Тікелей байланыс

Жоғалған құжаттарды қалай қалпына келтіруге болады?

«Дидардың» қонақжай редакциясында өткен кезекті тікелей байланысқа облыстық мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Алдияр Әубәкіров қатысып, оқырмандарды толғандырған сауалдарға жауап берді.

Жоғалған құжаттарды қалай қалпына келтіруге болады?Геннадий БИРЮКОВ, Катонқарағай ауданы, Новохайрузовка ауылының тұрғыны:
– Тоқсаныншы жылдардың басында колхоз, совхоздар тараған кезде кейбір мекемелер құжаттарды аудандық мұрағатқа тапсырмаған болып шықты. Бұл зейнетке шығатын азаматтарға еңбек өтілін растап, нақтылауға үлкен қиындық тудыруда. Бір құжат іздесек, көп әуре-сарсаңға түсеміз. Енді жоғалған құжаттарды қалай қалпына келтіруге болады?

– Қойған сұрағыңыз өте орынды. Шынында да колхоз, совхоздар тараған кезде құжаттарды мұрағатқа өткізбеген мекемелер жетерлік. Жалпы, мұндай жайлар әсіресе, Аягөз ауданында көп. Біз енді бұрынғы колхоз, совхоздардағы мекемелер бағынышты болған аудандық, облыстық құрылымдар арқылы сол олқылықтың орнын толтыруға тырысып жатырмыз. Ең бастысы, сіздің еңбек кітапшаңызда қай жерде қандай жұмыс істегеніңіз, еңбек өтіліңіз көрсетілген болса, ешқандай қиындық тумауы мүмкін. Ал егер еңбек кітапшасында қай жылы қандай қызмет атқарғаныңыз көрсетілмеген болса, оны сот арқылы ғана шешуге болады. Бұл жерде мұрағат қызметкерлерінің ешқандай кінәсі жоқ. Біз белгілі бір заң шеңберінде жұмыс істейміз. Қазіргі күні де құжаттарды мұрағатқа өткізбейтін мекемелер мен ұйымдар жиі кездеседі. Әсіресе, бәсекелестікке шыдай алмай шығынға ұшырап жабылып жатқан шағын және орта кәсіпкерлік нысан иелері қажетті құжатты мұрағатқа тапсырмайды. Біз бұл жайында прокуратураға да, жергілікті билік өкілдеріне де хат жолдадық. Жұмысымыз нәтижесіз де емес. Енді әділет басқармасындағылар шағын және орта бизнес иелері тиісті құжаттарды мұрағатқа өткізбейінше, нысанның банкротқа ұшырағандығы туралы қағазға қол қоймайтын болды.

Ержан ШАЯХМЕТОВ, Үржар ауданының тұрғыны:
– Менің атам Қашаған Ермекбаев Үржар ауылында 50 жылдай еңбек еткен азамат. Басшылық қайда жіберсе, сонда барған адам. Қазір ол кісі сексеннің жетеуіне келіп отыр. Өмірде көргені көп, жинаған тәжірибесі мол осы атамыздың өмір жолын кітапша етіп шығарғымыз келеді. Бірақ қолымызда ол кісінің жас кезінен қандай мекемелерде істегені туралы толық құжат, нақты деректеріміз жоқ. Атамыз қартайған адам болғандықтан жұмыс істеген орындарының біразын ұмытып қалған. Сондықтан біз осы кісінің толық құжаттарын аудандық мұрағаттан іздеп таба аламыз ба?

– Ол кісі жайындағы деректерді Үржар ауданындағы мұрағаттан қарастырып көруге болады. Егер онда жоқ болса, Семей қаласындағы мұрағаттан іздестіріп көріңіз. Өйткені, ол жылдары Үржар ауданы Семей облысына қараған болатын. Егер атаңыз партияда болып, үлкен басшылық қызметте болса, ол оңай. Өйткені Семейде де, Өскемен қаласының мұрағатында да партиялық мұрағат бар. Егер атаңыз соғысқа қатысқан болса, әскери комиссариат арқылы табуға болады. Содан кейін атаңыз жайындағы деректерді сол жылдарда жарық көрген ескі газет-журналдар арқылы да іздестіріп көру керек. Жалпы, 1930-1940 жылдардағы мұрағаттардан іс қағаздарын табу қиын. Ал енді ана жерде тұрды, мына жерде жұмыс істеді деген іс қағаздары табылғанымен, ондағы деректердің барлығы латынша жазылған.

Рыстай ИЕМБЕРГЕНОВА, Аягөз ауданы:
– Менің қайын атам Теміржанның әкесі Иемберген Төрімханов 1941 жылы соғысқа аттанып, Сталинград майданында 72-дивизияда соғысып, 1943 жылы қайтыс болыпты. Бірақ қайда жерленгені жайында дерек мүлдем жоқ. Осы деректерді қайдан табуға болады?

