Саясат

Жұртшылықтың өтініш-тілегін Үкіметке жеткізеді

Жұртшылықтың өтініш-тілегін Үкіметке жеткізеді

Еліміздегі кейбір тұрғындар санатына төленетін зейнетақы мөлшерін қайта қарау, ең төменгі күнкөріс деңгейін көтеру, экологиялық ахуалды оңалтып, Семей полигонынан зардап шеккендерге төленетін өтемақыларды дұрыс тағайындау сияқты облыс жұртшылығын алаңдатқан бірқатар мәселе жайында кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен өткен Парламент Мәжілісінің депутаттары мен аймақтың қоғам өкілдері арасындағы кездесуде егжей-тегжейлі айтылды. Облыс жұртшылығының арыз-шағымын тыңдауға Астанадан Мәжіліс депутаттары Нұртай Сабильянов пен Николай Кузьмин арнайы келді.
Жиында депутаттарға тұрғындар тарапынан шамамен 15-ке жуық сауал жолданғанын айту керек. Осы сауалдардың ішіндегі ең көкейкестісі зейнетақы мәселесіне қатысты болды. Галина Акулова бастаған 1948-1950 жылдар арасында туған зейнеткер әйелдердің бастамашыл тобы осымен сегіз жыл бойы қолданыстағы зейнетақымен қамту туралы заңға өзгертулер енгізу қажет екенін айтып, еліміздің заң шығарушы және атқарушы биліктеріне, сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясына осы жайында тиісті өтініштер жасап келеді. Олардың айтуынша, 1997 жылы қабылданған зейнетақымен қамту туралы заң 1948-1950 жылдар арасында туған адамдарға ауыр соққы болып тиді.
– Бұл заң біздің замандастарымызды материалдық тұрғыдан да, моральдық тұрғыдан да қатты есеңгіретіп тастады. Себебі, аталмыш заң бойынша бізге тиесілі зейнетақы мөлшерін тағайындау кезінде 1995 жылғы орта айлық еңбекақы көлемі негізге алынған. Ал бұл мүлдем дұрыс емес. Өйткені, менің замандастарымның әрқайсысы шамамен 35-40 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі де құрметке лайық адамдар. Десек те, кеңестік замандағы өтіліміз бар бола тұра, біз аз зейнетақыны қанағат тұтуға мәжбүрміз, – деді Галина Акулова.
Оның айтуынша, бүгінде аталмыш санаттағы зейнеткерлердің алып отырған 35 мың теңге шамасындағы зейнетақысы не азық-түлік алуға, не коммуналдық қызметтерді төлеуге жетпейді.
Осы мәселе бойынша сөз сөйлеген зейнеткерлерді мұқият тыңдаған депутаттар олардың мұң-мұқтажы міндетті түрде Үкіметке жеткізілетініне сендірді.
– Біз бұл мәселені бұрыннан білеміз және өз тарапымыздан оның оң шешімін табуы үшін бар күш-жігерімізді жұмсап келеміз. Тіпті, екі мыңға таяу кәсіпорын жұмысшысының қолын да жинадық осы мақсатқа. Дегенмен, бұл бір күнде шешіле қоятын мәселе емес. Бұған уақыт пен төзім керек. Қалай болғанда да, біз сіздердің өтініштеріңізді жерде қалдырмаймыз, – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Николай Кузьмин.
Ал депутат Нұртай Сабильянов болса, 1 шілдеден бастап елімізде мемлекеттік базалық зейнетақы мөлшерін тағайындау тәртібі өзгеретінін хабарлады.
Зейнеткерлердің мәселесі міндетті түрде Үкіметке жететінін облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ те қадап тұрып айтты.
– Біздің облыста осы санатқа жататын 13 мыңнан астам зейнеткер бар. Сондықтан осыншама жерлесіміздің басындағы проблемаға біз де бейжай қарай алмаймыз. Алдағы уақытта мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсеновамен кездесіп, аталған мәселе жайында әңгімелесетін боламын. Министрліктің көмегімен біз еліміздегі осы санаттағы адамдардың саны қанша және оларға қандай мөлшердегі қаражат қажет екенін анықтайтын боламыз. Содан кейін түйткілді мәселенің мәнісін Премьер-Министр Кәрім МӘСІМОВКЕ жеткіземіз. Бұл шаруаны шамамен екі ай ішінде тындыруға тырысамыз. Ал сіздерді, құрметті жерлестерім, сабыр сақтауға шақырамын. Бұл мәселе мысқалдап болса да алға жылжып келеді. Біз Астанадағы депутаттармен бірлесіп, мәселенің оң шешілуі үшін жұмыс атқаратын боламыз, – деді аймақ басшысы өз сөзінде.
