Жиырма отбасы көшіп келеді
Биыл Риддер қаласы аумағында бес жаңа аялдама орнатып, екі футбол алаңын және бес ойын алаңқайын салу, сондай-ақ төрт аула аумағын абаттандыру жоспарда бар. Бұған қоса шаһарда қатты тұрмыстық қалдықтар жинау нүктелерін жөндеу жұмысы жалғасатын болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Риддер қаласының әкімі Дмитрий Горьковой мәлім етті.
– «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында Тайшыбаев атындағы скверді ағымдағы жөндеуден өткізу және Тоқтаров көшесіндегі 13-ші және 15-ші үйлердің ауласында балалардың ойын алаңқайы салынатын болады. Сонымен қатар Коноваловка ауылындағы көшелерді жарықтандыру және балаларға арналған ойын алаңқайын салу бойынша қажетті іс-шаралар қолға алынуы тиіс. Биыл қала көшелерінің асфальтбетон жабындарын, қиыршық тасты жолдарды, тротуарлар мен квартал ішіндегі жолдарды да ағымдағы жөндеуден өткіземіз. Сондай-ақ жол белгілерін жөндеу және орнату, жаяу жүргіншілер өткелдерін жарықтандыру жұмыстары да атқарылатын болады, – деді Дмитрий Горьковой.
Белгілі болғандай, Риддер қаласының қолданыстағы бас жоспарын түзету жұмыстары да жалғаспақ, ағымдағы жылы бұл мақсатқа қалалық бюджеттен 50 миллион теңге бөлініпті. Сонымен бірге жалпы құны 36 миллион 660 мың теңге болатын Лесное, Коноваловка, Ульбастрой ауылдарының қала құрылысын дамыту схемасы әзірленбек.
– Кәсіпкерлік саласына келсек, 2023 жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жалғасады. Бұл бағытта 75 меморандум жасалды. Биыл 789,6 тонна мөлшерінде әлеуметтік ұнға сұраныс бар, – дейді әкім.
Бұдан бөлек, биыл Риддер қаласында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық бағдарламаны іске асыру шеңберінде бірнеше жоба жүзеге асырылуы тиіс.
– Қаламызға 20 отбасы қоныс аударады. Оның ішіндегі төрт отбасына көшуге және тұрғын үйді жалға алуға қажетті субсидия берілетін болады. Ал қалған 16 жанұя экономикалық ұтқырлық сертификатын алады. Қысқа мерзімді курстарда 67 адамды оқытамыз, 700 адамды уақытша жұмыс орындарына орналастырамыз. Бұл мақсаттарға 604 миллион 55 мың теңге көлемінде қаражат бөлінді. Оның ішіндегі 514 миллион 225 мың теңгесі облыстық бюджеттен бөлінсе, қалғаны – жергілікті бюджет шығындары, – деп түсіндірді шаһар басшысы.
Брифинг соңында Д.Горьковой ағымдағы жылы 13,4 миллиард теңгенің 25 жобасын іске асыру жоспарланғанын атап өтті.
Сәрсен Қабылым