«Жәнделі» сайының сыры көп
Туған жерге сүйіспеншілік туған тарихыңды тереңнен білуден басталады. Еліміздің әрбір тауы мен өзені, сайы мен қыры – тұнып тұрған тарих.
Халқымыз «Отан отбасынан басталады» дейді. Яғни, Отанды сүюдің іргетасы алдымен туған жерге деген сүйіспеншіліктен қаланады. Сондықтан Мемлекет басшысы ұсынып отырған «Туған жер» бағдарламасын көп болып қолдауымыз керек. «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға елім деген әр азамат үлес қосуы керек. Осы бағдарлама негізінде өзімнің кіші Отанымның жанға рахат сыйлайтын қасиетті жерлерін кем дегенде республика көлемінде танытсам деймін. Тәуелсіз еліміздің жас ұрпағын отансүйгіштікке тәрбиелеудің сан алуан жолы бар. Солардың бірі – тарихи өлкетану жұмыстарын пайдалану арқылы тәрбиелеу. Елімнің нағыз патриоты ретінде шұрайлы Шығысымның Зайсан өңірінде орналасқан «Жәнделі» сайы жайында ғылыми жұмысты қолыма алып, әсем табиғаты бар бұл өңірді танытуды мақсат етіп отырмын. Таудың етегінен аққан бұлақ және тау баурайындағы арабша жазылған «Алла» жазуы көпшіліктің назарын өзіне бұрмай қоймас. Қазақ елінің кез келген аймағынан ежелгі, орта ғасырларға, жаңа заманға қатысты тарихи ескерткіштерді көптеп кездестіруге болады. Соларды танып біліп, табылған мәліметтерді жүйелеп, зерттеп, оларды жастардың тәрбиесінде тиімді пайдалана білу – заманымыздың ең өзекті мәселесінің бірі. Шырайлы Шығысымыздың көпшілікке мәлім емес жерлері қаншама. Облысымыздың киелі жерлері жанға ләззат сыйлап қана қоймай, естен кетпес сұлу бейнесімен баршаның есінде қалады. «Үшбұлақ үңгірі», «Қалппе жотасы», «Жидебай» тағы басқа жерлер – еліміздің көрікті жерлерінің бірі. Шұғылалы өңіріміздегі тылсым табиғат күшінің әсерінен туындап отырған көрікті жерлерімізді бүкіл Қазақстан көлемінде таныту арқылы біз жаһандық өзгерістердің заманында өз құндылықтарымыздың дәрежесін көтереміз. Елбасы ұсынып отырған «Туған жер» бағдарламасын мектеп ішінде дамытып қоймай, кәсіпкерлерді, зиялы қауым өкілдерін және жастарды тартуымыз қажет. Елбасымыз мұндай маңызды іске бүкіл ел, барлық қауым болып қатысуымызға шақырып отыр.
Ақбота Оралханова,
Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының
9 «Б» сынып оқушысы,
жетекшісі – Роза Сенкибаева, жоғары санатты ұстаз