Жер ешкімге берілмейді
Әлеуметтік желілерде облысымызда 40 мың гектар жердің шетелдіктерге берілетіні туралы ақпарат тарап, бұл жөнінде халық арасында алуан түрлі пікір айтылып жатқаны белгілі. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Виктория Барсукова аталмыш ақпараттың жаңсақ екенін және ешқандай шындыққа жанаспайтынын мәлім етті.
Оның айтуынша, ешқандай жер қытай инвесторларының қолына берілгелі тұрған жоқ. Жер сатылмайды.
– Қазіргі уақытта Үржар ауданының аумағында 300 гектар жер (152,7 және 147,3 гектар) мемлекеттік резервтен шығарылған. Телімдер ауылшаруашылық мақсаттағы жерлер санатынан өнеркәсіптік, транспорттық, байланыс және басқа да агросекторға жатпайтын категорияға ауыстырылған. Аталған екі учаскеге құс фабрикасын салу жоспарлануда. Ауқымды құрылыс жұмыстарына қазақстандықтармен қатар шетелдік инвесторлар да қатыса алады. Жерді сату туралы ешқандай әңгіме жоқ. Сонымен қатар Үржар ауданында болашақ құс фабрикасының жемшөп қорын қамтамасыз ету мақсатында 40 мыңға жуық гектар ауылшаруашылық телімдері мемлекет меншігінде сақталып тұр, – дейді В.Барсукова.
Басқарма басшысының сөзіне сенсек, жоғарыда айтылған 40 мың гектар жер бұрынғыдай мемлекет иелігінде қала бермек. Аталған аумаққа болашақта салынатын құс фабрикасының азығы, яғни тауық жеміне арналған дәнді дақылдар егіледі. Заң бойынша бұл жерлер мемлекет меншігінде, сондықтан аталмыш учаскелерді сатуға немесе шетелдіктерге беруге ешкімнің ешқандай құқығы жоқ. Жер тек қана Қазақстан азаматтарына немесе шетелдіктердің қатысуынсыз заңды тұлғаларға ғана беріледі.
«Дидар»-ақпарат