Жұмыс уақытында қызып жүрген ол кім?
Қазақстан Жазушылар одағының кезекті бір пленумында жазушы Қалихан Ысқақов: «Жазушылар одағына мүшелікке әдебиетте аты белгісіз, тіпті, кітабы да шықпаған қайдағы біреулер өтіп кетіп жүр» — деп секретариаттың жұмысын сынап кетеді. Оның соңын ала мінбеге шыққан, одақтың екінші хатшысы Сайын Мұратбеков:
– Әй, Қалихан, қай-қайдағы біреулер мүшелікке өтті деп сен бізді неге кінәлайсың? «Бөжіп жүріп арағын ішіп қойып едім» немесе «бір қойының басын жеп, қонақ боп қайтып ем, құрғырды мүшелікке ала салшы» деп өзің де пәленше адамды одаққа өткіздің емес пе! — деп дәлелдермен Қалиханның сынына тойтарыс
беріпті.
Сонда Қалихан басын шайқап:
– Бөтеннің ала жібін аттағам жоқ деп ойлаушы едім, тегі мені де шайтан түртейін деген екен ғой, — деп, ойланып қалыпты.
***
Қазақстанның Россияға қосылуының 250 жылдығы сол заманның саясатымен ұлан-асыр той боп өтті ғой. Тойдың басы Қазақстан астанасында басталып, соңы Мәскеудегі ойын-сауық, мәжілістермен аяқталғаны мәлім. Сол Мәскеудегі тойға Қазақстаннан жүзге тарта өнер қайраткерлері, ақын-жазушылар қатысады. Бірнеше күн тойлап, бастары аздап шыңылдап, Ғафу Қайырбеков пен Сырбай Мәуленов бірде таң атпай «Москва» мейманханасының алдында таза ауа жұтып тұрса, мейманханадан қазақстандық неміс жазушысы Герольд Бельгер шығып келе жатыр екен дейді. Герольд Ғафекең мен Сырағаңның көзіне оттай басылып, екеуі оның қолынан шап беріп ұстай алыпты да, қайым айтыстың үлгісімен былайша өлеңдете жөнеліпті:
Ғ а ф у:
– Немістің бір ақыны Бельгер еді,
С ы р б а й:
– О бастан жомарттығы белгілі еді,
Ғ а ф у:
Үш тілдің басын қосқан қайран сабаз,
С ы р б а й:
– Еңбегін жалпақ жатқан ел біледі.
Ғ а ф у:
– Мәскеуге келе қалған сапары екен,
С ы р б а й:
– Біз десе соға қалған ер жүрегі,
Ғ а ф у:
– Болса да орыс-қазақ тауыстық қой,
С ы p б а й:
— Немістен ішер кезек енді келді.
Қазақ тілінің құдіретін де, дәмін де, мәртебесін де жақсы білетін Герольд Бельгер риза болып, екі ағасын қолтықтап бөлмесіне қарай жетектей жөнеліпті.
***
Жұмыс уақытында қызып жүрген ол кім?
Қазақтың аса талантты жазушыларының бірі Дулат Исабеков 1991 жылы республикалық теледидарға Бас директор болып тағайындалады. Бар өмірі баспа, газет-журнал редакциялары төңірегінде өткен, теледидар дейтіннен хабары шамалы Дулатқа ол жерге бастық болу оңайға соқпайды. Бірақ бастықтың аты бастық қой, қызметкерлерге пікір айту керек, ортаға ұсыныс тастау керек, жайы келсе ескертпелер де жасаған жақсы, қысқасы, «бұл саладан түк білмеуші едім» деп қол қусырып отыра бермей, оларға бағыт-бағдар, жөн сілтеу міндет. Осы оймен Дулат та қызметіне білек сыбанып кірісіп кетеді. Құдай тағала пендесін қолдайын десе қолында екен ғой, бастық болған алғашқы күндері-ақ Дулатқа өз қызметкерлеріне қатаң ескертулер жасаудың, тереңнен әңгіме қозғаудың реті келе кетіпті.
Әдетте «Уақыт» ақпарат бағдарламасынан кейін республика теледидары көрермен назарына көркем кинофильм ұсынады екен. Бірде кешкілік сол «Уақыт» пен кинофильм аралығында экpaн үш мүйнөт бойы бос тұрып қалады. Ертесінде таң атпай Дулат қызметкерлерін шақырып алып, осы жәйтті қатаң ескертіп, кезекшілікте болғандарға ұрыса бастайды:
– Бұл барып тұрған жауапсыздық! – дейді ашуланып. – Бұған кім кінәлі, сол кісіні маған шақырыңдар!
Жаңа бастықтың айбынынан ығып, шеткерірек отырған қызметкердің біреуі:
– «Томсон» қызып қалып… – деп ақтала бергенде, Дулат оның сөзін кілт бөліп жібереді:
– Жұмыс уақытында қызып жүрген ол кім? Ондай пиәншікті бүгіннен бастап жұмыстан қуу керек! – дейді екпінін баса алмай.
– Дулат Исабекович, оны сіз қуа алмайсыз… – дейді топ ортадан тағы біреу күмілжіп.
– Неге қуа алмаймын?! Көк тіреген қолдауы бар болса да қарамаймын, қуып шығам! – дейді Дулат та намысқа тырысып.
– Қуа алмайсыз…
– Қуамын!
– Қуа алмайсыз дегенім…ол – темір ғой, аппарат, Дулат Исабекович… Сол қызып кетіп, суытқанша экран үш мүйнөт бос қалған еді…
Сонда Дулат өкінгендей басын шайқапты да:
– Қап, бәлемді… ол оңбаған, темір болмағанда көресіні көрсетер ем! – деген екен.
