Қабаның жабысына \”құда түсушілер\” көп. Неге?
Күршім ауданындағы Таулы Қаба өңірінде табиғаттың қатал сынына төзімді әрі жемшөп талғамайтын, тебінге мықты қазақтың жабы жылқысы өсіріледі. Ал жылқының басқа тұқымдары ерекше күтімде бағылмаған жағдайда мұндай суыққа шыдай алмайды.
Бұдан қырық жыл бұрын қолға алынған бастама
Жабы жылқысы еркін жайылып, табиғи шөппен азықтанады. Соның арқасында еті – дәмді де сапалы. Елімізде қазақтың жабы түрінен: мұғалжар, сарыарқа, құланды және қаба тұқымдары өсіріліп жатыр. Кембридж университеті ғалымдарының зерттеуінше, жер бетіндегі бұл жануардың тек қазақ жабыларында ғана алғашқы жабайы жылқы тұқымының бірінші гені анықталған. Ғалымдар қазақ жылқысының шыдамдылығын осымен байланыстырып отыр. Адамзат тарихында жылқыны алғаш қолға үйреткен, жабайы тарпаңдарға бие қосып, тұқым алған біздің бабаларымыз екен. Мұны дүние жүзінің археологтары мойындап, осындай тұжырым жасапты.
Бұл істі бертініректе еліміздің ғалымдары мен қабалық білікті мамандар жалғастырып, жабыдан Қаба текті қазақтың асыл тұқымды жылқысын дүниеге әкелген.
– 1989 жылы Марқакөлдегі «Қаба» кеңшары асыл тұқымды жылқы шаруашылығы мәртебесін алды, – деді кезінде осы кеңшарға басшылық еткен Қабдуәли Аманжолов. – Бұл Марқа өңіріндегі алғашқы асыл тұқымды мал шаруашылығы болатын. Соны ашуға бар күшімізді салып, Алматының ғалымдарымен бірлесіп жұмыс істедік. Осы жерде жаңа жабы тұқымды Қаба жылқысы деген жануардың сапасын анықтап, байқаудан өткіздік. Бұл тұқымның бір кереметтігі сонда, жыл он екі ай тебінге әбден қалыптасқан болатын. Содан кейін оның етінің құнарлылығы, оның өнімділігі мына біздің жергілікті малдарға қарағанда бір жарым-екі есеге жуық жоғары деп айтуға болады.
Кеңшардың бас зоотехнигі Әсімхан Хамитов осы жылқының тиімділігі туралы кандидаттық диссертация қорғады. Ол одан бұрын етке биохимиялық сараптама жасатқанда, оған сынаманы Қазақстандағы жылқыны көп өсіретін Ақтөбе, Жезқазған, Семей, Павлодар өңірлерінен алған. Сол сараптаманың қорытындысы бойынша ең жоғары құнарлы таза ет Қабаның жылқысы болып шыққан еді. 1993 жылы Жезқазғанда жылқы өсірушілердің үлкен бір жиыны болғанда, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында етті тұқымды мал өсіру үшін тек қана Қаба жылқысын пайдалану керек деген ғылыми тұжырым қабылданды.
Бұдан қырық жылдай уақыт бұрын Қабаға жылқы шаруашылығы ғылыми зерттеу институтынан академик, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Игорь Нечаев бастаған ғалымдар әдейілеп келіпті. Осы өңірдегі қазақтың жабы жылқы үйірін бақылап, жер жағдайын көріп, қазақтың асыл тұқымды етті жылқысын өсіру жөнінде бастама көтереді.
