Саясат

Зырян ауданын Бұқтырма ауданы деп атау қажет

Осындай мазмұндағы хатты Зырян аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшелері редакциямызға жолдап отыр. Тәуелсіз елімізде кейбір ономастикалық өзекті мәселелердің шешілмей отырғанын жазған олар аудан атауын өзгертетін уақыт әлдеқашан келген дейді.

Зырян ауданын Бұқтырма ауданы деп атау қажетЗыряндық ақсақалдар ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Зырян қаласындағы кейбір көшелердің атауын өзгерту туралы және Киров көшесінің бойында жаңадан салынып жатқан балалар бақшасына «Болашақ» атауын беру туралы да аудан және қала әкімдеріне, аудандық мәслихатқа өтініш хат жазған. Өткен жылдың қараша айында. Бірақ, әлі ешқандай өзгеріс жоқ.

– Тәуелсіздік алғанымыздан кейінгі жиырма жыл ішінде Зырян қаласы бойынша көптеген игі істер атқарылды. Жолдар мен көшелер жөнделе бастады, коммуналдық шаруашылық жұмыстары лайықты деңгейде жүргізіліп келеді, зейнетақымыз да жыл санап артуда. Бірақ, қаладағы бірде-бір көшеге қазақ халқынан шыққан біртуар тұлғалардың есімдері берілген емес, – дейді Зырян аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Төлеухан Елімсарин.

Ақсақалдар Зырян қаласындағы Советская көшесін Тәуелсіздік, Ленин көшесін Абай, Киров көшесін Дінмұхамед Қонаев, Рабочая көшесін Қаныш Сәтпаев, Солнечная көшесін Қарыншынов деп атау керек деген ұсыныс білдірген көрінеді.

Сондай-ақ, Төлеухан ақсақал Зырян ауданын Бұқтырма ауданы етіп өзгерту қажет деп отыр. Оның бұл пікірін ақсақалдар кеңесінің өзге де мүшелері қызу қолдауда. Олардың айтуынша, байырғы жер-су атауларымызды қайтару – бүгінгі күннің басты міндеті. Өйткені, бұл өңір – бүкіл түркі жұртының ежелгі мекені. Оның үстіне, кезінде 1935 жылы ауданның бір бөлігінде Бұқтырма атты аудан құрылған. 1962 жылы аудан қысқарып, оның аумағы Зырян ауданына беріледі.

Ертістің оң саласы болып табылатын Бұқтырма өзені Катонқарағай және осы Зырян аудандарының аумағымен ағып өтеді.

Ауданда ресми түрде бір-ақ ауылдың қазақша атауы бар. Ол – Шірікқайың. Алайда, бәрібір Черкаин деп айтылады да, жазылады да. Сол секілді Орловка деген ауылдың Қызылтас, Снегиревоның Күлсін, Кремнюханың Шақпақтас, Никольскінің Томаршы деген тарихи атаулары бар екен, бірақ ауданның депутаттары мен басшылары оларды қайтаруға асығар емес.

«Бірақ ертеден қалған «елдің хаты» – жер-су атауларын ұмытуға тиіс емеспіз. Мәдениеті мен рухы жоғары, өркениеті дамыған ел боламыз десек, осы іске жастар белсенділік көрсетіп, бастамашы болуы қажет» дейді зыряндық ақсақалдар.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button