– Қаншама боздақтардың соғысқа аттанып, туған жеріне қайтпай қалғанын біз тарихтан жақсы білеміз. Артындағы ұрпақтары аталарын, әкелерін, ағаларын іздестіріп жатады. Ол кісінің қайда жерленгені жайындағы дерек Мәскеу түбіндегі Подольск әскери мұрағатында болуы мүмкін. Ол үшін Подольск әскери мұрағатына арнайы хат жазу керек. Сол арқылы қайын атаңыздың қай жерде жерленгенін таба аласыз. Сіз ол кісіні біз арқылы іздестіруіңізге де болады.

Гүлмира ЖАКАШЕВА, Ұлан ауданы:
– Облыстық мұрағат қызметкерлері осыдан біраз жыл бұрын «Мәдени мұра» бағдарламасымен бірқатар шетелдерден Қазақстанға, Шығыс Қазақстанға қатысты материалдар жинап қайтқан еді. Сол жұмыстар қазір жалғасып жатыр ма? Осындай ең соңғы сапар қашан болды? Қай елден қандай құжаттар алынды?

– Иә, 2003 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бірінші болып мәдени мұраны жинастыруғы қатысты мәселе көтерді. Арнайы «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды. Біздің басқарма да бұл істен шет қалмады. Тақырыбымызды анықтап, атқарылатын жұмыстардың іс-жоспарын жасадық. Сөйтіп, өзімізді қоршаған көршілес мемлекеттерге шыға бастадық. Әрине, ең алдымен солтүстіктегі алып көршіміз Ресейге шықтық. Өйткені, бұл елмен біздің тағдырымыз тамырлас десек те болады. Осылайша «Экономика, мәдениет, тарих» тақырыбы бойынша мұраларымызды іздестіре бастадық. Экономика дегенде нені айтуға болады? Бұл ең алдымен Ресеймен арадаға сауда-саттық қарым-қатынасы. Бұл бағыттағы жұмысымыз нәтижесіз болған жоқ. Елге көп құжаттар әкелдік. Сол құжаттардың негізінде «Ертіс жағалауы елдерінің Ресеймен сауда-саттығы», «Шығыс Қазақстан облысында кен өнеркәсібінің пайда болуы», «Патшалы Ресейдің қоныстандыру саясаты» атты кітаптар шығардық. Сонымен қатар биыл Потанин, Протозанов жайында да кітаптар шығардық. Соңғы сапарымызда Ресейдің Том қаласына барып, жоғарыда айтқан Потаниннің жеке мұрағатын ақтарып, біраз дүниелер алып келдік.

Эльмира ҚҰСАЙЫНОВА, Семей қаласы:
– Мен еңбек демалысына шығу үшін құжаттар жинастырып жүрмін. 1968-1977 жылдар аралығында жұмыс істеген мекемеден бір анықтама қажет. Мұрағаттан анықтама қағазын алу үшін маған қандай құжаттарды ұсынуым қажет?

– Жеке бас куәлігі мен еңбек кітапшасының көшірмесі болса болды. Анықтама қағазын біз 15 күн ішінде әзірлеп береміз.

Базарбаев ТҰРСЫНХАН, Катонқарағай ауданы:
– Халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхаммед Қонаевтың өмірбаяны бұрынғы Лениногор, қазіргі Риддер қаласымен тығыз байланысты ғой. Осы орайда мұрағатта осынау өнегелі өмір иесі жайында деректер бар ма? Бар болса, неге ол кісі жайында газет-журнал беттеріне жиі жарияламасқа?

– Иә, Қонаевтың еліміздің өркендеуі, өсуі жолында атқарған еңбегі зор ғой. Ол кісі жайындағы деректерді там-тұмдап болса да Риддердегі мұрағаттан табуға болады. Ал негізгі материалдар Алматыдағы Д.Қонаев мұражайында. Ал ол кісі жайында газет-журнал беттеріне мақала жазып, жариялау журналистердің, тарихшылар мен әдебиетшілердің міндеті деп білемін.

Г.МОЛДАХАНОВА, Шұғылбай ауылы, Көкпекті ауданы:
– Мұрағаттан алаш арыстары туралы деректерді қарап, танысу үшін рұқсат қағазын талап етесіздер ме? Ол мемлекеттік құпияға жата ма?

– Ешқандай да рұқсат қағазын талап етпейміз. Алаш арыстары туралы деректер ешқандай да мемлекеттік құпияға жатпайды. Ал жалпы мұрағатта арнайы құпия құжаттар бар. Олардың барлығы да тек 75 жылдан кейін ғана ашылады.

Ақбота САДУАҚАСОВА, Үржар аудандық мұрағатының қызметкері:
– Өзіңіз білесіз, Шығыс Қазақстан облысының барлық аудандарында мұрағат ғимараты бар. Тек біздің ауданда ғана мұрағат ғимараты мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Осы күрделі мәселенің түйіні қашан тарқатылатынын білгім келеді.