Әр үйірден жалпы жиыны бір мыңнан астам биені іріктеп, сұрыптап алып, Ресейдің Рязань өңірінен әкелінген ауыр салмақты тұқымды айғырлармен бірге бағып өсірген. Жылқының қыры мен сырын жақсы білетін ауыл зоотехнигі Әсімхан Хамитов Алматыдағы ғалымдардың нұсқауларын орындап, он бір жыл бойы жануардың өнімділік сапасын жетілдіру жөнінде будандастыру, іріктеу-асылдандыру сияқты тәжірибелік жұмыстарды ғылыми еңбектерімен ұштастыра жүргізді. Тынбай ізденістің нәтижесінде Шығыс Қазақстанның таулы жер жағдайындағы жергілікті қазақ жылқыларының ет өнімділігі жөнінде кандидаттық диссертация қорғады. Осылайша асыл тұқымға айналған жабының Қаба текті жылқысын шығару, қазақ жылқыларының сапасын жақсарту бағытында ғалымдармен бірлесіп өлшеусіз еңбек сіңірді, еліміздегі жылқы шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосты.
Басқа облыстарға қарағанда, Қаба өңіріндегі мал жейтін шөптер өте құнарлы, суы тұнық, ал осындай жерде бағылған жылқы семіз әрі өсімтал болып келеді. Ірі биелердің салмағы 300 келіден әлдеқайда жоғары тартса, айғырлар 400 келіге таяп қалады. Табиғи жайылымда жайылған жылқының еті экологиялық жағынан таза болады. Сол кезде-ақ Қаба жылқысын өз шаруашылықтарында өсіріп, көбейтуге ықылас білдірушілер қатары жылдан-жылға көбейе түскен. Алғашқы ұйымдастырылған аукционда бес облыстың өкілдері сатуға шығарған Қаба жылқысын бірден қалап алып, бұл шаруашылықтың атын елімізге кеңінен таратты. Содан кейін де еліміздің көптеген облысынан асыл текті жылқы тұқымын сатып алушылар келе бастады.
Одақ ыдырап, кеңшарлар бөліске түсіп жатқан кезде асыл тұқымды мәртебесі бар бұл шаруашылық таратылып, жылқы үйірі талан-таражға түсті. Әсімхан Хамитов өз үлестеріне тиген атжанды азаматтардың жылқыларын ортаға салып, асыл тұқымды жануарлардың тұқымын сақтап қалудың қамына кіріскен. «Азамат» шаруа қожалығын құрып, санын көбейтіп, нәтижесінде Қаба тектес асыл тұқымды жылқы шаруашылығы мәртебесін қайтарып алды. Қазір етті-сүтті жылқыны көптеп өсіріп, тұқымын сақтау шараларымен айналысып жатыр.
Бұл жылқының өрісін қалай кеңейтеміз?
Бұл күндері біздің облыстағы ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлер еті мен сүті үшін Қаба жылқысын көп ұстауға құлшыныс білдіріп отыр. Ал жеке сектордың иелігіндегі жылқылардың саны да әрқалай және әркім өз бетінше оқшаулап бағады, ауылдан ұзатып шығармауға тырысады. Өйткені, жылқы тұқымы майдаланып кетеді.
Ауыл тұрғындары ұжым болып бірігіп, жылқыларын қосып, жайлауға шығарып бағуды, асыл тұқымды айғыр сатып алып, осындай үйірге қосуды ұйымдастырып, мал басын көбейтуді қолға алса, мұндай істің тиімді де нәтижелі болатыны белгілі.
Біздің облыста соңғы бес жылдан бері ұлттық ат спортын дамытуға аса мән беріліп келеді. Жиын-тойларда сәйгүліктер жарысын ұйымдастыру дәстүрге айналған. Бір өкініштісі, бәйгеден озып келген, шашауына шаң жұқтырмайтын жүйрік айғырларды зорыққанша шаптырып, шабысынан жаңылған кезде мініс атына айналдырып, тұқымын құртып алады. Селекциялық жұмыстармен айналысқан жағдайда сол айғырдан жақсы тұқым алуға да болар еді.