***
Жазушы әрі ғалым Ақселеу Сейдімбековтің «Білім және еңбек» журналында бас редактор болып қызмет істеп жүрген кезі екен. Бірде қызметтес жігіттерімен ақыл-кеңес құрып отырып, Ахаң саумал иісті Сарыарқаның ғажайып табиғаты төңірегінде толғана әңгімелеп кетеді.Сөз арасында:
– Баяғыда, біздің ауыл іргесіндегі тұма бұлақтан құйрық жалы төгілген құландар келіп су ішіп тұрушы еді, жарықтық! – деп бір қояды.
Осы арада Ахаңның ұзақ-сонар әңгімесін бөліп, балалар жазушысы Алпысбай Шымырбаев:
– Аха, баяғының данасы Асанқайғының өзі «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер. Аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтіп күн көрер», – деп жырлаған ғой. Сіздің ауылдың суатына құлап жүрген қандай құландар болды екен? – деп сұрайды.
Ахаң жауап беруден кідіріңкіреп, шақшасын тықылдатып, асықпай насыбай атады. Насыбай атып отырып:
– Сұрағың орынды, шырағым… Бірақ құлан ғана емес, бұ заманда бәріміз де тоқал ешкідей күзелдік қой, қайтейін енді! – деп күрсіне жауап беріпті.
***
Мен бұл жерден Адам көріп тұрғам жоқ
Майдангер-жазушы Қалмұқан Исабаев қаламгерлер арасында әзілкештігімен, тауып айтар тапқырлығымен мәшһүр кісі. Бірде сол ағамыз қаламгер інісі Адам Мекебаевты іздеп, Жазушылар одағының екінші қабатына көтеріледі. Қараса төрдегі диван үстінде шүйіркелесіп бір топ ақындар отыр екен.
– Адамды көргендерің бар ма? – дейді Қалекең салған жерден.
Қалекеңнің аман-саулық жоқ, төтеден сұрақ қойғанына қитыға қалған ақын Мейірхан Ақдәулет:
– Қалеке, сонда біз не… адам емеспіз бе? – дейді.
Сонда Қалекең:
– Мен бұл жерден Адам көріп тұрғам жоқ! – деп жауап берген екен.
***
Баяғыда Алматы маңындағы «Алатау» санаторийінің бастығы – Абай, оның орынбасары – Жамбыл деген жігіттер болыпты. Бірде Сырбай Мәуленов дем алмақ оймен әлгі санаторийге бар-са – орын жоқ екен.
– Абай мен Жамбыл басқарған мекемеге Сыр¬бай сығалап қайтса да қанағат қой! – деп Сырағаң ренжіңкіреп, қайтар есікке беттейді.
Мұны естіген бастықтар Сырағаңнан кешірім өтініп, бір орын тауып берген екен.
***
Халқымыздың ұлы актері Қалибек Қуанышбаев (1893—1968) бірде Камал Қармысовпен (1912—1991) жүз шайысып, ренжісіп қалыпты.
– Сенің есігіңді енді он жыл бойы ашпаспын! — деп Қалеки теріс айналып кетіп қалады.
Содан арада бір-екі жыл өткен соң Қалеки шыдай алмай Камалдың үйіне кіріп барыпты.
– Қалеки-ау, сіздің әлгі «он жыл» дегеніңіз қайда? — дейді Камал қарқ-қарқ күліп.
Сонда Қалеки:
– Сенде қызық екенсің… Мен түгіл түрмеге түскендерге де амнистия болушы еді ғой! — деп жауап беріпті.
***
Белгілі суретші Мағауия Аманжолов бірде әйелі екеуі бір жазушы досының үйінде қонақта болыпты. Ет желініп, дастарқандағы табақ жиналар кезде үй иесі:
– Алматының дәстүрі бойынша шаймен арақ ішпейміз. – деп рюмкелерді жинастырып, шай қамына кіріспек болады.
Сонда Мағауия мырс етіп:
— Ендеше, Алматының дәстүрін сақтап, сол шайды ішпей-ақ қойсақ қайтеді! — депті қалжыңдап.
***
Жазушы Сейдахмет Бердіқұлов көктайғақ мұзда тайып жығылып, мұрнын жаралап алған бір інісімен кездесіп қалыпты.
– Сейдаға, осылай да осылай болды… ұяттау жағдай! — дейді әлгі інісі ыңғайсызданып, терісі сүрілген мұрнын сипалап.
Сонда Сейдағаң:
– Әй, інім, сен оның несіне ұяласың? Ер адам жараланбай, еш жеріне сызат түспей, жып-жылмағай болып жүрсе – оның несі еркек. Ал беттегі тыртық сен секілді нағыз еркекке ғана жарасады! — деп қаламдас інісіне «жұбату» айтыпты.
. . . Ана дүние «сырость» екен
Бірде ақын Өтежан Нұрғалиев сырқаттанып ауруханаға түседі. Содан саржамбас боп ұзақ жатып, ұзақ емделеді. Өтекеңнің «беті бері қарады-ау» деген кезде қаламдас достары жиналып, оның көңілін сұрау үшін ауруханаға барыпты.
– Иә, Өтеке, сырқаттың беті қайтқан секілді! – дейді достары.
Сонда Өтежан бұл аурудың өзін қаттырақ қинап жібергенін сездіріп, кірпігін ғана қимылдатып, «уһ» деп ауыр күрсініпті. Сосын:
— Бүйтіп қор болғанша кетіп-ақ қалайын деп едім… бірақ ана дүние «сырость» екен. Белімде құяң бар еді, денсаулыққа жақпайтын болған соң, амалсыз қайта қайттым, — деп жауап беріпті.
Жобаның жүргізушісі – жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әлібек Асқаров
(Жалғасы, басы газеттің былтырғы №133-154 сандарында жарияланды. Жалғасы бар)