– Иә, тоқсаныншы жылдардың басында көптеген ғимараттар қаңырап, бос қалғаны белгілі. Осы жылдары Үржар мен Жарма ауданындағы мұрағаттар бос қалған балабақша ғимараттарына орналастырылған болатын. Елдің әлеуметтік жағдайы жақсарған соң, Мемлекет басшысының өзі бұрынғы балабақшаларды мемлекет меншігіне қайтару туралы мәселе қойды. Елбасының бұл бастамасы біздің облыста да қолдау тапқанын білесіз. Сөйтіп, осыдан үш жыл бұрын біз облыс Әкімінің тапсырмасына сәйкес Жарма ауданы мен Үржар ауданындағы мұрағат орналасқан балабақша ғимараттарын мемлекет меншігіне қайтарған болатынбыз. Жарма ауданының әкімі бұл іске түсіністікпен қарай, мұрағатқа бірден ғимарат тауып берді. Ал Үржар ауданындағы ғимарат мәселесі сол күйі шешімін таппай келеді. Қазіргі мұрағат орналасқан ғимарат уақытша, аудандық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің меншігінде. Біз бұл тығырықтан шығудың жолын қарастырып жатырмыз. Мысалы, Үржарда Халық банкінің ғимараты бос тұр. Бірақ ол ғимарат иелері бізден 45 қыруар қаржы сұрап отыр.

Руслан ҚУАНДЫҚОВ, Өскемен қаласы:
– Мұрағатқа өзінің жеке қорын кімдер өткізе алады, ол үшін алдымен кімге жолығып, рұқсат алып, не істеуі керек?

– Біздің облыстық мұрағатта 200-ден артық адамдардың жеке қоры сақтаулы тұр. Атап айтсам, жазушы- өлкетанушы Меңғали Мусиннің, көп жылдар облыстық мұрағаттың басшысы болған Евгений Черныхтың, Жамбыл мектебінде ұзақ жылдар химия пәнінің мұғалімі болып қызмет еткен Құсайын Жаманбаевтың, айтыскер ақын Қалихан Алтынбаев секілді есімі облысқа ғана емес, республикаға кеңінен танымал адамдардың жеке қорлары бар. Жалпы, кез келген адам мұрағатқа өзінің жеке қорын өткізе алады. Егер оның қолында тарихи құнды құжаттар болса, біз ондай адамдардың дүниелерін қуана қабылдаймыз. Сарапшы комиссия бәрін де тексеріп, тапсырылған материалдардың құндылығын анықтайды. Жеке адамдардың қорларының бәрі де тарих. Ал тарихты жақсы білетін адамдардың барлығынан біз ақпарат алып қалуға тырысуымыз қажет. Сонау аштық жылдарын басынан өткеріп, репрессияға ұшыраған, Қазақстанға өзге ұлттардың қоныстануы секілді оқиғаларға куә болған адамдардың қатары жыл сайын азайып келеді. Егер біз сол адамдардың жеке қорларына немқұрайдылық танытсақ, ол тарихқа қиянат жасағанымыз болады. Сондықтан да мен мұрағатқа жеке қорын өткізгісі келетін адамға бірден қызметкер бөліп, жағдайын жасауға тырысамын. Ал бірдеңе жазатын, сызатын адамдарға өзіміз өтініш жасаймыз. Мысалы, аймақ тұрғындарына есімі аса қадірлі Бошай Кітапбаев деген ақсақалымыз бар. Мен сол кісіден мұрағатқа жеке қорын өткізуді өзім сұрап отырмын. Бірақ ол кісі әзірге өткізбейтінін, жеке мұрағатын әлі ретке келтіру қажет екенін айтты.

Гүлнұр ТОЙКЕНОВА, Семей қаласының тұрғыны:
– Шәкерімтануға байланысты мұрағаттан қандай деректер табуға болады?

– Шәкерімтануға байланысты деректерді Семей қаласындағы мұрағаттан табуға болады. Оның ішінде жазушы-ғалым Қайым Мұхамедхановтың жеке мұрағатын ақтарсаңыз, көп нәрсе қолыңызға ілігуі мүмкін.

Гауһар ШАЙМЕРДЕНОВА, Өскемен қаласы:
– Мұрағаттағы құжаттар қанша уақыт сақталады?

– Біздің ешқандай құжатты лақтырып тастауға қақымыз жоқ. 2007 жылы электронды мұрағат бағдарламасын енгіздік. Ең құнды құжаттарды біз осы электронды мұрағатқа сақтаймыз. Егер сізде цифрлық қолтаңба болса, электронды мұрағаттан қажетіңізді оңай таба аласыз.

Тікелей байланысты жүргізген – Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button