын ашу жоспарланып отыр.

Мәдина Күмісжанқызы, зейнеткер.
– Семейдегі «Дариға-ай» жастар театры тағы бір театрмен қосылып, ұжымы қысқарады немесе біржола жабылады деп естіп едік. Бұл Семейдегі және облыстағы маңдайалды жастар театры. Не себептен мұндай жағдай туындап отыр? Олардың ұжымын толық сақтап, бұрынғыдай қалдырудың бір ретін келтіруге болмай ма?
– Бүгінгі күні мәдениет саласы ұйымдарын, оның ішінде «Семей қаласы «Дариға-ай жастар театры» КМҚК қайта құруға қатысты тиісті құжаттар әзірленіп жатыр.
33 штаттық бірлігі бар «Семей қаласы «Дариға-ай жастар театры» КМҚК Семей қалалық мәдениет үйінде 94,2 ш.м. құрайтын 3 кабинетті жалдап отыр. Спектакльдердің дайындығы, қойылымдары мәдениет үйінің сахнасында іске асырылады. Театрдың қаржылық-шаруашылық жағдайына жасалған талдау облыстық бюджеттен қаржыландырылып отырған кәсіпорынның шығынды екенін көрсетті. Сондай-ақ, кәсіпорынды қаржыландырудың жалпы көлемінің 74-80 пайызы еңбек ақы төлеміне бөлінсе, театрдың дамуына тек 26-12 пайызы қаралады. Осы экономикалық талдау қорытындысы бойынша «Семей қаласы «Дариға-ай жастар театры» КМҚК «Абай атындағы театр» КМҚК біріктіру жолымен қайта ұйымдастыру қажет деп шешілген.

Айбек Мүтәлапов, Өскемен:
– Үш сұрағым бар. 1) Соңғы кезде өңіріміздегі театрлар төңіріегінен азды-көпті әңгімелер шыға бастады. Семейдегі театрлар қосылып жатыр. Өскемендегі театрдың орыс труппасы қазақтарға қосылмаймыз деп шу шығаруда. Сонда олардың көздегені не? Бюджеттен бөлек ақша алып, дара билік жүргізгілері келе ме?
– Семейдегі тетрлар туралы жоғарыда жауап бердім. Ал, Өскемендегі жағдайға байланысты өткенде облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ БАҚ өкілдеріне жауап беріп, нүктесін қойды. Екі труппа да жаңа театрға көшетін болды. Орайы келгенде айта кетейік, бұл жерде бүкіл орыс труппасы «көшпейміз» деп отырған жоқ, соның ішіндегі бірнеше адамның шығарып жүрген сөзі. Өскемен театрындағы тағы бір жаңалық – жуықта жаңа басшы тағайындалды. Ол осы салада жұмыс істеп келген Дінмұхамет Ұябаев деген азамат.
2) – Семейде ет комбинатының астында әйгілі Кемпірбай ақынның сүйегі жатыр деген сөз бар. Сонда қазақтың ардақты ұлы сол жерде жата беруі керек пе?
– Бұл әңгімені бірнші рет естіп отырмын. Маған байланыс телефоныңызды қалдырыңыз. Анықтап жауабын берейін.
3) – Біздің өңірде «Ара балының фестибалі», «Симфозиумдар», «Гитарашылар» сынды байқаулар өтіп жатады. Бірақ, ұлтымыздың ұлық аспабы сыбызғыны насихаттайтын шараны көре алмай келеміз. Сіздер неге Шанақ, Кәлек сынды сыбызғышылар салған сара жолды жалғастырушы жастарға неге қолдау көрсетпейсіздер?
– Бұл мәселені соңғы кезде біз де ойластырып жүрміз. Егер мен осы жұмысты жалғасты істей беретін болсам, екі жыл сайын өтіп келе жатқан Әсет Найманбаев атындағы дәстүрлі ән байқауының бір бөліміне осы сыбызғыны қосатын болам. Мұның бәрі болашақтың еншісінде.

Мереке Шығырай. Оралман. Ақсуат ауылы:
– Кезінде атам осы ауылда тұрыпты. Мен тегімді атамның атына жаздырғым келеді. Өкінішке орай ол кісінің атының бір әрпі қытайда дұрыс жазылмаған. Сол кісінің атын мұрағаттап іздеп табуыма мүмкіндік бар ма?
– Сіз атаңыз туралы ақпарат алу үшін қосымша атаңыз қай жылдары Ақсуат ауылында тұрғандығы туралы ақпарат қажет. Сіз өз өтінішіңізді тікелей Ақсуат ауылында орналасқан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы «Тарбағатай ауданының мемлекеттік мұрағаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жолдай аласыз.

Айгүл Сембайқызы. Үржар ауданы:
– Кейбір аудандарда мұрағаттар бар, қайсыбір аудандарда жоқ. Құжаттарды түгендеуге осы көп қиындық әкеледі. Бұл неге барлық аудандарда қарастырылмаған?
– Облыс бойынша 19 облыстық, қалалық, аудандық мұрағат мекемелері бар. Қосымша ақпаратты басқарманың http://www.arhiv.vko.gov.kz сайтында немесе 26 31 60, 26 48 47 телефондары арқылы ала аласыздар. Үржар ауданы бойынша облыстық мұрағаттар және құжаттама басқармасының «Үржар ауданының мемлекеттік мұрағаты» КММ қызмет көрсетеді.

«Дидар» газеті:
– Келесі жылы Қазақ хандығына 550, Абай Құнанбайұлының туғанына 170, Ұлы отан соғысының жеңісіне 70 жыл толады. Сіздердің тараптарыңыздан осы атаулы жылдарға қандай дайындық жүріліп жатыр? Айтпақшы жуырда Өскеменде республикалық ақындар айтысы өтеді екен. Оған да тоқтала кетсеңіз.
– Сіз айтып отырған атаулы жылдардың бәріне өз дайындығымыз бар. Қазір аудандар мен ауылдардан келіп түскен ұсыныстарды қарап, керектілерін алып жатырмыз. Әрбір атаулы мерекенің өз деңгейінде өтуіне күш саламыз.

Тікелей байланысты жүргізген – Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button