Ел жаңалықтары

Жолаушыға жайлы жағдай жасалады

Бородулиха ауданының орталығында көптен күткен жаңа автостанция ғимараты қолданысқа беріледі.

Бұл  нысан аудан тұрғындарының  аймақ  басшысының атына жолдаған өтінішінен соң қолға алынған болатын. Аудан жұртшылығымен кездесу кезінде облыс әкімі Даниал Ахметов Бородулиха аулында көп жылдар бойына автовокзал ғимаратының болмағанын естіп-білді. Белгілі болғандай, кеңестік кезеңде салынған автостанция ғимараты 90-шы жылдары жеке қолға өтіп, кейін коммерциялық нысанға айналған екен. Тұрғындармен кездескен аймақ басшысы аталмыш мәселені тез арада шешетінін уәде етті.

Нысанды салуға облыстық бюджеттен 20 миллион теңге мөлшерінде қаржы бөлініп, автобекет ғимаратының қабырғасы биылғы жылдың жазында қаланды. Жаңа автостанция Ресей Федерациясына тартқан күре жолдың шетіне салынды. Ғимарат құрылысынан бөлек,  оның айналасына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, автобустар ғана емес, сондай-ақ жеңіл және жүк көліктері аялдайтын автотұрақтар салынды.

Жаңа автостанция жолаушыларды бағыттағы автобустарға отырғызатын орын ғана емес, сонымен қатар қыс мезгілінде автокөліктерді қыздыратын жылы орынға айналатын көрінеді. Бұдан бөлек, ғимарат ішінде учаскелік полиция пунктін, асхана, медициналық пункт, ана мен бала бөлмесін, ұсақ-түйек сататын дүкен мен интернеті қосылған және теледидары бар 25-30 адамдық күту залын бірге ұйымдастыру жоспарланған.

Бородулиха ауылдық округінің әкімі Мұрат Арғұмбаевтың айтуынша, бұған дейін қыс мезгіліндегі боран-шашында, я болмаса көлік бұзылып қалған кезде жолаушылар жергілікті жердегі мектеп ғимаратына қоныстандырылып келген екен. Ендігі уақытта жолаушылар қолайсыз ауа райы аяқталғанша осы жерде демалып, әлденіп алатын болады.

Жаңа автостанцияға Өскеменнен, Семейден, ауданның ауыл-аймақтарынан  келетін,  сондай-ақ Бородулиха ауылын басып өтетін транзиттік автобустар тоқтамақ. Тұрғындар бұл өзгерістің аудандағы ғана емес, сонымен қатар өңірдегі жолаушылар тасымалына да оңды әсер ететініне сенімді.

Азамат Темірбеков

Мақала Бородулиха аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді

Осы айдарда

Back to top button