Аймақтар аухалы

Жолдар жөнделіп, ауылдарға ауызсу келді

Кеше Жарма ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Даниал Ахметов аудан орталығы – Қалбатау ауылында биыл қолданысқа берілген жаңа баспаналарды аралап көріп, құрылыстың сапасымен танысты. Сонымен қатар аудан әкімінің тұрғындар алдындағы есептік кездесуіне қатысып, атқарылған шаруаларды саралады.

Жарма ауданының әкімі Ахметқали Нұрғожиннің есепті баяндамасында айтылғандай, өткен жылы ауданда атқарылған ауқымды шаруа жетерлік. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылар баспанамен қамтылып, шалғай ауылдарға сапалы ауызсу тарту жүйелі атқарылуда. «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы Алматы – Өскемен, Омбы – Майқапшағай тас жолдары қайта жаңғыртылудан өтіп жатыр, бұл аудан экономикасына қомақты инвестиция әкелгені сөзсіз. Биыл да бұл жұмыстар жалғасын тауып, ел еңсесін көтеруге бағытталған әлеуметтік жобалар жүзеге аса бермек.

Жарма ауданындағы ауызсудан тарығып отырған елді мекендер саны жыл санап азайып келеді. Мәселен, 2018 жылы басталған Қаратөбе ауылындағы (жобалық құны 278 млн. теңге) су құбыры қолданысқа беріліп, барлығы 550 адам таза ауыз суға қол жеткізген. Облыстық бюджет қаражаты есебінен 4 ауылда (Егінбұлақ, Балықтыкөл, Шымылдық, Солнечное) 16,0 млн. теңгеге су тарату пункттері орнатылды. Ал 2019 жылдың қорытындысы бойынша 41 ауылдық елді мекен таза ауызсумен қамтылса, бұл жалпы елді мекендердің 84 пайызын құрайды.

Енді биыл Қапай батыр және Кіші Қарасу ауылдарында су құбырының құрылысы басталмақ.

Ал тоғыз жолдың торабында орналасқан аудан үшін жол құрылысының маңызы ерекше екені белгілі. Жыл соңына дейін Қалбатау – Майқапшағай бағытындағы 415 шақырым тас жолдың едәуір бөлігі пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, көпбалалы отбасылар мен кезекте тұрған мұқтаж жандарды тұрғын үймен қамтуға баса назар аударылды. Жалпы тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны –  359 адам болса, өткен жылы соның 59-ы тұрғын үймен қамтылды, олардың 29-ы – көпбалалы отбасылар, 4-уі – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 12-сі – халықтың әлеуметтік осал топтарынан, тоғызы – бюджеттік ұйымдар қызметкерлері  және  5 отбасы – тұрғын үйі апаттық  жағдайда деп танылғандар, – деді аудан әкімі.

Есептік кездесуде  облыс әкімі Даниал Ахметов өткен жылда өңірде барлық негізгі әлеуметтік көрсеткіштердің өсу динамикасы қамтамасыз етілгенін атап өтті.

– Былтыр жалпы өңірлік өнім көлемі төрт триллион теңгеден асты. Өндірістік көлем – 109, ауыл шаруашылығы – 104, инвестиция тарту – 123, құрылыс – 106 пайызға өсті. 443 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, өсім – 108 пайыз. Алайда бұл біздің өңір үшін көп емес. Биыл менің тапсырмам бойынша тағы қосымша 300 мың шаршы метр баспана саламыз. Нәтижесінде салық түсімі – 121, соның ішінде жергілікті бюджеттің түсімін – 114 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік берді. Тұрғындардың жеке табыстарында да айтарлықтай өсім сақталды, 27 мың жаңа жұмыс орны ашылды, – деген облыс әкімі өңірде білім беру, медицинаны, әлеуметтік саланы дамыту, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында қолға алынған кешенді бағдарламалар мен жоспарларға жеке-жеке нақты тоқталды.

Кездесу барысында тұрғындар бірқатар мәселелерді де көтерді. Бірлік ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Нұржанат Құмарсолтан өздеріне көрсетіліп жатқан қолдаулар үшін рақметін айта келіп, ауданда бие байлап, қымыз өндіруге қолдау жасалса деді. Әуезов кентіндегі жастар орталығының жетекшісі Гүлмира Жусанбаева  аудандық аурухана ұзақ жылдан бері жөнделмей тұрғанын, жобалық құжаттары дайын екенін айтып, соған қаржы бөлінуін сұрады.

Ал еңбек ардагері Әлихан Рахымбаев тұрғындар атынан аудан әкімінің тоғыз айда атқарған жұмысын оң бағалап, Шуақ кентіндегі көп жылға созылған жылу қазандығының мәселесін оң шешіп, Қалбатау ауылында тұрғын үйлер салуға, әлеуметтік нысандарды, аудандағы жолдарды күрделі жөндеуге, ауызсу әкелуге қолдау білдіргені үшін облыс әкіміне  алғыс айтты.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button