Кездесуде қаралған тағы бір маңызды мәселе Семей полигонынан зардап шеккендерге төленетін өтемақы мөлшерін қайта қарауға қатысты болды. Осы жөнінде сөз сөйлеген адамдардың айтуынша, оларға төленетін ең төменгі өтемақы бар болғаны 21 мың теңгені құрайды.
– Біздің тұрғындарға төленетін өтемақының мөлшері тым болмағанда 35 мың теңгеге дейін көтерілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бүгінде Семей қаласында полигонның зардабын шеккен 49 мың адам бар, ал бүкіл еліміз бойынша ондай жерлестеріміздің саны 260 мыңға жуықтайды. Осы кісілердің бәріне лайықты қолдау көрсетілуі тиіс деп санаймыз, – дейді Семей қаласындағы «Поколение» қоғамдық ұйымынан келген Ольга Петровская.
Бұл сауалға жауап берген депутат Нұртай Сабильянов мәселе жуық арада шешімін табуы ықтимал екенін жеткізді.
– Үкімет тапсырмасы бойынша 2014 жылдан бері Семей полигонынан зардап шеккендердің мәселесі мұқият зерттеліп келеді. Биыл осы зерттеулердің қорытындылары шығарылып, тиісті өтемақылар тағайындалмақ, – деді депутат.
Жиында, сонымен қатар, экологиялық төлемдер мәселесі де қаралды. Атап айтқанда, Семей өңірі бойынша тұрғындардың айтарлықтай бөлігі ешқандай экологиялық төлеммен қамтылмаған. Есесіне, мұндай өтемақыларға бюджеттік сала қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер ие екен. Кездесуге қатысушылар депутатар мен облыс әкімінен осы әділетсіздікті жоюға көмек сұрады.
– Әрине, мұндай бассыздыққа жол беруге болмайды. Біздің қоғамда біреу артық, біреу кем деген түсінік туындамауы керек. Адамдар бірдей болғандықтан, оларға тағайындалатын төлемақылар да бірдей болуы тиіс. Егер осы жерде ондаған жыл тұрып келе жатқан қария тиесілі өтемақы алмаса, әкімдікке жаңадан кірген жас маман да ондай жеңілдікке ие бола алмайды. Алдағы уақытта осы мәселені мұқият қараймыз, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Кездесу барысында депутаттарға облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Владимир Лопаткиннен де сауал жолданды. Оның айтуынша, бүгінде облысымызда 13 мыңнан астам адам Қазақстан азаматтығын ала алмай жүрген көрінеді. Осы адамдардың мәселелерін шешіп, оларға азаматтық беру жағынан көмектесу қажет. Сондай-ақ, Владимир Лопаткин еліміздегі ең төменгі күнкөріс мөлшерін ұлғайту жөнінде де сөз қозғады.
– Қазір Үкіметте еліміздегі ең төменгі күнкөріс мөлшерін көтеру жөнінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Жуық арада бұл мәселеде де жағымды өзгерістер орын алуы әбден мүмкін, – деді осыған орай сөз алған депутат Нұртай Сабильянов.
Кездесуді қорытындылаған аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ жиында көтерілген мәселелердің бәрі өзекті екенін әрі тез шешуді талап ететінін айтты.
– Бүгінгі жиналыста біраз мәселенің басы ашылды. Енді осы проблемаларды бірлесіп шешуге күш жұмсауымыз қажет. Ал зейнетақы мен ең төменгі күнкөріс мөлшері сияқты аса күрделі мәселелер республика көлемінде қаралуы тиіс. Сол себепті, бұл тұрғыда сабыр сақтап, әліптің артын баққанымыз жөн. Біз өз тарапымыздан қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, оған күмән келтірмеңіздер, – деген облыс әкімі жиналыстан кейін зейнетақы мәселесімен келген бастамашыл топ мүшелерін жеке қабылдап, проблемаларымен жақынырақ танысты.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button