Жергілікті атқарушы органдардың мәртебесі артады
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен өткен кеңейтілген селекторлық кеңеске мемлекеттік басқарудың деңгейаралық өкілеттігін шектеу, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және жергілікті әкімдерді сайлау мәселелері талқыланды.
Кеңеске Парламент Сенатының депутаттары Талғатбек Абайділдин мен Сергей Плотников, Мәжіліс депутаттары Төлеген Ибраев пен Светлана Ферхо қатысты. «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасында мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғырту мәселесінің көтерілуі «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу талабын туындатқаны белгілі. Бұл заң жобасын талқыға салу үшін облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, облыстық департаменттер мен басқарма басшылары, үкіметтік емес ұйым өкілдері және барлық деңгейдегі әкімдер жиналды.
Аймақ басшысы бұл заңға өзгерістер енгізу уақыт талабынан туындап отырғанын атап көрсетті.
– Облысымызда қос палатаның да депутаттары жүргенін пайдалана отырып, ел дамуына тікелей ықпал ететін құжаттың жобасын талқыламақпыз. Бұл салада орын алатын өзгерістер мемлекеттік қызметтің барлық буынына өз әсерін тигізетіні белгілі. Осы заң жобасына қатысты өз ұсыныстарымызды анықтап, ұсынудың орайы келіп отыр. Бұл реформа ең әуелі мемлекеттік қызметкерлердің халыққа тікелей қызмет етуін қамтамасыз етуге бағытталып отыр, – деді Бердібек САПАРБАЕВ.
Орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы өкілеттіктерді шектеу, орталық органдардың кейбір басқару функцияларын жергілікті органдарға беру мәселелеріне облыс Әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов тоқталды. Ол өз сөзінде мемлекеттік басқарудың 80 функциясы органдар арасында қайта бөлінетінін жеткізді. Облыс тарапынан құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қосылатын жаңа функциялар төңірегінде ұсыныстар айқындалып, ведомствоаралық комиссия назарына ұсынылған.
Парламент Сенатының депутаты Талғатбек Абайділдин жергілікті өзін-өзі басқаруды экономикалық өрлеу мен әлеуметтік тұрақтылықтың аса қажетті тетігі ретінде қарастыра келіп, оны дамытудың басым бағыттарын сөз етті. Жаңадан құрылған Өңірлік даму министрлігі жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмысын үйлестіріп, олардың өкілеттігін кеңейтіп, әрі қаржылай бекемдейтін болады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша басқармасының бастығы Тоқтамыс Жұмағұлов мемлекеттік әкімшілік қызметтің «А» корпусын қалыптастырудың принциптері мен тетіктеріне тоқталды.
«А» басқарушылық корпусының әкімшілік лауазымдарына тағайындау тек қана кадр резервінен жүзеге асырылатынын айтқан ол саяси кадр резервін қалыптастыруды Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде жүзеге асыратынын жеткізді. Әкімшілік «А» корпусынан бөлек атқарушы «Б» корпусы да мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға атсалыспақ. Тоқтамыс Жұмағұлов «А» корпусына іріктеу өздерін кәсіби өкілетті және тиімді жұмыс істейтін қызметкерлер ретінде көрсеткен «Б» корпусының қызметшілері қатарынан тұрақты рекрутинг негізінде жүргізілетінін ескертті. «А» корпусының лауазымына тағайындалған мемлекеттік қызметшілерге міндетіне кірісер алдында менеджмент, стратегиялық жоспарлау, тиімді басқару шешімдерін қабылдау саласында білім алуға бағытталған қысқа мерзімді оқытудан өту мүмкіндігі қарастырылмақ.
«Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры Надежда Сафонова үкіметтік емес ұйымдардың ауылдың тұрақты дамуына өз азаматтарын белсенді қатыстыру ісіндегі тәжірибесімен бөлісті. Өскемен қаласындағы №5 өзін-өзі басқару комитетінің директоры Александр Абакумов жергілікті өзін-өзі басқару комитеттерінің мәртебесін айқындап алмай, бұл саланы дамыту мүмкін емес деген ой айтып, мұндай комитеттердің дәрежесін заңмен белгілеп, бекіту жөнінде ұсыныс тастады.
Қала мен аудан, ауыл әкімдерін сайлау қалай жүзеге асатынын Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Еркінбек Аязбаев баяндады. Бұл жердегі басты назар аударарлық жайт, әкімдерді белгілі мерзімге жергілікті мәслихат депутаттары сайлайтынында.
Мәжіліс депутаты Төлеген Ибраев сайланған әкімді міндетін атқара алмаған жағдайда қызметінен босату мәселесі алаңдататынын, осы мәселенің басын ашу керектігін айтса, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Владимир Лопаткин әкімді халықтың өзіне сайлату жөнінде ұсыныс білдірді. Ал Зырян ауданы, Чапаев ауылдық округінің әкімі Сергей Долгов ауыл әкімдерінің мәртебесін көтеру жайын қозғады.
Кеңесті қорытындылаған аймақ басшысы билік өкілеттігін орталықсыздандыру ісін оңды шешу үшін мамандардың біліктілігіне баса мән беру керектігін, әсіресе, бюджеттік қатынастар тұрғысынан ауылдық округ әкімдерінің мойнына үлкен жүк артылатынын ескертті. Орталық орган мен жергілікті атқарушы органдардағы бірін-бірі қайталайтын лауазымдар мен функцияларды қысқарту, әкімдерді сайлау және ротациялау мәселелеріндегі облыстың айқын ұстанымдарын мәлімдей келе, аймақ басшысы Үкіметке Семей мен Өскемен қалаларының аумағындағы ауылдық округтердің мәртебесін анықтау, Курчатов қаласының аумағында Абыралы ауданын қайта құру жөнінде ұсыныс берілгенін айтты.