Саясат

Қылмыстық іс жүргізудің жаңа үлгісі бар

Қазақстанда әлі күнге дейін кеңестік ескі қылмыстық іс жүргізу қағидалары сақталып қалған. АҚШ және Еуропа елдерімен салыстырғанда бізде кішігірім қылмыстық істерді жүргізудің өзі ұзаққа созылып, кейде жыл бойы қаралып жатады. Сондықтан сотқа дейінгі қылмыстық іс жүргізу түбегейлі өзгерістерді қажет етуде.

Қылмыстық іс жүргізудің жаңа үлгісі барКеше Өскемендегі «Алтай» технопаркінде қылмыстық үдерісті одан әрі реформалау туралы заң жобасының жай-күйі талқыланған дөңгелек үстел оты-рысы болып өтті. Келелі кеңесті еліміздің Бас прокуратурасы мен Германияның халықаралық құқықтық ынтымақтастық қоры, сонымен қатар Еуропалық Одақтың «Қазақстандағы сот және құқықтық реформаны қолдау» атты жобасы бірлесе ұйымдастырды.

«Қылмыстық іс жүргізуді реформалау» атты дөңгелек үстел жұмысына облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель, Германия федералдық жоғарғы сотының бұрынғы вице-президенті, профессор Буркхард Йенке, сондай-ақ Бас прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің өкілдері, отандық және шетелдік құқықтанушы-ғалымдар мен сарапшылар, облысымыздың құқық қорғау және сот органдарының басшылары қатысты.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ биылғы Жолдауында сот және құқық қорғау жүйелерін жаңғырту мәселесіне жіті көңіл бөліп, арнайы бөлім арнағаны аян. Осы дөңгелек үстел барысында өтетін пікірталас, ой бөлісулер өз жемісін береді деп сенемін. Жиын қорытындысы Қылмыстық іс жүргізу кодексіне жаңа өзгерістер мен толықтырулар енгізуге ықпал етуі тиіс. Қазіргі кезде облыста құқық қорғау органдарының барлық жеке құрамы қайта аттестаттаудан өтуде. Кез келген аттестация қысқартуға әкеледі, бұл өз кезегінде кадрлардың сапасын арттырары сөзсіз. Жеке детективтік қызмет туралы қабылданатын заң да қылмыспен күрестің тиімділігін көтеруі қажет. Біз құқық қорғау, сот органдарымен бірлесе тиімді жұмыс атқарып келеміз және ортақ іс өз нәтижесін беруде, – деген аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ іс-шараны Шығыс жерінде өткізіп отырғандары
үшін ұйымдастырушыларға алғысын айтты.

Дөңгелек үстелдің алғашқы сессиясы «Тергеуге дейінгі тексеру институтын ықшамдау» тақырыбына арналды.

– Бүгінгі таңда сот және құқық қорғау жүйесін жетілдіру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Айталық, былтыр елімізде «Медиация туралы» Заң қабылданды, бұл бізде болып көрмеген мүлдем жаңа институт екенін атап өткен жөн.

Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ биылғы халыққа Жолдауында Қылмыстық іс жүргізу кодексін түбегейлі өзгертуді міндет еткенін білесіздер. Ол жұмыс осы жылы аяқталып бітуі тиіс. Ондағы ең бас-ты мақсат – қылмыстың жасалуы мен сот шешімінің шығарылуы арасындағы уақытты мейлінше қысқарту. Елімізде тергеу жүргізудің уақыты көп жағдайда ұзаққа созылып жатады. Бұл орайда біз тергеуге дейінгі тексеруден біржолата бас тартпақшымыз. Жалпы, қылмыстық іс жүргізуге мемлекет тарапынан жыл сайын қомақты қаржы жұмсалуда. Сондықтан, жаңа заң қылмысты ашуға кеткен материалдық шығынды да азайтуы қажет. Сарапшылардың қылмыстық іс жүргізуге жасаған талдаулары құқық саласының әлі де қағазбастылықтан, сылбырлықтан арылмай келетінін көрсетеді, – деп атап көрсетті Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель.

Жиын барысында атап көрсе-тілгендей, сотқа дейінгі өндіріс пробле-масы қылмыстық іс жүргізу құқығын жетілдірудің өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Сотқа дейінгі өндірістің қазіргі моделі бүгінгі заман талаптарына жауап бермейді және оның тиімділігіне, азаматтардың конституциялық құқық-тарын қорғауға кері әсерін тигізуде.

Іс-шара барысында бас прокуратура дайындаған Қылмыстық іс жүргізу кодексі жаңа редакциясының жобасын жетілдірудің мәселелері жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, тергеуге дейінгі тексеру институтын оңайлату, сот өндірісінің жаңа формаларын енгізу және жәбірленушілерге шығынның орнын арнайы қордан толтыру институтын құру мәселелеріне қатысты пікір алмасулар болды.

Сондай-ақ, тұлғаны ұстау және қамауға алу институттарын бизнеске қысым көрсету құралы ретінде пайдалануды болдырмауға бағытталған жаңа амал-тәсілдер талқыға салынды.

Ұсынылып отырған жаңалықтар сотқа дейінгі өндірістің уақытын айтарлықтай қысқартуға, тергеу органдарының жұмысын жеңіл әрі қарапайым және жылдам етуге, қылмыстық іске тартылған азаматтардың конституциялық құқық-тарын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

Дөңгелек үстел жұмысы бүгін аяқ-талып, тиісті қорытынды шығарылады.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button