Саясат

Абай Рахметулин – облыстық соттың төрағасы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Бектас Бекназаров өзінің өңірімізге жасаған алғашқы іссапарында облыстық соттың төрағалығына тағайындалған Абай Рахметулинді таныстырды. Таныстыру рәсіміне облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ, сондай-ақ, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Абай Рахметулин - облыстық соттың төрағасы– Мемлекет басшысының ағымдағы жылдың 12-наурызындағы «Қазақстан Республикасы соттарының төрағаларын, сот алқасы төрағасы мен судьяларын қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы» Жарлығына сәйкес Абай Рахметулин Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып тағайындалды. Оның заң саласындағы көп жылғы еңбегі мен тәжірибесін, сот төрағасы қызметінде өзінің кәсіби біліктілігін ескерген Елбасымыз оны Шығыс өңіріне үлкен сенім артып жіберіп отыр, – деді Бектас Бекназаров.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өзінің жылы лебізін білдіріп, жаңадан тағайындалған облыстық сот төрағасының еңбегіне жеміс тіледі.

– Шығыс Қазақстанның сот корпусы – еліміздегі ірі құрылымдардың бірі. Облыстық соттың төрағасын тағайындау ісі біраз ұзаққа созылғанымен, мұндай орынға шынымен де тек облыстық деңгейде ғана емес, республикалық дәрежедегі басшылық қызмет атқарған лайықты адамды таңдау қажет болғандығын бәріміз жақсы түсінеміз. Сол үшін біз облыстық сот төрағасына Абай Рахметулин сынды өз ісінің нағыз шеберін тағайындағанына ең алдымен Мемлекет басшысына және Жоғарғы сот төрағасына үлкен алғысымызды білдіреміз, – деді облыс Әкімі.

Сондай-ақ, облыс басшысы Жоғарғы сот төрағасына облыстағы сот, прокуратура және өзге де құқық қорғау органдары мен билік арасында тығыз қарым-қатынас орна-тылғанын, бірлесіп жұмыс істеуде жетістіктер бар екендігін атап өтті. Әсіресе, бұл мемлекет мүддесін, азаматтардың құқығын қорғау мәселелерінде, жекешелендірілген нысандарды мемлекетке қайтару ісінде, жалақылардың уақтылы төленуі төңірегінде бір үдеден шығып отыратындықтарын атап көрсетті.

– Семей қаласында коммуналдық қызмет бойынша қарыздарды қайтаруға байланысты проблемалар туындады, осы жағдайда облыстық соттың судьялық алқасы бізге көп көмектесті, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ. – Біз сот органдары қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелерін шешу бағытында қолдау көрсете беретін боламыз.

Президенттің жоғарыдағы Жарлығымен Өскемен қаласындағы №1, Семей қаласындағы №2 кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған аудан-аралық соттарының төрағалары және Өскемен қалалық сотының судьясы тағайындалды.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button