Жылқы жайылымда жақсы семіреді. Қазіргі уақытта Қабада өсетін жылқыға сұраныс артуда. Жабы жылқының биелерінен тәулігіне 18-20 литр сүт сауылады. Ал қымызы керемет дәмді де шипалы, өйткені, қымыздың мұндай қасиеті жылқының тұқымына және шөптің сапасына байланысты болады.
Мол қымызды күбіге құйып, қолмен пісу мүмкін емес. Осыған орай еліміздің ғалымдары механикалық бие сауу аппаратын ойлап тауып, тәжірибе жасау шаруашылығында іске асырып, қол күшін жеңілдеткен екен. Біздің облыста да қымызға деген сұраныс бар. Жеке кәсіпкерлер жазда биелерді қолмен сауып отыр. Қымыз ашыту өндірісін механикаландыру мүмкіндігі бола тұра, іске асырылмай жатыр.
Қазір жылқының емдік қасиеттерін медицина саласында кеңірек пайдалану, иппотерапия әдісін қолдану, осыған орай республикалық жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын ашу мәселесі де туындап отыр.
Ұлан ауданы, Ново-Азовое ауылындағы «Құлынды» шаруа қожалығының жетекшісі Ғалия Райымбекова «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында берілген 30 млн. теңге несие қаражатқа 135 бас жылқыны Күршім ауданының Қаба өңіріндегі шаруа қожалықтарынан сатып алып, бағып өсіріп жатыр. Жаз айларында 35-40 бие байлап, қымыз ашытып, үш тоннадай қымыз сатты. Қыста жылқыны ауылға әкеліп бағып жатыр. Алайда, берілген жайылымдық жері шағындау болып отыр. Ал жазда арнайы келісім бойынша Зырян ауданындағы орманды алқапқа, жайлауға шығарып жаймақшы.
– Бұл шаруаны былтыр бастаған едік. Біздің аймаққа бағым, күтімі қолайлы жабы жылқысы екеніне көзіміз жетті. Енді мал соятын алаң ашпақ ойымыз бар. Сондай-ақ, қымыз өндіретін цех ашу үшін бұрынғы кеңшардың кеңсесін жалға алдық. Жазға дейін соны жөндеп, қолданысқа енгіземіз, – дейді осы қожалықтың иесі Ғалия Райымбекова.
Мінсең көлік, жесең ет, ішсең сусын болатын жабы жануарының басқаларынан артықшылығын білетін Ұлан ауданының жылқықұмар тұрғындары да осы түлікті өсіруге жете көңіл бөліп отыр.
– Мұндай жылқы бап талғамайды, жауын-шашынға, суыққа төзімді келеді. Жабы тұқымы мұнда тез өсіп жетілетініне сенемін. Жылқыны жайып бағатын жер керек. Бөлінген жері болмаса, шаруа қожалығын да құра алмаймыз, бірақ бастаған ісімізді тоқтатпай жалғастырғымыз келеді, – дейді Қасым Қайсенов кентінің тұрғыны Файл Қанапиянов.
Оның ұлы – жеке кәсіпкер Рустам несие қаражатына жабы тұқымды 10 бие, бір айғыр сатып алып, бағып жатыр. Өз төлі есебінен жылқыларын көбейтіп өсірмекші, бірақ тұрақты бағатын жері болмай алаңдап отыр. Файлдың айтуынша, туысының фермасының жанына өз жылқысы сиятындай қора және үй салыпты.
Рустам кішкентай күнінен шабандоз болған. Ат құлағында ойнап, асау аттарды үйреткен. Жылқы өсірудің жай-күйін де жақсы біледі. Сатылатын жылқыларды өзі барып көріп, солардың ішінен жабы тұқымдысын таңдап алған.
Басты қажеттіліктің бірі – жайылым. Жылқышыларды мазалап жүрген мәселе де осы, қолдағы малға жайылым жетіспейді. Осы мәселелер жергілікті жерлерде дұрыс шешілген жағдайда жылқы шаруашылығы дамып, өркендейтіні анық.
Әлімжан Қадылбекұлы