Білікті маман

Ақ жейделі «періштелер»

Айна Ескенқызы

Өңірімізде қысты қойып, жазда да жетуі қиын елді мекендер бар. Шалғайдағы бұл ауылдардың халқы ауырып-сырқағанда, әсіресе жүкті әйелдерге шұғыл көмек қажет болғанда медициналық авиация қызметі көмекке келеді. «Тірі кезінде ескерткіш қоюға лайық» деген тәмсіл дәл осы санавиация дәрігерлеріне арнап айтылған сияқты.

Әйел адамдар ауырған кезде және ол жүктілікпен немесе босанумен байланысты болса, көмекке келген бригада құрамында міндетті түрде гинеколог болады. Облыстық аурухананың гинекология бөлімшесінің меңгерушісі Наталья Удалова 15 жылдан астам уақыт осындай шұғыл сапарларға шығып келеді. Осы жылдар ішінде қанша ана мен баланың өмірін сақтап қалғанын ол өзі де білмейді. Өйткені өте көп. Ондай статистика жүргізілмейді және мәселе көрсеткіште де емес. Ең бастысы – дәрігер науқастың қасына дер кезінде жетіп, оған көмек беріп үлгереді. Әуе кемесімен алып ұшып жететін ақ халатты жандарды науқастар «періштедей» көреді. Оларға  зор үміт артып, сенеді.

 – Біз көмектескен науқастардың көбісі артынан жылы сөздерін айтып, мереке кезінде құттықтап жатады. Бірде Тарбағатай ауданында біз босанғаннан кейін қан кетіп жатқан 18 жастағы әйелді құтқарып қалдық. Оның жағдайы өте ауыр еді, беті бері қарағанша үш күн бойы қасында болдық. Содан бері көп уақыт өтті, ал қыздың анасымен әлі байланыстамыз, хал-жағдайларын айтып, әрдайым ризашылықпен хабарласып тұрады, — дейді Наталья Удалова.

Жиналуға жарты-ақ сағат уақыт бар

Авиациялық медицина бригадасына шақырту келіп түскен соң жиналуға жарты-ақ сағат беріледі. Барлығы алдын ала нақты жоспарланады, маршрут Астанамен келісіледі. Егер баратын жерде ұшу-қону жолағы бар әуежайы болса, ұшақ бөлінеді. Ал таулы аймақ немесе орман-тоғайлы жер болса, әуеге тікұшақ көтеріледі. Команда кез келген шұғыл операция жасауға дайын тәжірибелі дәрігерлерден жасақталады. Олар өздерімен міндетті түрде өмірлік функцияларды бақылауға арналған мониторды, дефибрилляторды, дәрі-дәрмектерді алады.

Гинекологпен бірге реаниматолог шығады. Бүгінгі таңда облыстың медициналық авиациясында білімді де білікті үш әйел реаниматолог жұмыс істейді. Егер жағдай күрделі болса немесе жаңа туған нәрестенің хәлі нашар болса, неонатолог дәрігер мен тамырды қарайтын хирург қосылады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасында санавиация командасы мүшелерінің әрқайсына «тірі кезінде ескерткіш қоюға лайық жандар» деген баға берді. Бұл дәрігерлер – төтенше және өте қауіпті жағдайда баға жетпес тәжірибе жинақтаған өте білікті мамандар. Бұл мамандарға «мүмкін емес» деген жағдай болмайды.

– Шын мәнінде, медициналық авиация деген бұл тек аты ғана. Әуе көлігін аспанға тек күндіз ғана көтереді, ал біз көмекке тәуліктің кез келген уақытында шығамыз. Қыста, мысалы, жолдар жабылған кезде біз жол талғамайтын көлік – МАРШпен жүреміз. Бағытымыз – Самар ауданының шалғайдағы бір ауылы. Әйел толғатып жатыр. Айнала ақтүтек боран, бір метр жер көрінбейді. Шынымды айтсам, мұндай сәтте жолдағы қауіп-қатер ойға да кірмейді, тек науқасқа тез жетуді, оған көмектесуді ғана ойлайсың. Біз сол жолы аман-есен жетіп, босанған ананы жаңа туған нәрестесімен орталыққа алып келдік, – деп есіне алды бөлімше меңгерушісі.

