Дін

Қазақстан – конфессияаралық диалогқа арналған ашық алаң

Діндердің теңдігі, діни сенім бостандығы және конфессияаралық келісім – Қазақстан Республикасының тұрақтылығы мен өркендеуінің негізгі құрамдас бөлігі.

Әртүрлі діни көзқарастардың, дәстүрлер мен мәдениеттердің сан алуан тұрпатына қарамастан, біздің мемлекетіміз ұлттық және діни негізде қақтығыстар жоқ бұрынғы Кеңес Одағы аумағындағы жалғыз мемлекет болып қала береді. Көпұлттылық пен көпконфессиялылық Қазақстанның басты артықшылығына айналды – біздің елде, оны мекендеген халықтар арасында бейбітшілік, бірлік пен тұрақтылық салтанат құруда.

Қазақстанда қысқа уақыттың ішінде конфессиялық саналуандық қалыптасты, оған дәстүрлі діни ілімдер – ислам, православиелік христиан, сондай-ақ жаңа діни ағымдар енді. ҚР Конституциясына сәйкес әрбір қазақстандық дінге деген өз көзқарасын дербес анықтауға құқылы.

1992 жылы Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заң қабылдады. Ал 2011 жылы – «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң қабылданды. Қазақстан Республикасының негізгі заңдары барлық қазақстандықтардың ұлтына қарамастан, теңдігін бекітетінін ерекше атап өткен жөн. Бұл база діни сенім бостандығын қамтамасыз ету үшін негізгі қызметті атқарады.

Тәуелсіздік жылдарында конфессияаралық татулық пен келісім тәжірибесі халықаралық деңгейде «өркениеттер үнқатысуының» үлгілі моделі ретінде танылды. Ал біздің Отанымыздың астанасы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері өтетін, әрқайсысында маңызды шешімдер қабылданатын дінаралық қарым-қатынастың әлемдік орталығына айналды. Олардың кейбірін еске түсіріп көрейік. Мәселен, 2003 жылы өткен I Съезде дінаралық саммитті тұрақты түрде өткізу және оның жұмыс органы – әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің Хатшылығын құру туралы шешім қабылданды. 2006 жылы «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» жалпы тақырыбымен өткен II Съезд «дінаралық үнқатысу қағидаттарының» қабылдануымен және Съезд аясында Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығын құру бастамасымен есте қалды. Сонымен қатар 2009 жылы БҰҰ жүйесі тарапынан техникалық көмек көрсету және қатысумен III Съезд өтті. Оған әлемнің негізгі барлық діндерін таныстырған планетаның 35 елінен 77 делегация қатысты. 2012 жылы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV Съезінде діни көшбасшылар кеңесі құрылды.

Бүгінгі таңда Қазақстанда дінаралық диалогты қолдау және дамыту үшін барлық қажетті жағдай бар, ол өз кезегінде әртүрлі конфессиялар өкілдерінің бірге бейбіт өмір сүруіне бағытталған.

 

Д.Қасенов

(Мақала облыстық дін істері басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді)

 

 

Осы айдарда

Back to top button