«Періштелер» бөлімінде жұмыс істеген жылдары Наталья Удалова бір кітапқа жүк болар оқиғаларды бастан өткерді.

Бірде Жарма ауданына бара жатып жол апатының үстінен түседі. Олар дереу тоқтап, зардап шеккендерге сол жерде алғашқы көмек көрсетіп, сосын оларды реанимобильдерімен аудандық ауруханаға дейін жеткізіп салған. Уақыт қанша тығыз болғанымен олар жолдағы мұндай оқыс жағдайларға назар аудармай, тоқтамай өтіп кете алмайды. Гиппократ антына адалдық деген осы шығар.

Биыл қыстың басында Зайсан ауданынан шұғыл көмек сұрап хабарласыпты. Бригада тез арада гемодиафильтрация аппаратын («жасанды бүйрек») және басқа да құрал-жабдықты, дәрі-дәрмекті алып енді ұшпақ болғанда ауа райы бұзылып, ұшақ әуеге көтеріле алмайды. Ойланатын уақыт жоқ, алыс сапарға көлікпен шығуға тура келеді. Алайда оларды орта жолдан полицейлер кері қайтарады, әуеде ғана емес, жерде де жол жабық екен. Амалсыздан күн райының ашылуын күтеді. Ертеңінде бригада қайта жолға шығады. Науқастың қасында бес күн болған дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін істеп, оның өмірін сақтап қалды.

«Дәрігер – мамандық емес, жүрек қалауы» деген сөз бар. Кім дәрігер болуға лайық екенін тағдырдың өзі таңдайды деседі. Қалай болғанда да, Наталья Удалова ең қиын сәттерде өздеріне тылсым бір күш көмектесетін сияқты көрінетінін айтады және соған имандай сенеді.

Наталья Удалованың айтуынша, акушер-гинекологтар жиі кездесетін негізгі үш қиындық – қан кету, босанғаннан кейінгі сепсис және эклампсия немесе жүктілікке бейімделу кезінде әйелдің ағзасында болатын өзгерістер. Егер бұрын науқасқа не болғанын, оның қандай күйде екенін түсіну үшін өзімен бірге бір сөмке кітап алып жүруге тура келсе, қазір оларға интернет пен нақты, сауатты емдеу хаттамалары көмектеседі.

Меңгерушінің сөзіне қарағанда, әйелдердің денсаулығы мен өмірі үшін күресте бәрі жоспар бойынша істелуі керек: алдымен, шалғай ауылдардағы жүкті әйелдер есепке алынуы тиіс, содан кейін оларды аудандық ауруханаға шақырады, бақылайды, егер қандай да бір қатер анықталса, оны ертерек емдеу арқылы  ана мен баланың өміріне төнген қауіптің алдын алады.

– Дәрігерлер үшін үнемі білім алу, біліктіліктті ұштап отыру өте маңызды. Қазір ондай мүмкіндік көп. Республикалық ғылыми орталықтарға рақмет. Бізде онлайн режимде сабақтар өткізіліп тұрады, профессорлар дәріс оқиды. Жақында республикалық мамандар Зайсанның дәрігерлерімен күніне екі рет онлайн-консилиум өткізді, – деп нақтылады Наталья.

Наталья Удалованың жұмыс күнінің әр минуты санаулы. Ол науқастармен кездеседі, тексеру жүргізеді, операция жасайды, облыстық диагностикалық орталықта адамдарды қабылдайды. Тіпті қажет болса, әріптестерімен бірге облысымыздың ең шалғай елді мекендеріне жолға шығып, науқас жандарға көмек көрсетуге қашанда дайын.

 

Осы айдарда

Back to top button